Бұлттар – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Бұлттар» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 724
Көлегейлеп Алатаудың асқарын
бұлт бiткен бiрiн-бiрi жастанып,
аунақшиды тас төбемде,
бейне бiр
бұлт болып кеткендей ғой аспаным.
Көтерiлiп кеткен қалқып қона алмай,
теңiздерден, көлдерiмнен жаралған
түйдек-түйдек бұлттарды жел бiткен
тасып жатыр Атырау мен Аралдан.
Қара шашы алау-далау бұрқырап,
жел айдайды жан-жағынан жұлқылап.
Бiлем-бiлем арасында олардың
Қапшағай мен Балқаштың да бұлты бар.
Жел дегенiң осыншалық күштi ме?! –
жоталардан ұйтқып келiп түстi де
ауқым-ауқым бұлттарды алып кеп
үйiп жатыр Алатаудың үстiне...
Найзағайын қайта-қайта суырып,
төктi бұлт жер апшысын қуырып.
Тұрды Алатау
Қапшағай мен Балқашқа,
Арал менен Атырауға жуынып.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері