Мұхамбет пайғамбар өсиеттерінен
Алла тағаланың бір сәтті күні пайғамбарымыз Мұхамбет Мұстафа (с.г.с.) Әзірет Әліге: "Ұғып ал да, елге тарат ", — депті, мейіріммен, — ...Маған Жебірейіл үйреткен, мен саған үйретем, сен халыққа үйрет...
Ұғып ал, Әлі, Әлемді
Ұлы Алла жалғыз жаратқан.
Жан берді сазға, тірілтіп,
Бойыңа жатыр тарап қан!
Әлемді шексіз жаратты,
Жаратты Жерді, Жәннәтты.
Адамға сыйлап ислам,
Сеніммен пенде таңы атты.
Адамның қамы бәрі де,
Жебірейіл маған үйреткен.
Алланың сөзі аманат,
Қоспасын еш сөз бүйректен.
Ұғып ал Әлі, ұғып ал,
Ашайын адам сырын бір.
Кісілік пенен сұмдықты,
Пендеге түгел ұғындыр.
Екі жүз кісі кім десең —
Уәде басқа, іс бөтен.
Аманат етсең қиянат,
Жалғандық, сөзін, түстесең.
Белгісі залым жандардың,
Әлсізге салмақ салып тым.
Күштіге құл боп арланбай,
Қақын жер нақақ халықтың.
Қаскүнем жанның белгісі —
Жәгілік қылар көзіңше.
Сыртыңнан жүрер ғайбаттап,
Сүрінсең, шат боп, өзіңше.
Байлық пен малды қор тұтар
Ақылда қанша қайрат бар.
Сабыр ғып басқа іс түссе,
Шыдамсыз жанды ғайбаттар.
Мінезі жұмсақ жүреді,
Зұлымды тіпті кешіріп.
Тигізер қайыр бәріне,
Сөге алмас оны есірік.
Мұсылман тәуір намазбен,
Аллаға құлдық ететін.
Ораза тұтып, қанағат,
Малынан берер зекетін.
Ақымақ сыны үш екен,
Мойындай алмай Алланы.
Аузы лас, күндеп өзгені,
Ойламас күнін алдағы.
Бақытты жандар адал жеп,
Теңімен сұхбат құрады.
Жамиғат тілеп жүрегі,
Мешітке барып тұрады.
Ізгіден қашып, ақылдан,
Бейбақыт жүрер арам жеп.
Жеке оқыр жұма намазын,
Ұмтылмас көпке барам деп.
Салиқалы қашар күнәдан,
Құлшына парыз атқарар.
Жауына істер жақсылық,
Қызғана оған жат қарар.
Бәлекеш жауап қайтарар,
Жақсылық етсең жаман ғып.
Аллаға құлдық ойламас,
Ісінің бәрі надандық.
Жақсы адам жаны Алламен
Астаса жатар, тәубашыл.
Тілегін жаттың тілеген,
Жаны сау, оның тәні асыл.
Жалғанға жаны қас болар,
Тиылған пенде күнәдан.
Адалды аршыр арамнан,
Залымнан аулақ бұл адам.
Танып ал, Әлә, тасбауыр,
Зағипқа қылмас рахим.
Қанағат азға ете алмас,
Уағыз айтсаң — құр ақыл.
Соқырдан жаман надандар,
Бауырын жаудай қас көрер.
Ақылдан безіп айқайға,
Даңғаза жанды бас көрер.
Бұзақы — қыңыр, залалшыл,
Күнәлі іске ынтығар.
Адамнан қашар, Алладан,
Қылмыскер деген жұрты бар.
Сақилар — жаны шалқар көл,
Өш алар жерде кешірер.
Мейманын пірдей қадірлеп,
Мойыннан борыш өшірер.
Сабырлы жанда сабыр бар,
Қазалы болса қарғамас.
Қанағат, шүкір жолдасы,
Аузына салмас зорлап ас.
Ұялар ділі тазалар,
Алласы түгіл өзінен.
Күнә мен сауап қарал ар,
Қиямет күннің көзімен.
Достықтың нарқы ерекше,
Тілегін соған бағыштар.
Шашады малын жолына,
Ниетін оған ақ ұстар.
Мұсылман сыйпат мүһіліс,
Құдайға зікір көп айтар.
Байлыққа елтіп, тұшынбас,
"Нәпсіге тыйым" деп айтар.
Халықшыл, ғалым ерлер бар,
Арамнан аулақ безеді.
Ел үшін еңбек ақысыз,
Бақытын содан сезеді.
Ғибадат қылар жандар бар,
Нәпсісін тиып бақ қонған.
Қызықшыл болмай кешкісін,
Қиямға тұрса шат болған.
Иман сөз айтып ортада,
Көз бояр, біреу алдамшы.
Оңаша қалса өзімшіл,
Ұмытар Алла, Жалғанды.
Халықты алдап, арбаса,
Алланың нағыз дұшпаны.
Ізгілік жанда болмаса,
Бақыттың бастан ұшқаны.
Жуасты біреу қор тұтар,
Иілер барға бел шеше.
"О жақта" қандай салмағы,
Таразы "мизан" өлшесе.
Ұғып ал, Әлі, бес нәрсе,
Тірілей ділді өлтірер.
Күлкі мен ұйқы, мешкейлік
Күнәнің көркін келтірер.
Арамнан жиса дәулетін,
Тамухта жаны тентірер.
Тасбауыр сыны бес нәрсе:
Үнемі күнә жасамақ.
Ашкөздік, зұлым, намазсыз,
Сол қолмен асын асамақ.
"О жақты" ойға алмайды,
Көпір боп ғұмыр жасамақ.
Раушан етер көз нұрын,
Сүйсіне құран қараса.
Сағынса Қағба есігін,
Ойлар мен ойлар таласа.
Хакімге мойын ұсынып,
Июге басын жараса.
Ата мен Ана алдында,
Бола алса кіші, аласа.
Жер менен Көкті Ұлы Алла,
Жексенбі күні жаратқан.
Абырой, атақ еңбекте
Ұғып ал, Әлі, ал сосын,
Ел-жұртқа түгел ұғындыр.
Дайында ұлы сапарға,
Шөп-шолақ, келте бұ ғұмыр.
Ақтау, 12 қазан 2003 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі