Айта алмаған сөздерім
Бұл бетте «Айта алмаған сөздерім» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Айтам деп
Айта алмаған сөздерiм
Алматының кешкi көшелерiндегi
Машиналар секiлдi –
Алқымымда! –
Кептелiп қалды.
Көзiм –
Бағдаршамның қызыл көзiндей
Шатынап
Кектенiп жанды.
Денем түршiгiп кеттi.
Шерге толы кеудем
Iсiнiп-кептi.
Кеудемдегi
Сол шерлi,
Улы сөздерiм
Ордалы жыландардай
Шиыршық атып
Ышқынып тулады.
Сыртқа шығамын деп
Бастарын көтерiп ап
Ысқырып шулады.
Шыға алмады!
(Шығаруға батылым жетпедi.
Өйткенi ол сөздер
Қатерлi, кектi едi).
Тамырларымдағы қан
Науаға құйылған
Балқыған темiрлердей боп
Жанып ақты.
... Ақырында шыға алмаған,
Жыландардай шиыршық атқан
Сол улы сөздерiм
Өзiмнiң жанымды –
Шырқыратып! –
Шағып жатты.
- Рымғали Нұрғалиев
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі