Батырлыққа тілек – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Батырлыққа тілек» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 17.06.2022
  • 0
  • 0
  • 664
Өлсең де – өзiңдi емес! –
Елiңдi ойлап
Күйiктен өлсең ғой.
Өлiп бара жатып та
Жауыңды мұқатып
Биiктеп өлсең ғой.
Оң қолың кесiлсе,
Сол қолыңмен
Шабысып өлсең ғой.
Қажымұрат секiлдi
Оқ тескен жерiңе
Мақта тығып
Алысып өлсең ғой.
Байлап қойса да
Жұлқынып өлсең ғой.
Ақ қарға ақтарылған
Iшек-қарныңды
Қайтадан iшiңе салып –
Нарсұтбай секiлдi
Ұмтылып өлсең ғой.
Айтарыңды айтып
Жауыңның бетiн
Тiлiп өлсең ғой.
Найзаларға шаншып
Көтерген кезде де –
Мен сендерден биiкпiн деп! –
Кенесары секiлдi
Күлiп өлсең ғой.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері