Құрыш құюшы
Түркістанның қасындағы
Шәуілдірдің ауданында
Жаз болса егіс басындағы
Бір колхоздың аумағында:
Күн жалатқан кетпеніне
Дәрібай шал мұрат еді.
Өкінбей тер төккеніне,
Елге еңбегі ұнап еді.
Далада егіс гүл найқалып,
Бір жағында аппақ мақта.
Көзге алыстан толқынданып
Ұсайды ұлпа ақ бұлтқа.
Көзді тартып ырғалуда
Егін дәні алтын тегі.
Дәрібайдың жүр жанында
Жас баласы Алтынбегі.
Көмектесіп, күз сабағы
Басталғанша мектебінің,
Еңбек етіп, күш салады,
Ол өткізбей текке күнін.
Әкесіне болысады
Су құйысып мақтасына.
Бақшаны да салысады,
Ағаш егіп үй қасына.
Ер майданда, ел еңбекте,
Кезі еді Отан соғысының.
Жас та болса Алтынбек те
Қамында елге болысудың.
II
Дәні құтты алтын мұртты
Орылуға піскенде егін.
Шақырды аудан Алтынбекті
Қырманға енді түскенде егін.
Жазыпты аудан, салып хатқа
Алтынбектің атап атын.
Барасың деп бір заводқа
Болат қорытып балқытатын.
Сол заводта құрыш қорыту
Үйренесің өнеріне;
Машық қылады сені ол оқу
Депті өндіріс өміріне.
Сонда бала ойлай қалды,
Бір қызарып, бір сұрланып.
Тесе қарап, оттай жанды
Қара көзі ұшқынданып.
Майданға деп тілек қылсам,
Әскерге алмас, толмай жасым,
Жауға ажал деп болат құйсам,
Емес пе ерге қолғабысым.
Деген ақыл түсіп кенет,
Басқа ойға бір бұрылтпай.
Жігер оты кетті кернеп,
Бала бойын жұдырықтай.
Бүйрек сынды бетінде оның
Серпіп жұқа қан жүгіріп.
Билеп шаттық сезім өңін
— Барам!—деді күліп тұрып.
III
Дәрібай шал сом кетпенін
Қойып жерге иығынан.
Маңдайының сүртіп терін,
Күліп тұрып миығынан:
— Балам, жастай сапар шегіп
Кеткеніңе қиналмаймын.
Налымаймын жасым төгіп,
Бетіңнен қайт дей алмаймын.
Балқытарлық көк болатты
Құрыш тайын қолың болсын!
Болаттан ұл оқ боратты,—
Десін, жаным, жолың болсын!
— Деді - дағы Алтынбегі
Әкесі кеп беттен сүйді.
Айтып ақыл, ой - тілегін,
— Жолың болсын!— деп жымиды.
Қаршығадай қара бала
Қош айтысып ата, анаға.
Кетті мініп отарбаға,
Дөңгеленіп қалды дала.
IV
Свердлов қаласынан
Қашық емес, сонау қырда.
Пешімен от аласұрған
Заводы тұр Ревда.
Көкпен зәулім таласқандай,
Сол заводтың мұржалары
Түтін атса, бұлт қашқандай,
Күшті отынан нұр жанады.
Бұл зәулім үй не заманнан
Аты шыққан құрыш қорытып,
Жүр Алтынбек жаңа барған,
Металл тілін осында оқып.
Көмейінен жалын атқан
Аузын ашса мартен пеші.
Қара судан тез қайнатқан
Көк құрышты оның күші.
Алып пештің ыстық лебі
Көмейіне бір-ақ тартып.
Алғандай-ақ жанды тегі
Жалыны тұр бетті шарпып.
Ашып қалса пештің аузын,
Алғашқы көз оттан қашып.
От жұтардай тартып өзін
Жүрді Алтынбек баста шошып.
Попов мастер үйреткен соң
Бауыр басып бара-бара,
Әлденеше күн өткен соң,
Ұқты әдісін қара бала.
Енді пештің алдын ашып,
Жас Алтынбек бала батыр.
Аққан селдей терге малшып,
Құрышты әне қарап жатыр.
Көрсең кәзір Алтынбекті,—
Қолына ұстап темір күрек,—
Қиыршық тас магнитті
Пешке тастап жүр тез күреп.
Попов мастер алпыс жаста,
Отыз жылдай болат құйған.
Болат тілін білген ұста,
Бұл заводпен бірге туған.
Попов туған әкесінде
Үйретті ылғи Алтынбекті.
Қояр ма алғыр жас түсінбей,
Ұқты Алтынбек ұлы еңбекті.
Болат құю тілін ұғып,
Шалға бала жағып жүрді.
Попов та оған риза боп,
Жауырыннан қағып жүрді.
Ревдада құрыш қорытып,
Машықтанып іс бабына.
Бала Алтынбек бір жыл оқып,
Қайтты Қазақстанына.
Елге Алтынбек қайтарында,
Үлгі үйреткен Попов шалды
— Әкемсің,— деп, халық алдында
Ұмытпасқа қолын алды.
V
Кезінде Отан соғысының,
Нұра өзенін өрлей қонған,
Пәрменімен ел күшінің,
Бір қала тұр орнай қалған.
Тас мұнара мұржалары,
Мойнын зәулім көкке созған.
Көк түтіні ырғалады,
Бұлқынғанда бұлттан озған.
Керсең түрін тұрған шалқып
Қазақстан аймағының.
Тасқындаған болат балқып,
Бергісіздей айға күнін.
Уақыт зырлап алға ұмтылған,
Дер кезінде қас қаққанша.
Маң далаға орнатылған
Құрыш қала бір тамаша.
Сағат сайын елдің күші
Танылғандай еңбегінен.
Кеннің асыл көк құрышы,
Бұл қалада меңгерілген.
Қазанынан құрыш болат,
Құйып түңғыш тіккен отау.
Тұңғыш рет қаққан қанат
Еді қала бұл Теміртау.
Орнауына бұл қаланын
Айғақ болып елдің күші.
Құдіретіндей кең даланың
От маздатқан мартен пеші.
Заводта осы құйып құрыш,
Мартенде ерен етіп еңбек.
Болат құйғыш болып тұңғыш
Тұр жас қазақ ер Алтынбек.
Бұл мартенде істеп жатыр
Ондаған ұлт, мыңдаған қол.
Жас Алтынбек бала батыр,
Құйып жатыр құрыштан көл.
VI
Қазақстан даласының
Тұңғыш үйін болат құйған,
Қазақтың жас.баласының
Болатты ертіп бұлақ қылған —
Құдіретті күшін көріп
Тау қырандай қанаттандым,
Жас Алтынбек сәлем беріп,
Тұрды, соған мадақтандым.
Еңбек Қызыл Ту ордені
Жарқ-жұрқ етіп төсіндегі;
Көр дегендей белгі ерлігі
Осы Алтынбек ісіндегі.
Күнге ордені шағылысты,
Қызыл-жасыл нұр шашқандай.
Сергек сезім алып - ұшты,
Ерді керіп жыр тасқандай.
Болат құйғыш, туған тұңғыш
Ұлды өсірген партиямыз.
Ер ұлдарды құйған құрыш
Жырға қосып шарқ - ұрамыз.
Баулып мұндай ұлды өрен,
Комсомол мен партияның
Өрлеткенін күнде көрем,
Еңбегімен аты мәлім.
Құрыш құйған бала Алтынбек
Теміртаудың түлегіңдей,
Мартен пеші түр гүрілдеп,
Елдің ыстық жүрегіндей.
Биік мартен мұржасынан
Бұлт лақтырып түр Теміртау.
Болат балқиды тұлғасынан
Бұлағыңдай бейне Атырау.
1948
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі