Әттең, әттең – Сайын Назарбекұлы

Бұл бетте «Әттең, әттең» атты Сайын Назарбекұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 05.06.2022
  • 0
  • 0
  • 905
О, Тәңірім! Тағдырыма ырзамын,
Егіп бердің жүрегіме жыр назын.
Тілдеседі табиғатпен жан-тәнім,
Жеті мүшем сезіп тірлік ырғағын.
Балбырауын бойжеткеннің албырап,
Баламайсаң, сыбдыр-сыбыр, бал құрақ.
Неге, неге бүр жармаған "ана-тал",
Тоны тозық, өңі солып, салбырап.
Гүлге бөккен дархан мына даланы-ай!
Өмір қайнап жатқан мына қаланы-ай!
Жайраң жаздың сонша сәнін кетіріп,
Жүрген ана боқтық шұқып "шаланы-ай".
Жер бесікті әлдилейді жаз тербеп,
Көк күмбезін бара жатыр саз кернеп.
Неден шошып шыр-шыр етті бозторғай,
Әлде сезім секемшіл ме, наз-сергек?
Жаз жанарын бүгін, әттең, бұлт басқан,
Тас бүркеніп, жыламсырап жатты аспан.
Қаламым да тайпалмайды жорғаша,
Жазып тастар шағы болды жұрт дастан.
"Байғыз-ақын", таңды солай атырсын,
Жаза алса ғой таңдайыңа татыр, шын.
Әттең, әттең... тасып болған сүттей боп,
Шабыт неге қайтып бара жатырсың?

Ақтау, 2.05.2002 ж.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері