Намысқа тиген күні
Бұл бетте «Намысқа тиген күні» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.
Қанша уақыт зар иледiм,
қиналдым.
Дедiм: ендi азат болдым,
жаңардым.
Бiрақ тағы сөздер айтты бiреулер
намысына тиетұғын Даламның.
Шайқалды ғой –
сол бiр сөзден тiрегiм,
шайқалды ғой –
сол бiр сөзден тiлегiм...
Сол бiр қаңқу аран сөзге шыдамай
дiр-дiр еттi,
дiр-дiр еттi Ұлы Елiм.
Сүйегiме таңба болып өтердей,
шорт сындым мен сол бiр сөздi көтермей.
Сол бiр сөзден болды дейсiң, –
құдай-ай! –
Алатауым атқып қазiр кетердей,
Қаратауым қарғып қазiр кетердей.
Сол бiр сөздi үнсiз жатып тыңдаған, –
ақ көбiгiн шашып бетер бурадан,
көтерiлiп бара жатты Каспийдiң
толқындары арсы-гүрсi шулаған.
Сол бiр сөзден –
отқа оранып күйiнiп,
Сол бiр сөзден –
жан ашуы құйылып,
ашық жатқан алақан боп Сарыарқам
бара жатты жұдырық боп түйiлiп!
Тiл тигiзген қасiрет пен шерiме,
тiл тигiзген тамырыма,
тегiме, –
қауiп етiп –
сол бiр аран зәр сөзден –
басу айттым елiм менен жерiме.
Сол бiр сөзден –
тұла бойым сөгiлген,
сол бiр сөзден –
жан-жүрегiм егiлген.
Бiрақ елдi сақтайын деп бүлiктен
Атырауға – сабыр, сабыр – дедiм мен.
Сарыарқаға – сабыр, сабыр! – дедiм мен.
Намыс-ыза қалай оңай тарқасын,
атпақ болған жартасы мен әр тасын, –
сипап тұрдым ашуыңды бас деп мен
Алатау мен Қаратаудың арқасын!
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Әл – Фараби
- Төлепбек Жантай
- Есбол Бозан
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі