Сырласым бол
Бұл бетте «Сырласым бол» атты Сайын Назарбекұлы жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.
Сырласым бол, жарандар, сырласым бол,
Дей көрмеңдер, сырласар құрдасым ба ол...
Жас бол, кәрі, бәрі бір, әйел, еркек —
Сырласпақпын, ой кернеп тұрғасын мол.
* * *
Сыр айтайын, қорықпа, ақыл айтпан,
(Жынға тиер ақылдар жақын айтқан).
Еріккенде оқи сал, оңашада,
...Ойлар нешік... төрт жолмен, ақын айтқан?..
* * *
Кісілік, келдің ақыр бұл жасымда —
Көз тойды, (ешнәрсені олжасынбай).
Ниетке — сақшы тұрып шөл қалатын,
Арқардың ай мүйізді Құлжасындай.
* * *
Пенденің қабыл болар тобасы тек,
Құлқынның өлшемі жоқ, жобасы көп.
Күншілдер — тәнің жара, жаның азап,
Тым ерте, қурап босқа, тозасың тек.
* * *
Ел билеу оңай емес - білініп жүр,
Талайдың күйіп беті тілініп жүр.
Билікке құмар жандар, досы түгіл
Өздерін өзі сатып бүлініп жүр.
* * *
Сақ болшы бет жыртудан, қарақтарым,
Көлгірді жан-тәніммен жаратпадым.
Арыңды сақтап таза жүре алсаңыз,
Аз болар бұл өмірде азаптарың.
* * *
Талай-талай алдадым күле кімді,
Ерегессем тырнағым бүре білді.
Көндіргенмен ырқыма тіл мен түрді
Түсіндіре алмадым жүрегімді.
* * *
Ұйқасса соға берме қайдағыны,
Болмасын ойың дәмсіз, жайдақ, інім.
Арқандай қосып ескен шұбырмасын,
Түйінде, сөз арасын байлап, інім.
* * *
Кейбір ұл жарымес боп шала туды,
Жағаңнан ұстай — заман ала туды.
Алданыш — мынау ғажап компьютерлер,
Жұбаныш — ақылы асып бала туды.
* * *
О, ғажап, мынау заман кімге арналған,
Сан сұрақ қойғызады түндер маған.
Жайнаған гүлді алаңды таптап өтер
Өз басын дана көріп жүрген надан...
* * *
Әркімдер мазалайды сұрақ сұрап,
Амалсыз жауап қаттық құрап құрақ.
Адаспас мойындаған, маңдай түзеп,
Табиғат — деген, жалғыз, бір-ақ шырақ.
* * *
Жамандық тапшы, өмір, кәне менен,
Пәктіктен жаратылған, міне, денем.
Сөнгенде Сен сыйлаған талай сенім,
Жарқырай түсті енді "дәме" деген.
* * *
Арманың қолға түспес ақ сағымдай,
Тағдырың түсер басқа қас-қағымда.
Есейсең еңсені езер кілең мұңдар,
Бар бақыт уайымсыз жас шағында.
* * *
Жас болғам, армандағам — жүзім жанып,
Ал кеше күмәнданғам күзін танып.
Қар түсіп үсік шалып бұ күндері
Обал-ай, арман-үміт үзілді анық.
* * *
Алданып қалғанымды-ай уақыттан,
Атқанды "Сен" деп, кеше мына құт таң.
Тағатын алтын сағат біреу үшін,
Өкінген, атам қазақ, мен бейқұт жан.
* * *
Парызын өтегендер ел есінде,
Мінеді мәңгіліктің кемесіне.
Мақсатсыз — шаңын жұтып тарихтың,
Сылтиды ақсақ қойдай — сенесің бе?
* * *
Соқпаққа атам өткен бұрын басып,
Біз жүрміз дәл түсе алмай ырылдасып.
Жүрекке ырық бермей ақыл мен ой
Тартады шар тарапқа қырын қашып.
* * *
Жаным аш, тоя алмай-ақ, жүр "азыққа",
Ойым бос, байлана алмай бір қазыққа.
Байқаймын сондай шақта оқсатпаспын,
Тұшынып оқи қояр жыр жазып та.
* * *
Өмірді бастап едім көппен бірге,
Өкпе жоқ, өкініш көп өткен күнге.
Жалғыз қап сан сүрлеулі мына жолда,
Тағдырға, әлде өзіме — өкпе кімге?..
* * *
Ақын да арам терлі бір сорлы жан,
Отырған кені аз жерден алтын шайқап.
Таптырмай бір ауыз сөз ой анықтар.
Мен содан ұқсастығын қалдым байқап.
* * *
Түсінбей жүрсем қазақ ойын анық
Қонаққа сойған соңғы қойын алып —
Бар екен сарқылмайтын мол қазына,
Үміттен азық алар, тойынарлық.
* * *
Әйтеуір, жұтса болды — жатпас талғап,
Тірлігі кездескенді ұтса қармап.
Сатады өтін, бетін, жүрегін де,
Тіпті арын — қысылғанда талмап қалмақ.
* * *
Тәртіпке мінезіңді шақыр, шырақ,
Тыңдап ал, ақыл айтам — жақынсырап.
Көз сүзіп қарай берме көрінгенге,
Тұрсаң да тәнің күйіп, қатынсырап.
* * *
Жастықпен еліктедік азғырғанға,
(Маңдайға жазды ондайды тағдыр мыңға).
Бір көсем кәпірлігін көтере алмай
Ей, Алла, Жұрттың бәрін жазғырдың ба?..
* * *
Ақылды сөйлеспейді сеніменен,
Шешілер кездессе тек теңіменен.
Ол, бірақ кішіпейіл, сауалыңа
Ыждатпен жауап берер жөніменен.
* * *
Құрысын көрген күні жарамсақтың,
Көзінде ақылдының жалаң жаттың.
Мәз болар бір мықтыға сәлем берсе,
Ойлайды, пайдаға асар амал таптым.
* * *
Өсер ел кез келгенін ақын қылар,
Өшер ел өсер ұлын зақым қылар.
Надандар болашағын тұншықтырса,
Үйренер ақымақтан ақылдылар.
* * *
Кім білген тәтті ұйқының тартыларын,
Кім білген түннің қымбат нарқы барын?
Мәңгідей ұзақ түндер — кірпік қақпай,
Әлемнің қызықтайды жалпы зарын.
* * *
Қазақтың он бір буын қара өлеңі —
Өнердің маңдайдағы дара меңі.
Жаныңды жабырқасаң жұбатады,
Жүрекке жып-жылы боп барады емі.
* * *
Махаббат сорыңа ма, бағыңа ма?
Сезім ит ақыл итке бағына ма?
Қыз соқыр — ғашық болар жігіттерге,
Алмайтын сүймек түгіл сағына да.
* * *
Жастық — саз, күй боп жетер аңсағанда,
Үн қосар адасқандар жаңсақ әнге.
Махаббат жаңылмайды өз үнінен,
Қызықтан тартынады, қанса, тән де.
* * *
Жер — Ана, Аспан — Әке, адам — бала,
Мән бермес бұ шындыққа надан ғана.
Жаныңа сіңіре алсаң сенімменен,
Өмірің тірі жұмақ, алаңдама.
* * *
Кім келіп, бұл өмірге, кім кетпеген,
Бәрі де тағдыр соқса — дірдектеген.
Бар ма екен зорлығына ит тірліктің
Бас имей өткен, жанын кірлетпеген?..
* * *
Жіберді-ау мына тірлік жалықтырып,
Оты да жылытпайды жанып тұрып.
Соңында даңғазаның шуылдаған
Көр соқыр, бұл не деген халық "тырық".
* * *
Бықсиды мына сорлы улап жанын,
Кім білсін, қай жасында санасы өлді.
Сан рет, дем берсем де бір жылт етіп
Жана алмай, тіріле алмай, шала сөнді.
* * *
Япырым-ай, көз апара азды адамдар,
Ұлтынан безіп кете жаздаған бар.
Жиылып тағы өздері қарқылдайды,
Үн-түнсіз жүріп жатыр азбағандар.
* * *
Аспанда — сәуле түскен, сығалайды ай,
Жанында бір шырақ бар самаладай.
Жұлдызым, қайдасың сен, жарқырашы,
Нұрланып, көзге түссін "жаман адай".
* * *
Қарттық па, ойға үрей жамағандай,
Ұйқы да қашады екен, шала, қанбай.
"Ертеңің, елім, сенің қандай екен?.."
Қалың ой, мың найзалы... қамағандай...
* * *
Әйтеуір біреуді ылғи сағынасың,
Керек пе бір құдірет, табынатын.
Жоқ әлде іздейсің бе бір сүйеніш,
Өмірдің шешіп берер мағынасын.
* * *
Дейтінмін, өзім бұрын жұртқа жақтым,
Елу жас, мені неге сыртқа қақтың?
Үйірсіз, саяқ аттай, қалдым-дағы,
Өзімді өзім енді ноқталаттым.
* * *
Ел-жұртты ұрындырды тасыр неше,
Ұқтырды қате құнын ғасыр кеше.
Япырым-ай, сонда-дағы сұрауы жоқ,
Бере ме жақсы жаси, асыл өше?
* * *
Санаспай, қайта құрып, Бізбен, Сізбен,
Не ғажап, барды құртып, жоқты іздеген?
Тағы да атқа мініп әумесерлер,
Майып боп бара жатыр оқсыз денем.
* * *
Септігі аздау болды-ау халықтың да,
Көмегі тимей қойды-ау "алыптың" да.
"Арман" деп айта-айта ұяламын,
Сол итті қуа-қуа жалықтым да.
* * *
Ақылды біреу айтқан жек көремін,
Әркімге сол үшін де өкпелімін.
Қайтеді пайдасызын тастай салса,
Тозады неге жүйкем текке менің?..
* * *
Түсінбей шексіздіктің мағынасын,
Амалсыз, шама жетпей шағынасың.
Өзіңді жер құртындай сезінгенде,
Құдірет-табиғатқа бағынасың.
* * *
Табынтар құдіреті — Жаратқанның,
Келеміз күнде көріп таң атқанын.
Деуші еді әкем марқұм "айта көрме
Ешқашан Құдай жоқ деп, қарақтарым".
* * *
Сөздер бар маржан ой боп төгілетін,
Сәттер бар жүрек саз боп егілетін.
Сезімсіз қалам алып, ұйқас іздеп,
Ақынның алаңдаған кезі құрсын.
* * *
Өнерге бірі ғашық, бірі қашық,
Екі жан ғұмыр бойы ырылдасып —
Дүние кезек деген, келеді әлі,
Біреуі иығымен бірін басып.
* * *
Надан десе, біреу біздің халықты,
Наданмын деп, бас изепті, наныпты.
Ал сырласса болды, сосын бәріне
Сұңғыланың кім екенін танытты.
* * *
Жанарыңнан аңқаулығың сезіле
(Жарасады сол қасиет өзіңе) —
Жалтақтамай өмір сүрші, қарындас,
Дос-дұшпанның тура қарап көзіне.
* * *
Киелі ағаш жапырағын жұлғызба,
Балталатпа, бір тамырын қиғызба.
Киеліден киелілер туады —
Білсін соны біз өсірген ұл-қыз да.
* * *
Бәрі де бар — жасыл желек бақша да,
Машина да, мал менен жан, ақша да.
Бірақ Құдай әлеміне кіре алмай
Жүрген жанның бақыты да "жақша да".
* * *
Айтайын ба, мен сендерге шындықты —
Ақыл менен іс тындырған сұм мықты.
Бірақ олар тірі өлікке айналар
Ойлай берсе өмір бойы сұмдықты.
* * *
Бір-бірімен үзеңгілес жастық шақ,
Озғың келсе — озық ой тап, басқыш тап.
Елге жағып, ерге сеніп өмір сүр,
Құлшынып тұр жалындаған жасқа ұқсап.
* * *
Бір сөз айтам қателеспей, нақ басып:
Бақытсыздық — алсаң арды таптатып.
Ақылсыздық — қосылып ап сайрасаң
Жатқандарға тап өзіңді мақтасып.
* * *
Бақыт та құс — мекен керек ұялар,
Ізгі пейіл, мейір жүрек — ұя бар.
Қонса қонар, бірақ мекен бола алмас
Қызыл тасты, ызғырықты қиялар.
* * *
Ыза қысар баз біреуді, кек керней,
Дұшпанына қарай алмас шет көрмей.
Адасқан бар, қате қадам басқан бар,
Қабылдай біл, өкінсең де, жек көрмей.
* * *
Кісімін дер біраз жандар ісініп —
Кіл мақтаныш, кіл буаз сөз — түсінік.
...Адам сөзі алынбасын есепке —
Тек тындырған ісі ғана — Кісілік!
* * *
Ең бас бақыт — бұл өмірге келуде!
Ең бас тілек — ел тілегін тілеуде!
Ең бас міндет — жақсы ұрпақ артыңа,
Ең бас білік — Ана тілді білуде!
* * *
Ожар-надан — нағыз озбыр тірлікте,
Сына қаққан әр сөзімен бірлікке.
Одан асқан ойлы болмас ортада,
Өзі кісі, өзі дана — шыр бітсе.
* * *
Бұл өмірде — сорлы жан бар, топас бар,
Мұрты сынбас балғаласаң о тастар.
Айналайын, айналып өт кез келсе,
Шығындама саулығыңды со тасқа.
* * *
Бұ тірлікте байғұс жан бар, маубас бар,
Үйретем деп сырқат болған сау бастар.
Амал қайсы, қорғаштай жүр сорлыны,
Алла солай жаратқасын... әу баста.
* * *
Қате қадам басар кейде адамдар,
Дана — бірден сақ боп, содан алаңдар.
Іздеп жүрер өз қатесін ақылды,
Өле-өлгенше мойындамас надан бар.
* * *
Теңдік іздеп, шындық іздеп таласар,
Тіршілікке мүмкін о да жарасар.
...Сезім қандай болады екен адамда,
Деген сәтте — "енді анжаққа бара сал".
* * *
"О" дан "Бұ" ны көргендіктен біз артық,
Сүре бергің келер өмір құмартып.
Кеңес мынау: — күнделікті тірліктен
Ала білгін ғұмырыңды ұзартып.
* * *
Бақыт қуып араласпа шатаққа,
(Ол не өзі — дәреже ме, атақ па?)
Іздеп өзі сол бақытын табады
Ие болсаң адам деген атаққа.
* * *
Құмға сиіп көгал етпек ниеттей,
Мағынасыз күйкі тірлік күй етпей —
Ей пенделер!.. Бұ тірлікте орның тап,
Күй болмасаң, домбыраға тиектей.
* * *
Кешірімшіл бола білші басқаға,
Үлкенге де, бейтанысқа, жасқа да.
Бірақ кешпе қылығыңды өзіңнің,
"Мен", "Мен" — деген сезімді біл басқара.
* * *
Ақ тілеулер — қайыр таңын атырды,
Ізгі ниет — бауыр қылар жат ұлды.
Қолы талды — деп мүсіркер пақырлар,
Ту көтерген — "Пір", "Әулие", "Батырды".
* * *
Бір адамда үшеу отыр - "Мен", "Мен" - деп,
Құл ғып Сені тыншытпайды, өңмендеп.
"Көзің" — сұлу, "ауыз" — тәтті сұрайды,
"Жанды" еске алар, анда-санда, көнген тек.
* * *
Білгір жазған бір кезде "Төрт тағандар"
(Айта алмаймын — соншалықты бағам бар) —
Салқындатып төрттағанмен алмасаң,
Көкіректе... бір күйік от, алаң бар.
* * *
Әкім қойсаң көп ішінен "тақыл" деп,
Жеп бастайды жанталасып өкім геп.
Сорып бастар — құйрық, бауыр, өтіңді,
Ең сұмдығы — жетім-жесір хақын жеп.
* * *
Арызданып ардақтысын жапқызып,
Қапы қалып — қара орманын сатқызып
Жүрген қуға, қол жетпестей арманы
Қона кетер, кез келгенге бақ — қызық.
* * *
"Алла" сөзі — оңсыз, солсыз, теріссіз,
"Ата", "Апа" — сондай қуат беріпсіз.
"Аға", "іні", "Ана", "Ене", "қазақ", "Нан" -
О, Тәңірім! — табындырдың еріксіз...
* * *
Айналды ма мәні нөлге есептің,
Іс ақылға бағынбайды десек... шын.
Алтын азып, темір тозып жентек боп,
Кірігіп ап тасқа айналды кесек, құм.
* * *
Сүйе білген жүрегімен құдайды
Келеді екен жылы жүзді, шырайлы.
Тек ауызбен Алла дейтін харам бар,
Тұйық судай асты шірік, лайлы.
* * *
"Парыз" деген ауыр жүктің астында
Жүрген жанды, сыйла әкеңдей, жатсынба.
Мақсатсыздар — ол құдайсыз, қағынған,
Бұ ғаламда міндеті бар тастың да.
* * *
"Парыз" деген қасиетті борышың,
Нағыз жігіт жан береді ол үшін.
Мақсатсыздар — ол Құдайсыз, қағынған,
Ата, ауыл, бүкіл елдің сорысың.
* * *
Адастырар, сан жұмбақты, бұ тірлік,
Асқақтатар кейбіреуді күпір ғып.
Әурешілік — көз бен қарын тойғызбақ,
Бақыттылар — ете алғандар шүкірлік.
* * *
Әр қадамын ақша етіп санап ап
Ұмытқандар - "Парыз", "Борыш", "Аманат"
Білмейді ғой ең бақытты өмірде —
Ете білген азға, көпке — "қанағат".
* * *
Бағыт-бағдар жоқ кісілер қопырап,
Санасы да тексізденіп, тоқырап
Жүргендерге — ата сөзі бағдарың,
Тірлік мәні — "Наның, Тұзың, Топырақ".
* * *
Өмір мәні — махаббат пен сыйластық,
Тірлік сәні — сағыну мен қимастық.
Мәнсіздіктің, сәнсіздіктің белгісі —
Қарсы келу бар пікірге, қиғаштық.
* * *
Бақыттыға қонар бірден "Кішілік",
Жылдан-жылға келем соны түсініп.
Табанымен жерді тіреп тұрғандай
Бар-ау жандар, талтаңдаған, ісініп.
* * *
Бір Тәңірге өмір бойы жалынып,
Бір Құдайға, табиғатқа табынып,
Ата-баба аруағын ардақтап Жүрген жанның,
Ей, Ағайын! — жанын ұқ.
* * *
Жоным сезер атам қазақ төзімін,
Жүрегім бар жоғалтпаған сезімін —
Ата басын бір ұшпаққа шығарар,
Атам соққан үзеңгінің өзімін.
* * *
Босқа шашпа ақылыңды бекерге,
Асыл аз ғой, шашсаң алтын — жетер ме.
Бар байлықтың басын "Ақыл" еткендер,
Өкінбейді бұ жалғаннан өтерде.
* * *
Сөз сұранса, ойыңды айт деп құйылып,
Сондай сәтте не жының бар тыйылып.
Шалқы сол кез, өзгелерді шалқыта,
Табиғаттың берген саған сыйын ұқ.
* * *
Ашқан сайын ойдағысын, тек шынын,
Ызғарланар, түйрей сені кекшіл үн...
...Адам мың сан, өзім жалғыз, Әлем бос,
Қалмай барад сырласарлық ешкімім...
* * *
Асылыңның, адалыңның жанын ұқ,
Жатпасыншы, жалғыз оймен сарылып.
Қалмасыншы ой күркенің ішінде,
Қаласыңдар кейін сосын, сан ұрып.
* * *
Көнбіс жанның илі қайыс — өзімін,
Шыдамдымын — қара жердей төзімім.
Өмір сүрдім, кімге қалай көрінер,
Тоқ болса деп, — "Құрсағымнан Көңілім".
* * *
Жігіт адам ізетпенен тік тұрғай,
Жүрсе басын мықты алдында, бұқтырмай.
Жігіт — жігіт, іс түскенде басына,
Алып өтсе намыс туын жықтырмай.
* * *
Армандаған жалғызының әке бар,
Арақ ішкен "Кісі" сәтін көрсем деп.
Ара түскен, жаны шыға шеше бар,
Жалғыз қыздың "Ісін" көріп өлсем, — деп...
* * *
Жақсылықтың соқпағымен, ізімен
Ере жүріп күнін көрер жамандық.
Сол соқпақсыз жоқ екенін өмірдің
Сезбейді олар, жаратқасын, "Надан" ғып.
* * *
О, Тәңірім! Сезім құмар жан бердің,
Ләззәтшіл, тәтті құмар тән бердің.
Мына таңға оянбаған жан қанша,
Бүгін тағы, шүкір, атқан таң көрдім.
* * *
Кейбір жандар "Мен", "Мен едім" деп қалар,
Мақтанады өзіндегі жоққа олар.
Қорегі тек тозаң менен бу ғана,
Тамыры жоқ қына деген шөп болар.
* * *
Ізгілікке жол шеккен қиял асып,
Жүрегіне жылылық ұялатып —
Сүйе білген Құдайын, Табиғатты
Қателеспес өмірде, қия басып.
* * *
Асқар таудың бастауы, тұнығы анық,
Балдай татыр дәмі бар — құнығарлық.
Қыран жанның шаңқылы тау қозғайды,
Талант таудың шыңына шығып алып.
* * *
Атақты адам орынсыз шамданады,
Сұлу десе қыз бала паңданады.
Ізгі жан бар ұядай тартып тұрар,
Мейір шашар жып-жылы маңға жаны.
* * *
Жақсы маңын аялай, жебеп келер,
Ызы-қиқы қылады желөкпелер.
Ақылсыздың ортада әр қимылы
"Мен мынау" деп ойлыға дерек берер.
* * *
Тоғышар жан — дәулетін жанға балар,
Ұқыптылар тірлігін қамдап алар.
"Бес күн өмір" белгісіз өте шығар,
Шеберлердің артында таңба қалар.
* * *
Адам атты жаны бар, "кіл өлік" кім?..
Қаттылау ма мен айтқан төрелік тым?..
...Ел қамымен сүрмеген бір сәт ғұмыр,
Адам — санат, сапында тірі өліктің...
* * *
Шегерем деп ойы озық кемеңгерін
Ұмтылдырған ел оңбас төмендерін.
Қортық салсаң отарға қой бұзылар
Төл қамымен мұздайды денем менің...
* * *
Бір-ақ ұрттар теңізді — "мезгіл" деген...
Бір-ақ асар менменді көзге ілмеген.
Мойындамас соларды сонда дағы,
Туысынан менменшіл, көлгір денең.
* * *
"Түйеқұстар" сәнді тек бойыменен,
Арлы болмас олар тым ойы төмен.
Жұмыртқасын басқаға бастыратын
"Көкек сұлу" — солардың сойы дер ем.
* * *
Ең бақыттың бақыты — өмірге ену,
Одан зоры біреуге өмір беру.
Бақытсыздық белгісі баққа мас боп,
Өзіңді-өзің құдірет, Тәңір көру.
* * *
Күтер бөбек шыдамай, жаны асыға,
Сүю сезім алғашқы — анасына.
Тастанды атақ сарғайтты кейбіреуін,
Қалды-ау сорлы замандас табасына.
* * *
Тәуекел деп, бел шешсем, шыдаймын ба?..
Қайтем тұнық болмаса, ылай, мұнда?..
Адастырар арманның жел қайығы,
Шығармаса қайтемін жыр айдынға?..
* * *
Әулие көп ниет қып табынарда,
Қимас та көп аңсауға, сағынарға.
Айналаңда бір дос жоқ, бәрі дұшпан,
Бәрі жау боп көрінер қағынарда.
* * *
Әдепсіз жан жырқылдап бұрын күлер,
Қырсық шалған бар елден қырын жүрер.
Тым ертелеу құласаң жаспын деме,
Жастық өзін жықпайды, сүріндірер.
* * *
Дәметкендер — өмірде "ер" мен бе деп,
Бұлданғандар — мінімді термеңдер деп —
Қалады екен іс түссе құмырсқадай
Илеуінен айрылған, шерменде боп.
* * *
Қырып-жойып жүреді әңгілер кей,
Қауып, үріп маңына жан жібермей.
Неге солай?.. Осыны түсіне алмай
Мен де милау боп кеттім мәңгілердей.
* * *
Пай! Мүләйім қу түлкі, аңғалдардай,
Жібермейді тірі жан таң қалдырмай.
Әрбіреуден бір рет асап қалмақ,
Әйгіленбек, сұмдығын жанға алдырмай.
* * *
Сөз түсінбес қыршаңқы қырсық шықты,
Еш кетіріп еңбекті құртып бітті.
Жол түгіл із артына қалдыра алмас —
Ақыл айтар өзіңе ұрсып тіпті.
* * *
Жарты ғасыр жүріппін жан қинамай,
Елге еңбек деп сәл затты, нандым ұдай.
Жақсы ісің жаныңа бал тамызар,
Жегізе гөр, тер татыр нанды, Құдай.
* * *
Жас екен деп ешкімді баласынба,
Ертеңгі ағаң тап солар, нанасың ба.
Сенбегендер, көрерміз, қара да тұр,
Тіпті атадай болады санасызға.
* * *
Елемедім ауырды "бұйым ба" деп,
Өзімді де салып кіл қиынға тек —
Жүргенімде дәметіп арман таудан,
"Алдатөмпек" Қорқамын, сыйым ба деп.
* * *
Жан түсінбей кетер ме арманымды,
Кездеспей ме бір сырлас, арман үнді.
Жүрек сазын жүрекке тыңдата алмай,
Тістелеумен өтем бе бармағымды.
* * *
Кешегіге, ертеңге үңіліңіз,
Талқылаңыз қандай деп бүгініміз.
Ойланбаса — осындай сұрақ қойып,
Дәметпеңіз ештеңе, түңіліңіз.
* * *
Жақсы-жаман арасын шешеді кім?..
Азабыма тұрды ма кешегі күн?..
Ал ертеңім жан қисам ақтар ма екен,
Ойлан, ойлан, әйтпесе, өшеді үнің...
* * *
Бір ғажайып шақ еді таңға жуық,
Тәнім сергек, ой озық, санам ояу.
Әлем бүгін кенеттен қайта туып,
Кездеспеген жан-жағым жаңа бояу.
* * *
Бір ісімен нұрланып, пай, бір адам —
Қайта туып, тіріліп кетеді енді.
Ал пасықтар бұқшаңдап, еш пайдасыз,
Тірі өлік боп өмірде өтеді енді.
* * *
Кеше ғана қамсыз ем, бақытты едім
(Кейбір жанға әуелден бақыт тегін).
Енді ойлансақ, жас жетіп, көңіл күпті,
Парыз-қарыз түгендеп, артық-кемін.
* * *
Кеше шалқып жүріп ек шарап ішіп,
Ісінгенбіз өкпедей шала пісіп.
Кеуде соққан, ұят-ай, қайран күндер,
Айран емес, жүріппіз шалап ішіп.
* * *
Ой ажарлы, сана сау, көз күліп тұр,
Тілі шешен, жүзінде ізгілік нұр.
Кей балалар атаңдай әсер етер,
Не қиынды оп-оңай сөз қылып тұр.
* * *
Ой жеткізер жас шаққа, ала қашып,
Тым алыста қалса да, ара қашық.
...Маскүнемдей түс қайта бас жазылған,
Қартайғанда ес жидық, "қара басып".
* * *
Сыйла, шырақ, әкеңді — қонағыңды,
Қапы қалма, алып қал онан үлгі.
Сәл кешіксең кетеді сан соқтырып,
Жарлы етесің жаныңды, қоғамыңды.
* * *
Базар шағым — қайрылмай қайда кеттің,
Ажар шағым — сені аңсар жайға жеттім.
Мынау қай шақ — жан-жаққа алаңдатқан,
Неге мені күдікті, айлалы еттің?..
* * *
Бүгін бала, ертеңгі азаматтар —
Сақтан, сақтан арынан надан аттар.
Текті кісі, есті адам, ізгі жан деп,
Айдар тақсын, сан түрлі ғажап ат бар.
* * *
Неге әке алдынан кесіп өттің?
Неге жеңіл дәм-тұзды несіп еттің?
Көргенсіздік көрсетіп көп ішінде,
Ата жүзін жат көзге нешік еттің?
* * *
Сөз жоқ, көз жоқ — ынжықтар құрып қалғыр,
Қарекетсіз, кіл жалтақ — кіріптар ұл.
Қасиетсіз темірдей былқылдаған,
Жігіт емес шетінен — тырықтар, бұл.
* * *
Кейбір жандар жүреді жатқа жағып,
Сөзі аузынан жатады боқ боп ағып.
Дәреже де құмар ма кір, қоқысқа,
Сондай жаннан таймайды бақ та неғып?..
* * *
Жалап-жұқтап әркімнен үнемдеген,
Көпек иттей бұралқы, сүмеңдеген —
Тексіз дер бар басына тептіретін
Жанап кетсе дір етер түгел денем.
* * *
Кезек бермей кейбіреу іседі есіп,
Сырты керім сол жанның іші нешік?
Кей жігітке іс түссе жасып қалар
Шайға салған жуадай күші кетіп.
* * *
Жанды тербер асыл сөз — ақ моншақтар,
Шешен сөйлеп маржанды таққан шақ бар.
Жел сөз үшін зергердің тонын киіп,
Асып-тасып жатады мақтаншақтар.
* * *
Аспан — Әлем, жұлдыздар — адамы ма,
Ғасыр сыйған аттаған қадамына?
Мына біздер мүмкін жер сіркесі ме,
Қанға тойып айналған еркесіне?..
* * *
Қимылдап қал жастығың тұрған шақта,
Өткізіп ап бөксеңді бұлғаңдатпа.
Иіскеуге жарайды мейір қанып,
Ашқан күні хауызын қызғалдақ та.
* * *
Жан сырыңды досыңа ақтарыла,
Сенген шақта — бір қолдау таппадың ба?
Безгендей боп өмірден мұңайдың ба? —
Өлең оқы сондай бір шақтарыңда.
* * *
Тілмен түйсең шешпессің тісіңменен,
Бұл өмірді осылай түсінген ем.
Өзі дана, атамның сөзі құран,
Аруағына табынған кісің мен ем.
* * *
Жауың талай зарлатты, жамыратты,
Шағып кете жаздады-ау шаңырақты.
Атаң айтқан "шүкір" деп, жамап-жасқап,
Түндігіңді аш, қазеке, таңың атты.
* * *
Жан құдайсыз, тән дінсіз, сезім суық,
Еш көрмеген мұңды жас көзін жуып.
Шар болаттай шатынап тұрған жандар,
Алды ма екен өздерін өзі туып?..
* * *
Жақсыдан ба, жаманнан — заман зары,
Заманнан ба, адамнан - надандары.
Қанша керім өзіңді санасаң да,
Жек көруге қақың жоқ адамдарды.
* * *
Мін тақпайық кісінің қу басына,
Кім біледі одан ұл тумасына.
Адам атын қызғанба кісілерден,
Сондай атақ берілген... ту-у, басында.
* * *
Сезім ақса шымырлап өзегіңнен,
Шабыт толқын соғады кезегімен.
Сондай шақта көрерсің сұлулықты
Қурап қалған түйенің тезегінен.
* * *
Сырты саудың зар, дертін сезбейді-ау жұрт,
Сондай адам кенеттен күйрейді-ау, күрт.
Сыр алдырсаң болғаны, шықылықтап,
Құлағыңа ойнауды көздейді-ау қырт.
* * *
Елу артта, есейіп, ер жеткесін
Арқа босап ойлансам, тер кепкесін —
Өткен өмір — қателер күнделігі,
(Өзің сот боп өзіңді тергеткесін).
* * *
Өз қатеңді өмірде ұққан қандай —
Күйіп кетер запыран жұтқан таңдай.
Елуімде есейіп ес жиыппын,
Жынды үйінен жазылып шыққан жандай.
* * *
Бақытты ма — дәметкен аспаннан ай?
Бақытты ма — "жұлдызды" жастан ұдай?
Мүмкін, әлде, бақытты кей пенделер,
Қанағатты берсе егер бастан Құдай...
* * *
Ақыл ойла шаруаң кері кетсе,
Табиғатпен, жарқыным, ерегеспе.
Жұттан аман қалғаның көтеу туар,
Елді асырар жалғыз ұл зерек етсе.
* * *
Ақыл таппай бүгін ел тосылады,
Бұл заманның белгісіз жосығы әлі.
Көпшілдіктің қырсығы — сан дауысты,
Жекешілдік — айтпаған тосын әні.
* * *
Бір ғажап үн "ың" берсе тұңғиықтан —
Жүрек сол кез бір емес, мың күй ұққан.
Айырады еркіңнен адуын күш,
Кете ме екен оянып — жын бұйыққан.
* * *
Рас, адам бір рет жаратылар —
Әлі күнге шалып жүр, шалатындар.
Елу жаста мұрт та жоқ, сақал да жоқ,
Қылмаңдайды. Ал менің шал атым бар.
* * *
Жабырқаумын, көңілдің сағы қайтып,
Бұлданбаймын, құрбыға базына айтып.
Базарымның соңы ма, көшкен жұрттай,
Қарға қалған, аққу мен қазы қайтып.
* * *
Күзі келді көңілдің, жазы кетіп,
Бас изегіш боп алдық, тәжім етіп.
Бара-бара армандар адыра қап,
Қалар ма екен тірліктің мәзі кетіп?
* * *
Елікпедім орынсыз базынаға,
Бас имедім байына, барына да.
Елпілдетіп жіберер бірақ мені
Жетекке алса "Кісілік ары" ғана.
* * *
Ел сенеді керек деп кісіге иман,
"Иманды" дер жақсыны көзі қиған.
Сол асылы "о жақта" қорған болар,
Тірісінде тырнақтап өзі жиған.
* * *
Адам ұқсас, ал кейде түрлі-түрлі,
Ұмытқандай қоюды бір үтірді.
Бүгінгі жау ішінде кешегі дос,
"Жан дос" деген құлақта үні тұрды.
* * *
Аманатқа қиянат — арсыз ісі,
Ар үніне, ұжданға қарсы кісі.
Ала жіптен аттамас, жаны таза,
Ар мен Алла ісіне жаршы кісі.
* * *
Өшпес деген, өмір атты жарығың,
Бір күрсініс, тына қалар бар үнің.
Табындырмақ бар әлемді болғандар,
Сыйып кетер қауызына тарының.
* * *
Арызданып — ардақтысын жаптырып,
Қапы қалып — қара орманын сатқызып
Жүргендерді қамқорлайтын бір күш бар,
Қона салар кез келгенге бақ, қызық.
* * *
Құдірет-ай, тәніңе жан жаратқан,
Қуат берер, тамырға қан таратқан.
Табиғаттың ғажабы — нұрлы жанар
Арқасында күн батып, таңдар атқан.
* * *
Ауыр күндер былтырғыдан биыл көп,
Бәрі бірдей көкіректе түйін боп —
Қоздауын-ай, бықсуын-ай шаладай,
Күймегенмен күйікті етер жиылды от.
* * *
Сыр мінезбін, дейтінмін, қанық-ақпын,
Сонша ма жыл мен сені танымаппын.
Өмір деген қателер жиынтығы,
Еске түссе күрсіне жалын аттым.
* * *
Қалмады да сағынар ешкімім де,
Пайда бопты-ау сұстылық кескінімде.
Қанат беріп арманды ұшыратын,
Елжіретер сезімдер өшті мүлде.
* * *
Өздеріңді — сезімдер, сағынамын,
Соқпай маған, күттіріп неғылғаның.
Сезімсіз жан — қара тас, сәуле шашпас,
Тек сезіммен сан қырлы лағыл жаның.
* * *
Мұқалыпты-ау сезімдер, жүзің мүлде,
(Қайрақ қайда жеткізер жүзін күнде).
Қамшыласаң қаншама, бір ұмтылмай,
Сезім, сенен бұ күнде түңілдім де.
* * *
Талай сорлап алданып ұрылғанмен
Аңқаулықпен жолдас ем бұрыннан мен.
Құтыла алмай қойдым-ау о, Тәңірі,
Қосақтайсың күнде бір жырын жанмен.
* * *
Кіргеніңде әуелде "нарық" күліп,
Дәмелендік жүрекке жарық кіріп.
Енді бүгін, уайым — кете ме деп
Шаруаны шайқалтып, тарықтырып.
* * *
Ой — мазасыз, жаныңды жалықтырар,
Кейде шалқып, тасытып қарық қылар.
Кейде тыққан сырыңды тауып алып
Құтылмастай мойныңда салық тұрар.
* * *
Адал ойдың желісін үзіп тұрып,
Бойды билеп алғанда күдік кіріп —
Бас босамас ноқтадан, жан азаптан,
Үзілгенше мойынның өзі шіріп.
* * *
Үзіліп бүгін сәби, кеше боздақ,
Талай жүр зорға ілініп, өше жаздап.
Не жауап қайтарарсың нәрестеге —
Неге өштім бір жана алмай, десе, маздап?..
* * *
Қан тамырды кернесе бұзық ағын
Таңдайыңның тәттіден тұзы қалың.
Ризамын, Тәңірім, бергеніңе,
Қызғанбаймын, бақтыға, қызығамын.
* * *
Жаныңа ие болса сұм бұрын кіріп,
Өтер сені өмірде ұрындырып.
Құтыла алмай, немесе ұтып алмай
Өткізерсің ғұмырды қырын жүріп.
* * *
Сыр ашыңдар, пенделер, шешіліңдер,
Ыза отын үрлемей өшіріңдер.
Бермесең де наныңнан тарыққанға,
Мұқтаж жанды қинама, кешірім бер.
* * *
Менің жаным... Не нәрсе?.. Форма қандай?..
Тамырдай ма нәрі жоқ, солған оңбай...
Әлде мыж-мыж сүйектей ит кемірген,
Жұтаған жұрт сынды ма Орда қонбай?..
* * *
Маза бермей өмірдің шуы жанға,
Ыстық пейіл жан досқа суығанда —
Ол үлкендік, әртүрлі ат таққанмен,
Нәр бермесе сезімнің буы жанға.
* * *
Дүние дөңгеленер мақұлдаспай,
Шет қалдық оған бұ кез ақыл қоспай.
Алдамшы - тіпті мына өз болмысың,
Тірлік те еді бір кез жақын достай.
* * *
Ертеңіміз, япырмай, қандай екен?..
Жәннәт па екен Жер Ұйық — жанға мекен?.
Не де болса менікі ата мекен,
О, Туған Жер, тек сені таңдап өтем!
* * *
Болмашы жан — қылмыскер, шала, жасық,
Атақ-даңқы жылдан жыл барады асып.
Өзгелерге өзге боп көрінем деп,
Кеткен шығар жан-тәнің жара басып.
* * *
Артың — Елес, ол бірақ өз өмірің,
Алдың — Үміт, қайсысы кезегі мың?..
Пенделік-ай — жанталас, жағаласқан,
Болашағын — асыққан сезеді кім?..
* * *
Мен еврей емеспін, мен орыс та,
Тастай алман даламды жем жолықса.
Мен ебелек емеспін ық іздеген,
Құмырсқамын, иемін иен қонысқа.
* * *
Ойдан шығу мүмкін бе бүкіл жұрттың,
Пысық болсаң сөгеді "жұтыр" деп тым.
Жасық болсаң езеді алқымыңды,
Мағынасы не екен бұ тірліктің?..
* * *
Тағы да ердің арманға, торықпайсың,
(Бұ тірлікте жалғыздық болып қайғың).
Жүгініп көр айнаға, әділ қазы,
Өрнектеле қабаққа қоныпты-ай мұң.
* * *
Қарамас ем айнаға, қарамас ем —
Сақал алу жазаға, шараға тең.
Дәмеленбе сол бір күн қашықта деп,
Жүректегі жазылмас жараға сен.
* * *
Қаталдығы өмірдің... алаңдатып...
Өзің түгіл барады балаң "қатып"...
Бар тірлікке селқостық... кілең сырқос,
Сезімдер де ауырып, "жамалдатып".
* * *
Ойлар, ойлар... ортаға алып тағы да,
Отырғыздың арман-үміт тағына.
Үміт солып торыққанша жалғасар,
Бұ күндер де сол немені сағына.
* * *
Бұ ғаламда "ит" деген бір сорлы бар,
Адам атын сондай біреу қор қылар.
Айтақталып, ұяласпен қырқысып,
Үреді-ау бір сембей жағы, сорлылар.
* * *
Басы тұнық өзеннің, аяғы лай,
Нағыз бастау мөп-мөлдір баяғыдай.
Тоймен бастап, жауласып аяқтаймыз.
Ертеңіміз не болар... ая, Құдай!...
* * *
Бұ тірлікте қапылып қарманасың,
Бірі соғып өтеді жарға басын.
Өтіріктеп, өсектеп бірін-бірі,
Не іздейді... түсінбей таң қаласың.
* * *
Неге сонша, пәтшағар, сықиясың?..
Ауқаттының татасың шұқып асып.
Әлсіздерді жұтасың екі бүктеп,
Біз білеміз жаныңның құпиясын.
* * *
Сыздануын мынаның, сыздануын,
Сыздануы жарастық бұзған үнін.
Сезінемін жүрекпен, қарап қалған
Жалынышты жандардың "сызға" күнін.
* * *
Ақтарылар біреулер біле сөйлеп,
Қақпаны бар біреулер күле сөйлеп.
Тұлпар түгіл, жамандар тайға мінсе
Елемейді дананы жүре сөйлеп.
* * *
Ау, Ақсақал! Халқыңның халі қалай?..
Шырқыраған жоқ па еді жаны талай?..
Қасқырды алып түлкіден күзет қойсаң,
Етін жемес, күнелтер қанын жалай.
* * *
Бақытсыздар — ешкімге сенбейтіндер,
О да сондай — баулуға көнбейтіндер.
Ең бақытсыз — еріншек, еңбек атты
Ұлы ананың емшегін ембейтіндер.
* * *
Бақыттылар, өмірде, сенімділер,
Бақыттылар — ауырға төзімділер.
Бір жақсыны көрсеңіз жайма шуақ,
Алабұртқан көңілге сенім кірер.
* * *
Бұ тірлікте көп нәрсе кешірілді,
Сан сұмдықтар санадан өшірілді.
Қиын бірақ қабынса "өкпе" пәле,
Көндіре алмай қор болдым кесіріңді.
* * *
Ұйқы қашса шаршап, азаптанасың,
Мүмкін сол түн кейде самғар қанатың.
Кейбір шақта жүрек түтеп ыс басып,
Кейбір шақта жүрек маздап жанатын.
* * *
Түн ұйқыны төрт бөледі сәл нәрсе,
Өкінбессің жайлы сезім нәр берсе.
Ал ауыр ой "жермен жексен" етсе егер,
"Жасың құрыр" — ар мен намыс кәрленсе.
* * *
Жақсы ойға жасымнан жақын-ақпын,
қартайғанда "менменнің" затын аштым.
Ар оятар бойында сезімі жоқ,
Бар болмысы "Мен", "Мен", "Мен"
ақымақтың.
* * *
Ай, кедейлік, ойлатпай парызымды,
Айттырмадың адамдық арызымды.
Барды сарқып бере алмай өтемін бе,
Қырсығыңнан өтемей қарызымды.
* * *
Құты қашса шаруа қыры кетіп,
Пісіруші ед жеті нан, ырым етіп.
Жаңа үміт тағы да тұтанатын,
Бірі жетпей жатса да, бірі жетіп.
* * *
Аралап жүрсең елді жекжаттық қып,
Жақсы ойла, жайлы сөйле бекзаттық қып.
Ыр етсең ыр етерді тудырарсың,
Арада — иттік қылық, тек жаттықтық.
* * *
Жуады жақсы істі жаман қылық,
Жақсы сөз кей пасықты адам қылып.
Пенденің билігі аздау, арманы көп,
қақ төрге шыққың келсе заманды ұқ.
* * *
Бар ғұмыры қателерден құралған,
қаншамасы күтіп әлі тұр алдан? —
Айуаннан бар айырмаң осы ма,
О, Адамзат, екі аяққа тұра алған?..
* * *
Көнбей тәні қасиет дәнін еккенге
Адам-тобыр, адам-маймыл — тек пенде.
Жерде дана, көкте Алла дәрменсіз
Үгіт айтып, түссе Кітап Көктен де.
* * *
Ғашық жанша құмартқан төзім бермей,
Тұңғышына табынтқан сезімдердей —
Жүректегі ғажайып құбылысты
Өтесің-ау, адамдар, көзің көрмей.
* * *
Қызығарлық исі де, дәмі де жоқ,
Құны неде, жылтырақ сәні ме тек?..
Құмар қылған алтынға барша жұртты,
Жарақат сап еркімен тәніне кеп.
* * *
Үңіле алман көк теңіз тереңіне,
Жете алмадым ақиқат дерегіне.
Түсінбедім шексіздік мағынасын,
Сонда маған ақылдың керегі не?..
* * *
Сәулелі көз сүзілсе сезім жалғап —
Ұмтыласың жігіттік кезін қамдап.
Қайта айналып соққандай қайран қырық,
Қутаңдайсың, алпыс-ай, өзіңді алдап.
* * *
Ұры иттей танытып ептілігін —
Алпыс төбет қуалап жетті бүгін.
Сүмелекті қақ басқа қояр едім
Жібермей тұр ақылым, тектілігім.
* * *
Қайран-ай деп, армандап жиырма бесті,
Өмір сүрген бар пенде, зары ескі.
Қырық та жоқ бұ күнде, елу де жоқ,
Сол бір кездер — әумесер, жарым есті.
* * *
Бақыт:
Бақыт іздеп кезгенге бар әлемді,
Бір құпия ашайын, жарар енді.
Сол қауіпті дертіңе бұ жалғанда
Еңбек қана, жалғыз-ақ, табар емді.
* * *
Қуаныш:
Қуанышсыз өмір не, езілерсің,
Ондай жанға жөн айттым көзі көрсін.
Тек тындырған жұмысың — қуанышың,
Рахатын жан-тәнмен сезінерсің.
* * *
Тәтті:
Барлық адам тәттішіл жөргегінен,
Әсіресе, керімдер, төрде күлген.
Өзім егіп өсірген жемісіме
Шыққан дәндей тәттіні көрмедім мен.
* * *
Сезім:
Орынсыздау, Жаратқан, өкпең деме,
(Сезім неге тұрақсыз әттең неге).
Ақ арманым — алғашқы сезімімді,
Жерден таппай етемін көктен дәме.
* * *
Ынтазарлық:
Шырайлыға әйтеуір ынтазарсың,
Кейде тіпті кенеттен кілт азарсың.
Болмаса да бұл сезім ғашықтықтай,
Жойма соны, дүнияң, бір тазарсын.
* * *
Жауыз:
Жауыз аты тағылар өлтіргенге,
(Сыр ашылар тәубаға келтіргенде).
Қандай адам "періште", кім біледі,
Өлгені ме жауызы, өлтірген бе?..
* * *
Істеген ісіміздің қатесі көп,
Құтқарғай Құран Кәрім, батасы тек.
Жаныңды Жұмақ жайға жеткізетін —
Иман жол, одан өзге төтесі жоқ.
* * *
Алдамасым, сыйласым — оқушым ең,
Сендер үшін ой-өрнек тоқушы — мен.
Айтылмайтын арман бар әр сөзімде,
Түршіктің бе, ей сана... шошу — неден?..
* * *
Пенде жетер пайғамбарлық жасына,
Талай ойлар... келер, кетер басына...
...Бірі қанжар, бірі заңғар айбатты,
Бірі шіріп, жақындатпас қасына.
* * *
Өз әкеңнен атаң сірә жақындау,
Ал немере өз ұлыңнан тақылдау.
Содан ба екен ырылдасып өтесің,
Алысыңнан әрқашан да жақын — жау.
* * *
Өлтірмейді дананы даналығы,
Талқан еткен ер өлмес қамалыңды.
Ұл тумаса: ел бедеу, өлі мекен,
Елді тірі етеді саналы ұлы.
* * *
— Жеті қат көктен жоғары не?..
...Күпір сөйлер — наданның көкірегі.
Ол іседі қабынып, есіреді.
Бәсекелес — бәрімен, таңдамайды,
Хан ба, төре, пақыр ма, жесір еді...
* * *
Ойың болсын ортада айтар анық,
Дәмі сөздің кетпесін қайталанып.
Тұнық ойдан маржан сөз сауылдаса,
Отырса ғой тыңдаушың ынталанып.
* * *
Дөңгеленген жылдарды-ай, дөңгеленген,
Өзгешелеу осы жыл өңгелерден.
Біреу жалғыз, сарайда, жабырқайды,
Сан досы бар қайыршы пенделердің.
* * *
Ақындық әлем екен ала-бөтен,
Кей-кейде әйелің жат, бала бөтен.
...Не үшін — түн ұйқысыз, күн күлкісіз?..
...Етікші қақса шеге алады өтем.
* * *
Ой-мұхит батсам кейде тереңіңе —
Не үшін, жарар қандай керегіме?..
Опыныш, өкініш боп кешегілер,
Өткеннің сан соқтырар береді не?..
* * *
Саясат — тіл безеген кәсіп пе еді?..
Мылжыңдар айтады осы бөсіп нені?..
Қалайша, ел құлағы елу болса,
Гумилев, Томсон атын есітпеді...
* * *
Шыңына тағзым еткен бар асқақтың
Кішілік болмысыма талас таптым...
Дастархан төріндегі өз орныма
Кей-кейде сол иттермен таласпаппын.
* * *
Қызғанышы, мақтанышы, ұраны,
Қиялы да, көкке ұшырар қыраны —
Ұлы Дала бар қазақтың бақыты,
Ұлы Дала мәңгі салар жыр, әні...
* * *
Елігіп кетіп айрылып қалып еркімнен,
Сезіндім содан махаббат — ауру дертін мен.
"Сүйемін" — дедім, "сүйегім қурап қалғанша",
Құтыла алмай келемін сол бір сертімнен.
* * *
Бал жазың өтер шырыңды сорып ақырын,
Қырау күз жетер боршадай қақтап, жасырын.
Күнәлі қылық, орынсыз ойдан құтқарар,
Көктемге кезек беретін қысқа бас ұрың.
* * *
Ойыңнан шықпай жатады кейде арманың,
Тістейді талай басқандар жаңсақ бармағын.
Қымбатсың сол шақ, қиялмен қала тұрғызған,
Өмір де өтер таусылған күні "Арман-үн".
* * *
Келемін әлі жақынға, жатқа кішірмей,
Арыма таңба досымнан, жаудан түсірмей.
Ырзамын тағдыр, өкпе жоқ өмір — бәріңе,
Тек қапа шақ қып Кісілік шапан пішілгей.
* * *
Жалынып кейде кетемін сонша Көкке көп,
Ойлаймын ойлар, шындыққа жақын, дөп пе деп.
Салсаң да мені тірілей талай талқыға,
Шыдарлық қайрат беріпсің, Тәңір, өкпе жоқ.
* * *
Мақтанасың — нәрестең алғаш күліп,
Шаттанасың — қаз басып, алғаш тұрып.
Қуантады ержетіп, отау тігіп,
Өміріңе өмірін жалғастырып.
* * *
Кездесіп қап Алланың сәтті күні
Нәзік сезім жалғаса араларын —
Өмір бойы өшпесе тәттілігі,
Ол — құдірет, бақытпен барабар үн...
* * *
"Жақсы" десе жанға жайлы тиеді,
Тән де балқыр, үгітіліп сүйегі.
Бас шұлғытып қоштастыра беретін,
Қасиетті не деген сөз — киелі.
* * *
"Жаман" десе тіліп түсер жанды,
Сол сөз қандай өзгелерге нанымды.
Тек өзіңнен басқа жанға қиясың
Ол атаққа — батырыңды, ханыңды.
* * *
Ойлан, ұрпақ, дұрысыңнан қатең көп,
қабылда тек ақ ниетті батам деп.
Тек ізгілік ата жолы әрқашан,
Тек ізгіні таниықшы атам деп.
* * *
Ауырсынбай емшектің жарасын да,
Ұрпақ үшін жан қияр шарасыз да,
Әйел бағы неде екен, ол бір жұмбақ,
Ана бағы ержеткен баласында.
* * *
Ей, ағайын, тыңда саған наз айттым,
Ойла, қашан, қашан пейіл тазарттың?
Тоқыраулар заманда емес асылы,
Дәл өзінің санасы да қазақтың.
* * *
Кешіре гөр өзімнің саусақтарым,
Аяп сені көбіне сау сақтадым.
Енді, міне, ештеңе тындырмасаң,
Қаласың-ау сендер де қаусап бәрің.
* * *
Келмедім деп өкінбе елден озып,
Жеткізбейді дүлдүлдер желден озық.
Өкінші тек дүбірге қосылмасаң,
Намыс қалса жібімей, жігер тозып.
* * *
Амандасшы шұрқырап, кісінесіп,
Аңғарарсың аужайын, іші нешік.
Кейбір қуыс кеуделер елу жылда
Кездессе де, тұрады-ау есінесіп.
* * *
Өмір сүріп үлгермей шын мәнінде,
Айналшықтап жүргенде туған інде,
Өте шықса ғұмырың түк бітірмей,
Ол өкініш, өйткенше тума мүлде.
* * *
Өмір - тағдыр, шынында шолақ екен,
Адам - пақыр — о да рас қонақ екен.
"Іңгә" десе болғаны, арты жылау,
Көзді ашып жұмады, сол-ақ екен.
* * *
Біреу келер өмірге шағым алып,
Біреу туар болашақ тағын алып.
Біреу жүрер солардың арасында,
Несібесін аңқаудың қағып алып.
* * *
Болды бабам ерекше сағынарлық,
Пір де бопты бас иер, табынарлық.
Бұ қандай шақ, о ғажап, таба алмайсың,
Тірі жанды, сырласар, шағышарлық.
* * *
Қасқырларды қынжылтпас басқа мұңы,
Кімге дәру ақынның асқақ үні.
Ал өмірдің бар мәні бір сезімде,
Бар болғаны бір тамшы жаста құны.
* * *
"Мен, мен" едім, дегенде "мен, мен" едім,
Жаза алмай сол сезімді емдегенім.
Тек сол ғана өзімшіл, қасарысып,
Ақылыма алпыс жыл көнбеген үн.
* * *
"Мен, мен" едім дейтұғын "мен, мен" едің,
Жалғыз сезім ардақтап жемдегенің.
Енді қайттің, байғұс-ай, қартайғанда,
Кісілігің қалмапты "емге" сенің.
* * *
Сүйе білген жүрекпен еміреніп,
Ере білген сезімге тебіреніп —
Тірісінде сол пенде өзі сезбей,
Жұмақ жайға жүреді небір еніп.
* * *
Күн нұрымен күлмеңдеп жайнайды аспан,
Жазсаң арнап лайық қандай дастан.
Жатқанын-ай қара жер қан түкіріп,
Адамдар мен адамдар майдандасқан.
* * *
О, ғажайып, соншалық өмір қысқа,
Алла ісінде мысал көп небір нұсқа.
Демес пе еді — қысқа өмір, тоймайтындар,
Кішік кешкен қорлықты, зәбірді ұқса.
* * *
Ой денені ақылмен қамап тұрар,
Ой басқарған денелер талап қылар.
Адам деген — ет пен ой, екі нәрсе,
Ойсыз дене тек қана тамақ сұрар.
* * *
Ой қысады денені құшаққа алып,
Шапшытпайды кейбірі, тұсап салып.
Сондай кезде бір шаттық керек, шіркін
Кетпеу үшін ойлы жан ұсақталып.
* * *
"Ағам — орыс" — дейтұғын жұрттан едік,
Тост көтеріп сол үшін ұрттап едік.
Арыла алмай келеді сонысынан,
Тарқамай жүр әлі күн "қыртта" "жерік".
* * *
Келгенменен шомылып дертіне бір,
Бекер арман етпеппіз көркін, өмір.
Алып келді сол арман ақырында,
Коммунизм орнына еркін өмір.
* * *
Кодексін коммуна хаттаған Біз,
"Көсем" сөзін құрандай жаттаған Біз.
Бір қасиет табам деп бұл өмірде,
Бар қасиет үстінен аттаған Біз.
* * *
Ақ ниетті едік-ау сүттен де біз,
Болашақты ақжарқын күткен де біз.
Бәрін дерлік "халық жау" атанғанда,
Кімің аман қалды екен жұттан деңіз.
* * *
Әлі жеткен әлсізді қажап тұрар,
Төркінінде әр сөздің мазақ тұрар.
Бәрінен де - қорлықтан, зорлықтан да,
Тек ақыл-ой пендені азат қылар.
* * *
Бар тірлігім жастармен сырласқанда,
Мүмкін тиер пайдасы қыр асқанда.
Төрттағанға түгелдей еніп кетер,
Сыймай қалар талай ой бір дастанға.
* * *
Қолайлама тым жастай оңашаны,
Қауым - өмір, арманға жол ашады.
"Көппен адас" депті ғой аталарың,
Даңғыл болар көпшілдің болашағы.
* * *
Көп ішінде жақ ашпас сорақы бар,
Жалықтырар ойсыздар, дарақылар.
Тіршіліктің сәнінде үлесі жоқ,
Бұл өмірде, әйтеуір, құр аты бар.
* * *
Жігерсіз жан — жылауық, қайғышыл-ақ,
Басқа пәле үйеді жайды сұрап.
Танымасаң, өзінше о да биік,
Бастау алар — уайым, қайғы бұлақ.
* * *
Нашар туған — туғанын жамандайды,
Ілекерлеп бас сауда амалдайды.
Іс түскен күн кісіге асқар тау да,
Панасындай ағайын бола алмайды.
* * *
Арманынан соғылған аталардың
Бір сарай бар, кіруге бата алар кім?
Асыл Орда: қайырым қабырғасы,
Ізгіліктен есігі — аша алар кім?
* * *
Болат қанжар жатпайды қап түбінде...
Жайың қандай, ей, мақал, тап бүгінде?..
Кісі дейтін кісіні өзі танып,
Жеттің бе екен, Заман, сен жақсы күнге?..
* * *
Мір оғындай мақалдар, пікір тегін...
...Құдығыңа су ішкен түкірмегін...
...Қолғабыс ет әйтпесе, дейді мақал,
Кем етесің ұрпақты, бүкір белін...
* * *
Өмір сүрген екен ол, деп несіне,
Дайын болғай жауабың өкпесіне.
Айта алғайсың, өлсем де сенетін деп,
Ізсіз, түссіз жоқ болып кетпесіме.
* * *
"Күші адал есектің, сүті арам",
Депті әуелден өз соры, бүкіл адам.
Соған сенген қасқырдан басқалары,
Еңбекшіні болмапты күтіп алаң.
* * *
Үрлей берсең отыңды өшірерсің,
Тағылады сонан соң жесір есім.
Ақиретте сен үшін жауап берер,
Күндей берсең көршіңді көшірерсің.
* * *
Аяғы лас былғайды төрге дейін,
Ондайларға, жарқыным, ерме кейін.
Аузы лас аямас Алланы да,
Былғап тастар бесіктен көрге дейін.
* * *
Мінезсіздер аяғын қырын басар,
Басқаларға тынымсыз заман жасар.
Бар ғұмырың сондайлар ыңғайында,
Ырылдасып ит пен ит амандасар.
* * *
Қонса шетте, біреу бар, көшсе артта,
Жүрер ылғи жем болып бөксе жатқа.
Сондайларды үйірге қуып тықса,
Арындылау айғырға өкпе артпа.
* * *
Атың барда пайдалан, жер шалып қал,
Асың барда аяма, ел танып қал.
Ел шетіне ер жетсе алдынан шық,
Ақылдының сөзінен енші алып қал.
* * *
Халық, сірә, бермейді дарынды ұға,
Ойлап қалар жел сөздің бәрін "дұға".
Көбік ойға көңілі толып қалар,
Алмаса да сараптап, мәнін ұға.
* * *
Кесел кетсе емделмей, қалыңдана,
Жүрсең адам толтырып санын ғана —
Жазылмайтын жара жоқ анықтап ал,
Тәніңде ме сол дертің, жаныңда ма?
* * *
Байқатпас деп ақылдың тапшылығын,
Сәндесең де байлықпен "бақсылығын" —
Су құйғанмен теңізге бірдей депті,
Нақұрысқа істеген жақсылығың.
* * *
"Кітапсыз үй — бөлмедей терезесіз"...
Шаңырақсыз күркедей, керегесіз.
Даналыққа тұп-тура ұмтыласыз,
Кітап толы қол созып сөреге Сіз.
* * *
"Таза арың — ақ мамық, құс жастығың"...
Сондай болсаң Аллаңа ұқсастығың.
Қадірлісің заманға, адамға да,
Бар жақсыға сол ғана ұқсастық үн.
* * *
Білімсізді — ақымақ пақыр деңіз, —
Бұл қаттылау үкімде жатыр негіз.
Үйренгісі келмеген — одан да өткен,
Қойса лайық болады атын — Доңыз!..
* * *
Қыбырлаған, қыбырлап қыр асады,
Жақсы ниет ақыры нұр ашады.
Мейірлі жан шуағы ерітеді,
Тас та тіпті түбінде сыр ашады.
* * *
Өнерлінің тілін тап, мінін таппа,
Көп жақсының тек қана бірін бапта.
Жатқа тізгін бермеңіз — "жақсы екен" деп,
Қарап қалар сасқанда күнің жатқа.
* * *
Батыр болсаң мәрттік ет — жақсылығың,
Зікір салғын бар болса — бақсылығың.
Малыңды шаш бай болсаң, бірақ бәрі,
Толтыра алмас ақылдың тапшылығын.
* * *
Дана болар ақылды жеті жаста,
Қанша берсең дос болмас ниеті басқа.
Бір төсекте он кедей бірге жатса,
Сыйыспайды әлемге екі патша.
* * *
Сарқылған жоқ балалық қиял әлі —
Ұят қана өмірдің тиянағы.
Біздің ойды қостаған депті біреу —
"Ұятты жан иттен де ұялады".
* * *
Сыйла әуелі өзіңді, өзгені емес,
Асқақ рух кемдікке төзбек емес.
Өмір бәрін ез етпек жалынышты,
Бар ғаламның мақсаты — Сізбен егес.
* * *
Ой бөлсек байлық, билік мағынаға,
Сол шіркін, сорыңа ма, бағыңа ма?
Бастауы қасіреттің — сонда жатыр,
Бұлдап жүр іні - барын, тағын — аға.
* * *
Обал-ай, олақ озса іскерліктен,
Жауыңнан асып түссе достар тіптен
Не дерсің, жанға балап алған жарды,
Аймалап құша алмасаң құштарлықпен.
* * *
Шорланса, алып ұшқан, бала көңіл,
Түс кетіп, көңіл жасып, солады өңір.
Жасарсың жетпіс, сексен, жүзін тіпті,
Жастық шақ кір шалмаған — сол-ақ өмір!..
* * *
Көп қой жігіт ішінде тарландары,
Арасында біреуі арлан бөрі.
Арлан бөрі ақситып тіс көрсетіп,
Өмір сүрер қолпаштап қалғандары.
* * *
Қыз ішінде, шіркін-ай, қылықты бар,
Қылығына жүрегің жылып тұрар.
Ақыл, сәні аралас жарқыраса,
Қыз көпегін оздырып ұлық қылар.
* * *
Суырылып суыртпақ боп сезімдерім,
Тәнімнің сездім үнмен езілгенін.
"Голубой Дунай" сазы — Штраус
Қонақ боп қайтқан Көкке кезім менің.
* * *
Құмар едім жүгіңнің ауырына,
Жауыр түсті арқаға, сауырыма.
Кешіре гөр туған жер мендейлерді,
Айналмаған жүрегің, бауырың да.
* * *
Тырысқанмен бір істі тындыра алмай,
Күрескенмен тентекті сындыра алмай.
Барады өтіп өмірім өкінішпен,
Таласқанмен шындықты шын қыла алмай.
* * *
Бұ тірліктің болмайды ма "Бас ұлы?"...
Байлық — билік. (Ақыл бұғып жасыды).
Кемеңгерді төмендерге талатса,
Шындық деген шындық па екен асылы?..
* * *
Өнерде орташалар — берері жоқ,
Тірлікке бейім келер — сенері жоқ.
Ерінбей шоқи берер қарға мінез,
Сондықтан алары көп, терері көп.
* * *
Қорланса қам көңілді жұбата алмай,
Мықтыға иіп басты бұға салмай —
Сен — Намыс, Көкке неге құмар болдың,
Босатсам қанат қақтың шыға самғай.
* * *
Көңілден ақыл озбаса,
Түбінде арың сотталар.
Қызғаныш шоғы қоздаса,
Кеудеге күйік от толар.
* * *
Жақындық жанда болмаса,
Дос түгіл ұлың жат болар.
Ағайын жақын қонбаса,
Іргеңе таяу жат қонар.
* * *
Төбеге қолым жетпейді,
Көңілдің көктен зауқы бар.
Күн сайын арман көктейді,
Мүмкін-ау бір күн таусылар.
* * *
Ізгілік, парыз, армандар,
Парасат — Кісі келбеті.
Орындалмаған арман бар —
Сол ғана — көркі, ер беті.
* * *
Айтамыз кейде Біз біліп —
Өмірдің мәні — ізгілік!
Есуас міне шықты деп
Мазақ қыл, топас, Сіз күліп.
* * *
Құшаққа құшақ қауышар,
Жүрекке сезім жете алмас.
Айтып та сөзін тауысар,
Бақытты бірақ ете алмас.
* * *
Жылпостар күнде мақталар,
Мансапқор түбі тақ табар.
Көзтүрткі болған даналар
Өлгесін сөзі жатталар.
* * *
Тәңір! — саған адал жан бар
Аналардың ақ сүтіндей!.
Өмір! — саған адал жан бар
Жас нәресте пәктігіндей.
* * *
Етегі — гүл, басы — мұз,
Күлі — темір, тасы — тұз:
Табиғат, сонша жұмбақсың,
Дал болды шарға басымыз.
* * *
Басында тәтті балдай боп,
Соңында зорлық қандай көп.
"Шүкір" деп, "шүкір" өтерміз,
Бақытты болған жандай боп.
* * *
Тән жақын, қалай жан алыс,
Түн жақын, қалай таң алыс,
Ілгері тартқан ақылды
Сүйрейді кейін санамыз.
* * *
Шұбырса ойлар жосылып,
Қаласың мәнін кеш ұғып.
Өзіме тартқан жайбасар,
Тіл қаттың, сезім, кешігіп.
* * *
Жүрекке жақын сарын бар,
Құшақта сұлу жарың бар.
Тағы да нені іздейсің,
Тойымсыз сонша қарындар.
* * *
Тойынса нанға бақ іздер,
Табылса орын тақ іздер.
Жиналса бәрі, түп-түгел,
Адам ба, адам, жоқ іздер.
* * *
Ұл бақыты — ошағы, анасында,
Ел бақыты — Отаны, санасында.
Асыл ердің бақыты — ел бірлігі,
Бақыттылар — әз қоғам панасында.
* * *
Ой деген жылдан-жылға сараланып,
Қиянға өз иесін барады алып.
Әлемнің бар кетігін бүтіндемес,
Дегенмен бір қажетке жарары анық.
* * *
...Сан түрлі бізге берер сабақ Құдай...
...Жалғыздық — өзің барар абақтыдай...
Пенденің бәрі жалғыз, бәрі жалқы,
Тірліктен өте алмассың қабақ шытпай.
* * *
Қорқыныш — жалғыз қалу, осы бар мұң...
Ойға алсам, денем мұздап, шошынармын...
Ортаны олқысынып, өз бетінше,
Танытып жүйріктігін жосылар, кім?..
* * *
Өткен шаққа кісі, әсте, өкінбек,
Іс тындырса ісін ойлап, бекінбек.
Жастық шағың кілең қате, қателер,
Алпыс-жетпіс тым алыста секілді ед...
* * *
Қос жиырма бес қоштаспақсың сен бүгін,
Ендігі өмір тіршілік қой кемді күн...
Қайран сезім жылдарым-ай, гүл бағым,
Сол базардан гүл жұла алар, енді кім...
* * *
Алпыс-Асқар алынбаған талайға,
Өмір қатал, тырбаңдатар қалайда.
...Қарын қамын қамдап бірі қалтылдап,
Біреу ие сән-салтанат сарайға...
* * *
Замандас ағамбысың, інімбісің?..
Бұ сөзде мағына көп жөнін түсін.
Құрдастың құрдастығы қала бермек
Берсе де кәрілікке өңін кісің.
* * *
Біздің өмір қатал сыннан тұрған-ды,
Түк еместер мадақталды, жырланды.
Өтті күндер, енді дарын шырағы
Мақталмай-ақ, жап-жарық қып тұр маңды.
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Әл – Фараби
- Төлепбек Жантай
- Есбол Бозан
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі