Өлең, жыр, ақындар

Қазақстаным менің

  • 23.06.2022
  • 0
  • 0
  • 1299
Жер шарының қартасында –
Еуропа мен Азия ортасында
Алтын астаудай боп
Орын алып тұрған;
Дүниенiң
Керуен сарайындай боп
Батыс пен шығыстың да,
Терiскей, түстiктiң де
Жолын бағып тұрған
Қазақстаным менiң!
Күнiнiң астында
Құт пен береке үйiлiп,
Айының астында
Перiштелер
Жолығып жататын;
Көлдерiне
Алтын кебiстi қаздар қонып,
Иiр мойынды, күмiс қанатты
Қасиеттi аққулар
Шомылып жататын
Қазақстаным менiң!
Далада жатқан
Әр тасының тарихы
Томға жететiн;
Бiр шетi мен бiр шетiне
Дауыл қуалаған бұлттар –
Апталап! –
Зорға жететiн
Қазақстаным менiң!
Зауыттарының тұрбалары
Найзағайға шырпы жақтырып
Темекi шегiп жатқан;
Төсiне –
Шудалары бұлттардай
Алп-алп басқан
Қара нарлар шөгiп жатқан
Қазақстаным менiң!
Дүниедегi қазақтарды
Керуен-керуен етiп
Көшiрiп жатқан;
Қажымұқанды ата қып
Болашақ
Әбдiсалан Нұрмаханов пен
Әбiлсейiт Айхановтарды,
Октябрь Жарылғапов пен
Әмин Тұяқовтарды
Өсiрiп жатқан
Қазақстаным менiң!
Келешегiнiң шамдары
Самаладай боп
Жанып тұрған;
Үстiне
Қуырылған жүгерiдей боп
Баданадай-баданадай
Жұлдыздар жауып тұрған
Қазақстаным менiң!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Еңбек

  • 0
  • 0

Бiледi, бiледi оны терлеп көрген,
терлесең кетер онда кернеп кеудең.
Адаммен бiрге туып басталады ол
талпыну,

Толық

Жылау

  • 0
  • 0

Ішек-қарыны ақтарылып,
Тұла бойына у құйылған, –
«Елім-айлап»! —
Ғаріп Қаратау жылады.

Толық

Не керек?

  • 0
  • 0

Жоқ кезiмде бермей
Бар кезiмде бергенiң
Не керек?
Тар кезiмде көрмей

Толық

Қарап көріңіз