Мотор жыры
Электрлі күшті станок
Найзағайдан от алғам
Тіл үйрендім,
Күй үйрендім,
Электр күш Мотордан.
Мотор күйі ең қиын күй...
Мотордың мың күйі бар.
Жасыл жайдан Найзағайдан
Үйренген күш, Биі бар!
Мотор билеп, мотор сөйлеп,
Miне электр күшіне!
Бұрқанып тоқ,
Жарқылдап от
Күш қосады Ісінсе!
Мотор күйі — еңбек күйі;
Мотор — еңбек тұлпары,
Шомып терге,
Өршіп өрге
Жер сілкінте
Жортады!
Әне! Алмас шаңырақтай
Айналған ақ тегершік
Тынбай желіп, Дөңгеленіп
— Май ма аққан?
Тер ме, ыршып.
Белдіктелген ақ тегершік
— Майлы қара қайыспен
Жерді тоқтан
Солқылдатқан
Күні-түні. Шабыспен.
Газ жел берсе желпінеді,
Желмаядай маховик!
Электрдің Тогына сым
Тұрса да мың Маталып.
Бейне мотор омыртқасы
— Болат шатон құжынап!
— Буын тұтқа,
Жұлын тұтқа
Сияқтанып Созылады!
Көмейінен от шашып тұр!
Тоқсан тілді топсасы!
Топса басқан
Отты шашқан
Электрдің
— Шоқ шашы
Жалт-жұлт еткен болат мотор
Қабырғасы иілген,
Қызып токқа
Мінген шақта
Мың иіліп
Бүгілген.
Жымың қағып, жұлдыз көзді от
Мың-миллион тілдері:
Мың-миллион
Тілдерімен
Қызықтырар
Билері!
Мотордың мың кейбіреуге
Терең жұмбақ сырлары!
Бізге сырттан
Көріп ұққан
Естіледі — Жырлары.
Миллион тілді сол мотордың,
Ұқтым еңбек сырларын.
Тілін ұғып
Ойға түйіп
Еңбек күйін
Жырладым!
— Құлақ салып, тыңдап едім
Келді терең сырлары.
Әппақ кіршік
Мың тегершік
Сонда былай
Жырлады:
— Тоқталмастан дөңгеленем,
Мүддесіне ел дайынмын.
Мен құрышы Еңбек күші
Электр ток Жалынның!
— Мен моторы, — тегершігі
Еңбек атты майданның,
Біздің еңбек Қызыл өрлеп,
Майланды да Айналдым!
— Мен қалмаймын, мен талмаймын
Алмас-болат табаным!
Сол табанмен
От жалынмен
Аттайды алға
Қаламым.
Жарысыммен, шабысыммен
Майданда озбай қоймаймын!
Жасыл жайдан
Жаратылғам
Найзағайдай
Ойнаймын!!!
Жалындана мен желпініп,
Жерге бұрғы бұратам!
Құрыш өңеш
Трубаларға
Мұнай атам Оратам!
Дүрсіліммен, күрсіліммен
Жарам жердің құлағын!
Ақтара атам Фонтандатам
Ембі-нефті Бұлағын!
Топандата, толқындатам
Көзін мұнай тасқынның,
Көкке шалқып
Алам аңқып,
Толқынындай
Каспийдің!
Деп бұрқанып мотор мойыл
Қарамаймен бұрқылдап,
Билеп жатты
Әнін айтты
Нәзік күймен
Сыңқылдап!
Мотор күйін тыңдап болып,
Оң жағыма қарасам!
Батыр мүсін,
Палуан пішін
Көзге түсті Орасан!
Жап-жалаңаш бұлшық еттер
Тау тасындай түйілген.
Ол именбей Тиірмендей
Темірлерді Үйірген.
Бір уақытта тастай беріп,
Жарты бұттық балғаны.
Мотор кілтін
Мық-мық винтін
Тазалады, Майлады.
Кіршіктей қып тазалады
Станоктың тілдерін,
Қадағалап,
Алды қарап,
Зырыл қағып
Жүргенін!
Байқады да компреске
— Электрден от берді.
Жер сілкінте
Күшті үдете
Зымырауын
Құп көрді!
Машинаның тілін біліп,
Сөйлетті де жүргізді.
Күшті тоқты
«Станокты»
Көмейінен Күлгізді!
Қиылыңқы қара мұртты
Жіберді де шиырып,
Тағы екінші,
Он жетінші
Станокке
Шүйіліп;
Жетіп барып, балғаны алып,
Жинап құрыш жігерді.
Кілтін ашты
Көк алмасты
Шертіп-шертіп
Жіберді.
Сол уақытта жалын жұтқан
Көкшіл алмас кесілді,
Минут тынбай
Жүрді зырлай
Еркін желдей
Есілді!
Жалба тұмақ көп-кешегі
— Сол қазақтың баласы,
Бүгінгі күн Машинаның
Тілін білген Қарашы!
Көріп тұрмыз құрыш қолдан
Мың-мың балға ұрылған!
Коммунизм
Шын негізі
Күн-күн күшті
Құрылған!
Соқ, Балғабай, соғыңқыра,
Өндірістің балғасын!
Мығым ұста,
Тұрма босқа,
Жұмыс тоқтап
Қалмасын!
Құтты балғаң, қолда ойнаған,
Жігерленсін желді екпін,
Бас тез қадам,
Мың-мыңдаған
Армиясы Еңбектің!
Топандата алшы тартып,
Көзін мұнай тасқынның,
Көкке шалқып,
Ақсын аңқып,
Толқынындай Каспийдің!
Атлас болат мотор тершіп,
Винті таза майлансын!
Ақ тегершік
Өрге өршіп,
Минут тынбай Айналсын!
Соқ, Балғабай, майлаңқыра,
Ақ тегершік айналсын!
Тұрма босқа,
Мығым ұста.
Тоқтап жұмыс
Қалмасын!
1931
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі