Бостандығым туралы сөз – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Бостандығым туралы сөз» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 09.06.2022
  • 0
  • 1
  • 1682
Ұшыраған тауқымет дауылына,
жаурап тоңған тағдырдың жауынына, –
бостандығың келдi ғой,
бостандығың!
Құшағыңды аш!
Тарт оны бауырыңа!
Қараша оған:
кетедi адам аяп.
(Айттым мұны тұрсам да қаламай-ақ!) –
Бостандығың келiп тұр, бостандығың!
Жалақ ерiн,
жалаңбас,
жалаңаяқ!
Кете жаздап ұмытып есiмiн де,
айта алмаймын шешiмiн,
кесiмiн де.
Сора-сора көзiнен жас сорғалап,
қанша жүрдi бiреудiң есiгiнде.
Бәлкiм, бұлай жөн болмас еске алуым?!
Неге керек дабыра,
бос дабылың.
Ол келген жоқ –
ат мiнiп кiсiнетiп,
ол келген жоқ –
тағынып бес қаруын.
Ол келген жоқ –
қара орман қамалдай боп,
ол келген жоқ –
дауылды замандай боп.
Абылай боп келген жоқ ол бостандық,
Бөгенбай боп келген жоқ,
Қабанбай боп.
Десек те бiз: мұз бастық
қар жастандық.
Рас, рас тоқтыққа сан мастандық.
Кенесары,
Сырым боп, Сыпатай боп,
Махамбет боп келген жоқ ол бостандық.
Қарашы оған:
кетедi адам аяп,
(айттым мұны тұрсам да қаламай-ақ!)
Бостандығың келiп тұр бостандығың
жалақ ерiн,
жалаңбас,
жалаңаяқ.
Жалаңаяқ деп оны қомсынба сен,
Жалақ ерiн деп оны қорсынба сен.
Дей көр оған:
Бостандық, барсың ба сен!
болмасыншы әйтеуiр
даусың бәсең!
Жүрдi қанша –
аштық пен таршылықта.
Жүрдi қанша –
құлдық пен жалшылықта.
Шыққан кезде шыдамай өктемдiкке
қалды қанша табанда жаншылып та.
Аттан түсiп зар илеп заманында,
қалып қойған тарихтың торабында.
Таңбасы бар зәбiрдiң –
маңдайында.
Шөңгесi бар зорлықтың –
табанында.
Төзiп келген көнтерi көндiгуге,
көне алмаймын деп тұр-ау ендiгiге.
жалаңаяқ,
жалаңбас бостандығың
шаршап-талып,
шалдығып келдi, мiне!
Ұғымы бар санасы-сәулесiнде.
Сол ұғымы, әйтеуiр,
сөнбесiн де!
Көтере алмай тұр ғой ол –
басын әлi,
көтере алмай тұр ғой ол –
кеудесiн де.
Бер, бер оған –
тiрлiктiң қызығын бер!
Бер, бер оған –
намыстың қыжылын бер!
Бер, бер оған
қуат пен рухыңды!
Нұрыңды бер,
жаныңның қызуын бер.
Бер, бер оған –
бәрiн бер, бәрiн-бәрiн!
Бер, бер оған –
халықтың жалынды әнiн!
Бер, бер оған
бәрiн бер, бәрiн-бәрiн
Бәрiн бершi, әйтеуiр,
тарылмағын.
Әлi соғып тұр боран,
ақпаныңыз.
Толық ата қойған жоқ ақ таңыңыз.
Бостандықты –
тiрсегi дiрiлдеген –
өсiр,
жеткiз,
қалайда атқа мiнгiз!
Ұшыраған тауқымет дауылына,
жаурап-тонған тағдырдың жауынына, –
Жалаңаяқ келдi ғой Бостандығың
құшағыңды аш,
тарт оны бауырыңа!


Пікірлер (1)

жанар

әдеби-теориялық талдау жасау

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Бостандығым туралы сөз өлеңінің авторы кім?

Темірхан Медетбек — осы өлеңнің авторы.

Бостандығым туралы сөз өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Бостандығым туралы сөз өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Темірхан Медетбек өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Бостандығым туралы сөз өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері