Ән - күй – Бернияз Күлеев

Бұл бетте «Ән - күй» атты Бернияз Күлеев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 02.12.2015
  • 0
  • 0
  • 3300
Естілсе күй, салынса әнге шырқап,
Тұра алмайды төзім ғып көңіл шыдап.
Жібіп жүре береді жәйіменен,
Оты сөнген ер жүрек қалған мұздап.
Қуаныш па, қайғы ма? Ойды шырмап,
Еркіне алып, өзіне тартады ырғап.
Ішің - тысың елжіреп, ес өзгеріп,
Көңіл жасы кетеді бәрін былғап.
Бейіш үні зыңылдап құбылады,
Көзге елестеп, құлаққа құйылады.
Жас жүрекке орнығып, бойыңды алып,
Жерде еместей көрінер адам жаны.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері