Қақса бұлбұл таңдайын – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Қақса бұлбұл таңдайын» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 594
Аласапыран қар кетіп
Қыр қарсы алса көктемін,
Теректі жел тербетіп,
Жылыта түсер көкте күн.
Дала шешіп ақ тонын,
Тау бүйірі бу атып,
Бұлақтар толқын төккенін
Көрсең шыңнан құлатып,—
Тас емшегін бұлт еміп
Керілер кербез Алатау,
Тұрғандай-ақ тіркеліп
Төбесі күміс қарлы отау...
Алма бағы Алматы
Арайлана тұрса бір,
Ақ көбелек қанаты
Секілді — әсем жарса гүл...
Жаздың әнші қонағы
Қақса бұлбұл таңдайын,—
Көкейіме қонады,—
Менің де, тәтті талай үн...

1958


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері