Өлең, жыр, ақындар

Тасқын айдаған тағдырлар

  • 20.03.2022
  • 0
  • 0
  • 389
Ұйғыр жазушысы Хизмет Абдуллин екеуміз ел аралап жүріп, осы бір ақиқаттың айғақтарын тыңдағанбыз. Оқиғаны ешбір өзгертпей, өзінің сол болған күйінде жаздым.
Автор

I
Түбі — тақтай,
Су жоқ одан бір тамған.
Және тақтай екі бірдей жақтауы.
Іші — тасқын, көбік атып бұрқанған —
Анық соның өрт қойсаң да жанбауы.
Тақтай канал; мөлдір аспан қақпағы,
Кейде тұман бүркейді оны беріден.
Аян жұртқа селдің қалай ақпағы,
Ол жөңкиді ілгері керіден.
Арты — Шыңжаң, алды — Жаркент ағыстың.
Ағыс неткен алғыр еді, күшті еді!..
Айы еді сол аптап ыстық. августың,
Август түні нар тәуекел істеді.

II
Он төрт, он бес жас жасаған екі ұлан
(Ерiндер ғой ана сүті кеппеген).
Алдарында дорбашықта екі нан,
Жүректе жоқ ыза деген, кек деген.
Қайран әзіз екі ата мен екі ана
Әмір етті үнciз ғана еңіреп.
Айғақ— түнгі бір шырағдан тек қана,
Бip сәт тыныш тылсым үйде төңірек.
Ерте ағарған екі бұрым, екі мұрт,
Көне көздер кірпігінe шық алған.
Сыбырлайды тыңдар ма деп тымық сырт,
Үрей сөзден өз демдері шығарған.
— Бiз қартайдық екі мүжіп бір жасты,
Ешкім cipә таңырқамас біз өлсек.
Бақыт енді бізге мойын бұрмас-ты,
Лахат түзер бүкшигеннен түзелсек.
— Ұрпақ керек өлмек үшін өкінбей,
Өкінсек те өлмек үшін сеніммен.
Қос балдырған! Мысқал яки шөкімдей
Бақыт ізде бойдағы қан-сөліңнен.
— Көбірек атқан көк долы су
Мұратқа
Екеуіңді бәлкім тірі жеткізер.
— Жөнеліңдер!..
— Жол — қиямет... Бірақ та...
Сағат соқты тәуекелге бет түзер.
Екі күлше екінді мен бесінде
Екі шеше жан отына пісірген;
Қиын сәтте қимастықпен жесін деп,
Саусақ мөpiн сары нанға түсірген.
Қойын жоқ қой: шешелердің саусағы
Сарымсақ та тығар еді-ау қойынға;
Дорбашықты, бой тұмардай бау тағып,
Ілді екі қылдырықтай мойынға.
Қос нәрегей — ұйғыр, қазақ ұланы
Екі атадан, екі анадан әмір ап,
Жарым түнде күллі көзден ұрланып,
Кетті селмен, ағып жатқан аңырап.

ІІІ
Ағып келеді,
Неғып келеді?..
Өздері де ұқпайды.
Екi бас — доп,
Шоршымайды, бұқпайды,
Домалайды айғай-шулы ағыста,
Оқтын-оқтын кермелерге тоқтайды.
Жер олардан, олар жерден бөлінген,
Алып ұшып келеді ағыс — аждаһа.
Түнгі таулар ақ сәлделі көрінген
Сопылардай, — Бас қоярдай саждаға.
Бағзы таулар аю, барыс пішінде,
Жемтігіне тап беретін таң атпай.
Apғы сонау ақша бұлттар ішіне
Ай қалқиды, сүтте жүзген табақтай.
Арасында қисабы жоқ жұлдыздың
Әркімнің бір жұлдызы бар ақпаған.
Ол (үстінде тасқын судың жел-құздың,
Асқар таудың) азап жүгін артпаған.
Осылайша ойлап бір сәт қос ұлан,
Демалысқа алқынып аз тоқтайды;
Бipiн-бipi жоғалтады қасынан
Қол босатса кермедегі тақтайды.
Taғы, тағы жөңкілді-ай кеп шуласып,
Екі допты ала қашқан арыстар.
Екі допты таңда көбік су басып,
Өткізді бір өткелектен нағыз тар.

IV
Қалып бара жатқан шақта шекара
Қолдарын да сілтеген жоқ ұландар,
Іле жақтан жеткен үш-төрт шағала
Шаңқылдады: көк жүзінде қылаң бар.
Көк жүзінде ақ торғындар қызарған,
Қарлы шыңдар сәукелелі келіндей.
Аспан — алма, сабағынан қыз алған,
Бүтін тұрған, бір шеті де желінбей.
...Жана ғана екі доптан шағала
Дәмелі eдi; дәмелі еді бүркіт те.
Жо-жоқ, құстар!.. Жер бағдарын шамала, —
Енді оларды үрей жұмсап үркітпе!
Күн де шықты асқар таудан үзіліп; —
Қос жүректің қуанбасқа еркі жоқ.
Қуаныштың жылуымен қызынып,
Адам болып судан шықты екі доп.
Түні бойы қақпақылдан — ағыстан
Азат енді аш қақыраш қос ұлан.
Тағзым eттi: — Армысың деп, Бағыстан!
Сонау түтін колхозшылар қосынан.
Салт аттылар — автоматты, дүрбілі,
Бағыстанның сақшылары постыда.
Әркімі де ата-ананың бір гүлі!
Бәлкім тағдыр гүлді гүлге қосты да...
— Барсақ берер бағымызды жандырып?.. —
Еркін озды екі ұланның дауысы:
— А-у-у!.. А-у-у!.. Мәжнүн дерсің жаңғырық.
Мәре-сәре таңертеңгі тау iшi.
Ешкім де жоқ жаңғырыққа үн қатқан,
Заулап ұшты жас сақшылар пырағы;
Күллiciнe куә сонау күн жақтан
Шарықтаған қыран көзі қырағы.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бауырсақ

  • 0
  • 0

Eciмe қайтып ене алмас,
Желді күн яки тымық күн.
Қай сәтте анам ең алғаш
Бауырсақ берді?.. Ұмыттым.

Толық

Алтыбақан

  • 0
  • 0

Желпі самал, жазғы самал мақпалдай,
Жастық шағым жарық жұлдыз жаққандай.
Қала алмайды алтыбақан, айлы түн
Менің мәңгі жүрегімде сақталмай.

Толық

Күләш ақынға

  • 0
  • 0

Ей, жас адам, жайраңдап күлгеніңді
Күш көретін маған да күн берілді.
Жастың бәpi ұл-қызым десем дағы
Күләшімді білмеймін кiм дерімді

Толық

Қарап көріңіз