Бұл бетте «Қиялдағы бақытты күн» атты Темірхан Медетбек жазған бақыт туралы өлең берілген.
Бүгiн мен
Дүниеге симай
Шалқып тұрмын.
Қорғасындай ерiп,
Балқып тұрмын.
Бiр қолыммен
Сарыарқаның жонын сипап,
Бiр қолымды
Алатаудың иығына
Артып тұрмын.
Аспанға зорға сиып, –
Қанатыммен жел тұрғызып
Ұштым.
Атырауды көтерiп ап
Жуындым.
Балқашты көтерiп ап
Iштiм.
Аспанның шамдарын
Жерiме әкелiп
Жағып қойдым.
Ауыл мен қалаларымды
Орден мен медальдардай –
Жарқыратып! –
Даламның омырауына
Тағып қойдым.
Алтын Күн мен
Күмiс Ай
Бойыма нұрларын
Құйып тұрды.
Ақша бұлттар
Сүттей аппақ боп –
Дәл төбемде! –
Ұйып тұрды.
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
- Сәкен Сейфуллин
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі