Күн батарда – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Күн батарда» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 823
Екі жарын өзеннің
Көк тоғайлар көмкеріп
Тұрғандарын сезем мен
Басын суға төңкеріп.
Бала қайың жағада
Түріп күміс балтырын,
Күн батарда жай ғана
Суға түскен ақырын...
Құлағында тізілген
Көк жапырақ сырғасы,
Мықынынан үзілген
Сұлуға ұқсас тұлғасы.
Тізесінен түрініп
Суға малшып қыз қайың, –
Гүлі желге үрініп
Көрдім толқын сызғанын.
Сол бір кезде сұр қанат
Шағалалар алды орап,
Ұшты өзенге сорғалап,
Тұрдым алға мен қарап.
Еліктей ме ақынға,
Еркелейді толқын көк,
Толқымай қалар ақын ба,
Ақын да кетті толқын боп...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері