Сені ойласам...
З.Қабдоловқа
Бірінші жыр
Әз досым-ау,
Сырымның тең жартысы-ау!
Әсте сынақ —
Нар мен жүктің тартысы-ау...
Бақ дегенің —
Ер кісінің даурықпай,
Ақыл-ойға бұрғы салар әр тұсы-ау...
Сенің күллі ғұмырыңнан соны ұқтым,
Сағатына дейсің: «Баппен соғып тын!»
Өзің болсаң, жырдан жалын өндіріп,
Көкірегіңде күн жанады, сөніп түн.
Бip кеудеде тежеу, бұрқау — eкi күш,
Жарасымды жасайды екен бекініс.
Әсте соны бұза алмайтын тәрізді
Пендеге тән астамшылық, өкініш.
Мұнайшының мұң, шаттығы тербеткен
Бесікте сен
мазуты мен тер кепкен
Әкең бөркін, қалың кенеп қолғабын
Қармап жатып, Жер мінезін тербеп пе ең?..
Жерге сенің ұқсатамын жаныңды, —
Ол да сендей сабырлы һәм жалынды.
Магнитың бар мәрт жүректен тартатын!..
Ол да түпсіз тұңғиықтан алынды.
Жұқпасын деп адамдағы арға шаң,
Жан баласын құрметтейсің әрқашан.
Денеге дерт жүгіртін зұлымдық —
Дерттен бетер қарғайтынын, қарғасаң.
Титтейіңнен тікенектей сезгенің —
Мүсіркеткіш қасіреті өзгенің.
Мұңсыз мұрат өcciн дейсің ұрпақтан,
Сабадан-ақ санап піспей өз демін...
Титтейіңнен кең тыныстап кезгенің —
Жұтқан ауаң — жан шаттығы өзгенің.
Дос пейілін салмақтаған жерің жоқ,
Саудакештің санап созып безбенің.
Сен қайтадан түйір дән боп өнсең де
Сыймас едің ондай көне өлшемге;
Жас жандарға сарқылмайтын мол сыйлық
Бір мейірде бола қалса, ол — сенде.
Сенімің мен сенің сабыр, ұстамың,
Ұлан-асыр ұрпақ сырын құшқаның.
Айнымайды өзің туған өлкеден,—
Кең ғой сондай кемел Қазақстаның.
Зарын тартпай елпең, елік-солықтың,
Көкірегіңде күн жанады, сөніп түн.
Ей, дастаншы ғұлама дос,
зиялы
Ceнің күллі ғұмырыңнан соны ұқтым.
Екінші жыр
Тай едім мен, сен болғанда құлыншақ,
Жылдар озды бізге көздің қырын сап.
Қайтер еді жемтікқұмар құзғындар
Үйір жұтап, қыс боранда қырылсақ?!
Жәбір-жапа шекпедік біз қыстардан,
Көктем сайын ән тыңдадық құстардан.
Ойнақ салдық, желден озып жетілдік,
Балаң шақта, кекіл-жалы қысқарған.
Жақсы күнде жал-құйрық та ұзарды,
Қарғып өттік жарқабақты, құздарды.
Албырт шақтың қызығына түскенде
Шүйде шықты, көздеріміз қызарды.
Бел бекіттік, мезгіл бізге ер салды,
Miніп алды, оқпан-оқпан жер шалды.
Аламанның бәйгесіне қосарда
Жан-жағымыз сыншы көзбен қоршалды.
Мезгіл айтты осы eкeyi жүйрік деп,
Heciбeci — арпа, бидай, сүйрік деп;
Біз ойладық:
«Енді бізге тыным жоқ,
Шаба бермек бip құдайдан бұйрық,» деп.
Шаба бердік, шаба бердік алыстап,
Оңай ic пе жүз жүйрікпен жарыспақ, —
Намыс деген қан-сөліңді сығымдап,
Шоқтығыңнан басады екен жаныштап.
Біздер енді үдеттік сол шабысты,
Арқаланып мезгіл артқан намысты.
Кең жазықта аңыратып келеміз,
Көзбен шолып көкжиектен алысты.
Сәйгүліктің сейіс бабын ceзініп,
Бүгін түйсем, бұрынғының cөзi ұлық:
Заулап ұшқан деңгейіме қарасам,
Сен келесің алты құлаш созылып.
Еңсең — eciк, сауырың бар сандықтай,
Көсілесің, демікпеге шалдықпай, —
Алдағылар шалғайына шырқадың,
Топырлаған көп тұяқтан шаң жұтпай.
Ой жүгіртсем, өтіп кеткен не замат;
Шоқтығыңда мезгіл атты азамат.
...Құлын едің, болыпсын-ау, қарағым,
Арғымақтан асыл туған қазанат!
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі