Естелік

Бұл бетте «Естелік» атты Сайын Назарбекұлы жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 05.06.2022
  • 0
  • 0
  • 902
Бала кез — жалақ ерін, жыртық иін —
Ойласам қызық екен тұрпым кейін.
Еске алдым бірер сөзді ғажап шақтан,
Қойсын деп өткен күнге ұлтым зейін.
Баршаға тіс батпайды талмамасаң,
Тулаққа шашқан тары - талма, қасаң.
Аш адам шел пұшпақтан құйқа көмген,
Үзілер, өзің, Құдай, жалғамасаң.
Қатықсыз төңкерменің түрі жаман,
Сораң жеп көзі шыққан — тірі надан.
Құрдасым бұл күндері ашпын дейсің,
Ұмыттың кешегіңді "шірік" адам.
Құмаршық қуырылса балдай татыр,
Аллаға түзе дейді жағдайды ақыр.
Тамыр жеп, шөп қайнатып ұрпақтарын
Кемпір-шал алып шыққан қандай батыр.
Кеткендер қайтты кейін "жолаушылап",
Кенелдік — көбік жалап, бұзаушық ап.
Құрт қажап, қаспақ қырып, собалақ жеп,
Мастанған адам азар жүр-ау шыдап.
Қалған мен қатал заман зәрі сынып,
Сол бір кез бола қоймай әлі ұмыт —
Жүрекке жара сала қажап жатыр,
Қалыпты түкпірінде бәрі тұнып.

Сағынышты, қимас шағың — балалық кездің қиындау бір сәттері туралы жазылған бұл бес-алты ауыз сөздің қазіргі жастарға түсініксіз сөзі де, сөйлемдері де бар екен. Түсіндіре кетелік.
— Борша — асуға келмейтін арық малдың кепкен еті. Оны от қоламтасына көміп пісіреді.
— Тулаққа шашқан тары — қыс күні балалары тоңып қалмасын деп аналары таңертең колхоз жұмысына кетерде бір уыс тарыны әрі ас, әрі үйден шығармаудың амалы ретінде, тулаққа шашып кететін болған.
— Шелді пұшпақ — мал сойылғанда терінің кей жерлеріне азғана май, ет кетіп қалса, оны шел дейді. Терінің шелі бар жерін отқа көміп жейді.
— Құйқа — пісірілген шелді пұшпақ.
— Төңкерме — ұнды шәуім қазанға қызарғанша қуырады да, үстіне аздап су құяды. Соны кеңдеу табаққа шәуіммен әкеліп төңкеріп сала салады. Содан төңкерме аталған. Аштықтың қырсығынан болар төңкермеден ыстық нәрсе көрмедік.
— Қатықсыз — етсіз, майсыз пісірілген тамақ.
— Сораң — дәні бар шөп. Қыста дәнін қағып алып төңкерме жасап жейді. Улы сораңнан адам уланады, көзі көрмей қалады.
— Көбік жалап — балалар шешелері сүт пісіргенде ағаш қасықпен сүттің көбігін жалап отырушы еді.
— Бұзаушық — балаларға аналары ірімшік суынан сарсу қайнатқанда шетінен бір үзіп беретін. Ұқыпты балалар ортасын тест, (дөңгелек тоқаш секілді) жіпке тізіп қоятын.
— Собалақ — Аналары отқа нан көмгенде қамыр шетінен баласына үзіп берсе, ол оны қоламтаға көміп жейтін.
— Жалақ ерін — Күнде көп жүргеннен, витамин жетіспегеннен еріннің жарылып кетуі.
— Жыртық иін — тозған киім, көйлектің иық жағы күнге желініп бұрын тозады.
— Тұрпым — кескінім.
— Жолаушылап — "халық жауы" атанып сотталып келгендер.
— Қасаң — көбіне дән тамақтарға арналып айтылады. Ескі, жобадан тыс ылғалды деген түсінік береді.
— Құмаршық — дәні бар шөп. Дәні дәмді болады.
— Кенелдік — қарық болдық деген мағынада.
— Үзілер — өлер.
— Жалғамасаң — көмектесіп жібермесең.
— Талмау — бірден жұтып қоймай, талмап дәмін алу.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Естелік өлеңінің авторы кім?

Сайын Назарбекұлы — осы өлеңнің авторы.

Естелік өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Естелік өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Сайын Назарбекұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Естелік өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері