Бұл бетте «Қызғаныш» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Қашан көрсең де
Су тиген қарақұрттай
Бүрiсiп тұрады.
Зұлымдық ойлаған,
Мыстан кемпiрдей
Тырысып тұрады.
Өзi алтын табақпен
Ас iшiп отырып
Сенiң
Күмiс қасығыңды
Көре алмайды.
Көне алмайды!
Шаттансаң –
Тасқа түскен
Шыныдай быт-шыт боп
Шашылып қалардай болады.
Мақтансаң –
Тұрған жерiнде
Асылып қалардай болады.
Айналаға зәрiн құйып
Былғап жатыр.
Iшiне мысық кiрiп –
Мияулап! –
Тырнап жатыр.
Қызғаныштың уы
Жатқызбайды, –
Кешiн батырып,
Таңын атқызбайды.
Биiкке шықсаң –
Қан жауатын бұлттай! –
Түйiлiп қалады.
Күйiкке батсаң –
Бұл дүниеде көрмеген
Рахатқа кiрiп –
Сүйiнiп қалады.
Жүретiн жерiңе
Тiкен төсеп,
Отыратын жерiңе
Шоқ төсеп
Тастағысы келедi.
Әйтеуiр бiр сұмдықты
Бастағысы келедi.
Қуанышыңда да –
Жыландай! –
Ысқырып тұрады.
Құшақтап тұрып –
Бүйiрiңе! –
Бiз сұғып тұрады.
Осы бiр жан
Дүниеге жат сияқты,
Iшiне
Бәле-жаланы
Толтырып алған
Екi аяқты
Қап сияқты.
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
- Сәкен Сейфуллин
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі