Өлең, жыр, ақындар

Көп жасаған қарт

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 454
Көп жасаған,
көптi көрген;
көп көрген,
бастан талай қияметтi өткерген.
Келе жатар көшеменен осы қарт –
көп жасаған,
көптi көрген,
көп көрген.
Уақыттың көшiп ай күн, аптасын,
келе жатыр санап басып, сақ басып, —
ақ сақалы Атыраудай толқыған,
ағараңдап Алатаудай ақ басы.
Көптi көрген,—
келе жатқан iлкiден,
қаншама оны тағдыр қағып-сiлкiген.
Қөрген қанша той-думанды, шаттықты
көзден қанша жасын төгiп, iркiген.
Тарылтып ап қаншама рет алабын,
өртенген ол жалынына жаланың.
... Бiр ғасырға,
бiр ғасырға созылған
шұбап жатқан жалғыз аяқ жолы оның.
Шамдарына жеткен талай жарықтың,
орманынан өткен талай қауiптiң.
Шұбап жатқан жалғыз аяқ жолы оның
бiрге өрiлген жолыменен халықтың!
Үңгiп ойдың тарам-тарам шахтасын,
отыр ендi ол мекен етiп от басын —
ақ сақалы Атыраудай шалқыған,
ағараңдап Алатаудай ақ басы.
Құрдасы жоқ,
Ал құрдассыз қиын-ақ,
Кейбiр кезде қарт қабағын түйiп ап;
«Балаларым, ақылдарың кем-ау» деп
ұрсып алар бiр топ шалды жиып ап.
Жүрсе де ол әрең басып селкiлдеп,
алдында оның бүкiл ауыл елпiлдер.
«Келе жатыр қайнаға» деп
көрсе оны
сызылады қалтылдаған кемпiрлер.
Әңгiме етiп жығылғанын,
жыққанын
отырады ол —
тiрлiктегi Лұқпаным.
Шөбересi ел басқарар жасқа кеп,
немересi пенсияға шықты оның...
Қалай ғана алға сүйреп тартпасын,
арқасына Уақыт жүк артқасын.
Келе жатыр ақ сақалды,
ақ басты
қалт-құлт етiп,
қалт-құлт етiп қарт-ғасыр!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өткеннен жеткен аңыз

  • 0
  • 0

Жоқ кез екен бекiнiс те, қамал да, –
Сонау-сонау өткен, алыс заманда.
бiр тайпа жұрт өмiр сүрiп жатыпты
орман-нулы, көл-құрақты даламда.

Толық

Бізді билеп үйренгендерге

  • 0
  • 0

Сендер бiздi
Табанға сап илегенсiңдер.
Соған үйренгенсiңдер.
Сен ендi бiлiп ал! –

Толық

Сонда да жақпадым

  • 0
  • 0

Алтын ыдысты
Балқашты көтерiп
Алдына тостым.
Алтын балықты

Толық

Қарап көріңіз