Құрманғазы (Қызыл қайың қонағы)
Дүние күңгірт бейне шаң, тұмандай...
Апыр-ау, келер күннің шарты қандай?
Бір үйде Құрман жатыр құс төсекте,
Денесін өз қызуы шарпығандай.
Аздай-ақ өзегіне өрті мұңсыз,
Сөйлейді көзін ашпай ол тынымсыз.
Еңкейіп тан атқалы жастығына
Орыстың ақсақалы отыр үнсіз.
Жатсынып сыры жұмбақ дәрігерді.
Оңаша таңсәріден дәрі берді.
Бір ғана тілегені:
«Сағырбаеш Сауықса, алған емі дарып енді».
Науқастың кісені жоқ кесетін де,
Қылмыс жоқ жазғыратын, кешетін де...
Ол жатыр елестетіп әбігерді
Өткерген өз басынан кеше түнде.
Оқушым, қоспасы жоқ, мұны шын де,
Бейуақыт бейнет керек күн үшін де -
Әбігер болды кеше, тас қараңғы
Мұз-нөсер қатты жауған түн ішінде.
Ол түнде алай-түлей жел де күшті,
Байқады бір ғаламат жендет істі:
Түрмеден, сонау биік жоғарыдан
Салбырап жалғыз адам жерге түсті.
Назалы нағылмайды батыл барса,-
Жоқ болды алғаш мылтық, атылғанша:
Қарауыл қараңғыда жан ұшырып,
Сабылды жаяуың мен атыңқанша?!
Алдырған неден, сірә, тайсалады?-
Біреуге біреу дереу ой салады;
Жасақтар төңіректі жарқылдатып,
Оқпен де тінтіп жатыр сай-саланы.
Көкке де от тізбегі сорғалады.
Андыздап ағаш біткен ырғалады.
Қолдағы факел жанып құрығанша
Қуғыншы көзін ашып бір қалады.
...Тағы жоқ...
Тағы нөсер тас қараңғы;
Торлады жан-жағынан тас қамалды.
- Ол қалай осы тұстан ғайып болды?
- Жер жұтты?.. Әлде соны аспан алды?..
- Қап бәлем!.. Оққа жаның болса құмар...
Көрерміз... Анық тауың бір шағылар...
- Қарашы тәңірінің жаңбырын да
Кезіңді ағызардай бұршағы бар.
Бұлайша айғай салып атырапқа,
Қарауыл қамшы басып жатыр атқа.
Ал, сонау қызыл қайың бұтағында
Оранып қашқын отыр жапыраққа.
Қайыңның қашқын бүгін өз қонағы,
Жат көзден жалғыз оны қызғанады.
Басына бұл ағаштың ұя салған
Бір кезде Мұғаджардың мұзбалағы.
Осы адам Атырауда тірі қалған
Бүгін сол батыр құстың бірі болған,-
Бұл-дағы тас қараңғы жоғарыда
Шеңгелдеп қу тұғырды бүріп алған.
Ат пен оқ баяғыша ұшқыр әлі,
Төменде ажал мейлі ысқырады;
Қырандай асыл адам қиялына
Жапырақ жамырасып іс қылады.
Бәрі де көбелектің қанатындай,
Енді-енді ер үстіне қонатындай;
Көрінсе жасырғаны жат көзіне,
Күллісі қазір өліп қалатындай.
Сыбырлап жапырақтар құлағына,
Құпия сыр айтады қонағына:
«Армандай биік шырқап кетті, дейді,
Бүркіт те бұл ағашқа қона-қона.
Ол құста осал болып жаралмаған -
Тұзақшы тұғырына бара алмаған.
Темір тор, түрме ғана салынған соң.
Ер сұңқар енді қайтып оралмаған.
Орын жоқ жерде бәлкім оған әлі,
Қалайша оны көктен оқ алады?..
Тірлікте шырқау үшін, бұл арадан
Асыл зат, әне солай, жоғалады.
Біржола безбес еді ол да кеше
Азғындар «Ажал оғын ал!» демесе;
Бұл сырды қараңғыда қайталады
Құлаққа қызыл қайың әлденеше.
Әрине, кету керек бұл арадан.
Әрт қойса, бәйтерек те құлар одан...
Қош енді қасиетті қызыл қайың,
Жақсылық өзіндей-ақ қылар адам.
Үмітсіз қуғыншылар тынышталған -
Оларға опынардай жұмыс болған;
Ертең-ақ сөз кетеді ел аузында
«Бұл үшін шайтан менен жын ұсталған»
Қуғыншы дейтін шығар: «дала бездік,
Шапқылап түні бойы қала кездік».
Ал, мұнда кісен ашты кешегі бір
Қалашқа жасырынған қара кездік.
Манағы қуғыншыға жол ашпаған
Қатулы қара нөсер толастаған.
Оған да айтылады: «пәруар деп,
Бақытын бір адамның тонаспаған».
Қайыңнан қашқын төмен сырғанады,
(Одан да аңыз болып сыр қалады) -
Түн бойы етке тиіп еріген мұз
Жыландай суық күйде сорғалады.
Ол кетті сол бетімен қала жаққа.
Жолшыбай ұшырайды әлі азапқа:
Денесі қалтырайды... Қатал тағдыр
Тағы да одан өшін алашақ па?!
Баршасы денесінің дірілдейді,
Дыбысқа құлағы да түрілмейді.
Мұз бұршақ түні бойы тоңазытқан
Жотасы уқаласа тірілмейді.
Жотасы жұдырыққа тірілмейді,
Көйлектің жағасы да бүрілмейді.
Зіркілдеп қатты ауырған зілді басы
Қай жаққа қараңғыда бұрыл дейді?!
Ол болды әр бұрышқа қағытылған,-
Каңғиды. Көздің алды тағы тұман.
Түзейді бейуақытта бетін қайта,
Жаңылып жаңа ғана бағытынан.
Апыр-ау, жаудың түспей қақпанына,
Ерліктен осы ғана тапқаны ма?..
Осы да алыс шырқап жөнелетін
Мұғаджар бүркітіне тартқаны ма?..
«Бақытқа кең ашармын есікті де»,-
Деп еді.
Шынымен-ақ кешікті ме?..
Баяғы бала кезде теріп жеген
Бұршақ та бүгін бұған өшікті ме?..
Осы ма өз қолынан жасағаны
Тағдырдың бұғауынан босағалы?-
Досының ене беріп есігіне,
Құшақтап қатып қалды босағаны.
- Жарқыным, көгершінім!.. Тірісің бе?..
Бұған да жауабы жоқ тірі сүлде...
Төрдегі төсегіне жеткізе алмай
Ентікті егде кісі түн ішінде.
...Жылынды жаны кеткен жалаң аяқ,
Қымталды бар денесі баладай-ақ.
Ақ пейіл ата кісі жаны қалмай
Қасына әлденеше барады аяп.
Осы еді оған туыс сол күндері
Суретші Лавочкин сүргіндегі.
Құрманға құпиясын ашқан өзі;
Түрмеде айтылмайды сыр кімдегі?..
«Тыңшыға құпиямды түсін!»- депті,-
Патшаны тәлкек етіп мүсіндепті.
Сол күні ұсталыпты... содан бері
Өмірі абақтының ішінде өтті.
Өсірген өжет қылып жүрегін ой,
Шіркін, бұл абақтыда жыр еді ғой!..
Мұңы жоқ құдіретті мұның ғана
Қасында көтеріңкі жүреді бой.
Түнімен түгесілмес сыбыр көбі
Баршаға бағышталды Сібірдегі.
Неғажап өлеңдерді осы кісі
«Оңаша сусыныңа сімір»,- деді.
«Дариғай-ай, орысшаның түбі терең!..
Ер елең, еңіреген жігіт өлең.
Жеті қат мағанаңды жетіп ұқсам
Жүз мәртә жүрегімді жібітер ең!»
Осынша Құрманғазы опынатын,
Сонда да соған өлең оқылатын.
Ақсақал аңызды да неше түрлі
Ұзақ түн ұғындырып отыратын.
Ол әсте таңды тегін атырды ма,
Ол «сусын», ішер асты батырды ма?
Сыр қылып сыбырлайтын осы кісі,
Балтаға басын тосқан батырды да.
Асылдың айнымасқа серт етуін
Бұл адам бұғып жатып шертетұғын.
Бұл адам тауып алып ағытатын
Басынан жүрегінің шер тетігін.
Елі бар мұның Еділ іш жағында,
Біреу тұл, біреу онда ұшпағында.
Жартылай кеше ғана босатылып,
Қалды бұл Орынбордың пұшпағында.
Осынау абзал кісі ақсақалды
Ау жамап, күн көріске мақсат алды.
Алданыш қорадағы алмасымен,
Мәпелеп баласындай бақса талды.
Паром да жүргізеді кешкілікте;
Тыңшылар жол таппайды еш күдікте,
Сүгірет жұрт көзінше салынбайды,
«Ықылас бітті, дейді, ескіріп те».
«Кенеріп қалды дейді, көз бүгінде»,
Астыртын бояуларын кезді күнде.
Осы ғой кешегі бір жексенбіде
Қалашқа тығып берген кездігін де.
He түрлі көрсе-дағы қазаматты,
Осылар құрметтейді адам атты.
Бұл ғана империя бұғауынан
Босатып алып отыр азаматты.
Ал, бірақ, кім үрейден қазір ада?..
Адамға өзінше бір құзыр о да,-
Сощиктен Лавочкин сескенеді
Оңаша қорадағы құжырада.
Сол үшін Лавочкин осы күнде
Сыртынан құлыптайды есігін де,
Он сағат Құрманғазы оянбады
Баладай балбыраған бесігінде.
Ел жата көзін ашты шошығаннан,
Құтылды «қара жылан шоршығаннан».
Ақсақал дәм үстінде басын иіп
Ұсынды осыған түз, осыған нан.
Болар ма бұдан тәлім оқымасқа?-
Нан мен тұз пәрмен дейді бүкіл асқа.
Сергіді Кұрманғазы, екі көзі
Бір тойды төңірекке, ықыласқа.
Қоянның ақ сорпасы бұрышталған
Будақтап бұған келді бір столдан.
Тағамның танымайды бағзы бірін,
Алдына неше түрлі ырыс толған.
Табақта қазақ білген «отуарнай»
«Жапырақ» жасаң қозы отығардай.
Ликері мадьярдың шамға таяу,
Оның да жанып тұрған оты бардай.
Таңырқап қарай берді қонақ ұдай;
Бұрышта жарқырайды «дана құдай».
Бар жиһаз қозғалмайды - аспан жерге
Түспейді төңкеріліп манағыдай.
- Азатпын, кісендегі кешегі мен...
Өзгенің мазағы мен өсегінен!-
Ол солай ашып тастап омырауын,
Көйлекшең атып тұрды төсегінен.
Биікте бір ғажайып сахнадан
Сейлеп түр өзі бейне ақын адам;
Ағат та жібереді айтпағынан,
Сұрама бұл сағатта ақыл одан.
- Мен,- дейді - қарап алға, артыма да,
Бас идім бүтінге де, жартыға да,-
Тарбақа сасық көлде шуылдаса,
Азғынның өсегінен артық о да.
Ал, бірақ, әлмисақтан түбі зирек
Дұшпанның азаматқа көбі керек:
Қолпаштың ортасында құдай атып,
Оларсыз түк бітірмей, көмілер ек...
Құмартпай олар саған жолыққалы,
Айқастан бар ма, сірә, жалыққаны?..
Бетіңде қаның бекер ойнағанша,
Жақсы ғой жүрегіңде жаныққаны!..
Үлкен жау жақсылықты сездіреді:
Үлгерсең ажалынан бездіреді;
Айқаста құдіретің асып түссе,
Ол ғана шықшытынан ездіреді.
Өмірде оңға, солға із кетеді;
Түспейсің жоқ қарамай ізге, тегі...
Ал, сенің асыл досың алыс жүрсе,
Жау ғана соны соған іздетеді.
Міне, мен солай таптым асылымды,
Өзімнің езегі бір нәсілімді.
Заманым! Өлгенімше қарғамаймын
Әзелден маған жаны қас ұлыңды.
Жау маған істеп бақты жат қылығын.
Ұмытпан оның осы жақсылығын...
Айнымас еті қатты жүрегімде
Ескірмей оған деген жатсын ұғым.
..Ағатай!.. He деп барам?.. Түзікпін бе?
Қиял да құбылады қызық күнде.
Қарашы, білегімде ізі қалған,
Тастаппын кісендерін үзіппін де.
...Ем-дәрі?..
Қоя тұршы оны ұсынбай
(Ертең-ақ емделетін өрісім бай...)
Одан да құшақтатшы...
Сағындым ғой
Сары бас
Самардағы орысыңдай.
Науқас жан айтты мұны ентігіп-ақ
Ойда жоқ ендігі cop, ендігі бақ,-
Түкті де елемейді енді көзі,
Түкті де естімейді енді құлақ.
Жармасты жаны ғашық қарындастай,
Тынбайтын көкірекке жалын баспай...
Қапсыра құшақтасқан екеуінің
Құшағы енді қайтып айрылмастай.
Мезгіл жоқ ауруға да ентігетін,
Жөн де жоқ сабыршылық етілетін,-
Теңіздің тентек ұлы сүйе берді.
Алмадай ағасының екі бетін.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі