Арал тасып айлаққа көлбегелі – Хамит Ерғалиев

Бұл бетте «Арал тасып айлаққа көлбегелі» атты Хамит Ерғалиев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Арал тасып айлаққа көлбегелі
Тебіренсе де теңізді «көл» деп еді.
Баста солай әдейі атаған ба
Құрығанын күні ертең көр дегелі?..

Өзендердің тәңірі – Ертісінен
Есек өтіп, айырылса жер түсінен,
Бунақ-бунақ Бұқтарма жағасына
Шығып жатыр көпіршіп дерт ішінен.

Талай заман күркіреп Талас та ақты,
Талас қашан тасымай толастапты?..
Атан нарды қақшыған қақпақылдай
Тау суында өзгеден ол асқақ-ты.

Сол ақиқат лақаптай тегі жалған,
Бұл күндерде қаңырап түбі қалған.
Бір кездегі сыңсыған ну тоғайлы
Жағалауы жарғақтай түгін алған.

Дейтіндей-ақ осы елдің енді ақыны
Кер ауыздан бұл жұрттың кем бе ақылы, –
«Сырдың суын сирақтан асырмаған»
Әулекінің айтқаны келді ақыры.

Сол әулекі бір кезде ұрып төске,
«Жайық суы, деуші еді, қырық бөшке».
Қырық жалғау қыл тамақ сол өзен де, –
Осы өлкеден су біткен үрікпес пе?!.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері