Өлең, жыр, ақындар

Қыз-тағдыр

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 2932
* * *
Жақындамай жанымда ойнар шабыт
жүргенде өзім миымды ойлар шағып,
қырық түрлі тағдырмен қыздар келіп
өміріме жүреді ойран салып.
Жарайтындай мен өмір тіреуіне,
жеткізбеген арман ба, тілеуі ме –
ақтарады мұң, өкпе, қуанышын –
маған соқпай кетпейді біреуі де.
Тұла бойым - ізгілік, мұратым - бай,
мен оларша күштімін шын атомдай.
Қыз біткеннің тағдырын
даналықпен
жөні түзу арнаға бұратындай.
Мен ғанадай қыздағы намысты ұғар
(жағдайымды ойлаудан алыс бұлар!),
баласына бақшадан орын беріп,
тастап кеткен жігітпен табыстырар.
Ана алыстан сабылып іздесе кеп,
қарсы алмайтын қалмайды сізде себеп:
«Өзіңізге тағдырын тапсырам», - деп,
келеді ана балауса қыз жетелеп.
Надандық жоқ, бүл күнде ел оқыған,
кейде күнді басады неге тұман?
Әрбір тағдыр - бір әлем, еніп алып
шақша басым шырға боп мен отырам.
Деп келгенде: «жырыңмен өшімізді ал!»,
көрсете алмай қиналам тосын ызғар.
Жүрегіме еніп ап ойран салып
мені өлтіріп тынады-ау осы қыздар!
***
- Қалқам, сені қандай ой жүрелеткен?
- ...Кеудемізге осынша құдірет құйып,
бізді неге жаратқан сүйек-еттен?
Табиғаттың құлымын, бәрі бір мен!
Жеке жалған болсам да таңы күлген,
көгім - шуақ,
көкжиек - сағым іргем,
жылуымнан жанына қуат алып,
талай асау жүрсе де табынумен,
табиғаттың құлымын бәрі бір мен.
Ана болғым келеді -
тәуелді - мен
жан тілегін ноқталап - әрең жүрем
(бұрқанысты тоқтатар бар ем — жүген!).
Шаңырағын тірліктің тік көтеріп
өзім тіреп тұрсам да әлемді кең,
бәрі бір тәуелді - мен.
Мен біреуді сағынам жалыныммен,
қайғырғанда, жүрекке сағыну да - ем.
Өрлігімнің өткелін кешіп, оған
жете алмаймын. Күнелтем жабығумен.
Бұл әлемде ұлымын, ғұмырлымын
бірге жасар тірліктің нәрі - күнмен.
Табиғаттың құлымын бәрі бір мен.
Осы ма әлде өмірдің мәні?
Білмен.
* * *
Көлеңкелі әлемде күнгейсіңдер,
көрінгенді көзге бір ілмейсіңдер.
Шаршайды жұрт ұнауға басы жетпей,
жүректерді өртемей, ғашық етпей
өздерің де тып-тыныш жүрмейсіңдер.
Тартып алып Ай, Күннің нұр жамалын,
жүресіңдер, сыңғырлап сырғаларың.
Оймақ ауыз ашылса — ән құйылып,
бойларыңа бар нәзік нәрді жиып,
ұрлайсыңдар мазасын ұл баланың.
Барлығың да тал мүсін, сұлусыңдар,
сендердікі алғашқы шырын сырлар.
Әрқайсысың құпия бір әлемдей,
жүйріксіңдер жеткізбес Құлагердей,
көріксіңдер талайдың ұлын шыңдар.
Тәкаббарлық оты ойнап көздеріңде,
дайынсыңдар айнуға, өзгеруге,
айыпты емес - мұң шақпа - жігіт құрбың,
әй, қыздар-ай, мен бәрін ұғып тұрмын
басқада емес, бар кінә өздеріңде!
* * *
- ...Күліп, күтіп көрдіңіз... күрсініп те...
айтыңызшы
ірікпей бір сыр ішке:
менмен Әлем иеді кімге басын?
- ?
- ...құрсақта төңбекшіген тіршілікке!
Бір аңсау бар жанымда мына менің:
көз алдымда көгілдір тұнады егін
қара жердің құрсағын жарып шығып,
кеуде жарар сол күшке шыдар едім.
Табылар ма осынау құмар емім…
Сәби сүйгім келеді. Ұғасыз ба?
Ұл асыл ма, сіздіңше, жыр асыл ма?
Жастығымның, жанымның айқайы бар
қасіретім көмкерген мына сырда,
көтерер ем ұятын, күнәсын да.
Мұны ұққандар жазғырмас, демес «неге»,
махаббат бар сенетін елеске де,
бәрі де бар. Бірақ та бұл өмірде
ана сезімінен зор жоқ ештеңе!
Жоқ ештеңе!
Адамдар, ол есте ме?
Қабырғам да қайыссын ұлы жүктен,
жалт етпенің бәрінен түңіліп те ем
(бәрі өткінші - ұғынғам үңіліп мен),
өтсем деймін өшпейтін сезіміммен –
дүниені жібітер жылылықпен,
жылылықпен мәңгілік мұзын үккен.
Өмір атты осынау қара жолдың
қара құрым бойынан дана көрдім.
Кәрі көрдім, жас көрдім,
елден бұрын
қасіреттен қайысқан сана көрдім.
Сезім кешкім келеді түңілмейтін,
өкінбейтін.
Келер ме маған ол күн?
...Келеді ана болғым!
* * *
Тіліңді алмай тайраңдап бақа бала,
қырындайды жат ауыл, жат анаға,
шаршағандай қыздардан тауы қайтып,
ұл тілеген құдайдың зарын айтып,
сонда уайым-қайғыға батады ана.
Көңілшектеу - әжесі, ата - дана,
әке - жұмсақ, болса да қатал - ана,
олар ырза болмаса қалар жүдеп,
бәрін аяп шырылдап, жаны елжіреп…
қыздар жақын тегінде ата-анаға.
Қызға берер әдетте бата күлгін,
мүмкін көзге кеш түсер атақ үлгің.
Сында ғана сезілер кім екені.
Өз үйіне ізетті ұл етеді
бір тентектеу жігітін жат ауылдың.
Қыздар, алтын қақпалы қазына ма ең?
Өкпесін де кешіргіш, назы да кем.
Жаны жүдеп ойлайтын бар ұл қамын,
жеткізем деп жетелер бауырларын
қыз жанындай бар ма екен нәзік әлем?
* * *
- Қайтем... күні шектеулі қыз баланың.
- Қой, айтпа олай, көңіліңді бұзба, жаным!
- Мен осы бір қорғансыз, пәк күйімді
ертең ашар Есіктен қызғанамын...
Көңілімді баурайды арман түрлі,
жылдар жүйрік секілді, жалған сырлы.
Тілегім бар жалғыз-ақ:
мына әлемде
қайтсем, қалай сақтаймын бал қалпымды?
Нәзіктігім, жамалым үлбіреген,
жанарыма үңілсем, Күнді көрем.
Талшыбықтай бұралған бойымдағы
ұяңдықты сүйеді құрбым өрен.
Анау гүлдей албырап ғұмыр шегем,
жарқыл берем көздерге түңілсе мен.
Нәзік, ұяң осынау болмысыммен
қасаңдыққа мейірім нұрын себем.
Тұрса деймін нәзіктеу өз іреңім,
қай ортаға белгісіз кезігерім...
Кейде тастың үстінде, жел өтінде
тұрған гүлдей өзімді сезінемін.
Жарысуды жігітпен аңсауда емен –
сәні қашып, сал тартып, шаршар денем.
Табиғаттың гүлі боп жаралғасын
гүл қалпымда мәңгілік қалсам деп ем.
Анам сақтай алмапты гүл ажарын,
оны көріп, әжемді сынамадым.
Нәзіктігім, биязы қылығымды
айтсаңызшы сақтаудың бір амалын?
* * *
Бөтен үйге шам жағып,
басқа анаға шай берген.
Жат елікті малданып,
иемденген қай мерген?
Басқа отауда ол да - ана,
жаттан тауып мұратын,
бір бүйрегі сонда да
әке үйіне бұратын;
сұлу мүсін, таң қылық,
сұқтандырып жылы үнмен,
өз баласын қалдырып,
бауырына жүгірген;
кәрі де елеп, жас та елеп,
басқа ауылға - тәтті арман,
тіл-аузымыз тасқа деп,
басқа ата-ана мақтанған;
елден біреу жетті ме ал –
сауқат па еді, немене,
жіберігісі-ақ кеп тұрар
сездірмей-ақ енеге;
өскен үйі - тағы арман,
келуі оның - ерек той,
жат жұрттыққа жаралған
қыздың орны бөлек қой!
* * *
- Басқа бақыт?
Сенбеймін, сендірмегін!
Бақыт - осы ошақты сөндірмеуім...
Отауымыз - ордадай,
шаңырағы - дара шың;
төбемізде - толған Ай,
жасауымыз - жарасым.
Бақыт іздеп басқадан
шарқ ұрмаймын сабылып.
Қанат қақса жас балам,
аяласа жар ұғып;
асығумен оралса
жылы ұясын сағынып,
үйім бақыт оранса,
іші - думан,
маңы - құт;
осы менің арманым,
басқа қиял жат маған.
Күліп атса таңдарым,
сәбиіммен шаттанам.
Есен болсын Жер,
Адам,
достар жүрсін жаны адал,
болсын ауыл,
ел аман,
болсын көп-көп балалар!
Назым да жоқ ғасырға,
айырмасын бұл сәннен:
жерошағым басында
жылу шашып тұрсам мен!
***
Кейде асқақтау, тәкаббар басып өктем,
кейде жылы қараса - қасіретке ем,
көп ішінен Ай тұлға көрінгенде,
кемсеңдеген сәбидің жасы кепкен,
сырбаз қылық батырды асық еткен,
жыр жаздырып ақынды ғашық еткен,
құдіреттен жаралған, жан қыздар-ай!
Ол көрінсе құбылып дарқан далам,
жасар жауыздығынан жалтарды адам,
мөлдірлік пен пәктіктің дәмін татып,
жуасиды жұмсарып тарпаң ғалам.
Халқына үміт жігітті жар таңдаған
алтын құлып кеудеге арқандаған
жаны - сырлы, жанары - таң қыздар-ай!
Қызыл-жасыл келгендей қырға көктем
қызы бар үй думан мен жырға бөккен.
Тағзым етіп алдында басын иген
дүниені менсінбес тұлға да өктем.
Біреуінің бағы үшін мұңмен өткен –
сенімі - асқар, аптабы - күн қыздар-ай!
Болса еді деп күн де аман, дала да аман,
тынбаса деп аяулы анадан ән,
жан-күйінің шаттығын, қуанышын
күрсінісін кірпікке қамалаған;
тыныштыққа жаны алаң, жанары алаң,
сәл кіреуке жүрегін жаралаған,
сәуле шашқан өмірге нұр қыздар-ай,
көрік болған көгімде жұлдыздар-ай!
* * *
Қуаныңдар, сүйіңдер ес кетіріп,
отырыңдар ән салып, кесте тігіп.
Үміт отын құйыңдар, бір-бірінің
көңіліне адамдар сепсе күдік.
Ғашық болсын кәрісі, жасы ұнатып,
сездіре алмай сезімін басы қатып.
Жүректерге бір жылу әкеліңдер
нәзіктіктің шуағын шашыратып.
Өмір - ылғи жұпарлы жеміс, гүл ме –
ой-жырасы болады тегістің де,
Адал, мөлдір қалпында қалу деген
оңай емес құбылған жер үстінде.
Ару қыздар - Ай көрік, қылығы - Күн,
сезбейсіңдер өздерің мұны бүгін,
сезбейсіңдер керемет қыз тағдырдың
сұлулығын,
Күн текті ұлылығын.
Бүгін сендер құлпырған құндыз бәрің,
ұмытпаңдар -
уақыттың мұзды ызғарын
серпіп,
алға жалғайтын тіл тағдырын,
жыр тағдырын сендердің ұл-қыздарың.
Сая - сендер халықтың қорғаны ұлға,
қорғандардың талабын солға бұрма.
Ескеріңдер
ертеңгі ел тағдыры,
жер тағдыры
сендердің қолдарыңда!
* * *
- Несін соның еледің, тыз еттің кеп...
- Рас, апа, қызға ұят,
ізет - міндет,
тек кей-кейде өмірдің бар қатесін
кететіні-ай бір өзім түзеткім кеп!
Көміліп көк теңіздей мұңға жаным,
бойымда кейде менің тулар ағын:
сыйлымын, сонда-дағы өкінішті-ақ
өзімнің жігіт болып тумағаным.
Қашан да намыссыздың кек не теңі,
пысықай бала да оны шеттетеді,
Жер шұқып інім кейде отырғанда,
өзімнің жігіт болғым кеп кетеді.
Жасықтық қояды ердің бағын байлап,
біразын шынықтырса жалынға айдап.
Аузынан сөзі түскен жігіт үшін
отырам намыс қысып, қаным қайнап.
Ел десе өз басының жыры қалып
жүретін жігіт қайда нұры жарық!?
Басыма өзім кигім кеп тұрады
қалпағын кейбіреудің жұлып алып.
Көпір боп жалғасқанмен келешекке
жіңішке қыздың жолы не десек те.
Тумаппын жаман ер боп, тым құрыса
жүретін жайдақ мініп көк есекке.
Кей ерде өз-өзінен үміт солып,
бүрсиген шуақта да бұғып, тоңып.
Қыз болып туғаным да артық екен
жүргенше намысы жоқ жігіт болып!
* * *
- Жүр менің, апа, шаттықтан
жүрегім бүгін аттан сап!..
Далаға тастап бұғалық,
кедергілерді елемей,
барады жүйткіп бір алып
мұздарды жарғыш кемедей.
Көрінбей Күн де арайлы,
арқадан соғып ызғырық.
Шаттана бірақ қарайды
кабинасынан қыз күліп.
Жарқырап жұлдыз кеудеде,
қуаныш шашып тұр жүзі,
аспандай байтақ жерде де
жайнайды дала жұлдызы.
Далада бүгін әр бөлек,
мұрша жоқ ойды кешуге.
Кең байтақ елге нан керек,
сенім сол, жалғыз шешім де.
Егістіктерде тынбай үн,
жігіттей қыздар жүр түлеп:
қалдырып бала, үй-жайын,
комбайнменен бір түнеп.
Қуырып жердің танабын,
жылдарды жортқан қуды алға.
Қызы да батыр Даланың
жұлдызды сәті туғанда!..
* * *
Бала да туа - данышпан,
өзіңнен де көп білгені;
адаммен кеше табысқан
тіл табу бүгін күрделі;
қуанып, кейде, түңіліп,
тыныштық безіп көңілден,
жырақтап кейде күн-үміт,
қоштасқың келер өмірмен;
мазасыз ғасыр, келте жең,
мазасыз күймен күн кешіп,
асығыс кетіп ертемен,
кешкісін жармен тілдесіп;
баласы дәйім елестеп,
жұмыста - көңілі үйге алаң;
тамағы дайын емес деп
жарының қамы қинаған;
халықтық тағдыр, ел жайлы,
төркіні жайлы ой тағы бар;
болмаса да өмір шер-қайғы,
қыз үшін бейнет табылар;
жігіт біткенде күдік көп –
жетелеп кейбір ұлды алға;
ұйыған өмір ұмыт боп,
қиюы кеткен жылдарда;
тірлікті көктеп, сырмақтап,
болмаса да өмір мұзды арна –
күн кешу жанмен нұрлы, аппақ
оңай деймісің қыздарға!..
* * *
Абыройы Күнмен жарысқан,
көкірегінен әсем ән ұшқан,
мейірін төккен адамға
бақытты байтақ даламда
тағдырлар талай табысқан.
Талғамы заңғар заманда
атағы кеткен ғаламға
елімнің
ару - қыздары!
Шаңырағы - шалқақ, кең ірге,
жайқалып бидай белінде,
шалғыны сүйген балтырдан,
қырманы толған алтын дән,
күмбірлеп күйі көгінде,
сандуғаш көмей ән тұнған
бақыттылардың мекені –
жерімдей
жайсаң қыз жаны!
Таулары - заңғар, дала - кең,
дертіңе саумал самалы ем,
шыңы - қар, көктем - етегі,
қуаныш құшқан ана мен
бақытты бөбек мекені,
мекенін сезім, санамен
ұланы мақтан етеді.
Ер көңіл жайсаң жандары,
бұл күнде - шалғын шаңдағы,
мәңгілік далам, жас далам
жұлдызға жонын жалғады,
қауызын жарып тасқа дән,
самалдай еркін самғады,
малынып нұрға таңдағы
әлемді түгел шарлады
қыздары салған асқақ ән!
Нұр төгіп Отан төбемнен,
мейіріміне бөленгем!
Сенімге толы көңілдер
көктемгі көктей көгерген.
Жасаңдар, құшып сенім-күн,
кұлпырған гүлдей құздағы,
жұлдызы жанған жерімнің
жұлдыздай жарқын қыздары!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мен оның құшағында

  • 0
  • 2

Мен оның құшағында,
ол сенің құшағыңда -
алдаймыз өзімізді және... ол байғұстарды;
Біз бұлай азаптап ек қай дұшпанды?!

Толық

Теңеулер

  • 0
  • 0

Керегесі астасып қара жермен,
қара құйын алса да жаға, жеңнен
тапжылмайтын халықтай, мықтылығы
қамалдарға ұқсайды дала керген.

Толық

Ақындар

  • 0
  • 0

Қала шеті - саз, мейлің батпаққа бат,
Тұрды акындар үйлерде бұл жердегі.
Көргенде олар бір-бірін асқақ қарап
іштерінен менсінбей жүргендері.

Толық

Қарап көріңіз