Өлең, жыр, ақындар

Дәрігердің үш оқиғасы

  • 08.04.2022
  • 0
  • 0
  • 639
Поэма
Қазақ қыздарының бейбіт еңбек майданындағы батыр Мересьеві — Еңбек Ері Жадыра Тастанбековаға және осы оқиғаның куәгері — хирург Қаратай Ботабаевқа арнаймын.

— Ауруыңыздан айықтыңыз, ал енді,
Үйде-дағы алған дұрыс тағы енді.
Ең әуелі, ең керегі — денсаулық,
Сүю үшін сағынышты әлемді.
Қолдан келген барды аямай емдедік,
Сізді тірі қалар деп те сенбедік.
Енді үйде бақыламас дәрігер,
Сонда-дағы өзіңізге бол берік.
Қайталаймын, бәріне де бол берік,
Бұл өмірде өскен жансыз жол көріп.
Мен бір Сізге үш оқиға айтайын,
Өзіңізбен қоштасарда қол беріп.
Алдыңызда артық айтып таспайын,
Сөзге шорқақ болсам-дағы саспайын.
Бір кәдеге жарап қалса, жөн дерсіз,
Ал тыңдауға қайылсыз ба... бастайын.
Былай болды бұл оқиға басында,
Мен күтпеген жайлар еді расында.
Әлі күнге құралақан емеспін,
Тебіренгіш жан едім мен жасымда.
Дәрігер де болғаным да содан-ау,
Біздің істе ақын болмай, бола ма-ау.
Бұл бір іске қолдан келсе, асылы,
Жүрегіңде мейірім болмай жоламау...
Қойшы, әйтеуір, оқиғамды өрейін,
Қолдан келсе тартымды етіп көрейін.
Осы жайға ойда жоқта тап қылды,
Мейірім деген дәрігерлік мерейім.
Айтам енді, болғаннан соң болар іс,
Сөзді созбай, кетпей ұзап, көп алыс.
Сол қысқартып, тоқ етерін бастасам,
Сочи. Кавказ. Риверия, Демалыс...
Мейірімнен құйылып тұр Күн деген,
Күллі дүние көмкерілген гүлменен.
Табиғатпен туыстасқан сезімді,
Жеткізу де қиын, тіпті, тілменен.
Риверия атанбаған текке бұл,
Жанға жайлы бір ғажайын мекке бұл.
Жерді басып жүргендігің болмаса,
Көңіл деген көтеріліп көкте жүр.
Өзіңді-өзің ұмытқандай, жырақта ой,
Үйреніп бір алғандайын ұнап бой.
Бұдан артық жанға сая болмастай,
Қанша айтқанмен, Қара теңіз — жұмақ қой.
Келгелі осы, небәрі осы үш күнде,
Көк теңізге бір армансыз түстім де...
Судан шығып шалқалап бір жатырмын,
Ашық аспан Аирария үстінде.
Көк теңізден көріп алғаш мархабат,
Ғажайыптай ойларға еніп сан қабат.
Көк айдынға көз салғанға не жетсін,
Кең дүниеде сәл тыныстап шалқалап.
Біліп алып аман-сауын аспаным,
Жан-жағыма көзді сала бастадым.
Арулар да жатыр әне әр жерде,
Жағалауға жайып салып шаштарын.
Бір жағынан аққу қанат бұлты аунар,
Көңілімде құс жетпейтін шырқау бар.
Оң жағыма сәл бұрылып көз салсам,
Ағаштары адымдаған тұр таулар.
Жан дегенің жай тапқандай бал емге,
Жалғыз өзім жатқандаймын әлемде.
Сол жағымда көрінеді кемелер,
Келіп тоқтап тұрғандайын сәлемге.
Күн сәулесін бой балқытқан от деңіз,
Көз алдымнан өткел — өмір өтті еміс.
Аяғымды созған жақта шалқыған
Ұшы-қиыр, көрінбейтін көк теңіз.
Мырзалықпен риясыз күн көзі,
Төккен кезде, болар риза кімде өзі.
Көкке қарай сәл иекті көтерсем,
Бас жағымда — Риверия күмбезі.
Іңкәр, ынтық дүние ғой ғашық бұл,
Көрер ме еді көкірегін ашып бір.
Түпсіз терең жанарыңды толтырып,
Алтын күмбез алтын шапақ шашып тұр.
Шұғыласы бар дүниеме жетеді,
Көзді жаулап, бір-бірінен етеді.
Ұясындай бейбітшілік құсының,
Күмбез деген — көгершіндер мекені.
Сұлулықтың сезімімен ән еткен,
Дәл осылай жата бермей тек, әттең.
Бір аяқты, ақ қанатты, қара төс
Көзім түсті көгершінге кенеттен.
Жатқан мені сезім жұлқып оятқан,
Бейшара құс айрылыпты аяқтан.
Аяғынан тамшылаған қан аққан,
Шоршып түстім, жүрек толқып қараптан.
Енді оған бар денеммен бұрылғам,
Не де болса тізе тұстан жұлынған.
Аяғынан қан ағып тұр сорғалап,
Тұр шырқырап құс та болса құлын жан.
Сол құс тұсқа жақын бардым лезде мен,
Жанның жайы, жұмысы жоқ өзгемен.
Бұл не болды дегендейін қарайды,
Жан-жағына жалынышты көзбенен.
Қиын екен түсінісу тірімен,
Қалай айтам, емдер едім мұны мен.
Құс аяғын жалап-жалап қояды,
Құйттай ғана болар-болмас тілімен.
Қайтсін енді түнерулі қабағы,
Шырқыраса, қалай тыным табады.
Болды маған бейшара құс тұрғандай,
Жасаураған жасқа толы жанары.
Құс еңсесін ауыр салмақ тұрды езген,
Қайғы — дария құйылғандай мұң — көзден.
Аман сақтап қалу үшін бұл құсты,
Қалай енді түсіремін күмбезден?
Өмірінен оятар ем нұрлы үміт,
Бейшара құс түсер емес тілді ұғып.
Тас лақтырып үркітіп ем, болмады,
Басқа құстар ұшқанменен дүрлігіп.
Дәрігермін, қарап тұрмын мен неге?
Құс назарын салмайтындай емге де.
Біраз дән ап жерге қарай шашып ем,
Басын бұрып қарамады жемге де.
Ғұмыр сақтап қалып едім көп талай,
Ал, мынаған бір амалым жоқ қалай?
Дүрсілдеген құйттай ғана жүректің
Қаны ағып тұр, қаны ағып тұр, тоқтамтай.
Өмір қаны өзек талмай бітсін бе,
Бүкшиеді, құс қайғысын бүксін бе?
Бұған әлде жандар ма екен кінәлі,
Адамдардан онда қайырым күтсін бе?..
Кешке таман, келсем қапты қалжырап,
Кеудесінде шықпаған тек жан бірақ.
Бүлкілдеген бұғақ қанға боялып,
Өз-өзінен тоқтапты тек қан бірақ.
Үміт — бұлақ ирек-ирек қашты алдан,
Көгершінге амап қалу – басты арман.
Дүние тылсым тұнған кезде тып-тыныш,
Осылайша осы оқиға басталған.
Тірлік деген — не қуану, не жылау,
Құйттай ғана тіршілікке не мынау.
Қатар келіп рахаты мен азабы,
Қосарланып қатар шабар өмір-ау!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қара тал

  • 0
  • 0

Жайылып жантағына нар атандар,
Жұдырық боп түйіліп алақандар,
Осынау біздер туған қара жерге,
Қасқиып қарсы өскен қара талдар!

Толық

Менің мемлекетім

  • 0
  • 0

Ақордадан бастап шекараға дейін,
Аспан-жерді жалғаған екі араға дейін,
Бұлт асқан ақиық тауларыма дейін,
Кең көсілген даламның аумағына дейін,

Толық

Туған елдің түтіні

  • 0
  • 0

Туған елдің түтіні де тәтті ғой,
Тоңа ма деп таңы талай атты ғой.
Қараша үйдің ұйып балдай қаймағы,
Қанаттарын түтін түзу қақты ғой.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар