Мұндай адамнан не сұрайсың – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Мұндай адамнан не сұрайсың» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 25.06.2022
  • 0
  • 0
  • 853
Қалқам-ау,
сен менен не сұрайсың?
Қандай сұрағыңды да —
Өкпелесең өкпеле! –
Хош алмаймын.
Қазір мен —
Сондай халдемін! –
Бірді екіге қоса алмаймын.
Қалқам- ау,
Мұндай адамнан не сұрайсың?!
Дүниеден түңіліп барам.
Бордай үгіліп барам.
Тілім де басқа,
Дінім де басқа!
Бағдарым жоқ,
Барар жерім жоқ,–
Алдыма бір,
Артыма бір қарап,
Оңыма бір, солыма бір қарап—
Алаңдамын!
Мен тіпті қазір—
Өз елімді
Танымай қалғаным сонша! –
Қазақстанда тұрып
Қазақстанды картадан
Таба алмаймын!
Қалқам-ау,
Мұндай адамнан
Не сұрайсың?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері