Жердің алтын астауы

Бұл бетте «Жердің алтын астауы» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 844
Бұлт емшегін, саудырғандай жебелеп,
Көктем ылғи көктен жаңбыр себелеп,
Жер төсіне төкпепті бір бекерге,
Ақ тамшыдан күміс шеге шегелеп!..
Жер шегелей тама, тама тамшылар
Тамғанының мәнісі де бар шығар, –
Көктемдегі тамған тамшы – жаздағы
Тыңнан мәрмәр мөлдіреген дән шығар.
Төккен тамшы телегейін аспаны
Қотарып ап жердің алтын астауы
Көкшетау мен Қостанайдың қойнынан
Дәннің гауһар тасқындарын шашты әні.
Жез бұрымды дән бой жетіп тұрғандай
Жайқалады жондағы алтын ормандай,
Күн жалаған комбайнның орағы
Тұр жарқылдап, әп-сәтте дән орғандай.
Дәнді лезде тазартуға тәртіппен,
Айналтқандай қырманды мың тетікпен,
«Раздолый» совхозында механик
Николай жүр зергерлігін жетілткен.
Осы зергер Мартынович Николай:
Жаңбыр жаумай, жел де тұрып бұрқамай,
Күн жадырап, ел ораққа шықса екен! –
Деп, күтуде – алақанын уқалай!..
Агроном баса киіп қалпағын,
Аралап кеп ақ бидайдың алқабын,
Тоймай егін теңізіне қарайды
Толқын атқан алқабынан Арқаның.
Сонсоң жұлып бір бидайдың басын ап,
Үгіп басын алақанға шашып ап,
Мөлдіреген мәрмәрларға қадалса, –
Тұрғандай-ақ кезіне ырыс шашырап.
Сол сәт лезде бұрқыратып бір жақтан
«Волга» мініп жол бойымен заулатқан
Директоры шығар деймін совхоздың, –
Тоқтап, үні естіледі тіл қатқан...
Алдарында толқын егін теңізі,
Меруертке малынғандай жер жүзі,
Аспан астын алып жатты жайқалып,
Толқынына тұрды тұнып ел көзі...
Көк мұхитқа жүзгендей бір нән жайын,
Иә, бұлт сөккен лайнердейін комбайн
Жүзуге егін мұхитына қомданған,
Дән көрсе, тек, қағып темір таңдайын.
Бұлт емшегін саудырғандай жебелеп,
Көктем ылғи көктем жаңбыр себелеп
Жер төсіне текпепті бір бекерге,
Ақ тамшыдан күміс шеге шегелеп.
Тама, тама – жер шегелей тамшылар,
Тамғанының мәнісі де бар шығар.
Көктемдегі тамған тамшы – жаздағы
Тыңнан мәрмәр мөлдіреген дән шығар!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Жердің алтын астауы өлеңінің авторы кім?

Тайыр Жароков — осы өлеңнің авторы.

Жердің алтын астауы өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Жердің алтын астауы өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Тайыр Жароков өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Жердің алтын астауы өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері