Сол күнге әлi алаңмын – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Сол күнге әлi алаңмын» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 735
Сол күнге әлi алаңмын:
Қуғандай бейне тап бiр сел
үстiнде аппақ алаңның
жүгiрiп келе жаттың сен.
Баспана iздеп қорғауға
қарақұс,
мылтық,
тұзақтан
қорыққан байғұс торғайдай
кеттiң сен кiрiп құшаққа.
Тұрдың сен ессiз күбiрлеп.
Ғашықтық –
ол да қайғы ма?!
Жапырақ құсап дiрiлдеп
асылдың сонсоң мойныма.
Мойнымды құштың асылып
қуаныш,
шаттық,
бақ қандай!
Тұрдым мен шалқып, тасынып
лаврдан венок таққандай.
Сен болсаң, қалқам,
сәулеңдi
мен үшiн сарқып құярдай
ғашықтық өртеп кеудеңдi
есiңдi тұрдың жия алмай.
Үнсiз бiр қалды өлең де,
таулар да,
көлдер,
бақтар да,
құшақтап тұрдың
тереңге
батып бiр бара жатқандай...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері