Өлең, жыр, ақындар

Талдықорған сулары

  • 20.03.2022
  • 0
  • 0
  • 526
Ағысы өжет те дарқан
Өсекке үш дүркін барғам,
Көркіне көзім қаныққан.
Жә тұтас өлшеп көрсең де,
Жә жүзге бөлшектесең де
Ауытқысы жоқ, халықтан.
Аңғардан арықтар шулап,
Бұп-бұйра шумақ та шумақ,
Төменнен төске тырмысқан;
Жә жүздеп өлшеп көрсең де,
Жә мыңға бөлшектесең де
Ауытқысы жоқ тұрмыстан.
Бидайы, жүгері, баулар,
Жоңышқа жондарға заулар,
Жүйрікке мінсең жеткізбей...
Дымдарын өлшеп көрсең де,
Тамшысын бөлшектесең де,
Тамырға нәрін жетті үзбей.
Ағысы өжет те дарқан
Өсекке үш мәрте барғам, —
Үш мәрте аңсап көріскем:
Совхозға бөлшектесең де,
Қостарға өлшеп берсең де,
Өніктi суға өріс кең.
Мұншалық жұмсалып жомарт,
Жер құты, мұратқа жол арт!
Тамылжып атсын таң содан!..
Жә тұтас өлшеп керсең бе,
Жә мыңға бөлшектесең бе, —
Теңіз тегі де тамшыдан...
Бабадан қалған Бәбилан
Ажырап арғы бабынан,
Ұзаққа ұйықтап кеткен-ді;
Ылғалдан жүдә мақұрым
Ындыны құрып кеткен-ді;
Өңінде түгіл, түсіңде
Ұмытқан қайла, кетпенді;
Үстінен басқан албасты —
Қорым тас, құм, саз көптенгі.
Сезгенді қойған бұл бейбақ
Қарлы қыс,
қайран көктемді.
Құдіреттен күшті гүрілмен,
Ауыр салмақты дірілден
Оқыс оянып кетті енді.
Иә!
Бәбилан тұрқы қозғалды.
Ұмытпапты бұл баяғы
Зынданда бұғау бұзғанды,
Бұғаудан азат болған жан
Аяқ-қолдарын созғанды,
Кәусармен шылап дененің
Жарақаттарын жазғанды,
Тәңірді қатал жазғырып,
Нала намысы қозғалды.
Дәл солай бұ да:
Бәбилан
Дәл солай енді қозғалды;
Жапсарда жатқан өз басын
Шатқалға биік көтертіп,
Бәбилан кезек сөзді алды:
Көк ала тасқын көмейден
Лақтырды күйреп тозғанды;
Соңғы сел сүрең ұрғанша
Оқпанды шектен озды алды;
Ілгері кеткен «думанға»
Ілесе де алмай көз қалды.
* * *
Тоқсанда Қапал-Арасан
Қартайды ма деп қарасам,
Бүгінді қойып, ертеңгі
Дәуірді басып әрі асам.
Кім білciн көне бақтарын
Мезгілдің қанша сақтарын,
Шыбықтар сапар шықсын деп,
Қойыпты жолға сап бәрін.
Тасалап бойын ізетпен
Талай жас жігіт, қыз өткен,
Бұрынғы жолдар бұл күнде
Бұлтарған тұсын түзеткен.
Жан-жағы жыңғыл, тораңғы,
Түндерде тұрқы қараңғы.
Бассейн жақтан ышқынып
Ақырмай қалған кәрі әңгі.
Көрінші жұлдыз қияннан
Жердегі шамнан ұялған,
Шалқуға еркін шатырдан
Самал да зәулім үй алған.
Сәулеңді көрсең тастардан
Табанға төсеп тасталған,
Жақсы екен дейсің кешегі
Кәрі мезгілден кеш қалған...
...Ағармай адам тал шашы
Тоқсанға бұлай толсашы!..
Арасандай-ақ арманын
Сарқылмас бұлақ болсашы!..
* * *
Асыл таудың аты да Баянжүрек,
Баурайында жатырмын бой елжіреп;
Шымыр-шымыр шипалы ыстық бұлақ
Балбыратқан денеден ой әлдірек:
Құм сағатты қоям да бір аударып,
Сөзін айтам баяғы жырау ғаріп:
«Сығыр құдай сыйлаған көне дертке
Сіркелі су сүліктей тұр-ау дарып!»
Қапалды да еске алам:
Қайран батыр
Қанды суда жарасы қайнап жатыр;
Аяғынан оқ, тиген тұлпары да
Ыстық бұлақ ыршыған қайранда тұр.
Ел замандар тәлімін аңыз еткен,
Аңызда қыс, не сарша тамыз еткен...
Шоқан мен шоң генерал бұған ұйып,
Бұлақ бағын ашпақтың заңы жеткен.
Заң болып,
Есептемей жара санын,
Тамырына дару боп тараса мың.
Сол тұс берген өлкеме тұңғышың деп,
Тума шипа Қапалдың Арасаның.
Жауырыннан, қапталдан, қара саннан
Жем, тебене, түйнеме жара салған.
Сорлы жанның қаншасын содан бepi
Жеткердің деп сұраймын Арасаннан.
Тұл өлкеде ашылған тұңғыш бұлақ,
Біздің тұста бірегей тұрмыс құрап,
Сырын маған шерткендей сыбырлайды,
Шымыр-шымыр тынысы тым ыстырақ:
Жоғалсын деп дененің дерті күнде,
Аласұрам, жата алмай жер түбінде;
Шырқап шығып, сан дүркін сауықтырам
Сыры жұмбақ сырқаттың жемтігін де.
Көп кеселді бес жылдар белесінде
Жықтым;
Аты қалды тек ел есінде.
Бірақ біл сен:
Ақындар емдейтұғын
Біреулердің дерті жүр денесінде.
Ал ақындар лебізі жалындаған,
«Қызуыммен адамның жанын бағам», —
Деп тұрғандар!
Жыр да бip бұла бұлақ,
Kөзiмдi аш деп тәңірге жалынбаған.
Сол бұлақтың тас балқыр бұлауын да
Менен бетер сыйлайды бұл ауылда...
Сиқыры көп өмірде кереметтің,
Емші ғана көзді ашып елең еттім:
Емші бұлақ сырына елтіп жатып,
Құм сағаттың бұйрығын елемеппін.
* * *
Мен:
— Алло!.. Қапал!.. Меңғали!.. Отын суға
Малшынды деп мұңайып отырсың ба?
М е ң ғ а л и:
— Ала жаздай тамбаған мына жаңбыр
Селін жіктеп төскейде мың адам жүр.
Мен:
— Ендеше, мол түтеген мына жаңбыр
Ақтап алды-ау аспанды күнәдан бip...
М е ң ғ а л и:
— Құрғақ жылда аспанды жазғырмай да
Шабыт сізге өлең-жыр жаздырмай ма?..
Мен:
— Иә, ақынды, аупартком хатшысын да
Табиғат қой салатын қатты сынға.
М е ң ғ а л и:
— Керек десе, таңдайды құрғатып-ақ
Сын сағатты сыйламақ қымбатырақ...
М е н:
— Орнайтындай кеудеме мынау сел кеп,
Көз алысқа қарайды, көңіл сергек.
М е ң ғ а л и:
— Диқаншы мен шопандар қосынан да
Жырларыңыз табылар осы маңда.
Мен:
— Кеттік соған... Өзің де қашақтамай,
Кейіпкерім тобына қосыл онда...
* * *
Ақсу, Көксу, Қапалдар тасығаннан
Талай жерде апаттың тасы қалған;
Қанша бipiн қалаға, тас жолдарға,
Бөгеттерге құрылысшы тасып алған.
Ақсу, Көксу, Қапалдар тасығаннан
Малшы, диқан көп көлді тосып алған;
Екi мыңыншы жылдардың қаласынын
Сол тұстарға қой айдап қосы барған.
Отыз мың қой бip жерде желіндеген,
Жеті арнаның өніктi жемін жеген.
Әулие емес, әр тасын қасиеттеп
Осы-ақ шығар түнейтін жерің деген!
* * *
Мен:
— Суынан ба қасиеті күшті бұлақ, —
Шайың неткен тәттірек, ыстығырақ
Өлең cөзiң, қалқам-ау, жүрегіме
Одан бетер от болып түсті бipaқ.
Гүлжамал:
— Ақын Сара сыйлаған ағаны біз
Өлең сөзбен құптасақ бағалымыз.
Қасиетті бұлақтың ақ cүтi ғой,
Шайды қойып, қымыздан тағы алыңыз.
* * *
Кешер еді бар болса егер тәңір де, —
Қаулы бұздым бip-aқ мәрте өмірде:
Айғай салдым кеңсесінде колхоздың
Күндіз емес, түнде де емес, іңірде.
Шалкөденің жайлауында бір өзен.
Албырттығын кем демессің Іледен.
О да өзінше ауық-ауық күркіреп,
О да өзінше барын жұртқа үлеген.
Сол өзенді колхоздағы басқарма
«Хамит сай» деп бір қаулыны бастар ма... —
Тоқтат,— дедім,— ондай оңай қаулыны,
Ықыластары маған ыстық достарға.
Албырт өзен — қожасы мұз, қардың да,
Қожасы нан, гүл, жемістің, балдың да...
Айтыңдаршы, тым құрыса мен соның
Бір күн аққан ағысындай бармын ба?!.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Талайғы бойын мүк басқан...

  • 0
  • 0

Талайғы бойын мүк басқан
Табаны жұмыр жұп тастан,
Жаншылмай шығып жатырсың,
Үстіңе қылау жұқпастан.

Толық

Ақын Ғалиға

  • 0
  • 0

Жылдары жырмен ашылған
Орманның ұлы, тау ұлы!
Байқасаң, бұрқап басылған
Арттағы күндер дауылы.

Толық

Білгің келсе..

  • 0
  • 0

Бұл өмірдің өciп тұрған бағынан
Не көрсем де шындығына бағынам.
Сен керексің, жүре тұршы десе хақ,
Бұйырмыстан сұрап жеймін тағы нан.

Толық

Қарап көріңіз