Шошындым мен – Сайын Назарбекұлы

Бұл бетте «Шошындым мен» атты Сайын Назарбекұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 872
Денім сау ма, япырмай, денім сау ма?
Ойға келмес нәрсе ғой денің сауда.
Қара бастың қамымен қажымағам,
Бақытты едім — жұрт аман, елім сауда.
Көрінгенде осы тұс таң алды еді,
Тәңір желі аймалап, самал мені.
Қара тасты жібітер қасиетті
Алғаш соққан Наурыздың "амал" желі.
Бір періште түсімде ерітіпті,
Ыңғайсыздау апарған жері тіпті.
Бетін тырнап, еңіреп отырғандар,
Қара жерді, қып-қызыл, ерітіпті.
Болмысыммен қорлауды теріс көрем
Мәнін сұмдық сұрадым періштеден.
Жазасы екен тіріде сөзбен қорлап,
Жабырқатса біреуді кеміс көрген.
Жез пышаққа тырнақтар айналыпты
Бет осылған, қан жоса, сай қалыпты.
Жаза солай мұқатсаң ауыр сөзбен,
Сұрамайды налыттың қай халықты.
Ауыр жаза — өзгені даттағанға,
Ауыр айып — әдепті аттағанға.
Кешірім бар — сыпайы сөйлегенге,
Кешірім бар — ибаны сақтағанға.
Зәре кетті, Тәңірім, досым Сен ең!
Баса алмады дірілін сосын денем.
Жырттым ба екен қан-қан ғып өзге бетін,
Жез тырнақтай тіліммен?
Шошындым мен.

Ақтау. 14.03.20020ж.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері