Түнгі өлі көл жағасында
Бұл бетте «Түнгі өлі көл жағасында» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Таусылады бiр шыдам!
мына көлдiң, –
қарашы! –
Қорғасындай жаншыған
қандай ауыр ауасы.
Қорыққанмен қайтемiн,
жаншыламын бүктелiп, –
тұлғасы жоқ,
әйтеуiр
көлеңкелер шықты өрiп.
Еңсенi езiп екiндi
тозақ отын себелер, –
Мiнiп алған секiлдi
иығыма бәлелер.
Ой жоқ болды сөндi де.
Ұшқан зәре тоқтай ма?!
Өлi көлдi көрдi де
Сұп-сұр болып кеттi ай да.
Айықпайтын сор көрдiм,
алжасты ма ақылым?
...Ортасынан сол көлдiң
ажал шықты ақырын.
Ажал шықты,
қаңқасы
тұрды желмен сықырлап...
Көлеңкемен арбасып,
бiр құс ұшты сыпылдап.
Байғыз күлдi.
Күлдi ме?
Жылады ма? –
Бiлмедiм...
Түнге ауысып күндерiм,
Күлге айналды гүлдерiм.
Қайттым сонсоң,
әр жерге
тасқаяқтай соғылып...
Жатты өлi сол көлге
жын-перiлер шомылып.
- Бенедикт Спиноза
- Ясунари Кавабата
- Мұстафа Шоқай
- Абай Құнанбайұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі