Өлең, жыр, ақындар

Ант

  • 06.07.2022
  • 0
  • 0
  • 3728
Пьеса
ҚАТЫНАСУШЫЛАР:
Әбілхайыр хан — Кіші жүздің ханы, қазақ, қолын бастаған сардар.
Бәтима ханым (Бопай) — Әбілхайырдың әйелі, Кіші жүздің ханымы.
Сауран сұлтан
Барақ сұлтан Ұлы жүздің ханы.
Қайып хан
Семеке хан — Орта жүздің ханы.
Төле би — Ұлы жүздің биі.
Бөкенбай батыр — Керей руының бастаушысы.
Тәуекелев Мәмет — Ресей елшісі.
Сейітқұл — Әбілхайыр ханның елшісі.
Нартай — құл, кейін батыр атанған.
Жанарыс — Бәтима ханымның інісі.
Мыртық би — Орта жүздің биі.
Қоң тәжі — Жоңғардың қолбасшысы.
Қарт ана.
Кемпір.
Мың басы.
Бірінші қыз.
Екінші қыз.

БІРІНШІ БӨЛІМ
Түнгі сыр
Қараңғы түн. Қара жамылған Бәтима ханым көрінеді.

Бәтима ханым
О, жасаған!
Аз болып па еді, талқың менен тауқыметің,
Бір халықтың басына?!
Берекесі мен ұйытқысы бұл елдің,
Тар қиядан жол тапқан,
Шырғалаңнан жөн тапқан
Әбілхайыр арысым,
Қаза болды қыңыр тартқан қырсықтың
Қиянатшыл қолынан. Асау елдің билігін
Ұстатқаның әйелдің әлсіз қолына
Зауалың шығар сынаған.
Дүрліккен көптің тізгінін
Тұқырта тартар күш қайда?
Арысымның арқасынан
Ауып түскен ауыр жүк
Қайыстырып барад белімді.
Жебей көргін. Би-Фатима пірім-ай!
Ойым онға бөлініп дал болды —
Ақылын бер ел ағасы дананың.
Күдік кіріп күпті болды көңілім
Жүрегін бер жаудан қайтпас батырдың.
Қабырғам қайысып, қарым талды —
Білегін бер батпан күшті балуанның.

Қараңғыдан қолы кісендеулі Сауран сұлтан көрінеді. Соңында екі жасақшы күзеті бар.

Сауран сұлтан
Бопай ханым.
(Бәтима ханым селт етеді, жауап бермейді.)
Бәтима ханым, дат.
Бәтима ханым
Дат дейсің бе?
Датың болса, істедің ғой қолыңмен.
Енді қандай орайы бар датыңның?
Сауран сұлтан
Ісім болса қолымменен істеген
Көтергелі тұрған қылша мойным бар.
Бәтима ханым
Керең болса екен деп едім құлағым,
Сенің сұмдық дауысыңа.
Сауран сұлтан
Иә-ә,
Келін тұр әбден бұл сөзіңнің орайы.
Ал, менің орайым жоқ па екен?
Қанды қанжар тайқымай соққан жүректен
Бар түйінді бір-ақ, шешті деп пе едің?
Бәтима ханым
Қанды мойын айыпкер,
Не бетіңмен айтпақсың датыңды?
Ақталғың келсе дәл ертең
Дүйім көптің алдында
Сені тартар талқы бар.
Талайыңды сонда сынарсың.
Сауран сұлтан
Бәтима ханым, білемін.
Осы таңда топ алдында
Тар қыспаққа салмақсың.
Талқыңа әзір болсам да мәзірім жоқ.
Әбілхайырдан кейінгі
Айтысарым сен болғай деп тәңірден
Тілеген сәтім жоқ еді.
Амалым қанша, құдай салса басыма.
Ол емес еді айтпағым.
Бәтима ханым
Басқа сөздің не жөні бар бұл жерде?
Сауран сұлтан
Көп алдында айтылмайтын сырым бар.
Сонымды тыңда.
Топ алдында ақтарылмайтын шерім бар.
Құлағыңды тос соныма.
Бәтима ханым
Жаңа салған жараңнан,
Ыршып аққан ыстық қанның
Буы бұрқырап тұрғанда —
Ескі жараға білте салып, сұлтаным,
Не мұратқа жетпексің?
Сауран сұлтан
Ескі жара деймісің?
Сорғалап аққан қаннан да
Шемен боп қатқан шер жаман.
Айтайын да арылайын біржола
Қарызым кетпесін мойныңда.
Бәтима ханым
Кінәласар кезеңді
Өткізін алған жоқ па едің?
Сауран сұлтан
Өткізіп алсам қайтейін,
Тыңдап болмай уәжімді
Басымды қалай алмақсың?!
Бәтима ханым
Талқы ертең-дүр.
Сауран сұлтан
Жоқ, Бәтима ханым,
Бүгін айтар кебім бар.
Тұтасып біткен бәйтеректің қос бұтағы
Қай жерінен жарылды?
Қос құшаққа ажырамастан айқасқан,
Қай жерінен жылан кірді сыналап.
Әбілхайыр ханыңның жолына
Аз құрбандық шалдым ба?
Мал-жанымды айтып қайтейін,
Тосқан жоқ па ем жолына
Иманым мен арымды.
Бәтима ханым
Бергеніңнің несін қазып айтасың,
Бір-ақ сілтеп семсерді
Артығымен қайырып алдың ғой...
Сауран сұлтан
Жоқ, Бәтима ханым... Білмей тұрсың,
Егескен жауды өз қолыңмен
Өлтірсең де аямай
Айызың қанып кегің қайтпаған
Жаман екен дүнияда.
Әбілхайыр өлгенменен он есе қын
О дүниеге алын кетті ұнайын.
Жұрдай болып тоналып,
Артында оның мен қалдым.
Он қайтара өлтірсем де жауымды.
Орны толмас ойсыраған олқымның.
Бәтима ханым,
Арғың менен бергіңді
Ақтарып түгел тебірентсең
Сезер едің сен дағы.
Бопай атың есіңде ме?

Бопай қыз
Шапқан ат тұяғының дүрсілі. «Қиқулаған» қыз дауыстары. — Қасында екі серік қызы бар — Бәтима келеді. Бәтима бұл кезде
он сегіздер шамасында.

Бәтима (артына қайырылып).
Қаңтарып таста аттарды.
Ыстықтай отқа жіберме.
Бірінші қыз
Уәделі жерге жігіттен
Қыздар бұрын жетіпті.
Көрінбейді ғой қарасы.
Екінші қыз
Әккі жігіт, кім білед,
Бір тасада бас бағын
Тұрған шығар сығалап.
Олай болса жалтарайық біз-дағы.
Бәтима
Асқақ туған ханзада
Азырқансаң онысын
Сауран болса есімі
Бұқпантайды білер ме?!
Келіп қалар ұзамай.
Бірінші қыз
Ай, Бопайжан-ай,
Алып-ұшып жүрегің
Ет пісірім ерте келдің-ау
Осынша еткен еңбегің
Арзитұғын нәрсе ме?
Екінші қыз
Е, неге арзымасын
Нағыз сұлтан ақ, сүйек.
Бірінші қыз
Сұлтандығын қайтейін,
Аяулы біздің Бопайжан
Хан ұлына лайық емес пе?!
Түрін айтшы одан да, қарағанда көз тояр
Сымбаты бар ма шіркіннің?
Екінші қыз
Ойдөйт дерсің,
Жұрттан асқан дарабоз,
Жауға шапқан ер жүрек,
Батыр Сауран атанған.
Қайратына көркі сай.
Айналайын Дос-атам,
Ескі жолды елемей
Бойжеткенше бұлаңдап
Басыңды бос қойғаны,
Бәтима апа, шын бақытың бар екен.
Маңдайынан шертіп жүріп ақыры
Тауып алдың нар қасқасын жігіттің!
Бірінші қыз
Отыз ұлдың ішіндегі жалғызы,
Маңдайындағы жұлдызы.
Бопайжанға ерік бермей соншама
Дос-атама не болған.
Бопайжан, айтшы, өзі жақсы ма?
Бәтима
Егер жақсы болмаса
Осынша есім кетер ме?!
Исі қазақтан озып туған жан ғой ол.
Құдай тағала есіңді алғаны
Қиын болады екен, қыздар-ау.
«Бопайжаным» деп сұқтанған
Жалғыз ауыз сөзіне
Құрбандық болғым келеді.
Бірінші қыз
Апыр-ай,елтіп-ақ қалған екенсің.
Қайырлы болсын қадамың.
Екінші қыз
Ана қырдан қыздар-ау,
Қылаң берді-ау бір атты
Бәтима елең етіп.
Иә, дара келеді. Сол болғай.
Екпіні қатты... өзі ғой...
Ал, қыздар, сендер енді зытыңдар.
Бой тасалап күтіңдер,
Ана қырдың астынан.
Бірінші қыз
Жер жұтқандай біз жоқпыз.
Алаңсыз сырлас, Бопайжан.
(Екі қыз кетеді).
Бәтима (елегізіп, жол тосып).
Зымырап келеді. Аңсаған екен.
(Қарсы жүгіре түсіп тоқтайды.)
Сабырымды сарқып соншама.
Маған не болды, япыр-ау.
Алты ата Әлім, қала берді кіші жүз
Азамат тұтып алшаңдатып жүргенде...
Төмен етектінің бірі ғана болдым ба?
Дұғалап алған басымды
Не сиқыры бар еді,
Мына Сауран сұлтанның?!
Сауран... сұлтан... сұлтаным.
Сұлтаным келеді асығып.
Апта көрмесем айға татиды,
Жұма көрмесем жылдан артық, зарығам.
Ел аузына іліккен
Қайда кетті қайратың
Батыр қыз атанған Бәтима?
Жеткен жерің осы-ақ болғаны ма?
Анамыз Хауаның кешкен жолынан
Аттап өте алмады батыр қыз.
Еркелетін ат қойып ең Бопай деп...
Асың атар топайдай
Ықшам ғана Бопай деген ат қойдың.

Шауып келген ат дүрсілі. Жүгіре басып Сауран сұлтан .келеді.

Сауран сұлтан
Бопай... Бопайжан..
Менен бұрын кепсің ғой
Мен де асығын әрең жеттім-ау.
Бәтима
Асып кетті жұмадан
Мен күткелі сарғайып.
Асыққаныңа болайын.
Сауран сұлтан
Ай, Бопайжан-ай,
Cap желіп жер шолған.
Сағалап жүріп ел шолған
Беймаза бір уақытыңа таң болдық.
Бәтима
Ел аралап, жер шолам деп,
Ұмытып кетпе Бопайыңды біржола.
Сауран сұлтан
Жоқ, Бопайжан,
Сені ұмытқан шағым сірә болған жоқ.
Бәтима
Ұмытқан шағың жоқ болса,
Ынтыққан шағың да аз болар.
Жолыңды тосып сарғайдым.
Сауран сұлтан
Айттым ғой, қалқам, Бопайжан.
Алдымызда қым-қуыт бір кезең тұр.
Бәтима
Хан тұқымы — сендердің
Дау-дамайларың біткен бе?!
Хан мен сұлтан, Айқасыңның ақырын тоссам
Бұ дүниеден кәрі қыз боп өтермін.
Сауран сұлтан
Бопайжан...
Бәтима
Құдаларың қайда, сұлтаным,
Жібермек болған әкеме?
Сауран сұлтан (қысылып).
Бопайжан...
Өзіңе аян саған деген көңілім.
Бұл жалғанда сенен артық жар құшам деп
Арман еткен кезім жоқ.
Сабыр етші азғана...
Бүгінгі сөздің басқа боп тұр сыңайы.
Кіші жүздің хан тағы
Таласқа түсті тағы да.
«Аға баласы жол менікі» Деп өрекпіп
Жәдіге тұқымы тұр сайланып.
Бәтима
Кімді атамақсың
Жәдігеңің әулеті?
Сауран сұлтан
Ауыз бірлігі жоқ әлі,
Жәдігеден өрген бес сұлтан
Бесеуі де түсті таласқа.
Жатып атар жымысқы,
Жылыстап өтіп арадан
Барақ шығар түрі бар алдына.
Бәтима
Қулық деген де — ақылдың бір сыңары.
Мүмкін, Барақ сұлтан бабын табар халықтың?
Сауран сұлтан
Ай, Бопайжан-ай,
Залымдықпен билікті алса алар-ау,
Арамдықпен елді өріске
Шығара алмас ешкім де.
Барақ сұлтан қыран емес самғайтұғын қияға,
Өлексе аңдыған құзғын ғой.
Атам қазақтың басын қосу арманым,
Барақ болса біріктірмейді бір атаның баласын.
Азғана елді қырқыстырып өзара
Арасынан жем іздейтін жымысқы.
Өріске бастар ұлан қайда?
Қайран елім-ай,
Алыс жайылып, шашырап кеткеніңді қайтейін.
Әттең дүние-ай,
Ұран тастап, жиып алып ширатып,
Жауға салса — табындырмай қоймас ең.
Қоқаның мен Хиуаң
Алдыңа кеп иіліп.
Жортуылшы Жоңғарың
Алатаудан бері аса алмай
Жымың жүрер еді-ау.
Бәтима
Ендеше өзің неге түспейсің,
Осы бір үлкен таласқа?
Әлде хан көтерер Сауранды
Ақ киіз жоқ па қазақта?
Сен де Жәдігенің бір баласы емес пе ең?
Сауран сұлтан
Жоқ, Бопайжан,
Қанша өжет болсам да,
Өлер жерімді білемін.
Қолындағысын жауға берсе берер-ау,
Бірақ, жақынына бермейді
Жәдігенің тұқымы.
Тоқалдан туған сорым және бар.
Бәтима (еміреніп, құшақтап).
Жабыдан туғаныңды қайтейін —
Тұлпар болсаң.
Құладыннан туғаныңды қайтейін — Құмай болсаң.
Тәуекел ет те бағыңды сына.
Соңынан ерген әкемнің
Алты Әлімнің баласын
Өз жағыңа түгел жығып берейін.
Сауран сұлтан
Бәтима... Бопайым...
Ер азаматтан артың асыл серігім...
Тәуекел шіркін жетер-ау. Әттең дүние,
Таразының тартпай тұрған басы бар.
Өзім болмасам, қайтейін,
Өзімдей көрген досым бар.
Мәрелеген жерімнен
Табылса керек, иншалла.
Мен құрықты Өсеке тұқымына салдым.
Бәтима
Сонда... Әбілхайыр ма?
Сауран сұлтан
Иә...
Бәтима
Өсеке іні баласы,
Жәдігенің сенен өзге тұқымы
Жолын оған бере ме?
Сауран сұлтан
Әрине өз ырқымен бермейді,
Бірақ ырқынан шығарар күш тапсақ...
Әбілхайыр да бекер қарап жүрген жоқ —
Соңына ерткен қабырғалы елі бар.
Оған мен қосылсам.
Сенің әкең әкеп берсе Әлімді...
Әлім деген Кіші жүздің ағасы,
Әлімді алсақ, қайда кетпек қалғаны.
Мен белімді будым осыған.
Бәтима
Әбілхайырыңды мықтап сынап көріп пе ең
Күндердің күні болғанда
Қарның ашып жүрмесін.
Сауран сұлтан
Талай сынағам,
Сақ, етер тисе санына
Сақсыры толса қанына
Сабырын сарықпас сабаз ол.
Осы бір қиын заманда
Бытыраған қазақтың
Басын қосса сол қосады.
Түбін ойлайтын терең ол,
Алысты көретін көреген.
Бәтима Қайдан білейін.
Өз қасыңда бірер ғана көргенмін.
Сырын сыртқа шығармас
Бітеу жатқан бір жан ед.
Сауран сұлтан
Бопайжан... Бәтима...
Мен бір жайсыз жағдаймен
Келіп тұрмын өзіңе...
Бір төтенше ахуал...
Бар шырықты бұзып тұр.
Мен сіздің ауылға барамын.
Бәтима
Барғаның қалай, апыр-ау,
Құда салмай араға,
Өзің барғаның... қалай болмақ, сұлтаным?
Сауран сұлтан
Мен... сіздің ауылға...
Құда түсуге келе жатырмын.
Алдымен өз сөзіңді алмаққа,
Қосшыларымды қалдырып,
Арнайы саған жолығуға келіп ем...
Бәтима
Мен сөзімді берген жоқ, па едім, сұлтаным...
А... Апырау... Сен біздің ауылға
Күйеу емес, құда боп келе жатсың ба?
Сауран сұлтан
Иә...
Бәтима
Не дедің?
Ашып айтшы не сұмдығың болса да...
Сауран сұлтан
Мен сені Әбілхайыр сұлтанға
Айттырғалы келемін.
Бәтима
Астағыпыралла-ау!
Бұл қайдағы сұмдығың?!
Алысқан қол... айтысқан серт...
Бәрі жалған болғаны ма?
Сауран сұлтан
Бопайжан, жалғандығы жоқ зәредей,
Көлденеңнен киліккен мынау іс
Менің де шырқымды бұзып тұр.
Амалым жоқ, қайтейін.
Әбілхайырдың таққа барар
Жалғыз жолы осы жол.
Бәтима (елегізіп, үмітпен).
Неге амалың жоқ?..
Жалынайын әкеме,
Жақтасын сол Әбілхайыр сұлтанды.
Бар сиынғаның сол болса...
Сауран сұлтан Ай, Бопайжан-ай,
Ет жақын боп шатыстырмай сүйегін,
Қазақ, шіркін беруші ме ед пейілін.
Бәтима
О, тәңірім.
Аңсағаным, ардағым деп жүрсем,
Хан саудасына салдың ба әкеп басымды?!
Сауран сұлтан
Хан саудасы емес,
Ел тағдырына тартып тұрмын мен сені.
Жатқа емес, Әбілхайырдай арысқа берем.
Бәтима
Әбілхайырдай арысыңа
Шайнап тастаған асыңды бересің бе?!
Сауран сұлтан
Шайнап тастаған асым емес — асылымды берем.
Аялаған ардағымды — жалғандағы қимасымды берем.
Бәтима
Сауран сұлтан көлгірсіме сен өйтіп,
Алты Әлімді ауызына түгел қаратқан.
Абзал әкем азат қойған басымды —
Хан тұқымы сендердің
Салғызбаспын саудаңа.
Сауран сұлтан
Терең емес не едің, Бопайжан?
Әкең азат қойғанда —
Бас бұйдаңды түріп жіберген жоқ-ты мойныңа.
Отыз ұлды би Достан
Алты Әлімнің тізгінін
Оңай ұстап отырған жоқ қолына.
Отыз ұлы — отыз жерге қаққан шегесі,
Отыз ұлдың ортасындағы жалғызы
— Сенсің алтын қадағы,
Өзекті жерге қағуға
Тосып келген орайың,
Сол орайы келді енді.
Кіші жүздің ханынан артық — бір қызды
Қай құдайға бермек-ті?!
Бәтима
Аңқау басым, қапы кеткен екем ғой.
Ыстығым деп, ынтығым деп құшқаным
Саудагер екен қатыгез.
Құшағың жалын — ішің мұз әзәзіл.
Жанымды беріп едім,
Енді бас азаттығымды бермеспін!
Сауран сұлтан
Бас азаттығы дегенді
Қайдан алдың, Бәтима?!
Сен де, мен де, анамыздан туғанда —
Ноқта менен қамытты
Қабат киіп туғанбыз.
Оңай деп пе ең ел билігінің өтеуі?
Мына қазақ, Әз-Тәуке хан өлгенде
Бірлік таппай үшке бөлінді.
Отызға бөлінер түрі бар күні ертең.
Ұйытқы керек қобалжыған халқыма.
Бүтіндігі мен бірлігі үшін қазақтың
Құрбандыққа шалып тұрмын бір қызын.
Бәтима
Жоқ, жоқ, ел бүлініп,
Ертіс бұзылса да мен үшін
Бұл зорлығыңа көнбеймін,
Басқаға сал қанды құрығыңды.
Жалғандағы жар дегенім сен болсаң...
Қараң қалсын дүние... (Жылайды.)
Сауран сұлтан
Сүйгенім асылдың сынығы десем,
Көп ұрғашының бірі ме едің,
Бәтима?! Көрсетпе көз жасыңды!
Шыдап бақ. Мен шыдадым, сен де шыда!
(Бәтима жасын тиып сазарып қалған.)
Бәтима
Шыда... Шыдап бақтым, мен бейбақ.
Адам түгіл жел тимеген бетіне,
Отыз ұлдың арасында алшаңдап
Еркін өскен ерке қыздың зорлыққа
Шыдағанын кім көрген.
Шыдап бақтым, мен бейбақ.
Ақ некемен салған кезде оң жаққа
Құмырсқаның илеуіне салғандай
Жар төсегінен шошыдым.
Бармағымды қарш-қарш шайнап талай түн,
Таң атырдым торға түскен
Өлекшіндей теңселіп.
Сауран сұлтан
Шыда...
Шыдап бақ деп әмір еттім әйелге,
Әбілхайырдай абзал тұтқан досыма
Бір ұрғашыны қиып ем.
Әттең дүние-ай, әйелге деген ынтықтың
Азамат ердің құнынан
Ауыр тиер азабы барын білмеппін.
Қызу айқас кезінде
Денеге түскен жарақат
Ауырғаны білінбес
Соңынан шығар зардабы.
Бауыр етімді боршалап
Кесіп әкеткендей болды менің де.
Толарсақтан оқ тиіп,
Қыршып алып үзіп тастап топшысын
Жортып кеткен арлан едім жаралы,
Хан сарайынан аулақта
Жарамды жалап жатқанда
Ел шетіне жау тиді.

«Ақтабан шұбырынды»
Алыстан үрейлі сарын естілгендей, кенет сол сарын ұлғайып, аяғы ызы-қию шуға ұласты.

Маңыраған қой, бақырған түйе, кісінеген, шыңғырған жылқы. Дүрліккен мал дүбірі, шапқан ат дүрсілі. Дабыл қағып қиқулап ұрандаған шапқын сарыны ызы-қию үрей шуылын кектей өтіп өктем самғайды.

Қарсыласып соғысып жатқан әскер жоқ. Бейбіт, бейқам елге тиген сойқанды сүргін.

Бірнеше еркек көйлек-дамбалшаң жүгіре шығып, кейбіреуі найза қағыстырып, қайсыбірі жалаң қолмен айқасып қаза тауып Жатыр. Төсектегі әйелдерді шыңғыртып, шашынан сүйреп бара жатқан жау сарбаздары; қараңғыда ойдым-ойдым сәуледен, кейбіреулердің әйелге әукесі түсіп, оқырана күлген өлермен кескіндері көрініп қалады.

Бір шетте Қоң тәжі. Ол алдындағы мың басыға әмір беріп тұр.

Қоң тәжі
Шеріктерге әмірімді тез жеткіз!
Алаң болып олжаға
Бөгелмесін жолынан.
Өлексеге үймелеген қыранның
Қиялап ұшқан қаршыға
Жолын қиып кететін.
Кейін келер қалың көш
Жинап алар қазақтың
Бар тірнегін қалдырмай.
Қатын-қызын бұл елдің
Жол-жөнекей жәукемдеп
Бой суытып жатпасын.
Мауық басар кезең әлі келген жоқ.
Алдымызда толас бермес сүргін бар,
Қан сасыған қырғын бар.
Шалдырмай өтсе сол сыннан
Ұрғашысын қазақтың
Түп-түгел пышақ үстінен
Үлестіріп беремін!
Ал, қазір қатыны мен қалашын,
Алжыған шалы мен бесіктегі баласын.
Түгел қырсын, тірі жанды қалдырмай.
Түгел қырсын, тып-типыл.
Мың басы
Құп тақсыр!
Қоң тәжі
Түгел қырсын, түп-түгел.
Тірі қалған қазақты,
Көрсетпесін көзіме!
Қалдырмасын ұрпағын!
Мың басы
Құлдық, алдияр!
Қ о н т ә ж і
Қалдырмасын ұрпағын...
Екі көкжал қырқысса
Бірі қалмай бірі өліп
Бас сауғалап кетпейтін.
Апат болған арланның
Бөлтірігі қалса артында
Қапысын тауып бір қабар.
Қалдырмасын ұрпағын.
Жеңілген жау ес жиып,
Бел көтерсе қайтадан
Салар сұмдық, сойқанды.
Қайта шапқан жау жаман.
Артында тұяқ қалмасын.
Түгел қырсын тып-типыл.

Қоңтәжінің сөзінің соңғы жағын тағы да айқай-шу кеміп кетеді. Шыңғырған ана даусы, шырқыраған сәби даусы. Жас нәрестені бесігімен найзаға шаншып жүгіріп өткен шеріктер көрініп қалады. Ақсақалды шалды сақалынан сүйреп шығып найзалаған, әйелдерді қылышпен шапқан шеріктер.

Қараңғыны дүрліктірген қызыл қырғын шапқын дүрілі басылады. Қараңғыда ұлыған қорқау қасқыр мен жапалақ даусы бірте-бірте күшейіп, жаныңды елегізітіп, тебе құйқаны шымырлатады.

Ақырын «Елім-ай» сарыны естіледі. Түнекке саңылау кіріп қара көлеңке күлгін тартады. Алагеуім, бейуақыт. Арып-ашып, босып келе жатқан халықтың қарасы көрінеді. Босқынның алды сахнаға келіп тоқтайды. Ақ сақалды, аруақты кісі — үйсін Төле би бар ортасында. Кеп ішінен қарт ана Теле бидің қасына келеді.

Қарт ана
Талай боздақ, бүлдіршін,
Толықсыған арулар.
Қыршынынан қиылып
Аңырап қалдым артында.
Қаудыраған кәрі сүйекті
Сүйретіп келем мен бейбақ.
Өзі берген ит жанды
Алмағаны тәңірім,
Әлі де көріп болмаған
Бар ма деп сораңы сұмдығым.
Жан-жүрегім шошиды.
Уа, Төле би, Сені халқың
Көрегенім деуші еді,
Ақ табан боп шұбырған,
Қаралы мына халқыңның,
Көргенің бар ма, жарқыным
Топырайтып тұрлауын?
Бopдай тозған қазақтың
Босағасын бекітіп,
Еңсесін қайта көтерер
Көрдің бе үміт сәулесін?
Түйгенің мен сезгенің
Жорамалың бар болса —
Айтсаңшы мына езілген еліңе.
Етегін қағып, ес жиып
Көтерсін де еңсесін.
Төле би
Алдан талай сүргін көрем, кейуана.
Толас таппаған қырғын көрем.
Алма бетін айғыздап,
Шашын жұлып зарлаған
Қатын-қызын көрем қазақтың.
Сонда да үмітсіз емеспін.
Елімді тоздырған бұл жойқын,
Қақыраған қазақты
Қайта қосып бүтіндеп,
Түгендеп берер түбінде.
Осы менің жорамалым, үмітім.
Қарт ана
Арты қайыр көрінед,
Жорамалың оң болсын.
Әумин.
Әйтсе дағы бұл таңда
Көрініп тұрған төбесі
Жақсылықты айта алмай,
Қиналдың-ау, жарқыным.
Теле би
Жұбаныш бол ар жылы сөз,
Заманың әдіра қалды ғой.
Жаба тоқып жауырды
Жұбатқанша бұл елді —
Ащысын айтып аямай
Ашындырғаның абзал-ды.
Жарақты тобымен
Сауран сұлтан кіреді.
Сауран сұлтан
Ассалаумағалайкүм,
Айып етпеңіз, ақсақал,
Бұрын-соңды көрмесем де жүзіңді,
Жорамалдап тұрған жайым бар.
Үйсін Төле би бабамыз
Сіз болмағай едіңіз?
Төле би
Уағалайкүмүссалам!
Болсақ болармыз.
Жолың болсын, батырым.
Сауран сұлтан
Сауран сұлтан дейтұғын
Ініңіз болам, ақсақал.
Арып-ашын алыстан,
Қиналып келген шығар деп
Алдыңыздан шығып ем.
Төле би
Көп жаса, шырақ, сұлтаным,
Құдайдан қайтсын құрметің.
Қолпаштасаң да қаншама
Қаудыраған жалғыз шал
Кімге тұлға болмақ-ты.
Шапқындыға ұшыраған ағайын
Босып келе жатқан қалың ел —
Соның қамын не қылдың?
Мойның алыс жер шалғай,
Орысқа тіреп арқаңды —
Аман тұрған әзірге
Сен едің ғой Кіші жүз.
Сауран сұлтан
Күтіп алып жатырмыз
Қолда барды аямай.
Барға мәзір, жоқ жағдай,
Күн туғанда басына
Алпамсадай азамат
Қауызына тарының
Сыйып кетер деуші еді,
Атырау мен Алтайдың
Арасына сыя алмай
Ағайынмен алысып
Шашырап жүрген ел едік.
Көңіл шіркін сыйғанда
Бір өңірге бәріміз
Түгел сыйып жатырмыз.
Әбілхайыр хан сәлем айтты, қария.
Ауыр күнде ақыл қосып
Бірге болмақ ойы бар..
Қаруын қамдап, қол жинап
Дайындап жатыр жасағын.
Асқынған жаудың алдынан
Тосқауыл боп бөгерге
Әзір қолға басшы боп
Аттанып барам, қария.
Т ө л е б и
Бір жақсылықтың нышанын
Көрсетіп тұрсың, сұлтаным.
Жау бар еді-ау іргемде —
Ағайынға арқа сүйейін
Деп ойламай Семеке
Оқшауланып ол жатты.
Қалың Арғын, Найманнан
Асып қайда барад деп
Қамсыз қалды Қайып хан.
Әбілхайыр алдын ойлапты.
Көсем тұтқан пысығың
Ағайынмен аңдысып
Іргесіне үңілмей
Алысқа салса назарын
Жақсылық демей не дейін.
Екіншісі өз ісің,
Аң көкірек Саураным.
Қалың елдің тізгініне таласып,
Қырқыспаған кезің жоқ еді, хан-сұлтан
Жәдігенің тұқымы,
Ағадан тудым деп асқынбай,
Әбілхайыр ханменен,
Қиямет мына кезеңде
Тізе қосып шығыпсың.
Осы бір ізгі ісіңді
Бүтіндіктің басы болғай деп тіледім.
Төрт-бес жасар бала жетелеген кемпір келеді.
К е м п і р
Уа, би мен сұлтан, датым бар.
Мына бір шикі өкпе кебенек
Алдарыңа келіп тұр.
Т ө л е б и
О, жөніңді айт, жарқыным.
К е м п і р
Орта жүзде қалың найман ішінде
Садыр деген ел едік.
Сол Садырдың ел ағасы үлкені
Жомарт батыр атанған.
Т ө л е б и
Білуші ем Жомарт батырды.
К е м п ір
Түн ортасынан асқанда,
Шырт ұйқыда жатқанда
Аулына батырдың
Қапысын тауып жау тиді.
Ер азамат атын ұстап міне алмай,
Аң сауытын кие алмай,
Қарусыз айқасты жауменен.
Жомарт батыр бас болып
Бекініп алып шатқалға
Таспен соғып дұшпанын
Таң атқанша соғысты.
Таң сәріде қаза тапты қайран ер
Тоғыз бірдей арысы
Бірге сұлады әкесімен.
Төле б и
Шәһит кеткен екен ғой.
Иманды болсын асыл азамат.
К е м п і р
Хайуаннан да қаскөй екен қас дұшпан.
Рахымнан нышан жоқ.
Еңкейген мүшкіл кәрі мен
Бесіктегі сәбиді
Найзаға түгел шанышты.
Мына сәби Қазанғап
Төңкерген қазан астына
Алып қалдым жасырып.
Түгел қырды ауылды
Рулы елдің артында
Қалған жалғыз тұяқ бұл.

Жұрт шошынады. «Астапыралла, неткен сұмдық!», «Хайуан екеш хайуан да сәбиге қас қылмаушы еді ғой», «Жан аяйтын не қалды!» деген дауыстар.

К е м п і р
Өлмелі мендей кемпірдің
Осы жерге жеткені
Ит жандылығы шығар-ақ.
Мына Қазанғап жетімді,
Өз қолыңа ал, Төле би.
Жаугершіліктен түскен олжа деп
Салып қойма көп түйеңнің соңына.
Азамат қылып жеткеріп
Еліне қайтар уланды.
Кіндік кескен жұртына
Оралып түтін түтетсін.
Аты өшпесін рулы елдің.
Т ө л е б и
Бері келші, балақан Қазанғап,
Қыруар елдің артында қалған жалғыз тұяқ.
(Маңдайынан сипап.)
Қолыңды жайшы, батамды берейін.
(Бала қолын жаяды.)
Төле б и
Күңіренген еліңнің,
Запыран құсқан шеріңнің
Кесапаттан айығып
Күлер күнін көрерсің.
Суалып қалған көліңнің,
Өрт жалаған өріңнің
Көдесі қайта тұтасып,
Шалғыны қайта жайқалып
Түлер күнін көрерсің.
Шашын жұлған анаңның,
Бетін жыртқан апаңның,
Уанғанын көрерсің.
Босып кеткен халықтың
Белін қайта көтеріп,
Айбат қылып жауына
Ту алғанын көрерсің.
Адасып қалған күшіктей,
Шикі өкпе кебенек
Кемеліңе толарсың.
Көндіріп жауды ырқыңа,
Ата қоныс жұртыңа
Ырғалып қайта қонарсың.
Күндердің күні өткенде
Жетімек жалқы көр бала
«Қазанғап» деп ұран шақырған
Рулы ел сеп боларсың.
Төле би сөзінің аяғында — сахнада қол жайып тұрған жалғыз бала — Қазанғап.

Жанарыс ажалы

Әбілхайыр хан
Бәтима ханым.
Бәтима ханым
Ләббай, хан нем.
Әбілхайыр хан
Бәтима ханым,
Ақылгөй тұтқан қосағым,
Ақыл салар ісім бар.
Бәтима ханым
— Иә, хан нем,
Оң жағыңа салмай жатып кеңесіп,
Данышпан қылдың жасымнан.
Қимасыма қолқа сап
Қинаған жерің жоқ әзір.
Құрғақ ақыл, қысыр сөз
Оның несін аяйын.
Әбілхайыр хан
Ерлі-зайыптының түтіні
Шығып жатса бір жерден
Сол емес пе, шаңырақтың мұраты?!
Екеуміздің ойымыз
Бөлініп көрген жоқ еді.
Бәтима ханым
Мен де солай жорушы ем.
Кейін байқап қарасам —
Менікі тек жаңғырық.
Өзім дағы байқамай
Сенің айтқан сөзіңді
Қайталаппын езіңе.
Ақыл қостым деп еріме
Мәз болыппын соған да.
Әбілхайыр хан
Біліп жүрмін, Бәтима.
Аршылмаған өкпең бар,
Айтылмаған назың бар.
Қалағаның емес ем,
Қан жұтсаң да көндің ғой.
Некемізді қиып едік есеппен
Есем толмады деп айта алман.
Бәтима ханым
Арда емген асаудай
Бұла өскен жан едім.
Бұғалық түсіп мойныма
Хан саудасына тартылдым.
Таңдап алған жарың емен
Хан көтерген аң киіздің
Бір пұшпағын ұстаған
Алты Әлімнің қолымын.
Әбілхайыр хан
Садағасы едім Әлімнің.
Тахытымның мызғымас
Тағаны деп жүр едім.
Бәтима ханым
Енді неден жерідің, хан ием.
Әбілхайыр хан
Тахыттың төрт тағаны бар.
Қалған үшеуін
Қағып түсірер іс қылса...
Бәтима ханым
Жүрегі құрғыр дәл осыдан шошып ед.
Айтып тұрғаның Жанарыс қой.
Әбілхайыр хан
Иә.
Бәтима ханым
Қайнағаң отыз болса да,
Балдызың жалғыз еді ғой,
Балалықпен өкінішті іс қылған,
Бір тентектігіне шыдарсың, хан ием.
Әбілхайыр хан
Мен шыдар едім-ау,
Ана тентек Адайдың
Шыдайтұғын түрі жоқ.
Ұран қылып бетке ұстаған батыры.
Оның қанын жібермейді өжет ел.
Бәтима ханым
Жалынамын, хан ием.
Малмен бітер жолын тап.
Ердің құнын он есе қып төлейік,
Жұтап қалмас бай Достан.
Әбілхайыр хан
Малмен бітер жол болса
Қара орманымды мен де ортаға салар ем.
«Қанға қан!» ден қатып қалды өр Адай.
Бәтима ханым
Сен не дедің? Көндің бе?
Әбілхайыр хан
Көндім.
Бәтима ханым
Не дейсің?
Жанарыстай бауырымның
Маған қымбат екенін
Өлшемеген екенсің.
Әбілхайыр хан
Бәрін өлшедім.
Менің де қабырғам сөгіліп тұр.
Бәтима ханым
Атадан отыз болсам да,
Бір құрсақтан жалғызым.
Бір емшекті тел емген,
Тетелесім тебіскен... Хан ием,
Екі сөйлеп көрмеген
Мінезіңді білуші ем.
Менің де, бірақ, қолқа сан
Қинаған кезім жоқ еді.
Малға көндір Адайды.
Әбілхайыр хан
Малға қияр намысын
Қай адайды көріп ең?!
Бәтима ханым
Күшің бар ғой қолыңда.
Тізеге сал. Сындыр ендеше.
Әбілхайыр хан
Заманымның түзу кезі болғанда —
Қара қазақты асырар ма едім басымнан.
Сүргін салған еліме,
Торғауыт пен Ойратты қайтем?!
Жан алқымға тіреліп
Жау жағадан алғанда
Шабыспақпын ба, өзара?!
Адай — алмас қылышым,
Оны қолдан шығарсам —
Қақаған қалың дұшпанға
Қалай төтеп беремін.
Бәтима ханым
Бетің неткен қатты еді, хан ием.
Өмірдегі ақтық тілегім
Осы-ақ, болсын өзіңнен.
Құтқаршы жан бауырымды.
Құтқаршы!.. Жалбарынып тілеймін.
Өрлігі өшсін Бәтима бейбақтың.
Шашымменен жер сыпырып
Өмір-бақи күңің болып өтейін.
Әбілхайыр хан
Бай ұлына Жанарысты
Өз қолыңнан бересің.
Бәтима ханым
Не дейсің?
Осындай да сұмдық жазаң бар ма еді,
Ақырына сақтаған?!
Жүзі қара десең де,
Тұңғышыңды емізген
Құдай қосқан қосағың едім ғой.
Затым әйел ғой,
Аясаң етті, апырмау!
Ә б і л х a й ы р хан
Сен әйел емес, ханымсың!
Ханда жар болмайды,
Ханым болады.
Ханда бала болмайды
Мұрагер ханзада болады.
Хан тахыттың үстінде деп пе едің.
Жоқ, тахыт ханның үстінде.
Сен де, мен де — тіреуішіміз сол тахыттың,
Қалап алған тағдырым сол, қайтейін.
Сенің дағы пешенеңе жазылған сол тағдыр.
Екеуміздің мойнымызда бір қамыт.
Талайыңа жазылған
Қамытыңды ки енді.
Қырық пышақ боп қырқысқан
Басын қосу қазақтың
Хан парызым сол менің
Риза қылсам Адайды
Әлім көтеріледі бір жақтан.
Ал Әлімнің қолын сен ұстайсың,
Жанарысты өз қолыңнан аттандырсаң...
Өз қолын өзі кесе алмайды алты Әлім.
Кешіктірме.
Жөнелт.

Әбілхайыр шығады.

Бәтима ханым
Бауырым... Жалғызым...
Зындандай қапас сарайда
Медет болып көңіліме
Жанып тұрған жалғыз шырағым...
Енді сенің жендетің мен болдым ба?!

Жанарыс кіреді.

Жанарыс
Апатай, армысың, апатайым.
(Құшақтап көріседі.)
Өзің шақырды деген соң
Асығып келдім ауылдан.
Бәтима ханым
Асығып келдім деймісің, бауырым,
Жанарыс
Иә, апатай.
Ауылдағы бар қызықты
Өзің алып кетіпсің.
Құлазығаннан құса бола жаздаймын,
Дардай жігіт болсам да
Сенің жылы құшағыңды
Аңсап тұрам, сағынып.
Бәтима ханым
Ерте қалып анаңнан
Маған бауыр басып ең.
Бір-бірімізге сүйеніп өскен қос мұңлық,
Жанарыс
Әз апа, жүзің сының қой соншама
Күйзеліп тұрған жайың бар
Бәтима ханым
Айлалайын Жанарыс,
Апаңның халін сұрама.
Жанарыс
Айлалайын, жан апа.
Сенің табаныңа батқан шөңге
Маңдайыма қадалсын.
Қинап тұрған не нәрсе,
Ашып айтшы жасырмай.
Бәтима ханым
Мен қиналғаннан тиер сен болса
Шыбын жанымды шыжғырып
Қуырдақ қылып берер ем сенің жолыңа.
Жанарыс
Менің жайым ба, сені қинаған?
Иә аңғалдықпен іс еттім
«Хан сарқытына семірген күшік», - деп
Намысыма тигенде
Қанша ыстық болсам да
Шыдап-ақ бағып едім мен.
«Хан сарыған апаң» деп
Саған тілі тигенде
Ие бола алмадым қолыма
Жазым еттім тентек Адай батырын.
Құн төлеуге әзір тұр
Қалың шекті жиналып.
Бәтима ханым
«Қанға қан!» деп қатып қалған ар Адай.
Жанарыс
Ал, ханның шешімі не болды.
Бәтима ханым
Жездең көніп тұр соған
Жанарыс
Не дейсің, жан апа?
Бұл сұмдыққа қалай барған, Әбілхайыр.
Шімірікпей мені ажалға байлап бергені..
Бәтима ханым
«Жау жағадан алғанда
Шабыса алмаймын, дейді, өзара»,
Жанарыс
Әбілхайыр қашан да
з есебіңе жүйрік қой.
Байлап беріп балдызын
Қара қылды қақ жарған
Әділетті хан атанбақ.
Ал, сен ие дедің?
Бәтима ханым
Аяғына жығылын
Зар еңіреп жыладым.
Айтпаған сөзім қалған жоқ.
Қатып қалды без бүйрек.
Жанарыс
Жыладың ба?
Көз жасыңның садағасы кетсемші, жан апа.
Бәтима ханым
Әдіра қалсын хан жарлығы.
Бере алмаймын мен сені.
Өлсем бірге өлемін.
Жанарыс
Жоқ, апажаным!
Қанша қыршын болсам да,
Жау жағадан алғанда
Ағайынды екі елді
Шабыстырып қойғаным
Ерлігіме жараспас.
Ел бүлдірген өзім ғой,
Көп болса өз қаныммен жуармын.
Озмыш жоқ-ты жазмыштан,
Көрермін тәңірім салғанын.
Бәтима ханым
Не деп тұрсың, бауырым.
Жанарысым, жалғызым...
Жанарыс
Жақындама, жан апа!
Қоштасар қиын сағатта
Сай-сүйегімді босатпа!..
Ардағым, менің апажан!
Хан тұрмақты құдайдың алдында да
Өр басыңды еңкейтпе!
Бәтима ханым
Апыр-ай, бауырым-ай,
Ашынған ел аямайды ғой.
Жанарыс
Алмаса қайтейін.
Жауға шабар ұланды
Жақындары бауыздап
Айызы қансын ендеше!

Сардар сайлау
Барақ сұлтан мен Сауран сұлтан келе жатыр.

Барақ сұлтан
Дер кезінде оралдың, бауырым.
Асқынып кеткен дұшпанның
Тұмсығын тасқа соқтырған
Сауран сұлтан болды деп
Күмпілдеп жатыр қалың ел.
Құтты болсын мәртебең.
Сауран сұлтан
Шын пейіліңнен айтылса,
Барақ аға, құрсанмын.
Барақ сұлтан
Сен пейіліңді Әбілхайырға бергенмен,
Біздің пейіл өзіңде ғой, Сауран бауырым.
Жәдігеден туғаныңды
Сен ұмытқанмен біз ұмытқан жоқпыз.
Сауран сұлтан
Аталастарының осынша
Шын бауырмал екенін
Бұрынырақ білсемші.
Барақ сұлтан
Сыртқа тепкен біз емес,
Тас бауыр болған өзіңсің,
Таразының екі басы теңесіп дәл келгенде
Ауып шықтың жат жаққа.
Жә. Өткеніңе салауат.
Жәдігенің әулеті
Сынасар жерге келін қалдық тағы дау
Қарыңа тартар күнің бар ма, жарқыным?
Сауран сұлтан
Сардарлық қой айтпағың?
Барақ сұлтан
Иә. Қол бастаушы кім болмақ?
Үш жүздің сарбаздарының тізгіні
Түйіскелі тұрған жоқ па бір қолға?
Кімнің қолын лайық көресің,
Сол тізгінді ұстауға.
Сауран сұлтан
Ау, үш жүздің үш ханы бар.
Билікті бөлісетін де
Өлісетін де солар ғой,
Тізгінді маған кім берсін.
Барақ сұлтан
Қол кімдікі болса
Тізгін де соныкі емес пе?!
Кіші жүзге таңдау тиер түбінде
Кімді атамақсың сонда?
Сауран сұлтан
Атып алмаған аюдың
Бөліске салмай терісіп
Қоя тұрсаң қайтеді, Барақ аға?
Барақ сұлтан
Өрлігің болса да көлгірлігің жоқ еді.
Жалтарғаның жараспас,
Өсеке тұқымына еткен еңбегің
Еш боп кетіп жүрмесін?
Сауран сұлтан
Сонда ие демексің?
Барақ сұлтан
Жақсылықты кен жасай берме ханыңа.
Борышкер болын қалады ол саған.
Бүгінгі алған дүниесінің,
Төлеуі болар түбінде.
Соны ойламайды деп пе едің Әбілхайыр.
Аласысы бар адамның жоғы жақсы барынан.
Сауран сұлтан
Барақ сұлтан іш есепке жүйріксің,
Әттең аңдығаның от басы.
Ағайынмен аңдыспай
Алысқа қараған кезіңді көрсемші.
Үш арыстың баласы, бір қолға берсе тізгінді,
Қақыратып қайтадан,
Үшке айырсақ не болмақ?
Барақ сұлтан
Үшке айырма
Тек ұстайтын қолды тап.
Өсеке баласына осы билік олқы ма?
Хандығына қосып Сардар қылсаң үш жүзге
Шалдырмай кетер аяғын.
Тақтан күдер үздіріп.
Жәдігенің тұқымын
Ерттеп мініп алмасын,
Тап сонда өзің боларсың алдыменен мөңкитін.
Аңғалдықпен аңдамай
Қыл майқанның түбінен
Қылғындырып алғасын
Тулағаныңды қайтейін.
Сауран сұлтан
Барак, сұлтан, жайым мәлім өзіңе
Іздегенім елге тұтқа болар ұл еді,
Сол азамат табылса,
Қосшылықты қорлық тұтар жайым жоқ.
Барақ сұлтан
Тапқаның Әбілхайыр ғой.
Сауран сұлтан
Иә. Бәрімізден артық көрдім ақылын
Ойлағаны мансабы емес басының.
Бүлінген жұртын бүтіндеп,
Қабырғалы ел етіп
Жат тұмсығы батпайтын
Қамал қылмақ ойы бар.
Барақ сұлтан
Қамал соғып, қала-сап,
Жер шұқыған елемес,
Қонарымды сай білсін,
Көшерімді жел білсін деп
Босып жүрген халықты
Қай қазыққа байлайсың?
Қазақ деген ағын су —
Оны қалай бөгейсің?
Қазақ деген соққан жел —
Оны қалай қармайсың.
Қол жетпеске құлаш ұрмай,
Қолына іліккенін қарма.
Сен алысқа қарап асқақтайсың,
Ал ебі барлар аяғыңның астындағыны
Алып жатыр жымқырып.
Сауран сұлтан
Осының ғой, бездіретін, бауырым,
Жібекті түте білмес жүн қылады.
Сен біреу емессің,
Сен көпсің, Барақ.
Сенің осы пиғылың
Елімді бордай тоздырған.
«Ауылыңды жау шапса,
Бірге шап» деген мақалды
Шығарған да сендерсің.
Бірге шауып Жоңғармен,
Қазақ деген еліңді
Хан талапайға салмақсың.
Барақ сұлтан
Бүгін көрген қоқай ма?
Сүргін бітер, жау кетер.
Ел де келер қалпына.
Сақалыңды сипап қалма тек сонда,
Әбілхайырдың тілі тәтті, ділі қатты.
Сауран сұлтан
Жан едің ғой шашылмайтын бекерге.
Өтпес жерге сына қағып қайтесің.
Барақ сұлтан
Әбілхайырға менің астымдағы тағымды бердің,
Өз қойныңдағы жарыңды бердің,
Енді жаныңды берген екенсің.
Ырысың мен қутың еді-ау, Бәтима.
Қазақтан ондай қыз күнде тумайтын,
Отыз қатын алсаң да,
Орны толмас Бопайдың. (Кетеді.)
Сауран сұлтан
Басқасы келмей қолыңнан
Бітеу жараға біз сұғып,
Бір шабақтап кеттің-ау.
Басымды тігер ісіме
Бір әйелді қия алмай,
Қиналғаным не еткенім?!
Басылмай қойды-ау, аңсарым.
Бозбаладай алып ұшып жүрегім,
Хан сарайға жеткенімше асықтым.
Қоң етімді кесіп алса қыңқ етпес,
Қайда қалды қайратым мен қажырым?

Әбілхайыр мен Бәтима ханым келеді.

Әбілхайыр хан
Аман-есен жеттің бе, Сауран бауырым?
Сауран сұлтан
Армысың, хан ием. (Екеуі құшақтасып көріседі)
Әбілхайыр хан
Жақын тартып жасыңнан
«Аға» деп қалған дағдыңнан
Жаңылмасаңшы, Саураным.
Сауран сұлтан
«Жақыныңды жаттай сыйла
Жат жанынан түңілсін».
Хан сыйлауды қазаққа
Үйретейік те өзіміз.
Әбілхайыр хан
Хабарыңды естіп алыстан,
Қуанып жатырмыз, бауырым.
Бәтима ханым
Ay, хан ием,
Бізге дағы кезек бер,
Қайныңызбен көрісіп
Мауқымызды басайық.
(Сауран сұлтанға.)
Қалың елің қастерлеп
«Батыр» деген ат қойды.
Ол атыңды айтпасам
Қолпаштамады демессің.
Үйреніп қалған аузыммен
«Сұлтаным» дейінші.
Кел, сұлтаным, көріселік.
Сауран сұлтан
Қарашысына не деп ат қойса да
Ханшайымның еркі ғой. (Көріседі.)
Тұнығымды шайқап кеттің-ау тағы да,
Айтпасаң-етті құлақтан кіріп қолқама же тер
«Сұлтаным» деген назыңды.
Бәтима ханым
Хабаршыңа қуанышыңды жеткізген
Ат мінгізін, тон кигіздім қолымнан.
Семіріп қалдық дақпыртыңа сыртыңнан,
Ал, енді бір, өз аузыңмен сөйлеші.
Әбілхайыр хан
Иә, көзбен көргеннің түйгені де көп болмақ.
Сауран сұлтан
Құлағыңмен естігенің сес беріп
Үрейіңді алса дағы қаншама,
Көзбен көрген сұмдық екен, хан ием,
Түйесі ботасынан айрылып,
Анасы баласынан айрылып,
Қопарылып кіндік кескен жерінен
Күңіреніп босын келед қалың ел.
Қан қақырып, запыран жұтып, аһ ұрып
«Елім-ай» деп еңіреген зарына
Қанша қатты шар болатпын десем де
Сай-сүйегім сырқырады, хан ием.
Оқ қағарың Шөмекей мен Жеті ру
Шапқынның алды оларға да жетіпті.
Әбілхайыр хан
Естіп жатырмын.
Күңіренген елдің гөй-гөйі,
Біздің құлаққа да жетті ғой.
Ал көрген-түйгенің бар ма, басқа да?
Қалып па екен халықтың
Қайрат қылар қауқары.
Сауран сұлтан
Жаудың нағыз өтінде,
Отқа бұрын шарпылған
Орта жүз бауырың емес пе?!
Ашынған екен Арғын, Найман баласы.
Арттарынан күш жетіп,
Қолға қару тиген соң
Аттап өтті ажалдан.
Ең аяғы можаң топай қойшысы
Ер азаматтай ерлік етті айбынды.
Әттең қапы қалғаны болмаса,
Ерлігінен мін таппадым.
Бәтима ханым
Қапыда қалған қайран ел,
Еңсесін қайта көтерсе...
Сауран сұлтан
Сол жақсылықтың нышанын
Түйіп қайттым, хан ием.
Әбілхайыр хан
Ал, жаудың сыңайын не дейсің?
Сауран сұлтан
Арынын басып асқынған
Бір тойтарып тастадық.
Бірақ қалың жатыр арт жағы.
Жоңғардағы ойрат жөңкіліп
Тұтас көтерілген түрі бар.
Әбілхайыр хан
Иә, үлкен сүргін алда тұр.
Сауран сұлтан
Бүгін де үлкен бір түйін
Шешілмек деп естідім.
Әбілхайыр хан
Пәтуа менен бірлікке
Жетсек деген үміт бар.
Сауран сұлтан
Қолды кімге бастатпақ екен ағайын,
Аңғартты ма көмейін?
Әбілхайыр хан
Алдын ала ешқайсы
Аңдатпай тұр ажарын.
Сауран сұлтан
Күш кімдікі болғанда
Тізгін де соныкі болмай ма?!
Бас сауғалап келгенде
Билікке таласар қандай хан?
Бәтима
Күйзеліске түскен елдің көңілі
Шетін келер, сұлтаным.
Астамшылықпен аңдамай
Жарасын басын алмайық.
Әбілхайыр хан
Қалың әскер тізгінін
Ұстатуға өзгеге
Менің дағы құлқым жоқ.
Әйтсе дағы, биліктен бұрын бауырым,
Бірлік мені қинап тұр.
Әліптің артын бағайық.
Сабыр қыл, Сауран батырым.

Бөкенбай кіреді.

Сауран сұлтан
Хан ием, Орта жүзде аты шулы азамат
Бөкенбай батыр құзырыңа келіп тұр.
Бөкенбай
Ассалаумағалайкүм, алдияр.
Әбілхайыр хан
Уағалайкүмассалам, батырым.
Бөкенбай
Алдияр,
Кер заманға кез болдық.
Пана іздеген торғайдай
Босып жүрген халқың бар.
Ел дертіне дем іздеп.
Алдыңа келген қаршаңның бірімін
Әбілхайыр хан
Елдің дертіне ем табатын
Ер азаматы емес не!
Сауран сұлтан
Бөкенбай батыр беренмен
Қан майданда табыстық.
Жолдасы үшін жаны пида
Нағыз жомарт ер екен.
Қалқан қылып кеудесін
Алып қалды ажалдан.
Өле-өлгенше өтелмес
Қарыздар болдым батырға.
Хан алдында, қанды көйлек дос болып.
Серт беріссек деп едім.
Бөкенбай
Сауран батыр асыра мақтап жібердің,
Сен де сақтап қалып ең
Менің шыбын жанымды.
Әбілхайыр хан
Көксегенімді көргендей болдым-ау
Екеуіңнің ісіңнен.
Өнеге болсын өзгеге —
Қаруларыңды алмасып
Дос болыңдар айнымас.
Б ө к е н б а й
Төреңе құлдық, алдияр.
Сауран сұлтан
Құп аламын алдияр,
Келші, батырым — бауырым.

Екеуі қылыштарын алмасып құшақтасып көріседі,

Әбілхайыр хан
Кәне, Бәтима ханым, Сауран бауырым,
Өзіміз шығайың қонақтардың алдынан,
Иіліп төсек, жатып жастық болайық.
Жолын іздейік мәмленің.

Бұлар кетеді. Қайып хан мен Төле би келе жатыр.

Қайып хан
Төле би, осы бастан сөзімді
Пісіріп алам өзіңмен.
Сардарлыққа шын таласам!
Жол менікі.
Төле би
Бағып көрелік ағайынның аусарын.
Тұтас ұстап бар қазақты билеген
Заманы жоқ Әз-Тәукенің кешегі.
Жауға шабар қол табылмаса да
Тізгінге таласар қол табылады бұл қазақтан.
Сен жалғыз емессің, Қайын хан.
Үш жүздің бес ханы бар.
Қайып хан
Болса қайтейін, жол менікі.
Мүбада жолымды бермесе
Мен де жоқпын оларға.
Сөз дегенге шорқақпын.
Қыңырлығыма бір басып
Қисайып жатып алайын.
Тіл мен жақты құдайым
Аямай саған берді ғой,
Өзің иіп алып келгін ар жағын.
Біріміз қыссақ сығымдап,
Біріміз жайлап сипасақ
Қайда бармақ, тәйірі.
Өнеріңді салын бақ.
Оң жамбасыма мен сені
Отырғыздым ба, бекерге.
Төле би
Алты алашты түгел билеген
Әз-Тәукенің де оң жамбасы
Орным болған заман-ай.
Құдай салса қайтейін.
Қайып хан
Кәне, шалым, ханың үшін аянба.
Орта жүздің қаз дауысты Қазыбегі
Қыңыратқын келмей қапты жиынға.
Енді сенен сөз асырар адам жоқ түге.

Екеуі шығады. Бұларға ілесе Семеке хан мен Мыртық би келе жатыр.

М ы р т ы қ би
Хан ием-ау, екшей келсе үш жүздің
Сардарлыққа сізден артық кімі бар?!
Орта жүзден Семеке хан тұрғанда
Әбілхайыр мен Қайып хан
Жолын қалай бермейді.
Ұлы жүз бен Кіші жүз
Бірі момын, бірі содыр,
О бастан-ақ құдайым
Орта жүзге жазған жоқ па билікті.
Семеке хан (оны тыңдамай).
Келмей қалды Қаракесек Қазыбек-би.
Бұл қылығын жорысам екен қалай деп?
Әй, тереңге тарттың-ау, Қаздауыс.
Күні кеше хан Тәукенің тұсында
Бірі болып жеті жарғы биінің
Қазақ тұрмақ қарақалпақ, қырғыздың,
Басын қосып билік айтқан Қазыбек
Жалғыз қазақ тартысқанда өзара
Араға түсіп ұсақтап,
Қайтейін ден жатырсың-ау, сен бүгін.
(Мыртық биге.)
Сұңқар қылып ұшырамын мен сені,
Жоқтатпағын қаз дауысты Қазыбекті.
М ы р т ы қ би
Хан ием-ау, Қазыбек-Қазыбек дейсіз кеп,
Бір адамдай тіл мен жақты құдайым.
Бізге де берген аямай.
Дауың болса алып келші алдыма, .
Шықпастай бір шырғалаңға салайын.
Үш арыстың баласы
Үш жүз жыл бойы.дауласып
Бітім таппай қырқыссын.
Шүкіршілік бергеніне алланың,
Іске ұятты болсам да
Сөзге ұялған жерім жоқ.
Семеке хан
Бүгін хандар сөйлейді.
Сен жұрттың аузын бағып,
Аңдып отыр қапысын.
Mен ұсақсынып қалғанымда іркіліп
Сабақтап әкет ар жағын.
Ілік тауып сөздің түбін түрткілеп,
Шымшып алып түртіп жібер шаптан бір,
Сен ыршытып, тулатып берсең оларды
Басалқы сөз қайтып келер өзіме.
Мыртық би
Е, хан ием,
Бұл міндетіңе қиналман,
Шаяндай бір шағып берейін,
Ыршымай көрсін, әп бәлем!
Семеке хан
Байқа бірақ,
Насырға шабар сөз айтпа.

Хан ордасы. Әбілхайыр хан, Бәтима ханым, Барақ, Сауран сұлтандар қонақтарды қарсы алып тұр. Өз топтарымен Қайып хан, Төле би, Семеке хан, Мыртық билер келеді.

Бәтима ханым
Күн Шыңғыс бабамнан өрген ханзадам
Қарадан шыққан жақсы менен жайсаңым,
Алыс жайлап, алшақ жүрген өңшең асылым!
Бастарың қосылды себеппен.
Ауыл қондырып әрқайсыңның алдыңнан
Бар-ақ еді күтіп алар орайым.
Қысылтаяң заманаға кез келіп,
Қарбаластан сасып-пысып жатырмыз.
Осы-ақ болды, барша мәзір, жоқ жағдай.
Төле би
Салтанат құрып, сайран кешер заман ба?!
Ел басына бұлт оралса
Жоралғы жолда қалады.
Алда риза болсын, Бәтима ханым.
Бәтима ханым
Екі ханым екі арысымды билеген,
Екеуің де сынығысың асылдың,
Қымбатымсың қимайтын.
Қайсыңды төрге бұрын шақыруды біле алмай
Қиналын тұрған жайым бар.
Ел ағасы ғой, екеуіңнің ортаңнан
Төле атама жолды берсем деп едім.
Қарадан шыққан Бәтима
Қарына тартып тұр демессіз.

Төле би төрге шығады.

Сауран сұлтан
Ақылыңнан айналайын, Бопайжан,
Алдын-ала екі ханның
Еңсесін еңкейтіп бір бердің-ау.
Барақ сұлтан
Иә... ырысың ғой ақылды болса алғаның,
Ырысты екен Әбілхайыр шіркінің.
Бәтима ханым
Төрге шығыңыздар, ханзада,
Жақсы менен жайсаңым.
Үш арыстың баласы
Күн туғанда басына
«Ой бауырымдап» көрісін
Табысып жатыр ағайын.
Ел билеген хандарым,
Ендігі сөзді сендерден
Тосып отыр қалың ел.
Мәслихаттарыңа береке бітім берсін.

Бәтима ханым тізе бүгіп, сәлем етіп шығып кетеді. Хандар мен (билер жайғасып отырады. Кім сөз бастарын білмей, аз уақыт үнсіз қалысады. Кейбіреулер ыңғайсызданып қақырынып қояды.

Төле би
Біз қонақпыз,
Әбілхайыр хан, ел иесі сенсің ғой,
Сөзді өзің бастай бер.
Есеміз кетпес біздің де
Кезегімен қақсармыз.
Әбілхайыр хан
Кер заманға кез кеп тұрмыз мінекей
Күні кеше қандай едің, қарындас?
Бүтін тұрған ажырамай арамыз
Әз-Тәукенің заманында
Кімнің қолы батып еді жоныңа?!
Тап осылар тоқ болса
Бізге де тыныш болар деп
Үрпиіп жүрген қоңсылар
Бүгін неге асқынды?
Торғауытың мен Ойратың
Бетін қашан бері қарай бұрып ед?!
Іздемеуші ме ед жемтігін
Сонау арғы шүршіттен.
Ал, бүгінгі күнің не болды?
Ойрат келіп ойран салды ордаңа.
Алқа көлде сұлатып,
Ақтабан қып шұбыртқан жоқ па халқыңды,
Осының бәрі Ойраттың
Күші озғанынан деп пе едің?!
Жоқ, Ойрат күші озған жоқ?.. ;
Ол Қазақ күшінің тозғаны.
Неге тозды?
Тоздырған кім, ағайын?
Түбін қазып айыпкерді іздейтін
Заманың емес бүгінде;
Жан алқымға тіреліп
Қысылтаяңда тұрған жайың бар.
Жедел харекет қажет, харекет.
Харекет басы біршілік.
Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарын
Бар әскерін үш жүздің
Бір басшының қолына
Түгел жинап берейік.
Пәтуа қылайық осыған.
Семеке хан
Бұл пәтуаға бармасақ та өзіміз,
Дұшпаның-ақ әкелген жоқ на еріксіз
Басқа сөздің көрмей тұрмын орайын,
Сен не дейсің, Қайып хан?
Қайып хан
Мен не дейін, түге?!
Мон де ағайынмен біргемін.
Тек қол бастаушың кім болмақ,
Айтшы, түге, соныңды.
Тек өздеріңе қарай бұлтармай
Жүгініп тұрып жолына
Жоралғысына қарап айт.
Семеке хан
Қайып хан,
Аға сыйлап өскен елміз ғой.
Үлкендігіңе дауым жоқ.
Әйтсе де осы тұстағы
Басқа боп тұр-ау жоралғы.
Жоңғардың тұңғыш соққысын
Жонымды тосып көтердім,
Кім бастаса соғысты
Бітіруші де сол болмақ.
Жолына егер жығылсаң
Дәл осыған тоқтарсың.
Сауран сұлтан
Айтысып кеттің екі аға,
Інім бар ед деп артымда
Есіңе неге алмайсың. . .
Кіші жүздің де санатқа
Кірер күні болар ма?
Егер ондай күн болса
Келіп тұр дәл осы жолы орайы.
Мен қамшы тастап толғанын
Дау қуған адам емеспін,
Ақ найзаны қолға алып
Жау қуған адаммын.
Анайы айтсам айып етпегін
Қол кімдікі болса —
Жол да сонікі емес не?!
М ы р т ы қ би
Е, бәсе,
Дәл осылай боларын
Көңілі құрғыр сезіп ед.
Дауды салып ағайынның алдына
Ақ жолына жүгінудің орнына
Тізеге сап, жұдырығыңа бастың ба?!
Басарсың сен Кіші жүз, басарсың.
Сені де ағайын деп мен бейбақ
Босқа емексіп жүрдім-ау.
Сөйтіп шоқпарыңды шошаңдатпасаң
Сен Кіші жүз боласың ба?!
Төле б и
Әй, Мыртық би,
Қыршаңқы болған түйедей
Сүйкене берме әркімге.
Пәтуа бітім іздеген
Ағайынның шырқын бұзбақ па ең?!
Мыртық би
«Аға, аға» дегенге
Асқақтай берме, Төле би.
Мен де
Көкшулан, көк сақал болғанмын.
«Мыртық» деуін қарашы...
Е, Мыртық болсам қайтейін.
Бермеген бойын құдайдың
Кімнен тартып аламын.
Оның есесіне тәңірім
Талмайтын тіл мен жақ берген.
Жатырынан анамның
Зарлап туған зар жақпын
Сөйлерменге келші тура қарсыма,
Төле би деп атансаң да неше бір
Әуселеңді көрейін. (Қоқиланып қояды.)
Төле би
Саған сірә дауа болмас жарқыным.
Нағыз бей дауа екенсің.
Менің шекісерім де, бекісерім де
Айналайын дауысыңнан
Қазыбек еді-ау қаз дауыс.
Қазыбек бүлінгенді бүтіндеп жүргенде,
Бүтінді бұлдіріп жүретін
Сен едің ғой, Мыртық би.
Қартайған мына шағымда
Сені берген қарсыма
Көктен келген зауал ма?
Болмаса мына бәйгеге
Тұлпарын қоспай Қазыбектей
Қыршаңқысын қосқан көкшолақ
Семеке хан салған зауал ма?
Қайдан білейін, шырағым
М ы р т ы қ би
Ойбай-ау, мына Үйсіннің
Сөзі өтіп кетті-ау сүйектен.
Алдияр ханым, ойбай-ау
Не ғып шыдап отырсың.
Семеке хан (ашулы).
Отыр омалғыр, өшір үніңді.
Әбілхайыр хан
Уа ағайын,
Сөйлер сөзге келгенде
Бәріміз де төрт аяғы тең жорғамыз.
Әттең, пәтуалы іске келгенде
Төрт тұяғымыз тапырақтап
Аннан-саннан бір тиеді.
« Бірлік-бірлік» дейміз-ау,
Сол бірліктің шешімі
Билікке келіп тірелсе
Ісімізден қашып кетед береке.
Мына бір төнген апаттан
Қазақты сақтар бір дауа
Бірлік болса айнымас,
Сол бірліктің құнын алдымен
Мен Төлейін ағайын.
Бездім осы биліктен.
Қол басына екі арыс.
Қалағаның сайлаңдар.
Сауран сұлтан (абыржып).
Апыр-ау,
Әбілхайырға не болған,
Сақалды қолдан бергені?
Барақ сұлтан
Асықпа, бауырым,
Әбілхайыр залым ғой,
Бір ойлағаны бар шығар.
Қағыспай жатып биліктен
Оп-оңай безіп шықты деп
Өз басым сірә сенбеймін.
Қайып хан
Ақылыңа қанық едім, қарағым,
Абзал інім Әбілжан.
Жол білген нағыз сұңғыла
Адамның ісін істедің.
Өзгелерге де жол салып,
Жөн көрсетіп кеттің, түге,
Ал енді, сен арылшы, Семеке.
Семеке хан
Алға тұтып отырмыз ғой аға деп,
Алдымен сіз арылыңыз, Қайып хан.
Шүкіршілік, сөз кезегін тосатын,
Сабыр берген құдайым.
Қайып хан
Жолым солай. .
Менің сөзім соңғы сөз.
Өз көмейіңді аңғартып шық алдымен.
Менен, түге сөз қашпас.
Семеке хан
Жолың үлкен емес еді демеймін.
Кәдесі келгенде аға тұтың, Қайып хан
Жол бермеген жерім сірә жоқ еді.
Мына тұстың бөлек боп тұр жосығы.
Тұщы етіме ащы таяқ
Алдымен тиген мен едім.
Ойратта кеткен құны толмас кегім, бар
Әрине, қай қазақтың кегі жоқ,
Кімнің елі бүлінбеді ойраттан,
Дәл осылай дау айтса
Құлдық ұрам уәжіңе.
Бірақ... салмақтап көрші әйтсе де:
Менің көрген қорлығым,
Менің тартқан шығыным
Артық емес пе, ағайын?
Басқасын айтып қайтейін,
Кіндік кескен жерім қалды,
Ата-қоныс мекенім қалды
Қаскөй ойрат қолында.
Ата-бабам моласының. үстінде
Ат ойнатып жүрген жоқ па, қас дұшпан.
Ата-мекеніңді азат еткенше
Қалың қолын үш жүздің
Өзім бастап барайын,
Қақаған жаудың өтіне
Алдымен өзім шығайын,
Осы жолғы тізгінді
Ағайын маған берсін деп,
Қолқа салсам қиылып
Орынсыз ба осыным?!
Қайып хан
Сөздің майын тамызасың-ау, Семеке.
Сонда мәнің жерім қалмап иа,
Жиу тұяғының астында?!
Алатауды арқалап,
Қаратауды қолтықтан
Кетін пе едім, мен түге.
Дәл сендей сөзге жүйрік майталман
Болмасам да.
Жол-жоралғыға жетікпін.
Бере алмаймын, түге, жолымды.
Барақ сұлтан (Сауран сұлтанға).
Бір сүйекке таластырып екеуін,
Түк білмеген маң төбеттей маңқиып
Отырғанын көрдің бе,
Әбілхайыр залымның.
Сұмдығының тереңін қараш апыр-ай,
Сол сүйекті бөлісе алмай ырылдан,
Біліп отыр, өз алдына әкеліп
Тастайтынын ақыры.
Біз де қарап қалмайық,
Сол сүйекті іліп әкетіп
Маған берсең қайтеді?
Сауран сұлтан
Жоқ, Барақ сұлтан бауырым.
Басқа адам ол сүйектің егесі.
Б а р а ң сұлтан
Қимадың-ау, Сауран, қандасым.
Жат тұтсаң да қаншама
Сенен гөрі мен бауырмал боп жүрмейін.
Төле би
Уа хандарым,
Қақтығыстарың бара жатыр қатайып,
Сабаңа түсіп жұмсарып,
Мәмлеге келу соңыра.
Қиындап кетіп жүрмесін.
Таласып отырғаның белгілі,
Әскер басылық қой үш жүзге.
Соншама биік мансапқа
Таласпай қалай шыдарсың.
Ондай батпан құйрықты
Өзгеге қалай қиярсың?!
Иә-ә, қырқысарсың, қимассың!
Ау сонда төңірегіңе зер салып,
Қарар кезің болар ма?
Саныңды қысса сақсырың
Сарыарқа саған тар болар,
Сары қымызды сапырып ішкен мырзалар
Шалшық суға зар болар,
Кезеңге жетіп отырған
Ұғармысың халіңді?!
Бір-біріңе қотыр тушаңды
Қиыспаған ағайын,
Жауда қалды ырғын дәулетің.
«Жаның шықса да жақыныңа берме,
Жиған-тергенің жатқа бұйырсын»,— деп қарғап па еді,
Құдай тағала қазақты.
Сол қарғыс емей немене,
Бүгін келіп ойрандатқан ордаңды.
Жан алқымға тіреліп,
Ықылық атар сәтінде де
Арылмадың ба осы бір —
Іштарлық пен қызғаныш деген кеселден.
Тұтас бүтін қазақты
Қақыратып үшке айырған
Осы мінезің емес пе?!
Уа, бүтін елімді тоздырып алған хандарым,
Енді тозған енді бүтіндер
Жолды қалай табарсың?
Күні кеше хан Тәукенің алдында
Қасқайып отырып Сайраған
Төле бабаң бүгінде —
Үшеуіңе кезек қарап жаутаңдап
Кісендеулі аттай кібіртіктеп отырған жайы бар.
Уа, береке бітім айтайын,
Бермеймісің тізгініңді, ағайын.
Әбілхайыр хан
Mен бергенмін тізгінімді, қария.
Сәмеке хан
Төреңе мен де жүгіндім, Төле би.
Мыртық би
Тек, қарыма тартсам қарым сынсын деп айт.
Ұлы жүз өзіңсің
Кіші жүздің дәмін татып бүгінде
Кіріптар болған жайың бар.
Екеуіне де бұрылмай
Тікесінен тілін айт.
Қайып хан
Мен де бердім тізгінді.
Әруаққа шет болмассың, түге.
Төле би
Әруаққа шет болар-болмаспын,
Шет болмасқа халқыма
Ниет қылдым, қарындас.
Өлі аруақ емес дәл бүгін
Мені тебірентіп отырған
Тіршілігі тірінің.
Қара қылды қақ жару
Оңай емес маған да.
Семеке хан мен Қайып хан
Азыңды қимай отырғанда өздерің
Көпті бер деп қолқа салғаның
Буынсыз жерге пышақ, ұрғаның емес не?!
Кісі ішімі кіршіл,
Кісі, аты тершіл-ді,
Кісі қолымен киіп-жарып, еңсеріп
Кете алар ма екенсің?!
Бір-біріңе кеткен үлесіңді
Мысқалдап өлшеп отырған ағайын.
Қолындағысын өзгенің
Қопарып бер деп батпандап,
Қалайша қолқа салмақсың.
Қолы көбің қол бастаңдар.
Өзің ата қол басыны, Кіші жүз.
Барақ сұлтан
Төреңе құлдық.
Лебізіңнен айналайын Төле би,
Ағалық сөз айтылса,
Ағалық сөз шынайы ғаділ сөз болса.
Оған жығылмас жан болмас.
Кіші жүзге берсең егер қалауын
Біздің атар басшымыз
Олқы соқпас ешкімнен.
Қаптап шапқан қас жауды
Қайтарып бір тастаған
Сауран сұлтан батырды
Сардарлыққа атаймыз.
Сауран сұлтан
Барақ бауырым,
Үш арыстың баласы,
Бір қолға берсе тізгінді,
Берекесің. алып биліктің
Бөліске енді салмайық.
Бір қолда болсын бар тізгін.
Тумен қолды бастауға
Найзагер өжет батырдан
Ақыл артық айлакер.
Әбілхайыр хан қол бастасын.
Осы біздің пәтуа, Төле би баба арысын.
Төле би
Ендеше, пәтуа қылайық осыған.
Әбілхайыр хан қол бастасын.
Мақұл ма, әлеумет?
Дауыстар
Мақұл. Пәтуа. Мақұл.
Төле би
Пәтуа бітім осы болды, қарындас
Бір жағадан бас, бір жеңнен
Қол шығарайық, ағайын,
«Мен алмадым өзге алды,
Ұпайым кетті» демеңдер.
Ойрат ойсыратып кеткен қазақтың
Ұпайын қайтарар жолы деңдер осыны.
Ажыраған ағайынды табыстырам,
Бытыраған қазақтың басын қосам,
Деп арыған кәріңмін.
Бүгінгі күн басы болғай бірліктің ,
Боздағымның қанымен,
Халқымның запыран зарымен
Шегеленсін осы бүтіндік.
Бата қылайық осыған.
Әумин.

Келесі сахнада Әбілхайыр хан, Бәтима ханым, Сауран сұлтан,

Әбілхайыр хан
Қызметің өтіп кетті, Саураным,
Осы жақсылығыңның өтеуін
Таба алар ма екем, бауырым?!
Сауран сұлтан
Әбіл аға, ажырамастай қосып едік тіземізді
Менің еңбегім сатусыз ғой өзіңе.
Үш арыстың баласын,
Бір басшының қолына
Жиып әкеп берген күні —
Өтелер еді менің еңбегім.
Хан ием, жақындап қалдық-ау деймін, соған біз,
Әбілхайыр хан
Алда үлкен асу бар.
Сауран сұлтан
Ойрат па ол асуың?
Әбілхайыр хан
Ойрат осал жау емес.
Өз ішінде қазақтың
Ойраттан жаман жауы бар.
Ойлай берсең ой түбі
Жеткізбейтін тұңғиық.
Бүгінгі тірліктің қамын қылайық.
Жеті ру мен Әлімнің
Қолын бастап жорыққа
Аттана бер, бауырым.
Бай ұлының қалың қолы
Артыңнан жетер қамданып.
Үш жүздің күші тұтаспай
Үлкен айқас бастама.
Сауран сұлтан
Мақұл, хан нем.
Әбілхайыр хан
Жортқанда жолың болсын, батырым, бауырым.
Сауран сұлтан
Айтқаның келсін, Әбіл аға.
(Екеуі құшақтасып қоштасады.)
Әбілхайыр хан
Бәтима ханым, Сауран сұлтанды
Өз қолыңмен аттандырып сал. (Кетеді.)
Бәтима ханым
Сұлтаным, өзіңе арнап ақ сауыт
Тоқытқалы ай болды,
Жұмысы қалды бір түйдік,
Бітірермін таң ата.
Сауран сұлтан
Бәтима ханым,
Ықыласыңа құлдықпын.
Сарылмасаң етті соншама.
Талайды көрген көк берен
Қорғайды ғой Сауранды.
Бәтима ханым
Үй үстіне үй тіксе,
Зияны қашан болып ед?!
Ақ сауыттың, сұлтаным,
Әр шілтерін көгендеп
Ақ тілеумен қададым.
Сауран сұлтан
Ақ тілеуін арнаған,
Асыл зада ханымның
Садағасы кетсемші.
Бәтима ханым
Сатып жіберген қарыңа
Садаға болып қайтесің?!
Мен-ақ тілейін тілеуіңді.
Мұрат еткен жолыңнан
Бөгдеге бола бөгелме.
Сауран сұлтан
«Бөгде» деп пе едім, қайтейін,
Жолымыз бір ғой, Бәтима ханым,
Қызметіңе әзірмін.
Бәтима ханым
«Бәтима ханым»...
Бопай атын ұмыттың.
Екі жақтан екеулеп
Біріміз тұншықтырып,
Біріміз қылғындырсаң та
Өлген жоқ әлі Бопай қыз.
Сауран сұлтан
Не дейсің, ханым?
Тиылсаң етті өткеннен.
Бәтима ханым
Садағаң кетейін, сұлтаным,
Өткенімді өлтіріп,
Көміп тастар күш тапшы.
С а у р а н сұлтан
Ақылды еді ғой Әбілхайыр.
Бір әйелдің пейілін
Таба алмағаны не еткені?
Бәтима ханым
Әйел пейілі деп пе едің
Әбілхайырды қинаған?!
Жар деп құшқан жоқ Бопайды,
Аузын алды Әлімнің.
Бауыздап беріп бауырымды
Адайды да бір қазыққа байлады.
Енді апарып басымды
Қай базарға сатарын
Өзі білсін құдайдың?!
Сыртымды сылап сырбаз боп
Сыр білдірмей жүрсем де —
Кегім мен нәпсім жарысып
Өртен барад жанымды.
Сауран сұлтан
Жоқ, Бәтима ханым,
Екеуміздің арамыз
Түпсіз терең шыңырау —-
Жар қабақтан қол созба,
Мәрт болармыз біріміз.
Бәтима Ханым
Бір емес екі мерт болғанмын
Қаймығатын нем қалды?!
Әбілхайырдың өзі емес пе
Онсыз да жаралы жүректі
Қан жылатқан қатыгез?
Қасірет пенен қанды кек
Ынтығыма май құйып
Қайта жақты ішімдегі отымды.
Дөңбекшіткен түндерде
Ындынымды кептірген
Аңсарымды тыя алман.
Арда емген асаудай
Арыны бітпес Бопай қыз —
Алты алашқа сыр бермес
Бәтима ханым кербезбен
Айқасып жатыр ішімде!
Жүзіқара Бопай қыздың түрі жоқ
Өліспей тұрып берісер?
Сауран сұлтан
Аңдысқан жау алмай қоймас,
Бірі өліп, бірі қалар түбінде.
Бәтима ханым әккі ғой.
Жарға жықпас Бопайды.
Бәтима ханым
«Жарға жықпас...»
Шығармастан дыбысын.
Тұншықтырып өлтір дейсің бе?
Жоқ... жоқ!..
Өзегімді өртеген,
Жанымды отқа қарыған
Әдіре қалсын хандық салтанат,
Сүйген жарын құшақтап
Беріспей өлер Бопай қыз.
(Сауранды құшақтайды.) ,
Сауран сұлтан
Тоқта, Бәтима ханым,
Ұрғашылық жасама,
Қабырғасын қақыратып сөксең де
Қабағын шытпас ер болатын
Mен сүйген Бопай қыз.
Жаманатқа қалдырма,
Өлсін Бопай осалдығын көрсетпей!
Сауран сұлтан Бәтима ханымға
Қызмет қылар құлдық ұрып.

Бәтима ханымның ұшып кетпен сәукелесін әпереді. Бәтима ханым бойын түзеп шығып кетеді.

Бұрын біреу едің, енді екеу болдың.
Алтайы қызыл түлкідей
Еліктіріп есімді алған Бопай. қыз. .
Толған айдай .толықсыған,
Іші жалын, сырты мұз
Бәтима ханым...
Екеу боп кірдің кеудеме.
Бірің жаққан отыңды,
Бірің үрлеп маздатып,
Өртеп жатсың жанымды.
Сыртым бүтін, ішім түтін,
Күйгенше тамұқ отына
Айқара ашып төсімді
Жауға жалғыз тисемші.

ЕКІНШІ БӨЛІМ
«Аңырақай»
Ойраттармен соңғы соғыс. Тарихқа әйгілі «Аңырақай» соғысы. Қиқулап шапқан аттылар елестеп көрініп қалады. Найзасын кезеп келіп айқаса тірескен екі қол. Қанды қырғын қақтығыстар.

Тобын бастап Әбілхайыр хан төбеге шығады. Қасында Семеке хан, Қайып хан, Барақ сұлтан, Сейітқұлдар. Бұлар дүрбелең соғысты бақылап тұр.

Қайып хан
Аруақ! Аруақ, жау қашты!
Барақ сұлтан
Ақсарбас, ақсарбас! Жау жеңілді!
Сейітқұл
Я, құдай бере гөр.
Жеңіс, жеңіс, алдияр..

Бөкенбай мен Сауран сұлтан келеді.

Сауран сұлтан
Жау жеңілді, хан ием,
Қабыл болды дұғамыз.
Бөкенбай
Ойраттың өзіне салдың ойранды,
Хан ием, қашқан жауды құтқармасқа
Әмір қылдым сарбазға.
Әбілхайыр хан
Құдай тағала берген екен тілекті.
Жеткен екен құлағына
Күңіренген қазақтың
Қанды жасы, мұң зары
Асқар белім Бөкенбай,
Айналайын Саураным,
Екі бірдей беренім,
Әттең шіркін екеуін,
Ертерек тізе қосқанда,
Ақ табан боп шұбырған,
Алқа көлде сұлаған,
Қаралы күнді кешегі
Шыққыр көзім көрер ме ед?!
Бөгенбай
Алдияр өзіңе тартар олжам бар. (Ишарат қылады.
Сарбаздар Қоңтәжіні алып шығады...)
Қас жауыңды алдыңа
Алып келдім, алдияр.
Сауран сұлтан
Менің дағы Қоңтәжі еді қуғаным,
Жойқын екен Бөкенбай.
Қағып кетті қолымнан.
Бөкенбай
Олжамыз ортақ қашап да,
Сауран сұлтан бауырым.
Сауран сұлтан
Қызғанғаным емес, бауырым, Бөкенбай,
Қызыққаным ғой ерлігіңе.
Қоңтәжі
Сауға, Әбілхайыр хан,
Ежелден ерлік заңы ғой,
Сауға бер басымды.
Жомарт болар жеңген ер.
Әбілхайыр хан
Қай ерліктің заңымен,
Қырып едің қазақтың
Кемпір-шалын, бесіктегі баласын?
Қазақтан ұрпақ қалдырмасқа ант еткен
Сұмдығыңды естіп ем.'
Бас сауғалап қалтырадың ба қан ішер?!
Қ о ң т ә ж і
Қалай даттаймын десе де
Жеңген ердің еркі ғой.
Бірақ жеңіс шарабын
Бойыңа өлшеп ішпесең
Ақылыңды алып қана қоймайды.
Екі бірдей көзіңді
Су қараңғы соқыр қып та кететін.
Әбілхайыр хан ойлап қой
Ертеңгі де күніңді.
Әбілхайыр хан
Сол ертеңгі күні үшің халқымның
Ата жауын аямасқа ант еткем,
Қоңтәжі
Жау біткеннің бәрі алыста деп пе едің
Аталастан да айқасарың табылар.
Соны ойламағаның неткенің,
Әбілхайыр көреген?
Әбілхайыр хан
Сен не деп тұрсың, Қоңтәжі?
Қ о ң т ә ж і
Абырой менен атаққа
Қошаметші кең болса,
Сұқ көздердің қызғаншақ
Көп боларын одан да
Ұмыттың ба, Әбілхайыр кемеңгер?
Жақындарың алған кезде жағадан
Ебін тапсаң жәрдем етер жау қолы.,
Әбілхайыр хан
Астымдағы тағым шайқалса
Қас дұшпанның найзасын
Тіреу қылып жан сақтап
Қорлық өмір кешпеспін.
Қайып хан
Әбілхайыр хан,
Қолымыз бірге болған соң
Олжаға да ортақпыз.
Қолқа салам, Қоңтәжіні маған бер.
Семеке хан
Алдымды орай бердің-ау, Қайып хан,
Орта жүздің олжасы емес не Қоңтәжі?!
Әбілхайыр хан
Қоңтәжінің басына Төлейтін,
Қызықпайық қыруар олжаға.
Енді қайтып қол көтерместей қазаққа
Халық алдында берейік жазасын.
(Қоңтәжіні алып кетуге ишара қылады.)
Сауран сұлтан
Хан ием,
Қаһарыңды тіксең жауыңа
Қарашыңа қайырымың мол болсын,
Мына жігіт аты Нартай
Сырлыбай байдың құлы екен.
Түбі тексіз болғанмен
Асып кетті өзгелерден ерлігі.
Қиналған қыстау кезеңде
Жалтармай шапты жауына.
Құзырыңа құлдық ұрып келін тұр.
Әбілхайыр хан
Құлдығыңды айт, қарашым.
Нартай
Жалғыз ғана құлдығым бар, хан ием.
Қарақан қара басымның
Азаттығын алып бергін, алдияр.
Басым азат болған соң
Қай жауыңа салсаң да
Іркіліп қалар жан емен.
Жаным пида бұл халықтың жолына.
Әбілхайыр хан
Басың азат, қарашым,
Нартай
Төреңе.құлдық, алдияр.
Әбілхайыр хан
«Нартай құл» атың жойылсын.
«Нартай батыр» болсын
Лауазымың ендігі.
Бөкенбай
«Нартай батыр» деп жар салайық әлемге.
Батыр атың құтты болсын, жас өрен!
Әбілхайыр хан
Уа, ағайын-қарындас,
Күңіренген елдің көз жасы тыйылды,
Езілген елдің еңсесі көтерілді,
Шалқар-шаттық болсын аяғы,
Той бастаңдар!
Қыздырыңдар думанды!

Халық көңілді. Той бастаушы — жыршы ақынның алыстан шырқаған даусы жақындай береді.

Барақ сұлтан(Қайып ханға).
Асып кетті-ау Әбілхайыр.
Терезесі тең екі хан,
Қатар қолқа салғанда
Құлағына да ілмеді.
Қайып хан
Асып кетті.
Тасы өрге домалап тасып тұр ғой түге.
Барақ сұлтан !
Ақырынан қорқам осының.
Қоңтәжінің мойнына түскен бұғалық
Басқа мойынға да түспесе...
Қайып хан '
Не дедің түге,
Барақ сұлтан?
Көзімді аштың-ау бір сұмдыққа.
Барақ, сұлтан
Иә, Қайып хан.
Олжаның үлкені өз басымыз боп жүрмесін.
Қайып хан
Апыр-ай, рас болар осының.
Әбілхайырдың пиғылынан шошыдым.
Өз басымыз сауға болар түбінде,
Есің барда елің тап.

Ыдырау
Әбілхайырдың шатыры. Әбілхайыр мен Бәтима ханым.

Әбілхайыр хан
Хабар салмай көшіп кетті Қайып хан.
Оқшау тігіп шатырын
Семеке хан ол жатыр.
Жақсылықтың нышаны емес қайсы да.
Бәтима ханым
Япыр-ау, үш жыл бойы бірге көшіп, бір қонып,
Бірге шауып жауға да,
Араласып қан-жыны,
Кеткен жоқ па еді халықтың.
Қауқылдасып қуанып ішкен қымыздың
Буы тарқан болмай жатып,
Шіл боғындай бытырағандығы бұл қалай?
Әбілхайыр хан
Сорлы халық, баламысың есін білмеген,
Айықпай жатып сүзектен,
Өлетінін ескермей
Қара суық өтіне
Ойнап шығып кететін.
Неге ойламайсың жар астыңда жау барын,
Балалығың ба бұл білместік,
Мінезің бе әлде өзгермес
Сүйегіңмен бір кетер?

Сейітқұл кіреді.

Сейітқұл
Хан ием, бір жаманат естіп келдім.
Әбілхайыр хан
Тағы немене боп қалды, Сейітқұл?
Сейітқұл
Сауран сұлтан қол бастап
Қайып ханның соңынан
Қуа шауып кетіпті.
Бәтима ханым
Жасаған-ау не дейді? .
Қызу еді, арынды,
Насырға шабар іс қылып,
Ел бүлдіріп жүрмесін.
Әбілхайыр хан
Жет соңынан, Сейітқұл,
Қайтар дереу Сауранды —
Күшке сала көрмесін.
Хан жарлығын тез жеткіз.
Сейітқұл
Құп алдияр Ұштым соңынан.

Сейітқұл кетеді.
Бұрқан-тарқан ашулы Қайып хан кіреді.

Қайып хан
Асып кеттің Әбілхайыр, асып кеттің!
Ойраттан қалған ойранды
Сен салдың ғой ордама.
Досым болып жүргеніңде көлгірсіп,
Қойныңда балтаң барын білсемші.
Сен екенсің ғой қапысын аңдыған қас жауым*
Әбілхайыр хан
Сабыр ағасы, сабыр,
Ашуыңа су сеуіп,
Сабада түсіп сөйлеші.
Қайып хан
Өзім өртеніп бара жатқанда
Күйдіруін қарашы сызданып,
Сабыр қылар нем қалды?!
Тапа-тал түстің кезінде
Көшіме тиді қарақшың.

Семеке хан мен Бөкенбай кіреді.

Әбілхайыр хан
Бір ағаттық іс болды,
Айып бізден ағасы,
Кешіргін.
Қайып хан
Абыройымды төгіп тұрып айрандай,
Айыптымын деп сызыласың кеп.
Көшіме тиіп тал түсте, Ұзында өшің, кегің қайсы қысқада? Айтшы түге.
Әбілхайыр хан
Жақсы келдің, Семеке хан,
Төрге шығың екеуің де.
Мәслихат қылайық сабырмен.
Семеке хан
Жақсы келдің деп сызылуың келісті,
Әттеген-ай, келістірген ісіңді көре алсамшы, Әбілхайыр xaн.
Әбілхайыр хан
Хан Семеке қатарым,
Екі ортаға дәнекер —
Басалқы сөз байсалды
Дәметіп едім өзіңнен.
Семеке хан
Қатарым дейсің бе, Әбілхайыр.
Қатар десең
Қаһарың не мына төндірген?
Қайып хан
Салып қойып қорлыққа.
Қатарым деген мәймөңкең —
Мазағың ғой түге, Әбілхайыр!
Қорлығы өтіп кетті-ау, бәрінен де!
Бәтима ханым
Сәлем бердік, екі бекзат қайнаға.
(Тізе бүгіп, сәлем етеді).
Үлкен қайнаға ашуыңыз қатты екен,
Айыпты болған інінің,
Апшысын мықтап қуырып,
Бердіңіз әбден сазайын.
Енді төрге шығып бел шешіп,
Мәслихат етіңіз байсалды.
Біз де күйіп отырмыз
Бір тентектің ісіне. .
Айыпкерді алдыңызға әкелін,
Аяғыңызға жығайын,
Тоғыз бастаған торқалы
Айыбым бар төлейтін,
Тарту етейін Жолымен.

Шығады.

Қайып хан
Әбілхайыр хан, сенікі күр мәймөңке,
Қатының ақылды екен езіңнен,
Сөзін айтты-ау, жолын білген адамның,
Бұдан былай қарашың
Өзіңді қойып қатыныңа жүгінсін.
Мен де тоқтадым
Ханымның айтқан сөзіне.
Семеке хан
Қартайсаң да аңғалсың-ау, Қайып хан,
Бірі найзасын кезеп айдап кеп,
Бірі тілін безеп жайлап кен,
Әкелген жоқ па аранның дәл шетіне,
Қарашы бір алды-артыңа.
Жығылған соң аранға Тыпыршығаннан не пайда?!
Қайып хан
Семеке хан, не дейсің?
Айласы бар ма еді артында?
Бөкенбай (Семекеге).
Хан ием, жауды жақыннан іздеме
Елдің іші бүлінер,
Пәлені қатыннан іздеме
Үйдің іші бүлінер.
Сапты аяққа ас құйып,
Қарауыл қарап сабынан
Қай мұратқа жетеміз.
Семеке хан
Батырсың ғой, Бөкенбай,
Батырға жарасқан аңғалдық
Мерт қылады хандарды.
Түскен жоқ па әнекей — қыл бұғау
Қайып ханның мойнына.
Ертең-ақ сол бұғалың
Семекенің алқымын
Сықпасына кім кепіл?!
Жақынның ісі осы ма?
Қайып хан
Жаудан бетер іс қылса
Әдіра қалсын жақындық.
Әзәзілдің тіліне
Алдана жаздаппын ғой түге.
Әбілхайыр хан
Қиналып тұрмын қарындас.
Қашқалы тұрған қоянға,
«Тәйт» деген соң жорық.
Өзі де шетінен тұрған ic еді,
Бүлдіріп алды бip тентек.
Құдай куә бұл әске
Жұмсағаным жоқ Сауран сұлтанды.
Тоқтатсын деп қорлықты
Қуғыншы салдым соңынан.
Айыбын төлеп ағаттың
Айыпкерді аяғыңа жығуға әзірмін.
Ал, Қайып хан
Өз ісіңе де үңіліп.
Ой жүгіртіп қарашы,
Өнеге болар ағасың,
Басын қосып үш ханның
Кеңесер кебің аз ба еді?
Хабар салмай қарындасқа
Қаша көшкенің не еткенің?
Қайып хан
Әбілхайыр хан,
Mен сендей тілдің майын тамызған
Жез таңдай зар жақ емеспін.
Бұлдыратпай жөніңе көш.
Айыптымын деп алып,
Мені айыптағаның қай тәлкек?
Қарындасқа хабар салмай көшкенім
Қара қазандай өкпем бар.
Үш арыстың қолының
Тізгінін саған қиып бергенде,
Терезесі тең хандардың
Бір қолқасын қимадың,
Тап осының астамшылық емей немене?!
Әбілхайыр хан
Қоңтәжі еді ғой қолқаңыз?
Қайып хан
Иә, Қоңтәжіні бермедің.
Ендеше; мен де қырсықтың.
Әбілхайыр хан
Қайып хан,
Қырсыққаның бір Қоңтәжі болса,
Оның да болар орайы,
Алдымызда қиын-қыстау іс бap-ay,
Қисынын таптырмай қинаған,
Соны иеге ойламаймыз.
Семеке хан
Қылышпенен шешілер
Түйін емес еді ғой ол, Әбілхайыр.
Әбілхайыр хан
Хан Семеке,
Бір тентектің қылығын,
Бастың ғой біраз бетіме.
Қоздыра бермей өкпені,
Бірлік-бітім жол іздеп,
Келешегін қазақтың
Кеңес қылсақ деп едім.
Семеке хан
Әбілхайыр хан,
Жас та болсаң бас болдың.
Арғы-бергіні бажайлап
Жиған-түйгенің бар шығар.
Иландырып біздерді
Көмекейіңді көрсетші.
Әбілхайыр хан
Сендерден бөле-жаратын
Оқшау ойым жоқ менің.
Бір қазақтың басына
Әңгір таяқ ойнаса,
Бар қазақтың мүйізі
Сырқырайтын кез келді.
Ағайынға сырт беріп,
Әрқайсымыз өз күйімізді күйттеген
Кешегі күнің не болды?
Құлын-тайың енесінен айрылды,
Ұл-қызың анасынан айрылды,
Халқың қарындасынан айрылын,
Зар еңіреп босып кетті.
Ойратты жеңген бір мастығымыз
Мың қайғымызды ұмыттырғаны ма?
Тұрмыстан жегер мың теперіш
Болмағаны ма бір дәріс?
Жау жеңіліп, уайым-қайғы таусылып,
Қой үстіне бөз торғай
Жұмыртқалар заман келіп пе ед?
Ойланайық осыны?
Қайып хан
Ойлағанда қайт дейсің?
Кегім қайтты ойраттан.
Шүкір деймін соған да.
Хақ тағаланың бақиға жазған жұмағын,
Орнатам деп аз күндік бұл фәниде
Күпір болар жайым жоқ.
Барға мәзірміз.
Семеке хан
Әбілхайыр хан,
Сөзіңнің түпкі төркінін
Танытпай тұрсың-ау әлі де
Әбілхайыр хан
«Боздағымның қанымен,
Халқымның запыран зарымен
Шегеленсін бүтіндік»,— деп
Бата қылып еді-ау Төле би.
Су екеш су да шашылып жатқан тастарды,
Бірге ағызып апаратын бір сайға.
Судай аққан ыстың қаны қазақтың
Болмағаны ма су құрлы?!
Семеке хан
Сол сайыңның арнасы
Құяр екен қай жерге?
Шерменде қылмай біздерді
Ар жағыңды аңғартты.
Әбілхайыр хан
Кеңеспегім сол еді.
Бөкенбай
Құлдық ұрам, хандарым,
Қараның да жолы бар.
Төле бабам сөзіне,
Әбілхайыр ханның уәжіне
Құлап тұрмын біржола.
Сауран сұлтан екеуміз
Қанды көйлек дос болдық.
Сол достық үрім бұтаққа
Кетсін деп ант ішкенбіз
Қанды қайдан үстінде.
Үш арыстың баласы
Қазақ Деген теректің,
Үш бұтағы емес пе?
Үш бұтақты қақыратып үшеуің
Үш қияға тартасың.
Семеке хан
Жә, Бөкенбай,
Хан тұрып қара сөйлегенді қайдан шығардың?!
Анайының арынымен шешілер
Оңай түйін емес бұл.
Әбілхайырдың сөзі әккі —
Құрып қойған тұзақтай,
Сен килігер іс емес,
Бүйректен сирақ шығарма.
Бөкенбай
Тепсіне берме, хан ием,
Ойраттан көрген теперіш
Батыр қылды халықты.
Қалың Керей елім бар.
Өлмесімді мен де ойлармын.
Кетеді.
Қайып хан
Әбілхайырдың іші қалың қыртыс, ну жыныс,
Қаңғалақтап шыға алмассың бір кірсең.
Басым аман тұрғанда
Тартпасам болмас бойымды.
Әбілхайыр хан
Ау, ағайын, тым болмаса кеңесіп,
Келейік те бір мәмілеге.
Бірге аққан қанымыздың
Басылған жоқ қой буы да.
Семеке хан
Бұлдыратсаң да қаншама
Көрініп қалды көмейің.
Үш арыстың түгел ұстап тізгінін
Үйреніп қалған қолың бар,
Енді сенің уысыңа
Олқы болар Кіші жүз.
Қайып хан
Дұрыс айтасың, асып кетті Әбілхайыр хан.
Өз ұлысын азырқап,
Бізге салды құрықты.
Семеке хан
Әбілхайыр хан, пиғылыңнан қорқамын
Жәдіге тағын жолсыз алып малдандың,
Арты қуыс ұрының,
Кеше ғана қопаңдап,
Кіші жүздің тағында
Ілде-алдалап отыр ед.
Ойратқа салған ойраның ғой,
Көзіңнің етін ісіріп,
Кемеріңнен асырған.
Өзгелердің сыбағасын жырып жөн,
Жастайыңнан машық алған әккісің.
Қомағайдың көзі жаман сұғанақ —
Өз ұлысың енді саған олқы боп
Бізге қарап сұқтандың.
Әбілхайыр хан
Осыншама үріккендей осқырып,
Озбырлығым етіп не еді ағайын.
Үш жыл бойы тізе қосып жұп жазбай,
Бірге өткіздік бар зобалаң сүргінді.
Жерім .бар ма ақыл салмай іс қылған?
Әр шайқастың ақылдасып алдында,
Олжаны да салмадым ба ортаңа.
Пәтуа қып үш арыстың билігін
Түгел әкеп бергеніңмен қолыма
Тізгініңді жұлқа тартқан өктемсіп
Кезім қашан болын еді ағайын?
Қайып хан
Обалына не керек, онысы рас.
Ұлық-етіп қойсаң та
Кішіліктен жазбады.
Семеке хан
«Тізгініңді жұлқа тартқан жерім жоқ»
Жұлқа тартсаң жұлқысар едік біз дағы,
Жымын білдірмей жымқырып,
Жырып әкетесің бе деп қорқам.
Күш кімдікі болса, жол соныкі
Оңы да кеше көргенбіз.
Теңеп алмай тереземді сенімен,
Кеңес құрар жайым жоқ.
Өзі білсін Қайып хан,
Түсемін десе дұзаққа
Мойын өзінікі.
Қайып хан
Қой, түге.
Сөзімізден қашып барад береке.
Әбілхайыр хан, айыбың да өзіңе.
Басым сауға!
Сенің тәтті лебізіңе елігіп,
Торға түсер жайым жоқ,
Қош болыңдар, хандарым,
Қисая тартқаным жағушы еді өзіме
Құдайым сол қыңырлықтан жазбасын.
Кетеді.
Семеке хан
Мен де өзімнің жеріме,
Көштің бетін түзедім.
Айыпқа бұйырмассың, Әбілхайыр хан.
Көріскенше күн жақсы.
Кетеді.
Әбілхайыр хан
Той бітті,
Думан тарады.
Осы-ақ болды қауқылдасқан қазақтың,
Баталасқан пәтуалы бірлігі.
Үш жыл бойы бірге төккен қанымыз
Әкелмеді татулыққа үш күндік.
Көшпенді ойрат аңқаусың-ау, сен дағы,
Tic қаққан әккі дұшпан болсаң айлакер
Қазақты алу қиын ба?
Бір-біріне айдап салсаң еппенен
Өзін-өзі ит сілікпесін шығарып,
Езіп-жаншып өлімші қып әкеліп,
Тастар еді аяғыңның астына.

Бәтима ханым кіреді.

Бәтима ханым
Тап осылай боларын,
Жүрегі құрғыр сезіп ед.
Ел шайқалса айналып кеп соғатын
Қақ ортасынан қазақтың
Қаға алмадыңдар-ау бір қазық:
Әбілхайыр хан
Ымыраға келе алмадың бел шешіп,
Қараңғыда қалың көші қазақтың
Тағы да бір тұңғиыққа тірелді.
Енді бұдан кім шығарар жол тауып?
Бәтима ханым
Сен шығарасың тұңғиықтан, хан ием,
Қалың қолы қан сасытқан далаңды,
От шайнаған ойратты да жеңдің ғой.
Әбілхайыр хан
Бұл халықтың өз ішінде аңдысып,
Тас қамалға шықпастай боп бекінген
Ойраттан бетер жауы бар,
Шапсам қылышым өтпейді,
Атсам оғым жетпейді.
Жігерімді құм қылып,
Діңкемді әбден құрытты.
Бәтима ханым
Ханның тағын көргенде
Қызылға түскен жендеттей
Қырқысасыңдар жан алысын, жан беріп.
Бермегі болар алмақтың,
Дөңбекшітер түндерде,
Уайымы барын тахыттың,
Қайыстырар нар белін
Салмағы барын биліктің
Ойласа егер ертерек —
Мүмкін адам иманын
Сатпас еді мансапқа.
Әбілхайыр хан
Тауым шағылған кезімде
Табаң ба, бұл Бәтима?
Бәтима ханым
Жоқ, хан ием, табам емес, бұл сенің
Тәңірім жазған тағдырың.
Әбілхайыр хан
Иә, билік деген әзәзіл
Қызықтырып әкеліп
Кигізеді алтын қамытын.
Мойның үзіліп түскенше
Сол қамытты қимайсың.
Қатының мен балаңды,
Иманың мен арыңды
Түгел бересің төлеуіне.
Сонда да тоймас обыр ол, Өтеуі кетер үрім-бұтағыңа.
Бәтима ханым
Ол салмақты көргенбіз,
Өтеуіне алдымен
Мені тарттың аямай.
Әбілхайыр хан
Оның рас.
Жанарыстай қыршын жастың
Қанын түгел кеш десем,
Орынсыз қолқа салармын.
Қиын-қыстау сағатымда
Сыр бермеген сырбаздығыңа ризамын.
Өмір бойы өтелмес
Борышкермін мен саған.
Бәтима ханым
Қара тастай қатып қалған ішімде
Қатыгез ісің бар еді.
Ералы мен Нұралы
Қожахмет үш қарғам
Тас емшегімді жібітті.
Сынған көңіл ақаусыз
Бітіп кетті деп айта алмаймын сонда да„
Затым әйел ғой, қайтейін
Боларым болып,
Бояуым сіңгенде қайда барамын.
Екеуміздің кигеніміз бір қамыт,
Бел қайыстырған жүгің бар.
Дұшпан көзге бөрі арығын көрсетпей,
Сүйрей бер сол тәңір салған жүгіңді.
Көшің келіп тұңғиыққа тірелсе,
Шыңыраудан қиялап шығар жолын тан.
Әбілхайыр хан
Көптен бері қинап жүрген ойым бар,
Тірі жанға шығармаған тісімнен,
Бірде үміт, бірде үрей ауысып,
Бекініп ап қобалжыдым қаншама.
Жүз ойландым, мың толғандым, екшедім.
Сынық сүйем шалыс бассаң жаңылып,
Үрім-бұтақ зәу-затың да жабылып
Түзей алмас, қате болар мәңгілік.
Ата-бабам істемеген ежелден
Тосын іске белді бумақ жайым бар.
Бәтима ханым
Түйіп едім дөңбекшіткен түндерден
Тереңіңде тебіренткен сыр барын.
Бітеу Жарасияқтанып iciніп,
Сыздап келе жатыр еді ішінде...
Жарылар күні жеткен бе?
Әбілхайыр хан
Тірі жанға сыр бермеспін деп едім,
Сезіпсің бәрін, Бәтима.
Бәтима ханым
Көңіліміз бөлек болғанмен
Төсегіміз бір ғой, хан ием.
Күйкі жағдай күйдірсе де қаншама,
Білем сені дөңбекшіте алмасын.
Әбілхайыр хан
Көштің бетін тұңғиыққа тірелген,
Жол түспеген бір соныға бұрмақпын
Бәтима ханым
Бағдарыңды ашып айтшы, хан ием.
Әбілхайыр хан
Қобалжушы-ем бекіндім-ақ десем .де,
Тап бүгінгі екі ханның қылығы —
Басқа жолды қалдырмады баратын.
Пәтуа бірлік таба алмадық ақыры.
Дәл кешегі «Ақ табан» мен «Алқа көл»,
Соры қалың соқыр елдің басына
Әлі талай оралатын түрі бар.
Бір мықтының паналамай ығына,
Тас төбеңнен бұлт айығар рай жоқ,
Ресейге елші салмақ ойым бар.
Бәтима ханым
Апыр-ау, сонда бағынасың ба біржола?
Сауран сұлтан мен Сейітқұл кіреді.
Сауран сұлтан
Суыт нетіп бара жатыр екі хан,
Шырайларын ұнатпадым, хан ием.
Әбілхайыр хан
Қай шырайымыз бар еді келіскен?!
Ұшынып тұрған ел ішін
Ушықтырдың ұрынып.
Mен мәміленің жолын ізде.сем,
Сен пәлелі жолға бастадың.
Сауран сұлтан
Мәміле іздеген ағайын,
Хабар салмай көше ме?!
Қара таудан өрі асып,
Шыршығына жеткесін
Хабаршы салып артынан
Қандай ымыра табамыз?
Қиырға тартса қыңырат қып
Қырыма алмай қайтейін.
Әбілхайыр хан
Оңалмай-ақ ағайынның райы,
Шырғалаңға салып қойды шықпастай;
Жол таба алмай көн сандалдым,
Ақтармаған арғы-бергім қалмады.
Қиналып тұрмын дағдарып.
Сауран сұлтан
Көреген деп көсем тұтып сенгенім —
Сен дағдарсаң артыңдағы аламан
Қалың жұртың қай қиядан жол табар?
Қызыл тілді безегенмен зарлатып,
Ел дертіне ем болмайды, хан ием.
Қызыл тіл шіркін жеткізсе егер мұратқа
Сөйлер сөзден жан салмаған алдына
Осы қазақ отырмас па еді баяғыда-ақ жұмақта.
Жо-оқ, сығып ұстар құрсау керек темірден.
О заман да бұ заман.
І!ір ауылға хан болса да,
Кім берін ед ез билігін еркімен?
Білек қана біріктіре алад халықты.
Әбілхайыр хан
Білектің жолын көре алмай тұрмын сонда да.
Сауран сұлтан
Басқа жолың кәнекей?
Исі қазақты басын қосын ел қылып,
Біріктірмек адамға
Орайы дәл осы тұс.
Семеке хан мен Қайып хан
Қара өзек шақтың үстінде
Қалт-құлт етіп тұрған кез.
Бір соққыдан қалмайды.
Бәтима ханым
Не деп тұрсың, сұлтаным?
Қаны кеппей ойратпенен соғыстың,
Ағайынға қалай қылыш сермейсің?
Кеше ғана тізе қосып бір сапта
Қас дұшпанға бірге шапқан атойлап,
Бір қазақтың баласы...
Өзі мен өзі соғысып,
Қан төгіспек қалайша?
Сауран сұлтан
Бәтима ханым,
Білмей-ақ қой мұндай істің сыңайын
Әйел тұрсын еркекті де шошытып,
Төбе құйқасын шымырлатар сұмдық бар!..
Хан ием,
Арғы-бергі тауарихқа көз салсаң;
Шашыраған көн тобырды іргелі
Мемләкет қып, хандар аз ба, шыңдаған
Көз салшы әне, іргеңдегі орысқа
Кеше сонау ноғайлының тұсында
Алтын ордаға тәуелді боп әрқайсы
Әр орманды паналаған көп кінәз —
Басы қалай бірікті?
Бүгін міне тас қамалға айналып,
Қолы батпас ие бір жойқын дұшпанның
Ормандай қалың ел болды.
Көрейікші өткен күнін екшеп бір —
Қызылбас пен түріктің,
Болмаса анау қара құрым шүршіттің
Олардың да бір-бірімен қырқысқан
Болмап па еді қырық, пышақ хандары?
Қайсысы әкеп беріп еді еркімен
Өз тізгінін өзгеге?
Әдіра қалған қызыл тілдің заманы.
Қызыл тіл емес қылыш шешер түйін бұл.
Қырсық тартқан қыңыр бастар домалап,
Өз қанына балшықша илеп өздерін,
Отқа қақтап, мұзға қарып шыңдамай —
Қандай халық ел болып еді іргелі?
Бәтима ханым
Сөзің қандай сұмдық еді, сұлтаным?
Сауран сұлтан
Бәтима ханым, айттым ғой,
Әйел тұрман, еркек шошыр жұмыс бұл.
Хан ием, ниет қылған ісіміз —
Құрбандыққа тоймайтын бір жалмауыз
Ағайынның қаны менен көз жасын
Арқалаймыз ақыретке екеуміз!
Басқа жол жоқ.
Лағнет қамыт киіп алып мойныңа,
Иманыңмен қош айтыспай біржола —
Қадам басар бетің емес бұл сапар.
Бар тілеуім, зар тілеуім өзіңнен:
Қайтармағын осы алған бетімнен.
Қыруар күш тұрған шақта қолымда,
Екі ханды еңсесін басып еңкейтіп,
Көнбісті қып қолыңа әкеп берейін.
Әбілхайыр хан
Жетер осы ушықтырғаның біразға.
Шатынап тұрған ағайынның арасын
Ажыраттың біржола.
Сауран сұлтан
Қақсап тұрмын ғой, хан нем,
Күштен басқа дауа жоқ.
Күш деген де аума-төкпе нәрсе ғой.
Олардың да ертең-ақ
Терезесі теңелер.
Сәт-сағатын қаны жіберсек
Өкінішпен етерміз.
Әбілхайыр хан
Күшке салар тұсым емес бұл кезең.
Сауран сұлтан
Неге тартынасың, хан ием,
Антымыз қайда?
Қан төгістен қаймықсақ,
Қарғыс пенен көз жасы
Болса жолға бөгесін,
Биік мақсат мұратқа
Несіне құлаш сермедік?!
Әбілхайыр хан
Қан төгіс пен қарғыстан
Қаймығатын жан болса,
Хан болады несіне?!
Мені жіпсіз байлайтын
Ол емес-ау, бауырым.
Күшім шағын, қол қысқа,
Дәрменсіздік қой құртып тұрған діңкемді?,
Сауран сұлтан
Не деп тұрсың?
Күш жетеді, хан ием.
Ерік бергін, босатқын тек қолымды.
Әбілхайыр хан
Қол күші ме сенің айтын тұрғаның?
Ол жетер-ау бүгінге.
Ал ертеңгісін қайтесің?
Сауран сұлтан
Ертеңгісі ме?
Ертеңгісі кешегі —
Хан Тәукенің заманы.
Бүкіл қазақ. тұтасып
Бағынады бір ханға. . .
Әбілхайыр хан
«Ертеңгісі — кешегі...»
Сол кешегіңнің аяғы емес пе
«Ақтабан шұбырындыға» әкелген?
Әз-Тәукеге тіл тигізер әддім жоқ
Бірақ жер шолып өріс іздесем,—
Оның тапқан қонысын да баянды
«Жер үйық» деп айта алман.
Шегендеп өріп шегелеп,
Тар қамалдай бекіткен
Мәмләкеті қайда оның?
Көзі жұмылмай жатып-ақ,
Қабырғасы қақырап,
Кеткен жоқ па - тоз-тоз боп.
Сауран сұлтан.
Қираған сол мәмләкетті
Құрастырып қайтадан,
Ел қылуға еңселі
Ант еткен жоқ па едік екеуміз?!
Әбілхайыр хан
Қан құйысып ант ішкенбіз.
Бірақ амалың қане?
Өтпес жарлық бойға қорлық.
Қайран болмаса қайтейін?
Сауран сұлтан
Босқындыға ұшыратқан қазақты,
Қалың жауды тас-талқан ғып жеңгенде
Аттың басып енді неге тежедің?
Абыройың мен атағың асып тұрғанда
Қарулы қолың өзгенің еңсесін басып тұрғанда
Қаймыққаның не еткенің?
Дауамай ма жүрегің?
Әбілхайыр хан
«Дауамай ма жүрегің?»..
Ханның тәжін киген күні-ақ басымды
Нысана ғып тіккем дұшпан оғына.
Жүрек пенен білек жұмсар кез болса,
Аянатын жерім бе бұл, бауырым,
Қайып хан мен Семеке —
Жолымдағы бар бөгесін сол болса,
Әз қолыммен-ақ қылғындырын
Өлтірер ем екеуін.
Сауран сұлтан
Енді қандай бөгесін бар, хан ием?
Әбілхайыр хан
Малың емес қотандағы көнбісті,
Жортып жүрген кең даланың аңындай
Қайыру бермес халқың бар.
Тағдыр айдап бір үйір боп
Шоғырланса бір күні —
Ертең тағы бытырай қашып жөнелер.
Құлашың жетпес қармауға.
Сауран сұлтан
Әбілхайыр хан,
Осы-ақ болды ма әрең жеткен ерісің?
Қармауыңа қысқа болса құлашың
Неменеге қодың создың қияға?
Келте мансап, отау-тахыт иесі
Жәдігенің өз әулетінде жоқ.па еді?!
Бәтима ханым
Сабырыңды сарқып алма, сұлтаным
Сауран сұлтан
Сабырым бітсе қайтейін,
Ағайынның қанынан
Аттап өтер кез келді.
Қолымды қақпа, хан нем.
Әбілхайыр хан
Бірліктің жолы ол емес.
Қырсығы бітпес қырқыстың
Басы болмақ бұл ісің.
Рұқсатым жоқ менің.
Бәтима ханым
Сұлтан қайным,
Шімірікпей аққан қан мен қарғыстан,
Мойныда артып сонша сұмдық күнәні,
Ойласаңшы машхардағы жазаны.
Сауран с ұ л т а н
Сайып қыран, сұңқар туған ұлы бар,
Саф арғымақ саңлақ мінген ері бар,
Еркін өскен, желдей ескен бұл халық —
Қайдағы ойрат жоңғардан
Қорлық көріп жүнжіп кеткен түріне
Намыс буын, зығырданым қайнаған.
Сол халықтың басын қосын ел қылып,
Еңсесін бір көтерсем
Арманым жоқ деп едім.
Хақ тағала берсе осы тілекті —
Қырық мың жыл қоң етімді боршалап,
Шыжғырса да күллі тамұқ отына
Қыңқ етпестен қыбым қанып жатар ем.
Ниет қылған бұл жолыма көлденең
Шашын жайын ғазиз анам
Қарсы алдымда тұрса да,
Аттап өтем ақ сүтінен, қайрылмай.
Бәтима ханым
Астапыралла!
Бетің қатты, ниетің
Сұмдық екен сұлтаным,
Хақ тағала жар болып,
Қайтарсын өзі райдан.
Сауран сұлтан
Дәл осындай ұрымтал
Енді айналып келмейді.
Сертті достық хақымен
Ақтық жолы қиылып
Құлдық ұрам өзіңе,
Рұқсат еткін, хан нем.
Әбілхайыр хан
Рұқсатым жоқ менің.
Сауран сұлтан
Әбілхайыр хан, «Әттегене-ай» дегіздің
Жарым жолға жетпей-ақ
Жалт береріңді білсемші...
Рұқсатың жоқ болса,
Мен де жоқпын өзіңе...
Кетеді.
Бәтима ханым
Сабыр қылшы, сұлтаным.
Әбілхайыр хан
Білмеуші ме ең қайсарлығын Сауранның
Маңдайын тасқа соқса да
Тайқымас алған бетінен.
Қайырылмайды ол енді.
Ырылдасып қырқысқан
Хан-сұлтанның ішінде
Арқа сүйер тірегім,
Ат құйрығын сен кессең
Ойсырамаған нем қалды?!

ҮШІНШІ БӨЛІМ
Арпалыс

Әбілхайыр хан
Оң сапардан сәтті оралдың, Сейітқұл,
Көзің жіті, сергек еді көңілің.
Айтшы көне, көрген-түйген кебіңді
Қалай екен ахуалы орыстың?
Петр ағзам сом темірден құрсауын,
Шыңдап соғып тас бекітіп беріп ед,
Қолы - жұмсақ-әйел-патша; шегесін былқылдатып алмап па екен босатып!
С е й і т қ ұ л
Мызғымапты шегесі.
Тұтасып жатқан қалың ел,
Шайқалмапты дәулеті.
Бөкенбай
Ұйытқысы мықты-ау шіркіннің.
Сейітқұл
Астанасы ту тіккен
Темір қазық бейне бір;
Ел шайқалса айналып,
Табатыны сол қазық.
Көктегі сонау құдайдан
Патшасының жердегі Күшті ме дедім қаһары.
Әбілхайыр хан
Петр ағзам патшалардың ішінде,
Ақыл-қайраты озық туған өрені,
Көлбеп жатқан орыстың
Етек-жеңін жиып алып ширатып,
Шынықтырып шымыр болат ел қылды.
Б ө к е н б а й
Апыр-ай десеңізші, алдияр.
Төрт тағанын тағының
Тапжылмастай бекіткен.
Дәл осындай тахытқа
Қасабалы бәйбіше тұрмақ
Қаршадай бала мінсе де шайқалмас.
Сейітқұл
Алдияр,
Ақ патшаның арнайы салған елшісі,
Мәмет мырза Тәуекелев
Құзырыңа келіп тұр.
Әбілхайыр хан
Алып келгін, Сейітқұл.

Сейітқұл шығады.

Әбілхайыр хан
Бәтима ханым, дарабозым Бөкенбай,
Алды-артымды түгел болжап барладым:.
Барар жер, басар тау таппадым,, ......
Талай хандар шиыр. қылған.ескі жол
Шырғалаңнан шығаратын сиқы жоқ.
Жол таба алмай тар қияға тірелген
Елдің көшін бір соныға бастадым.
Бәтима ханым
Тәңірім өзі жарылқасын
Ниет қылған бетіңнен.
Қорқамын тек көбейіп барад жауларың,
Тар кезеңде демеу болар қарындас
Ат құйрығын үзін кетті жат болып.
Бөкенбай
Қыңырлары қиғаш тартып,
Кежірлері кері сүйреп,
Сандалмаған кезі бар ма қазақтың?!
Арғым менен-бергімді
Мен де екшедім, хан нем.
Етегінен ұстасам,
Хан жетерлік елімде.
Әттең тек береке мен бірлікке
Ұйытқы болар бірі жоқ.
Хан ием, жолыңды сенің жөн көрдім.
Мен өзіңмен біргемін.
Әбілхайыр хан
Жақыныңмен жаттан бетер қырқыспа
Әзәзілге сатып ғазиз жаныңды,
Өліп-талып қолың жеткен тізгінді
Өзге қолға ұстатуың оңай ма?
Біле-білсең халық деген
Қазынаң ғой қолдағы.
Балаң ақыл, шолақ ойлы
Хандар менен билер-ай,
Тым болмаса сол қазынаңды
Күтіп ұстап баппенен,
Жеуді дағы білмейсің,
Бөрідей тиіп берекесін қашырып,
Енді дәулетті шайқап тегін біттің-ау.

Екі қосшысын ертіп Тәуекелев, Сейітқұл иіреді.

Тәуекелев
Алдияр тақсыр, Әбілхайыр хан.
Құзырыңызға тағзым етем
Ассалаумәликүм.
Әбілхайыр хан
Уағалайкүмәссалам, Мәмет мырза.'
Тәуекелев

Әбілхайыр хан, ұлы Ресейді, кіші Ресейді, һәм ақ Ресейді билеп-төстеуші, Теріскей һәм күн шығыс елдерінің әміршісі ұлы мәртебелі император Анна Иоанн қызы ағзам сіздің жазған хатыңызға ілтифат білдіріп, көшпенді қазақ халқына тауфиқ шапағатын тигізіп, өз қарауына аларға ниет қылды. Ушбу фәрманын орнына келтіріп, Сізден — Әбілхайыр Баһадүр ханнан, Ресей мәмләкатіне бағынышты болып, адал қызмет қылмаққа ант аларға мені — Тәуекел оғлы Мәмет мырзаны елші дәрежесіне жіберерге рахим етті. Шунки ұлық мәртебелі әміріне куәлік хақында үшбу-фәрман — грамотасын сізге һәм рахим қылды.

Әбілхайырға патшаның грамотасын ұсынады. Әбілхайыр грамотаны алып төбесін тигізіп ізет білдіреді.

Әбілхайыр хан

Ұлық мәртебелі, ұлы мархабатты, ғақылына дәулеті сай күп сәулетті ұлы ағзам император ханымға хақ тағаладан ұзақ бақытты патшалық ғұмыр тілейміз. Әумин.

Тәуекелев
Ұлық мәртебелі, күн сәулетті император Анна Иоанн қызы ағзам Әбілхайыр Баһадүр ханға зор ілтифат-құрмет көрсетіп, ресімді булек сый-сыяпатын һәм рахим қылды.
Әбілхайыр ханға сусар ішік, қама бөрік, алмас қылыш тарту етеді.

Әбілхайыр хан
Ұлың мәртебелі, күн сәулетті ұлы ағзамның тауфиқ ілтифатына құрсанмын. Мәмет мырза, ұлы ағзам ханымның саламаттығы шәп па?

Тәуекелев
Аллаға мың да бір рақмет, бек шәп.
Әбілхайыр хан
Ресей мәмләкетінің ахуалы жақсы ма?
Тәуекелев
Аллаға шүкір, әлбәтта.
Ресей мәмләкатін бүгінде
Жиһандағы қуатлы һәм айбарлы мәмләкат.
Алдияр, өз халқыңыз
Төңірегіңізде түгел ме?
Сіз ниет қылған бұл іске
Алалығы жоқ па екен?
Әбілхайыр хан
Мәмет мырза,
Арғы-бергі тауарихты болжайтын,
Шын ғұлама адамсыз.
Көштің бетін оқыс бұрсаң шұғылға
Қайдан болсын түгелдік.
Сөйтсе дағы халықтың
Көпшілігі соңымда.
Өзгелері де ұзамас,
Осы жолға оралар.
Бөкенбай батыр, бұл кісі.
Орта жүздегі аруақты азамат.
Тізе қосып менімен
Бір сапарға ниет қылған жайы бар.
Тәуекелев
Есенбісіз, батырым.
Бөкенбай
Ассалаумағалайкүм, Мәмет мырза.
Құтты болсын қадамың.
Т ә у е к е лев
Ұзын құлағына даланың,
Мен һәм құлақ тосып келіп ем.
Есіміңізге қанықпын,
Бөкенбай батыр әфәнді.
Заңғарменен-соғыста –
Әруағыңыз аспандап,
Атыңыз жеткен алысқа.
Әбілхайыр ханменен
Ниетіңіз қосылса
Бек оңды болған, батырың.
Б ө к е н б а й
Соңымнан ерген халықты
Мен де осы жолға бастадым.
Тәуекелев
Ұлы ағзам дұшманға
Қатал болса қаһарлы,
Достарына бек жомарт.
Сіз сияқты абыройлы азамат
Керек Ресей тағының
Қызметіне бегірек.
Өз басыңды қастерлеп
Қазынасынан ағзамның
Бес жүз теңге ұсынам.
Бөкенбай
Мәмет мырза, рақмет,
Ойлағаным тек қана
Қара қазан, cap баланың қамы еді,
Қызметім сатусыз.
Тәуекелев
Азаматтың ақшаға
Қызықпағаны бек әйбат.
Бірақ патша ағзамның
Сыйынан бас тартқаның
Астамшылық емес пе?
Ойлап көрші, батырым.
Бөкенбай
Тағы да көп рақмет,
Мәмет мырза құрметтім.
Бермегенге ренжіген жөн болса
Алмағанға айыптаудың жөні жоқ.
Міндет қылған ісіңіз
Оңай болмас сізге де,
Қажет болар қаражат.
Ел басшысы аталған
Сабаздарым сау болса,
Жерде қалмас ақшаңыз.
Әбілхайыр хан
Мәмет мырза, Ел ағасы, басшылар
Келіп қалар түгелдей.
Мәслихатты ертең бастармыз.'.
Құрық тимеген. асаудай
Жылқы мінез елім бар.
Қойдай тізіліп қораға
Бірден кіре қоймаса
Онша қапа болмаңыз.
Тәуекелев
Қиғаш тартушылар көп пе еді?
Хәтте, елдің тізгінін
Босатып алғансыз ба, алдияр?
Әбілхайыр ханды әзәлдан
Аруақты деп естуші ек.
Әбілхайыр хан
Қиғаш тартар қияс пен
Бұра тартар бір мойын
Табылмай қалмас қашанда.
Қалың елдің ішінен.
Мәмет мырза, сіз дағы
Бек сабырлы болыңыз,
Тәуекелев
Әбілхайыр хан, білесіз ғой өзіңіз.
Сөздің басы қатты болса әманда
Тәтті болмақ аяғы.
Ұлы ағзам сіздің жазған бұ хатқа
Көп қиналды ойланып.
Қазақ деген еркін халық қайырусыз,
Өзге тұрсын өз хандарын тәрк етіп
Ұнатпаса жортып кетер жайына.
Ақ патшаның өміріне бағынын
Тұрар ма ертең бүгін берген сертінде?
Россия империясының қызметін
Атқара ма, құлдық ұрып қылаусыз?.
Бұл империя бағынышты елдердің
Басқа жаққа бұра тартар бұлтаңын
Көтермейді сірә да.
Әбілхайыр хан
Иә, білем бәрін, Мәмет мырза.
Ақ патшаның әзәлдан
Ығы қанша мол болса
Қолы сонша қатты еді.
Не де болса бетті осылай бұрдық қой,
Көштің беті жүре келе түзелер,
Жүре келе табысармыз біз дайын.
Бәтима ханым
Мәмет мырза, елші болып келсең де
Задың — башқұрт, түбің бір,
Қайнылықтан қашпассың.
Құрмет қылайын қайнымдай.
Мансабыңа лайық
Арнайы тіккен ордам бар
Мына Торғайдың бойында.
Ұзақ жолдан жал қыларсың.
Тәуекелев
Бәтима ханым, бек рахмет.

Бәтима ханым, Тәуекелев, Сейітқұлдар шығады.

Әбілхайыр хан
Қыңыр ғой Қайып хан,
Сәлемші салдым ел ағасы Төлеге
Ұлы жүздің көш бағдарын осылай
Бұрса керек терең ойлы қария.
Семеке хан түлкі мінез жымысқы
Ағысын бағып ол отыр.
Орта жүзді осы жолға
Сен бастадың, Бөкенбай.
Бөкенбай
Иілмен сынар томырық,
Жалтара білмес тоң мойып,—
Асу бермес асқар мен
Кешу бермес дариядан
Тура тартқан елміз ғой.
Қайтер дейсіз хан нем,
Көштің басы бұрылса,
Соңғы толқып лоқсып барып
О дағы түбі оралар.
Әбілхайыр хан
Сол лоқсуынан қорқам, Бөкенбай,
Арыны қатты ел едік,
Ақтарылып қалмасақ не қылсын.
Ресей деген алып қой,
Паналадық ығына.
Етене боп сіңісіп
Бауыр басып кетерміз бе?..
Бөкенбай
Екі қырдың арасы да адамды
Адастырады кей кезде.
Қиырды болжау оңай ма?
Тәуекел қылып бел буып,
Соныға тартқан сапар ғой,
Сәтті болғай деп тілейік.
Сейітқұл кіреді.
Әбілхайыр хан
Ел жиналып болды ма, Сейітқұл?
Сейітқұл
Жиналып болды, хан ием.
Әбілхайыр хан
Қауқылдасқан халықтың,
Қаңқуын қапы жібермес
Сақ құлағым едің ғой.
Аңғардың ба жұрттың ажарын?
Сейітқұл
Ажарлары әр қилы.
Көбінің-ақ сыңайы
Осы жолға бекініп
Белін буып келгендер.
Көпті көрген көнелер
Арғы-бергіні толғанып,
Қиналып отыр күрсініп.
«Әбілхайыр хан патшадан келген бар сыйды
Жалғыз өзі алды» деп,
Сұғанақ ру басылар
Есімді әбден тандырды.
Әбілхайыр хан
Сейітқұл (патшадан келген сыйлықты нұсқап)
Мына сүйекті сол иттерге таста.

Сауран мен Барақ сұлтандар келеді.

Хош келдіңіздер Сауран,- Барақ бауырым,
Қиын іске қадам басар шағымда
Демеу болар қос қанатым.
Барақ сұлтан
Әбілхайыр хан, қолпаштауың келісті.
Қолтығыма қойған көпшігің
Қолқама кетер тас болмаса не қылсын?!
Қайбір бауырың елжіреп бара жатыр дейсің,
Ағайыннан асын іс қылын,
Аяғын жұмсартпақ амалың дағы,
Әбілхайыр хан
Тындырын қойған ісім жоқ.
Елдің көшін оқысқа бұру
Оңай емес маған да.
Ақ патшаға ант берер алдында
Алдыңнан өтіп ақыл салғалы шақырдым.
Сауран сұлтан
Әбілхайыр хан...
Ант берем дейсің бе? ;
Сертінен аттап өткен адамның
Антында қандай тұрлау бар?
Әбілхайыр хан
Сен не деп тұрсың, Сауран сұлтан?
Сауран сұлтан
Сен ұмытсаң да мен ұмытпан
Ертеде берген сертімді;
Жәдіге мен Өсекенің әулеті,—
Жас өспірім екі сұлтан —
Басын қосып қазақтың,
Еңсесі биік ел қылмаққа ант еткен.
Бүгін міне сол екі жас
Қылаң тартып сақал-шашы
Жор ортасына келіпті,
Құдай куә тайғаным жоқ сертімнен.
Әбілхайыр хан
Сол елдің қамы емес ие,
Бәрімізді қинаған.
Мынау үлкен бет бұрыста
Бар тауқыметін көтерейік бірігіп.
Барақ сұлтан
Істерін езің істеп ап,
Тауқыметін артсаң шіркін өзгеге...
Әбілхайыр хан,
Оған сенің ақыл-айлаң жетеді.
Сауран сұлтан
Әбілхайыр хан, жеткен жерің, осы ма?
Әбілхайыр хан
Аз ғана күндік мансабыма мәз болып,
Уайымсыз жатқан күнім жоқ менің,
Тінтінектеп әр қияға көз салдым,
Өзге жолдың таба алмадым орайын.
Сауран сұлтан
Өз еркіңмен бағынасың ба өзгеге?
Әбілхайыр хан
Басқа амал-дәрмен жоқ.
Сауран сұлтан
Бұл қазақтың хандық үшін қырқысқан
Сұғанақ көз сұлтандары аз ба еді?
Қалтырары бар қолыңның
Тізгінге неге жармастың?
Барақ сұлтан
Әбілхайыр қанша терең жасырсаң да
Залымдығың сезілді.
Терезесі тең сұлтандарға
Өз қолыңның жетпегесін қаруы,
Патшаның темір шеңгелін Салмақсың ғой алқымнан.
Бөкенбай
Сауран, Барақ қос сұлтан,
Кебіңді біраз тыңдадым.
Барар жерің баяғы
Ескі шиыр шырғалаң,
Жел өтінде желпілдеген түндігі
Қараша үйін қазақтың
Ықтасынға қондыратын кез келді
Қара қазан, cap баланың
Ойладыңдар ма ертеңін?
Мен Әбілхайыр ханмен біргемін,
Қанды көйлек достым Сауран, сенің де
Ойланатын шағың бұл.
Сауран сұлтан
Не деп тұрсың, батыр достым Бөкенбай?
Өрге шабар өренім десем сен дағы
Сай сағалап бұқпантайға бастың ба?
Aт үстіндегі халқыңды
Жер шұқыған мұжықтың
Ығына қалай тықпақсың?
Аршындаған арғымақты
Арбаға, қалай жекпексің?
Бөкенбай
Асқақтай беріп қайтеміз, Сауран достым,
Аяқ артар қара таппай
Ақ табан боп шұбырғаның
Кеше ғана емес пе?!
Сауран сұлтан
Найза менен ақ сауыттың орнына
Құрық пенен қауға беріп қолына,
Жау өтінде ұстайтұғын жұртыңды,
Паналатсаң бір мықтының ығына,
Өз ошағын қорғай алмас мүсәпір.
Можан-топай момын болып,
Жүнжіп кетер ертең-ақ.
Барақ сұлтан
Көкейдегі сөзімді айттың, Саураным
Сауран сұлтан
Әбілхайыр хан,
Бергенін айтар қас жаманың емес ем,
Жақсылығымды салық қылып қайтейін,
Көңілім қалып, өкпемді артып кетсем де
Қиянат қылған жоқ едім.
Бала жастан бірге өскен екі дос —
Жар қабаққа келіп тұрмыз дәл бүгін
Қайтпасаң мына қияс жолыңнан —
Жау болармыз бітіспес.
Әбілхайыр хан
Сауран достым,
Маған қылған қызметің,
Мойнымдағы өтеуі толмас қарызым,
Жаным пида сол үшін.
Ал, қиянат қылсаң елдің мына ісіне
Оның жолы бір басқа.
Хан Әбілхайыр басыңды алар қаймықпай.
Сауран сұлтан
Бітіспейтін жерге жетсек екеуміз,
Сауға бер деп сұрамаспын басымды,
Барақ сұлтан
Әбілхайыр хан, табылмаймыз біз саған
Мына көздеген жеріңнен,
Қосылмаймыз Ресейге.
Сауран сұлтан
Қайтар ана ақ патшаның елшісін.
Егер ақ патшаға ант берсең
Тәуекелің тірі кетпейді бұл жерден!
Әбілхайыр хан
Солай ма?
Қолқама сірә көнбесең
Қоқан-лоққым бар дейсің бе?
Сауран сұлтан
Менің айтқан сөзімнің
Несие болмасын білуші едің ғой, хан ием.
Әбілхайыр хан :
Қорқытуға келдің бе, қос сұлтан?
Ағат бастым демеймін.
Жүз ойланып, мың толғанған ісім бұл —
Айнымаймын алған бетімнен,
Екеуіңе де ескертем —
Ел тағдыры таразыға түскенде
Аяушылық болмайды.
Бөкенбай

Қынабындағы қылышын, Суырып алып, Сауран сұлтанға ұсынады.

Сауран достым, қылышыңды қайтып ал, :
Кім біледі — күндердің күні болғанда -.:
Өз мойныңа шауып жүрмесін...
Сауран сұлтан
Не деп тұрсың, батыр достым Бөкенбай?
Алысқан қол, айтысқан серт осы ма?
Бөкенбай
Жол айрыққа келіп тұрмыз екеуміз.
Елшіні саған өлтіртіп :
Ел басына айықпас пәле төндіртер,жайым жоқ.
(Екеуі үнсіз қылыштарын алмастырып алады.)

Бәтима ханым. Қасында күтуші әйелі.

Бәтима ханым (әйелге).
Сыртқа шығып көз салшы,
Көрінбей ме екен Сұлтанның қарасы?
Қапелімде келіп қалса
Бейсауат жанды үй сыртынан жүргізбе.

Әйел шығады.

Қайсар еді жасынан,
Қайырылмай Кетсе қайтемін?..
Жоқ... бір соқпай кетпес...
Достық хақы — пайғамбардың парызы.
Одан аттап кеткені...
Апыр-ай қайдам...
Суып кетті арамыз.
Сөнген оттың қоламтасын қайта үрлеп
Тұтатпақ болған далбаса...
Жоқ, жоқ...
Боларым болып, бояуым сіңген шағымда
Албырт жастай алып-ұшып кеуілім...
Апыр-ау маған не болды?
Албырт шақтың басылмап па еді аптығы?!
Ендігі іздегенің басқа емес пе, Бәтима,
Қайда сенің салихалы сабырың?..,

Сауран сұлтан кіреді.

Сауран сұлтан
Бәтима ханым...
Бәтима ханым
Армысың, қайным.
Сауран сұлтан
Бәтима ханым,
Қияс келін ханыңмен,
Қайрылмай қырыс кетіп ем,
Келіспесін мәмілеміз
Күн ілгері білсем де
Аттап кете алмадым сенің сөзіңді.
Бәтима ханым
Сұлтан қайным,
Ескі достың оңай болмас борышы,
Ат құйрығын үзбей аздап сабыр қыл.
Бәрін естіп жатырмын.
Сауран сұлтан
Естігеніңнің қатесі жоқ ендеше.
Бітіспеске кетіппіз.
Бәтима ханым
Арыныңды басшы, сұлтаным.
Бітісер жол бітелген жоқ біржола.
Сауран сұлтан
Бітелмегенде не қалды?
Ахыреттік достарың
Антынан аттап, сертінен тайса...
Қан құйлы қас дұшпаннан бетер
Қаскөйлігі емес пе?
Ескі достары сатып кетті Сауранды.
Бәтима ханым
Қалай екен Сұлтаным?
Бәрімізге ен салып
Әр тұғырға қондырып
Талайымызды тәңірдей
Маңдайға жазып беріп ең.
Мықты емес пе еді есебің.
Есеңді не ғып жібердің?
Сүйгеніңді сатып жетпек мұратың
Уысыңнан сусып шығып кетті ме?
Сауран сұлтан
Табаң ба, бұл Бәтима?
Иә, иә, табаларсың, қорларсың.
Бәтима ханым
Қабырғаң қатып, бекіді ғой бұғанаң.
Қорлық десең бір қорлыққа шыдарсың:
Балапандай қауырсыны қатпаған
Жап-жас қыз да сол қорлықтан өлмеген.
Сауран сұлтан
Менің сол бір ісімді
Кек тұтып па ең өмірлік?
Бәтима ханым
Кек тұта алсам жақсы ғой.
Әйел залым қыбын тауып кек алып,
Айызы қанып арылар еді азаптан.
Сауран сұлтан
Ыстық көңіл суып бітер кез болды,
Сонда дағы қимастығың қалды ма?
Бәтима ханым
Ысыған көңіл басылар
Уақыт қана өткен жоқ,
Мұз боп катар кеудеге
Істерің түсті араға.
Сауран сұлтан
Елдің ісі — азамат ердің борышы
Ажыратса да Әбілхайырмен арамды,
Бәтима ханым өзіңнен
Үзе алмадым пейілімді.
Жұрт таң қалған қайсарлығы Сауранның
Дәл осыған жетпеді.
Шамырқанып көтерілген шар болат
Шабысар жерге келгенде
Сылқ түседі қолымнан.
Неткен жан ең осынша
Мүшкіл қылған халімді?
Бәтима ханым
Жауар бұлттай түнеріп
Төбемізде сен тұрсың.
Мүшкіл халің осы болса, сұлтаным,
Қаһарыңа қайта мінген кезіңде
Күніміз біздің не болмақ?
Сауран сұлтан
Қырсың жолдан қылышпенен қайтарып,
Қыңыр ханды тезге тарту орнына —
Есек дәме, алдамшы үміт жетелеп
Тағы келдім, Әбілхайыр алдына.
Істің артын сөзге салсаң шұбатын
Сиыр құйымшақ боп жіңішкеріп бітетін.
Бәтима ханым
Сол жіңішке жол іздегенім менің де
Екі бірдей марқасқаның басын
Бір қазанға сыйғыза алмай әлекпін.
Аңсағаным татулық пен тыныштық.
Сауран сұлтан бір қолқамды берер деп
Алдыңнан өттім қиылып.
Сауран сұлтан
Бәтима ханым, борышкер едім өзіңе
Аң жолыңа ғазиз басым құрбандық.
Сенің үшін жанымды отқа салар ем,
Әттең дүние-ай, осы қолқаң қинап тұр.
Бәтима ханым
Өткен ісің ұмыт бопты-ау сұлтаным,
Сенің қолқаң аз қинап па еді Бопайды?
Сауран сұлтан
Ол азапты ахыретке
Мен де арқалап кетермін.
Бәтима ханым
Хан мен сұлтан —
Бірің жұбайым, бірің қимасым,
Араңа түстім шырылдап.
Ата қуған жау емес,
Ажырасқан екі дос
Табысар кезің келіп тұр.
Абзал тұтып ардақтаған, сұлтаным
Қайтсаң етті райдан.
Сауран сұлтан
«Абзал тутын ардақтаған сұлтаным...»
Осы сөзді аярлықпен айтпасаң
Қайтар ана Әбілхайыр ханыңды
Мына қырсық жолынан.
Бәтима ханым
Ол қолымнан келмей тұр, сұлтаным,
Сауран сұлтан Солай ма?
Кімнің түтінін түтетсең
Соның сөзін сөйлерсің деген осы да!..
Өлген екен Бопай қыз.
Бәтима ханым
«Өлсін» деген өзің емес пе ең?!
Әбілхайырға сен қосқанмен
Қосыла алмай көп қиналды Бопай қыз.
Амалы қанша бейбақтың...
Мезгіл өтті — заман озды, ескі тозды.
Жуыспай жүрген жарына
Түршігіп жүріп түшіркеніп,
Жатырқай жүріп жанын берді ақыры.
Бопайды енді іздеме.
Сатып кеткен малын қайта даулаған
Саудагерді көріп пе ең?!
Түтеткенім Әбілхайырдың түтіні
Сөйлейтінім де соның сөзі, жасырман.
Сауран сұлтан
Өлсем көрге бірге кетер сырым ед.
Ат құйрығын үзер жерде айтайын.
«Көп қиналды дейсің Бопай қыз
Ал, Сауранның халің білдің бе?
Қыршып алған кіндіктей.
Арамызды бір-ақ үзіп тастамақ
Есебім жаңсақ болыпты.
Қарылып келем өмір бойы
Тозақтың сөнбес отына.
Әбілхайырға, өз қолымнан сені берсем де
Қызғаныштан өртеніп кете жаздадым.
Жатсам-тұрсам көз алдымнан
Кетпей қойды Бопай қыз
Тыйылармын деп ем сүйгенім
Жұбайы 'болып өзгенің
Басына жаулық салғасын.
Хан сарайында толықсыған келіншек
Бәтима ханым қайта түлеп құлпырып
Өзегімді одан бетер өртеді.
Заман озды — ескі тозды дейсің бе?
Жоқ.
Саған деген ынтығым
Толас бермей бір сағат
Аш бөрідей тойымсыз
Кеміріп жатыр қолқамды.
Заман озды мінезің менен ақылың
Алты алашқа әйгілі
Бәйбіше болдың салихалы.
Сонда да ынтығым тынбады;
От басымның ажары,
Балаларымның анасы
Ақылгөй.сырбаз серігім
Әттең дүние, болмадың, деп сен неге
Құса болды көңілім. ....
Толтырам деп ойсыраған орныңды
Шариғатты аттап алты қатын алып ең
Бір аққудың орнына
Арзымайды екен жүз дарға —
Бекер болды бәрі де!
Қайтейін несібесі мол екен
Әбілхайыр шіркіннің
Қош бол, Бәтима ханым,
Хан сарқытына сұқтанған
Көп сұлтанның ішінен
Таба алмассың Сауранды.
Бәтима ханым
Сабыр қылшы, сұлтаным...
Апыр-ау... Хан иеме қиын ғой,
Онсыз да көп дұшпаны
Қиын-қыстау кезеңде
Қасында болсаң деп едім...
Сауран сұлтан
Маған оңай болып па?
Әбілхайыр тонап алды
Тамтығымды қалдырмай.
Айтар сөзді тауыстық.
Арамызда ажал тұр.
Қолымды жіпсіз байлаған
Сен ғана едің, Бәтима.
Сенен де күстім біржола.
Хош бол, ханым!..

Шығады.

Бәтима ханым
Сұмдық...
Бір сұмдықты сезгендей.
Түршігіп кетті-ау жүрегім.
Қан...
Қан төгіске бастан кетті-ау бұл Сауран.
Апыр-ай... Екі асыл ғазиз бастың
Ыршып түспей біреуі
Тоқтамас сірә бұл егес.
Қан тартып тұрған қайсысы екен?
О, жасаған,
Екі арысымның жұрынын
Бір өзіңе тапсырдым.

Ант
Биік төбенің басына жиналған халық. Топ алдында Әбілхайыр хан, Бәтима ханым, Тәуекелев, Бөкенбай, Сейітқұлдар. Азғана тобы бар Барақ пен Сауран сұлтандар да келеді.

Әбілхайыр хан
Уа халайық, қаумалаған қарындас.
Ен далада еркін жайлап
Жайыла көшкен ел едің.
Еркін дәуренің етіп кетті.
Жан-жағыңнан жалаңдаған көп дұшпан
Сүргін салып жеріңе
Талай тығырыққа тіреген жоқ па?!
Уа, ұмытармысың кешегі
Ақтабан боп шұбырған
Қаралы босқын күніңді?!
Маңдайыңа жазған сорыңның
Сол болар деймісің нақ соңы?!
Арғың менен бергіңді
Келешек ертеңгі күніңді
Көп ойладым түндер бойы дөңбекшіп.
Бүгін келіп тағы да
Тар қияға тірелдің.
Тізгініңді беріп тірлігіңді
Артқаннан соң мойныма
Жатпай-тұрмай жол іздедім халқыма.
Тар қиядан алып шығар
Соны соқпақ мегзедім.
Пана керек арқа сүйер
Демеу болар күш керек —
Осы екі керегіңді
Орыстан тапқан жайым бар.
Д а у ы с т а р
— Ниетің қабыл болсын, хан нем.
— Сөзіңе құлдық, алдияр.
— Жоқ, бағынбаймыз орысқа. Иә, қосылмаймыз ешкімге.
— Жоқ, қосыламыз. Пана керек халыққа.
Әбілхайыр хан
Уа халайық, сабыр қылыңдар.
Ұлы ағзам ақ патшаның елшісі
Мәмет мырза сөйлесін.
Тәуекелев
Қадірлі қазақ туғандар,
Сіздің ұлық мәртебелі
Әбілхайыр ханыңыз
Ұлық мәртебелі, күн сәулетті
Император ұлы ағзам
Анна Иоанн қызына
Елші салып қазақ халқын өзінің
Шапағатлы қол астына аларға
Өтініш айтты бегірәк.
Император ұлы ағзам
Анна Иоанн қызының
Рахымы түсіп сізләргә
Әбілхайыр баһадүр ханның өтіліп
Қабыл алды құн көріп.
Бұл - қазақ халқы үшін
Нендей дә зур шапағат.
Сіздің татар, башқұрт туғандар,
Ресей империясын паналап
Берекелі тыныш шәп ғұмыр
Яшап килә куп иыллар.
Қазір Ресей империясы жиһанда
Дұшманнарын түгел ықтырған,
Айбатлы һәм зур мәмләкат.
Күн батыс уә күн шығыс,
Солтүстік уә оңтүстік
Көрші елдердің һәммасы
Ресейдің қаһарынан қорынып,
Аны бегірек те құрмет, тұталар.
Барақ сұлтан
Ресейің сонша күшті болғанда
Кеше сонау Хиуадан
Бекөбіштің ақ құнып
Неге өндіріп алмады.
Тәуекелев
Хиуадан Бекович —
Черкасский мырзаның
Құнын өндіріп аларға
Ресейдің күші жетпей қалған жоқ.
Пұрсаты болмады ол кезде.
Аннан кейін ұлы ағзам
Петр патшаның қазасы
Қол байлады еріксіз.
Хиуаға Бекович
Тағу ниет тауфиқлы
Елші болып барғаннар.
Уапат қылу елшіні
Хайуаннан зұлым жауыздық.
Жаман ғадет дәл мұндай.
Ғибадатлы илдәрдің
Дәстүрінде болмаған.
Ресейдің мәмләкаты алып-дүр,
Надандықтан болған ғайыпты
Кешіре де білетін
Нағыз сахи, кең пейіл.
Ал, қастандық етіп ә деді,
Ресейдің ар-намысын шабақтап
Сорақы қылмыс жасағандар бар болса
Құтыла алмас жазадан.
Қалай салса - да жетеді
Ақ патшаның құрығы.
Сауран сұлтан
Қоқиланып. айбат шегіп тұрғаның
Зеңбірегің мен тас қамалың ғой бекінген
Әттең, шіркін ашық далада.
Көрер едім кездессең.
Әбілхайыр хан
Уа, қарындас,
Кемедегінің жаңы бір.
Қарға тамыр ағайын
Бір кемедегі елміз ғой
Шашырағаннан не таптың?
Қалай қарай бет бұрсақ та.
Тізе қосып бір болайық бәріміз.
Пәтуамыз не болмақ?
Кәне лебізіңді білдір.
Сауран сұлтан
Уа, халайық.
Осы бір сезге ұйып қалар түрің бар.
Саған деген екпем жоқ, қайтейін
Көш бастаушың ықтасынға сүйресе
Ырқына қалай көнбессің?!
Өресі тар — қызылшыл,
Үйкүшік ынжық хандар-ай —
Құлқының үшін қырқысып
Қатынына дейін қару ұстаған қазақтың
Жігерін міне құм қылдың.
Басын қосып бабын тауып
Салсаң егер жауыңа
Жарып өтер наркескенің емес пе?!
Дүр сілкінтіп, дүниені
Дүбірлетер ұл қайда?
(Әбілхайырға.)
Қалың елдің көшін бастар көреген
Көсем тұтып көксегенім сен болсаң
Қарағайдай мүйізіңді қайтейін
Серкелікке жарамасаң.
Дауыстар
— Уә, бәрекелде, дұрыс айттың.
— Сөз болғаныңа.
— Нағыз жарға жығар сөз.
Тыныштық керек халыққа.
Әбілхайыр хан
Асқақтай .бермей, Сауран достым,
Аяғыңның астына да қарашы.
Ен далада еркін жортқан
Көшпендінің ат тұмсығы
Тас қамалға тірелді.
Жел айдаған қаңбақтай
Сар далада сағым қуып біз жүрміз.
Өнері бар жер шұқыған көршілер
Әр қамалы темір қазық мызғымас
Қағып жатыр дәл өкпеңнің тұсынан.
Қане сенің арда сүйер астанаң?
Қайда сенің табан тірер қамалың?
Көшпеңді елдің босқын болуы қиын 5а?
Кеше келіп тас төбеңнен
Әңгір таяқ ойнатқан
Ойрат-қалмақ не болды?
Енді қайтып көтере алмас еңсесін
Елдігінен айырылып
Кеткен жоқ па тоз-тоз боп.
Сайда саны, құмда ізі қалды ма?
Ертеңгісі сол емес пе қазақтың?!
Мансап емес хандық қамыт мойнымда,
Тауқыметін арқаладым бұл өлдің.
Даңқы менен дақпырты емес желбуаз
Күн көрісі, тірлігі керек халқымның.
Д а у ы с т а р
— Сөзіңе құлдың, хан ием.
— Көкейдегіні айттың. Тірлік керек.
Сауран сұлтан
Ойлағаның бір қарынның қамы ма?
Ит те, құс та несібесін алып жүр.
Ер азығы мен бөрі азығы жолында
Жортуылдан жемін тапқан халықпыз.
Ат үстінде бұл қазақтың тірлігі
Аттан түсіп белін шешсе босаңсып
Қой баға алмай қожырап кетер біржола.
Әбілхайыр хан
Ат үстінде ағаш найза ойнатып,
Зіркілдеген зеңбірекке
Қалай қарсы шабарсың?!
Тас қамалға тісі батпай көшпенді ел
Бір-бірінің кеңірдегін үзіп жер.
Асқар таудай астанам жоқ ту тігер
Тым болмаса бекітпекпін іргемді.
Уа, қарындас.
Осы болсын пәтуа.
Дауыстар
— Төреңе құлдық, хан нем.
— Жоқ, қосылмаймыз орысқа.
— Пана керек халыққа. Құп аламыз
— Бағынышты болар жайымыз жоқ.
— Елдің қамын неге ойламайсыңдар.
— Ақтабан шұбырынды қайтып келер ертең-ақ.
Нартай
Уа, әлеумет, уәжім бар.
Дауыстар
— Нартай батыр сөйлесін.
— Нартай құл демейсің бе.
— Батырлығымен басын азат еткен жоқ па.
Әбілхайыр хан
Сөйле, батырым.
Н а р т а й
Уа, қарындас,
Қитықтырып қинап жүрген түйінің
Шешілетін күн: бүгін.
(Сауран сұлтанға.)
Уа, тақсыр сұлтаным,
«Ер азығы мен бөрі азығы,;
Жолда болар» дедің-ау.
Оныңа құлдық ұрайын.
Ал еңкейген ескі кәрің мен
Еңбектеген жасыңның
Азығы қайда болмақ-ты?
Сауран сұлтан:
Ол ер" азаматтың білегінде,
Жаугершіл елдің жүрегінде.
Н а р т а й.
Шаруа қумай жау қусаң
Ғазиз басың жауда қалмақ-ты.
Сонда артыңдағы қатын-балаң
Қайда қалмақ-ты?
Малды емеспін жарлымын.
Еңбегін сауған кем-кетікпін.
Артылып тұрған бойым жоқ
Қалың көптің бірімін.
Ойладың ба, сұлтаным,
Ахуалын сол көптің?
Уа, хан менен сұлтаным,
Жақсы менен жайсаңым,
Қарашы анау халық деген ат нөпір,
Қалың көпке самсаған!
Сені бар қылып семірткен
Соның еңбегі мен тірнегі емес пе?
Сені батыр қылып елірткен
Соның білегі мен жүрегі емес пе?
Қаумалаған халқың болмаса
Қай кәдеге жарайсың?!
Сол халқыңа ендеше,
Неге бейбіт-береке
Іздемейсің тыныштық?!
Дауыстар
— У а, бәрекелде, сөз-ақ,
— Ойымыздың үстінен түстің, азаматым;
— Тыныштық керек халыққа.
Б ө к е н б а й
Мен де құладым, хан иемнің уәжіне,
Орта жүзден маған ерген жұрағат
Осы жолға ниет қылар айнымай.
Дауыстар
— Біргеміз, батырым.
— Сенің етегіңнен ұстағанбыз, Бөке.
— Тәңірім тілеуіңді берсін, батыр-еке.
Әбілхайыр хан
Уа, халайық, осы уәжге тоқырап
Ресей еліне қосыламыз ғой.
Пәтуа осы емес пе?
Дауыстар
— Пәтуа! Қосыламыз!
Бәрекелде!
Барақ сұлтан
Жоқ, біз қосылмаймыз.
Сауран сұлтан
Қосылмаймыз еш елге.
Бағынбаймыз өзгеге!
Әбілхайыр хан
Қыңыр тартқан қос сұлтан,
Қисайған күйі қаласың да.
Халықтың сөзі басқа.
Мен мына көпке жығылам.
Дауыстар
— Сөзің түзу, хан ием,
— Пәтуа қылдық осыған.
Барақ сұлтан
Мына залым Әбілхайыр,
Елдің бетін бұрып алды — бұлтартпай.
Сауран бауырым, осы жолы ырық берсең
Ел тізгіні енді қайтып ілікпейді қолыңа.
Көп асқанға бір тосқан,
Тосатын жерің келді енді.
Сауран сұлтан
Әбілхайыр хан,
Құшырланып құша алмаған жарымды,
Бет ажарымды, иманым мен арымды
Түгел беріп ем жолыңа.
Жұрдай қылып тонап алып
Бойымдағы барымды
Құлазыған жапанға
Жалғыз тастап кеттің бе?
Жоқ.
Қорлығың өтті-ау, бауырым.
Жастығын алып өлуге.
Жарамайтын жасық-демесең
Дәл осылай қорламас ең Сауранды.
Тәуекелев
Қазақ туғандар, күн сәулетті ұлы мәртебелі император ағзам қазақтың ханы Әбілхайыр баһадур ханнан Ресей тағына адалдыққа ант аларға маған рахым етті. Алдияр, ант беруге әзірсіз бе?
Әбілхайыр хан
Уа, халайық, қалың елім, қарындасым.
Тізгініңді сеніп маған беріп ең.
Жолың оңай болған жоқ.
Талай тайғақ тар кешуден
Қиналып өттік аллалап.
Алдыңда талай қиын өткел бар.
Тұтқиылдап тосқан қауіп бар,
Төтеннен келер поле бар.
Пана болар күш іздедім өзіне.
Бүгін міне тәңірім беріп.
Арқаңды әкеп бір алыпқа тіредім.
Күн туғанда басыңа
Демеу болғай ол саған.
Қабыл болсын ниетіміз.
Ұлы орыс елімен
Мәңгі-бақи жүн жазбай
Бір болуға ант етеміз бәріміз.
Бәрі:
Ант етеміз.
Барақ сұлтан
Жұрдай болдың халықтан,
Кезің келді қимылдар.
Жәдігеңің әулеті
Сені жауға бермейді.
Ал, сілте.
Сауран сұлтан
Әбілхайыр хан,
Қан айдаған осы жолға өзіңді.
Өмір бойы Саураннан
Сатусыз алған дүниеңді
Бір соққымен қайырам.

Сауран сұлтан Әбілхайыр ханға қанжар салады: Әбілхайыр құлайды. Бәтима ханым басын сүйейді. У-шу.

Барақ сұлтан
Әп-бәлем, Әбілхайыр, мүрдем кеттің.
Қанның ізі суығанша
Барак, сұлтан бұға тұрар бас бағып.

Кетеді.
Бөкенбай қылышын суырып Сауран сұлтанға ұмтылады. Сауран қарсыласады.

Сауран сұлтан
Оңайлықпен ала алмассың,
Батыр достым, Бөкенбай.
Қайдасың, Барақ бауырым?
Қайдасың?
Сейітқұл
Барақ сұм ба еді, қолтығыңа су бүріккен?!
Алды-артына қарамай зытып барад әнекей!
Бөкенбай
Таста қаруыңды, Сауран сұлтан.
Ажалын сыйла арыстың.
Сауран сұлтан қаруын тастап сұлық тұрып қалады.
Бәтима ханымның жылаған даусы естіледі.
Бәтима ханым
Қайран арысым-ай,
Орны толмас боздағым-ай,
Қапы кеттің-ay;
Арманда кеттің-ау, аһ ұрып.
Сейітқұл
Бәтима ханым, таусылма,
Басыңды көтер, беліңді бу.
Халқың өзіңе қарап тұр.
Асқар тауы құлап,
Ауыр қаза жаншып
Дағдарып тұр мына жұрт.
Бәтима ханым
Дағдарып тұр дейсің бе?,.
Арысымнан айырылған,
Қанатымнан қайрылған,
Мен бейбақтан не қайыр?
Бөкенбай.
Жоқ. Бәтима ханың,,
Шойырылған беліңді ,бу,.
Жығылған туыңды көтер.

Халқың саған қаран тұр,
Ендігі ел анасы өзіңсің.. .
Әбілхайыр арыстың
Аузында кеткен сөзін айт.
Үзіліп қалған ісін жалға.
Н а р т а й : ':
Иә, ханым,
Қайғыңды ел .боп көтерейік,
Еліңнің еңсесін сен де көтер.
Тәуекелев
Әбілхайыр хан ант беріп еді,
Енді нешік болмақ, туғандар?

Бәтима ханым (басын көтеріп, есін жинап алады. Қолы, омырауы қан)

Арыстаным ант берсе —
Артындағы қалың ел -
Антынан аттап өтер ме?!
Уа, халқым,
Сенің тірлігің мен үмітін,
Атар таңыңның тыныштығы емес не ед, .
Оны осы жолға әкелген.
Жолын ұстайық бұлжытпай.
Боздағымның қанымен,
Халқымның запыран зарымен
Ант етейік адалдыққа!
X а л ы қ
Ант етеміз.

Түнгі сыр
Ең бастапқы көрініс. Қара жамылған Бәтима ханым, қолы кісендеулі Сауран сұлтан.

Бәтима ханым
Ал, сұлтаным,
Арғы менен бергіні
Түбіне дейін тебіренттің.
Сыздаған ескі жараға
Білте салын, айғыздадың аямай.
Қаралы шемен көңілдің
Қай-қайдағысын қоздырдың
Тапқаның қайсы сондағы?
Сауран сұлтан
Не табушы едім,
Бәтима ханым,
Шерменденің шері бұл.
Әбілхайыр өлгенменен он есе
О дүниеге алып кетті ұпайын.
Жұрдай болып тоналып
Артында оның мен қалдым.
Әттең! Тұғырға қонып қайтадан
Ту ұстайтын күнім жоқ.
Бәтима ханым
Сенің сол күніңнен шошимын.
Сауран сұлтан
Не дейсің, Бәтима ханым?
Бәтима ханым
Елдің осы жолына шалынған
Құрбандығым аз ба еді?!
Алғашқы ынтық аңсарымнан айрылын
Ет жүрегімді отқа сап
Шыжғырмап па едім жанымды?!
Жанарыстай жан бауырым
Арманда кеткен қыршыным...
Он жеті жыл отасқан
Үш баламның атасы
Әбілхайыр боздағым...
Осының бәрін аз десең —
Қожахметім сүт кенжем
Оны да бердім аманатқа.
Қайырусыз мына тентек ел
Бір күні қырсық баспаса...
Қарғамның күні не болмақ?!
Басқаны білмесем де
Сенің сырың маған мәлім, сұлтаным.
Тағы да бір қырсық бастайсың
«Ақтабан» мен «Алқа көлді»
Қайтып әкелесің сорлы елдің басына.
Жұртымның атар таңының
Тыныштығы үшін — еркек тоқты құрбандық.
Сауран сұлтан
Басымды сенен сауға; сұрасам
Бір емес екі қайтара өлгенім.
Сен ер азаматқа бергісіз нарсың ғой, Бәтима.
Нар да болсаң затың әйел.
Ердің қанын әйелдің мойнына артқаным
Саурандығыма жараспас.

Сақшының найзасын жұлып алып өз кеудесіне түйрейді. Құлайды.

Бәтима ханым
Сауран! Сұлтаным (тізерлеп Сауран сұлтанның үстіне төнеді).
О, тәңірім!
Жалғандағы жақынымды
Бітіспейтін жау қылдың.
Бұл дүниедегі қимасымды
Өз қолымнан оққа байлаттың!
Қай күнәмнен жазып едім жасаған?!,
Өңменімізге найза тақасып тұрсақ та
Баса алмаушы ем жүрегімнің лүпілін.
Басылмай кеткен аңсарым,
Суымай кеткен ыстығым,
Өзімменен көрге кірер ынтығым!
Сауран сұлтан
Ризамын, Бәтима,
Өлмеген екен Бопай қыз.
Бопайым кеш мені. Бопай...
Бақұл бол (өледі).
Бәтима ханым
Хош арысым, боздағым.
Басындағы қаралы жаулығымен
Сауран сұлтанның бетін жабады.
Шашы жайылып кеткен.
Орнынан көтеріле береді.
Елім-ай, маңдайың неткен тар еді
Екі арыстан сыймаған.
Еліне тұлға екі арыс
Бітісер жолын таба алмай
Бір-біріңнің түбіңе жеттіңдер.
Қағусыз өскен қиын елдің салмағын
Бір әйелге тастап кеттіңдер.
Белім талды ғой.
Дағдарған елді тар қиядан
Алып шығар ұл бар ма?
Қайдасың, азамат?..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер