Өлең, жыр, ақындар

Диқан

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 723
Жер сияқты осы адам.
Күн кептiрiп,
нөсер жауса босаған.
Жүретұғын түрiп балтыр, бiлегiн
жер сияқты осы адам.
Қарсы алатын күннiң арай шапағын
таниды оны бүкiл алқап жота, қыр...
Ап-ауыр-ау жер сияқты тұлғасы,
сөздерi де жер сияқты ап-ауыр.
Көптi берiп,
мiсе тұтқан азды алып,
жер сияқты ол күзде толған,
жаз жанып.
Жүрiп кеткен секiлдi ғой бейне бiр
кең даламның бiр жотасы қозғалып.
Бөрiк қылып киiп алған күн, айды ол.
Құласа да жер сияқты құлайды ол.
Жыласа да кейбiр кезде күйiнiп
жел суырған жер сияқты жылайды ол.
Жүрген кезде өз-өзiнен жайланып,
босап кетсе қайтадан ол қайралып
бара жатар жер сияқты толғанып,
бара жатар жер сияқты ойланып.
Болмайды онда бос уақыт, артық күн,
Тамырымен жер құнарын тартып бiр
алған-сынды, –
өн бойынан бұрқырап
жердiң исi,
тердiң исi аңқып тұр.
Өзгеше оның тұлғасы да,
тұрқы да,
көнбейтұғын көлденеңнiң ырқына.
Дән сияқты сығырайған көздерi,
масақ құсап ширатылған мұрты да.
Жерге сiңiп тұратұғын шашадан
күн күйдiрiп,
жел жұлмалап қашаған, –
Өсiмдiк пен ағаш құсап кәдiмгi
жерден өнiп шықса керек осы адам.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ар былғанса

  • 0
  • 0

Ар былғанса –
ала алмассың ағартып,
қан былғанса –
ала аламассың жаңартып...

Толық

Әлкей Марғұлан

  • 0
  • 0

Жiгерленiп, құлшынып,
сеңдi ме екен күшiне –
кеттi аттанып бiр жiгiт
қап-қараңғы қатерлi

Толық

Адам

  • 0
  • 0

Еш өзгерiс болмаса да түрiнде,
түбiрiнде,
тамырында,
үнiнде

Толық

Қарап көріңіз