Қарғыс – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Қарғыс» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 14.06.2022
  • 0
  • 0
  • 773
Сонау ерте заманда
Аңдаусыз жатқан
Аңқау елiмдi,
Аттан түсiп
Семiрiп кеткен
Жалқау елiмдi, –
Жау шапты.
Қара құрымдай қаптады.
Талауға түсiрдi.
Табанға салып таптады.
Аяғына бұғау,
Мойнына құрық салды.
Еркек кiндiктi
Түк қалдырмай
Қырып салды.
Әйел бiткен сұңқылдап
Шаштарын жұлып,
Беттерiн
Қанжоса қып осып,
Күл шашып,
Топырақ лақтырып сарнады.
Маңдайын
Қос қолдап ұрып,
Қара жердi тоқпақтап
Қанiшер сол елдi
Күнiмен,
Түнiмен қарғады.
Таңға қарап қарғады,
Қанға қарап қарғады,
Айға қарап қарғады,
Күнге қарап қарғады,
Отқа қарап қарғады
Оққа қарап қарғады.
Орындарына қарғап жатты.
Орындарынан қарғап тұрды.
Жердiң үстi
Талақтай түрге енiп,
Аспан асты
Әруақтай күңiренiп
Зарлап тұрды.
Айнала
Алағай да бұлағай боп
Iбiлiс, жындармен
Өшiккендей болды.
Тәңiрi ием
Қарғысты
Есiткендей болды.
Дүние түнердi.
Аспанға
Талақтай қағынып,
Өкпедей iсiнген,
Жай атып,
Жасын лақтырған
Қап-қара бұлттар шықты.
Бiр жұртты қырып салған
Елдiң үстiне
Сол бұлттар
Ағылып жеттi.
Самұрық құстың қанатындай
Бауырынан
Дауыл соқтырып
Сабылып жеттi.
Аспан қақырып жарылды.
Әлдене есiрдi,
Әлдене қабынды...
Сол елдiң үстiне
Қара бұлттардан
Қара шұбар жыландар
Жауып тұрды.
Аспаннан ирелеңдеп
Күндiз-түнi ағып тұрды.
Сумаңдап түсiп
Қанiшер елдiң
Есiгiнен де кiрдi,
Тесiгiнен де кiрдi,
Бесiгiне де кiрдi.
Уын шашты.
Қанын сорды.
Сол ел
Қынадай қырылды.
Көктей солды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Қарғыс өлеңінің авторы кім?

Темірхан Медетбек — осы өлеңнің авторы.

Қарғыс өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Қарғыс өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Темірхан Медетбек өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Қарғыс өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері