Өлең, жыр, ақындар

Алып – анадан

  • 20.03.2022
  • 0
  • 0
  • 609
Әзіз жұртым!
Ол кім?
Білсең өлшемін,
Бір толғатқан олжаң емес ол сенің.
Оның заты — көп замандар уыттап,
Өз жаныңнан жалын атқан өр сенім.
Ол туған-ды
айдарынан жел ескен —
Арман, аңсау, ең бір асыл елестен.
Көп замандар күткен ол бір сұрапыл
Қарлы шыңнан!..
Бергі жасыл белестен!..
Көрінгенше жарқ еткен бір жасыннан
Мезгіл оны қою бұлтқа жасырған.
Ол жаралған,
бір кездерде буланып,
Бұлтқа қарай көзден ұшқан жасыннан.
Бар ғой онда, қарағайлы қалыңға
Келімсектер төккен ыстық қаның да;
Бар ғой онда, түптен тартып ащы күй,
Шерменденің шерін тарқатқаның да...
Тау ішіндe дабыл ұрған шаң-шұңнан,
Өрлеп барып, зар биікке шаншылған.
Бабам туын сүйген батыр демі — ол,
Содан да ол басынғанға шамшыл жан.
Ашынып ол өз жұртының дертінен,
Өз жұртының азықтанған жентімен;
Қанатынан дауыл соққан тұлпардың
Екпінімен желей төсін желпіген.
Алып перзент...
Білсең, жұртым, өлшемін,
Бір толғатқан олжаң емес ол сенің.
Оның заты — сан замандар уыттап,
Өз жаныңнан өніп келген ер сенім.
Өжеттердің өжеті боп сол үшін,
Ол әкелді жырдың не бip сонысын.
Оның жыры — менің күнде түнейтін
Әз әулие жатқандай бір қонысым.
Балғын шақта көп сырласып онымен
Жырдың отық жайлауына қонып ем;
Әлі күнге деймін оған:
— Апыр-ау,
Неткен асыл сарқылмайтын өнім ең!
Алып келем, алып келем тәлімін,
Жүз емес-ау, алатыным әлі мың.
Қашан көрсем, қасиетті мен оның
Тік шырқаған тізгін үзді әнімін.
Бер жағында
Махамбеттің,
Абайдың,
Жарқырап бір жатыр сонау ақ айдын
Бұлақ болып соған жете білгендер
Аруағынан айналады ағайдың!
Солай!.. Солай!..
Білсең, жұртым, өлшемін.
Бip толғатқан олжаң емес ол сенің.
Оның заты — сан замандар уыттап,
Өз жаныңнан өніп жатқан өр сенім.
Нағыз үлкен анасы деп алыптың,
Өз басын-ақ айтқан өзi халықтың.
Жансүгіров — алып ауқым дегенде,
Жырдан бетер осыны ойлап қалыппын.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Со жақтан дауыстаңдар

  • 0
  • 0

Ерке нәзік сезімге ақырындап
Көрсетеді әр нeнi ақыл ымдап.
Ол eкeyi шабыттың азапкері,
Ол тараптан табар-ау ақының бап.

Толық

Ақпейіл ақын достарға

  • 0
  • 0

Достарым! Менің халқым бар
Қоғамы жомарт қонақжай.
Көрген жоқ әсте салқындап
Тағатын тағам, қонар жай.

Толық

Басы да аяғындай ұйқасқан сөз

  • 0
  • 0

Не жетсін кіршігі жоқ кісілікке,
Қажетсің қадіp тұтар кішілікке.
Бұрқансаң бұзықтайсың білімсізге,
Өжетсің түгел ұққан түсінікке.

Толық

Қарап көріңіз