Өлең, жыр, ақындар

Көк бөрі

  • 05.06.2022
  • 0
  • 0
  • 2651
Мен жаңа туған Рамазан айына баяғының шалдарынша: "Ескі ай есіркей гөр, Жаңа ай жарылқай гөр " деп жалбарынып турып, алыстан жеткен бөрі даусын естідім.

Ей, Көк Бөрі!
Бейнеңді ту ғып көтерген,
Бөрілік атың өтелген,
Аңызға атың айналған,
Қапыда қалған бейғам жан,
Шалғыдай шалар Арланым! —
Бар ма еді сенде арман-мұң?
Қызыл жап ет қып кететін,
Ит-құсқа түгел жететін,
Бір қарпып өтіп жарғаның!
Өзіңе ұқсап үн берер,
Ізіңді иіскеп күн көрер,
Қарық боп қалар бар маңың!
Ей, Көк Бөрі!
Кім қалды мынау Әлемде
Тамыры сендей тереңде
Ғасырмен даңқы жарысқан?
Мақсат боп жою өктемді
Терісін ішік еткен-ді,
Қалмады тұқым барыстан.
Уақыт жеңер асқанды,
Желігін дүрдің басқанды,
Түспейді көзге арыстан.
Сыңсисың ойдан озасың,
Мойныңды көкке созасың,
Іздейсің нені алыстан?
Ей, Көк Бөрі!
Толтырдың мұңға санамды,
Бөлтірік итке таланды,
Арқауы сезім босайды.
Кек күші кейде жиылып,
Білекте бұлшық түйіліп,
Жүйкемнен ине жасайды.
Жонымда жылан жыбырлап,
Құйқасы төбе шымырлап,
Сан найза шаншып башайды.
Қиядан үміт күттірген,
Туымды көкке тіктірген,
Мен, ұмыта алмаспын осы айды.
Ей, Көк Бөрі!
Жолы боп аңшы құтырса,
Теріңді тірі сыпырса,
Қайсар ең қыңбас бәрің де.
Ұлисың енді назалы,
Жетті ме тағдыр мазағы,
Азап па төзу зәбірге?
Көріскенің бе сағынып,
Мұңдасқаның ба табынып,
Жаратқан жалғыз Тәңірге?
Тізеңді бүгіп шоңқиып,
Бағынғаның ба ой түйіп,
Табиғат атты Әмірге?
Ей, Көк Бөрі!
Азу деп өмір тірегі,
Бөріден шошып жүрегі,
Дедің ғой жүрсе бағынып?
Тұрғызған қирап бекініс,
Кетті ме билеп өкініш,
Қалғасын ордаң шағылып?
Сезілді қайдан кемдігің,
Жылайсың кімге сен бүгін,
Баладай жетім шағынып
Ұранын қосқан үндерді,
Ұядас болған күндерді
Кеттің бе әлде сағынып?
Ұранын қосқан үндерді,
Ұядас болған күндерді,
Кеттің бе әлде сағынып?



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Наурыз-Ата

  • 0
  • 0

Қош келіпсіз, Наурыз-Ата,
Киелімсің бас иетін!
Адам қолдан жасамаған
Алла берген қасиетін.

Толық

Сағынамын

  • 0
  • 0

Жүрек сыздай бір жанды сағынамын,
Бұ не ғажап!, тек соған шағынамын.
Көріктіме дана ма батыр ма екен
Кім болса да бас ием тағына мың.

Толық

Сексен дүре

  • 0
  • 0

Елге, не ер — қажет пе жауыр төзім?
Сыйлай ма ол кісіге тәуір сезім.
Жауы түгіл шешендер бауырының
Көтермейді бір ауыз ауыр сөзін.

Толық

Қарап көріңіз