Жапырақтан өлең көрдiм мен бүгiн – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Жапырақтан өлең көрдiм мен бүгiн» атты Темірхан Медетбек жазған поэзия туралы өлең берілген.

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 609
Жапырақтан өлең көрдiм мен бүгiн.
Айтатұғын тiрлiктiң тар, кеңдiгiн,
жапырақтан өлең көрдiм мен бүгiн.
Дiр-дiр еттi ол сыбыр ма әлде, күбiр ме
жасын ойнап кеттi жасыл тiлiнде.
Көрдiм одан сиқыр сұлу өлеңдi
шық қондырып, күннiң нұрын сiмiрген.
Дегендей-ақ: өлер едiм, сөнер ем,
көрмегенде сен егер,
топырақ пен жаңбыр иiсi аңқыған
дәл алдымда сөйлеп тұрды сол өлең!
Сөйлеп тұрған тағдырлардың атынан,
сөйлеп тұрған жаңбырлардың атынан,
жапырақтан өлең көрдiм мен бүгiн
ұйқасы бар,
ырғағы бар,
оты бар!
Өлең көрдiм –
тұман менен самалдан,
қуаныш пен көз жасынан жаралған.
Туамын деп өртеп сенi,
жанды жеп
сол бiр өлең шақпақ тастай жарқ етiп
жапырақтан
жүрегiме қонды кеп!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері