Өлең, жыр, ақындар

Граф Нулин

  • 20.07.2022
  • 0
  • 0
  • 253
1825

Уақыт жетті! Мүйіз дабыл қағылды;
Ит бегілер киді киім жағымды;
Таң атудан бұрын атқа мініпті,
Аңсыраған ит тобы ойнақ салулы,
Үйден тысқа шықты мырза таранып,
Екі қолмен бүйіріне таянып;
Көңілі оның толып, беті нарттай боп
Шырайланып ұлық жанға саналып.
Үстінде оның тар шекпені қысылған,
Түрік пышақ белбеуіне қыстырған,
Қойынында құтыдағы арағы, –
Мүйіз дабыл бауы шынжыр мыстаған.
Үсте жеңіл түнгі киген киімі,
Ұйқылы-ояу әйелі де кеюлі;
Терезеден қарап аңшыл иттердің
Дабылға аңқып құлшынғанын көруде,
Ойнап тұрған атты әкелді еріне,
Шоқтығынан ұстап аттың шүйіле,
Үзеңгіге сарт етті аяқ іліне;
Әйеліне айқайлады: күтпе деп, –
Жолмен тартып кетті өзінің жөніне.
Сентябрьдің аяқталған мезгілі ең,
(Жексұрындау айтсақ қара сөзбенен,) –
Деревняда көңілсіздеу, саз, шалшық,
Қар ұшқындап, есіп желін күз келген;
Бір жағынан қасқыр ұлып, аңшының
Бақытына, нағыз осы кез – деген.
Тыным көрмей, шар даланы ол шолады,
Қайда жүрсе, қонатын жер табады.
Берен ауыз сөзге келіп, құр жаурап,
Мәз-мәйрам боп қыран жаппай шабады.
Жалғыз қалған үйдегі оның қосағы,
Ері жоқта қандай жұмыс жасады?
Істейтұғын шаруасы оның аз емес, –
Ат құлақ тұздап, қаздарға жем шашады.
Әзірлетеді түскі және кешкі асын,
Қарайды сарай азық-түлік қоймасын.
Бәйбішенің кезі керек әр іске,
Қас қаққанша байқайды бар жұмысын.
Сәті түспей, осы әйел геройды,
(Атын қоймай, ұмытыппын не деуді:
Наталья Павел қызы делік біз,
Наташа деп атаушы еді күйеуі.)
Бірақ, біздің сорымызға болғасын,
Наталья Павел қызы шаруасын
Қарамады, ата-баба заңымен
Тәрбиеде болмаған ед туғасын;
Үйткені ол пансионда болған ед,
Шеттен келген фальбала әйел алғасын.
Отырып ап терезенің алдынан,
Кітабының синтименталды роман
Төртінші том бетін ашып қараған –
Ғашықтығын Елиза мен және Арман.
Яки, екі үй үшінің жазысқан,
Классиктің романын ұласқан, –
Дара жалы санаға ем сыры жоқ
Сала құлаш, құлаш, құлаш – құлаштан.
Наталья Павел қызы әуелі,
Қадағалап оқыды өзі дәл оны;
Бірақ, кенет ауды терезе алдында
Ит пен теке жанжалына көңілі;
Қарқылдасып балалар күліп, мәз-мәйрам
Жабырқаңқы сол кез терезе алдынан
Өңкей күрке тауық қуды бажылдап
Үсті дымқыл бір қораздың соңынан.
Үш қаз қатар қанат жуып шалшықтан,
Қорадағы кешіп сазды балшықтан, –
Шықты жуған кір жаюға бір қатын,
Күн күңгірттеу сұрғылттанып бұлт шыққан.
Қар жаууға бет алғандай көрінді
Есітілді қоңыраудан үн соққан.
Кімдер ұзақ, тартса өмірде күйікті,
Достарым, сол адамға шын түсінікті, –
Үні соққан қоңыраудың алыстан
Тербейтіні кейде біздің жүректі.
Келе жатқан жарым ба, әлде, кешіккен!
Жолдас болып жас күнімнен бірге өскен?
Әне, біреу әйел ме, әлде, құдай-ай!
Міні, келіп қалды қатты жүріспен,
Жүрек тайдай тулап, дыбыс жақындап
Келді дағы, жоғалды асып белестен.
Наталья Павел қызы балконға –
Шығып, қоңырау шыңылымен алқына,
Қуанышпен қарап еді асығып,
Өзенді өрлей, жел тиірмен маңында
Бір ат арба құйығумен көпірдің
Үстінде, әне, бізге келет тұп-тура...
Жоқ, жалтарды, солға қарай бұрыла,
Наталья шақ-шақ қалды жылауға.
Бірақ, кенет... ол қуанып тұрғанда,
Бір бүйірлеп құлап жарға ауды арба;
Филька, Васька, тез шық!— тағы кім анда?
Арбаны әне әкеліңдер қораға,
Жүгір, асқа келсін дендер мырзаға,
Қалай екен өзі аман қалды ма?
Күтушісі кетіп барад жүгіріп,
Наталья асығып тез жиынып,
Шашын сәндеп, жөндеп және шәлісін,
Столды оңдап, түрді жөндеп пердесін.
Күтті төзбей келсін деп үй иесін,
Міне ақыры келе жатыр көресің.
Ұзақ жолдан үстін былғап шалшық-саз,
Жарақатты болған және емес мәз,
Жапырылған жабырқаңқы түсінде
Сүйретілген шаққа ғана экипаж.
Ақсай басып, жас мырза артта келатыр,
Күтушісі мойымаған француз
Батылырақ сөйлеп езі серіле,
Жетті есікке, кірді әне сенеге,
Дем алсын деп мырзаны енді әзірге
Бір бөлмеге күтіп алып барады,
Шалқасынан есікті ашып енуге.
Әзір Picard жүр биік боп дүбірлеп,
Мырза қайта болды таза киінбек;
Біз айталық, бұл кісі кім десеңіз, –
Граф Нулин, – бөтен елден келген ед.
Сол елде артық ысырап қылып өнімін,
Құйындаған сән сауықта жүрген ед.
Ғажап аңдай көрсетуге өзін бір,
Міне енді Петропольге баратыр;
Онда жиған: фрак, бешпет, қалпақтар,
Бет желпігіш, киім-кешек көп зат бар,
Түймелер мен түйреуіш әм жең, жаға
Қызыл-жасыл, орамал, шұлық, жылтырақтар,
Кітабын да алған сұмдық Гизоттың,
Дәптерлерін салған сықақ суреттің:
Вальтер Скотт романын және де
Парижден де өткір сөзді тағы ала,
Беранженің соңғы өлеңін бір сара,
Расин мен Пъердің сазын бір сала
Алып келед мұнан басқаларында, –
Ет cetera, et cetera (cetera)1
Стол үстін жауып, мана оңдаған,
Бәйбіше отыр, қонақ күтіп тынбаған.
Есік ашып, граф кіріп келгенде
Наталья Павел қызы орнынан
Тұрды дағы, хәлі, жайын аңғарып,
Аяғыңыз қалай, – деді, – не болған?
Граф оған: – тәуір деп, жай шытынды,
Столға кеп сонан соң ол отырды.
Бәйбішеге қарай ыдысты ысырды:
Әңгімеге кірісіп шын шешілді.
Қасиетті орысты сөгіп тағы да, –
Қалайша оның ызғарлы мұз-қарында
Тұра аламыз, деп таңғалып, Париждің
Аянышты сөз қозғады жайында
– «Театры қалай»? –
– «О, жетімсіреп сәні әбден кетулі
Жабырқаңқы, мұңайыңқы секілді,
Пальма тіпті семіп барад, нашарлап
Мамзел марс тым қартайып бітулі.
Бірақ, үлкен ұлағатты Потие
Халық ішінде ескі даңқын көтере,
Жалғыз өзі осы күнге шейін-ақ,
Әз бағытын тұтқан өзі бір төбе.
– «Қай жазушы моды қуып жүрген ең?»
Әлі дағы Д' Arlinconrt пен Ламартин;
– «Бізде де көп еліктеуші соларға»,
– «Жоқ, бірақ та, шын емес пе? – жездекең
Ақыл-сана өсіп келед тереңнен.
Бізді дағы жарылқағай тәңірім,
Сауаттанып, көзді ашуға біліммен.
«Онда әйелдер қандай киім киеді?»
– Тіпті келте осы... жеріне келеді.
Ұлықсат ет, жасауыңызды көрелік,
Сондай қымбат банты, – кесте шегулі, –
Жана модыға жақындап-ақ тұр тегі,
Бір жаңалық есітеміз біз енді
Тыңдайсыз ба, деп әдемі ән бар еді,
Сол арада граф ән сап күңіренді...
Деген кезде: – «Граф, асқа жүріңіз!» –
– «Онсыз дағы тоқпын», – деп ой бөлмеді.
Столынан сүйтті де олар түрегелді,
Жас бәйбіше тым артықша көңілді,
Өзі ұнап, әдемі боп көрінді.
Таңғажайып қалып оның сиқына, –
Граф ұмытып кетті тіпті Парижді.
Кеш тым жылдам байқаусызда өткендей,
Өзін-өзі граф ұмытып кеткендей;
Кейде, жылы шырай беріп бәйбіше
Кейде, үнсіз тұйық пішін біткендей.
Түн ортасы болған мезгіл, түн... іші, –
Ауыз үйде ұйықтап қалған ат қосшы;
Көршілердің әтештері шақырып,
Тоқылдағын тоқ-тоқ ұрған күзетші.
Қонақ үйде май шам сөніп құрыды,
Наталья Павел қызы тұрды енді;
«Қош болыңыз! жататұғын кез болды, –
Жақсы жатып, жай тұрыңыз!» – дей берді.
Ғашық бола жаздап тұрған Граф кеп
Бәйбішенің қолынан да сүйді енді.
Онда не тұр, төзер ме наз бой бұрмай?
Кеш, сиқыршы оның назын құдай-ай!
Граф қолын қысты әйел аялай.
Наталья Павел қызы шешінді,
Параша тұр оның жалғыз қасында;
Парашаны білгің келсе, достарым,
Ол оң қолы бәйбішенің дұрысында.
Ісін тігіп, кірін жуып, хабарды
Тасып, – сұрап ескі-құсқысын алады;
Мырзаменен ойнап, кейде ұрсысып, –
Оларға зу өсек те айтып қояды.
Қазір Граф жөнінде сөз қозғады,
Оның істеп жүрген ісі туралы
Құдайдың қол астындағы сөз қалмай,
Үлгіргенше айтып барын зулады.
Бірақ, оған әрі-беріден соң бәйбіше,
Жетер, – деді, – жалықтырдың сен сонша
Бас киім мен кофтамды алып бер дағы
Шыға тұр, – деп бұйырды оған әзірше.
Граф мырза французы қасында,
Шешініп боп айналған кез жатуға;
Төсегінде жатып сигар сұрап ед
Monciesh picfshi берді шылым тартуға.
Графин мен қойды күміс стакан,
Жез құндаққа қондырылған әм май шам,
Шымшуыр мен бұрамалы сағатты,
Жаңа беті ашылмаған роман.
Төсегінде жатып Вальтер Скотты
Оқыған боп көз қиығын жүгіртті.
Ол Графтың көңілі бірақ бөлінген
Алас ұрды ойлап жұмбақ үмітті:
Ғашық болып қалғаным ба, шынымен!
Егер, болса?.. Нағыз қызық сол ғой ең,
Ойымдағы ақталса үміт жарар ед,
Секілдімін бәйбішеге сүйілген,
Деген оймен Нулин шамды сөндірген.
Граф бойын жалын жалап, өзі де
Ұйықтай алмай, ілінбеді көзі де,
Өрістеді күнәлі оның қиялы, –
Денесінде толқындаған сезімде.
Біздің ердің албырттық бар жүзінде,
Көз алдында бәйбішенің сөзін де
Елестетті, – дөңгелек бет сымбатын,
Әдемі үнін, сүйкімді оның назын да.
Деревнелік қызыл шырай, мүсінде,
Сымбаты артық сұлулардың ішінде,
Ұмытпастан ұстаған ол есінде –
Оның сұлу аяғының ұшын да,
Назбен сондай қолын қысқан ол оның,
Бір минут та болса аулап көңілін,
Ол ақымақ, – қалмады әйел қасында,
Уақыт озып кеткен жоқ еді әлі де,
Енді әне, ашылды есік әрине;
Иығына іле сала шапанын
Столдарды жыға-мыға түрегеле,
Тәтті үмітпен түнде асығып сүріне, –
Лукрецияға Тарквиндағы жап-жаңа
Не болса да кетті әзір боп бәріне.
Еркек мысық бар сұмдықты білетін,
Жымқырылып, жүз бұралып жүгіретін,
Бұғып жатып, сүр тышқанның артында,
Ұрлап басып, жайлап қана жүретін;
Көзін шала жұмып қана барлайтын,
Иретілген құйрығымен ойнайтын;
Май табаннан сұм тырнағын тарбайтып,
Кенет, бас сап тышқанды ұстап қоймайтын,
Соған ұсап, ғашық граф қараңғы
Үй ішінде, сипалап жол табады;
Жалындаған құмарына тұншығып, –
Қысылыңқы демін де шақ алады.
Үй едені сықырласа, қалтырап,
Ол абайлап ептеп барып жақындап,
Есікке кеп, жайлап жезше тұтқасын
Ұстап тарта бастады енді ақырындап.
Есік жайлап ашылуға айналды,
Граф кіріп, жан-жағына қаранды,
Шам сәл жанып бөлмені әлсіз жарық қып
Бәйбіше де тыныш, тыныс алулы, –
Ұйықтаған боп жатыр, бәлкім ояуды,
Жайлап кіріп, бірде шегініп тұр еді,
Аяғына әйелдің кеп құлады.
Әйел сол кез.., енді ұлықсат берсеңіз,
Петерборлық келіншектер құлағы
Бұл сұмдықты, ал, естісін қызына, –
Наталья біздің Павел қызы да
Біздің граф геройымызға баяғы,
Ерік өзінде, – не істесе де болады.
Әйел көзін ашып анық қарады;
Бәйбішеге Граф ыстық сезімін
Сездіргендей көрпесін кеп қармады.
Не болғанын білмей баста қалды да,
Бір уақытта есін жиып алды да,
Ыза кернеп долданған шын ашумен
Мүмкін, қорқып, үрейленіп шошумен
Пәрменінше әйел құлаш жайды да,
Тартып-тартып мырзаны ұрып жіберді, –
Ұрғанда да қандай ұрды тағы да!
Граф Нулин оттай жанып ұялды;
Намыс буын ішке жұтып қиналды;
Граф қалай аяқтар ед білмедім,
Жүрегіне ыза кернеп оралды,
Бірақ барақ кәнтек иттің даусымен
Ұйқысынан Параша да оянды;
Граф, оның оянғанын аңғарды,
Құтсыз болған қоналқыны қарғады,
Өр мінезді сұлуға да іренжіп,
Ұялғаннан қашуға енді айналды.
Граф, және бәйбіше мен Параша
Қалған түнді өткізгенін қалайша, –
Ерік, қалай десеңіз де сіздерде,
Тап ол жерін айтқым келмейд мен онша.
Таңмен тұрып, шығармастан еш үнін,
Жалқауланып киді граф киімін:
Сәндеп өзі тырнақтарын тазалап,
Қалай, солай шұқынуда азырақ;
Галстукты тағудың да қиымын
Келтірмепті, шөткесі мен және де
Тарамаған шаштың бұйра тұлымын.
Біле алмадым, ойлағанын қандай ой,
Шақырды оны, таңертеңгі болды шай,
– Не істеу керек? – билеп ар мен ұлтты,
Шай ішуге ақырында жүрді жай.
Қаһарлы жас бәйбіше де баяғы
Күлімсіреп оған тұнжыр қарады,
Еміреніп, ернін тістеп ал қызыл,
Одан-бұдан әңгімені құрады.
Ең әуелі кібіртіктеп, буылып,
Бірте-бірте батылырақ ширылып,
Ашынғандай болып граф ақырын
Жауап бере бастады сәл жымиып.
Сонам кейін жарты сағат болмай-ақ,
Әзілдесіп кетті тіпті ойнап-ақ;
Қайта ғашық бола жаздап отыр ед,
Бір мезгілде ауыз үйден дабырлап,
Жайлап кіріп келе жатыр әлдекім?
«Аманбысың, Наташа!» деп кіре сап.
«Ах, жаратқан тәңірім!
Граф жаным, міне, менің күйеуім;
А, бұл граф Нулин».
Құп болады.
Қандай жаман күннің бүгін райы,
Ұсталарда көрдім сіздің арбаны;
Наташа! Біз ән жердегі бақшада
Соғып қоян алдық келіп орайы.
Әй, арақ әкел! Граф, сіз
Аялдаңыз, отырыңыз тілейміз:
Келгенсіз ғой тәңірі айдап алыстан,
Дом татыңыз бізбен бірге түскі астан».
«Расында, асығыс ем білмеймін».
«Қойыңыз, граф, отырыңыз тілеймін».
Қонақ болса, әйеліммен екеуміз –
Қуанамыз, граф, жоқ, жоқ, кетпеңіз!»
Опынып шын, ұмытып бар шанысты,
Мұңды граф көнбей біраз қарысты.
Бір стақан арақты тез қақты да, –
Picard тасып шамадан мен затты да –
Алас ұрып арбаға әкеп күтуші
Сандықты алып келіп буды тартты да.
Рісаг буып-түйіп затты арбаға,
Арбаны алып келді есік алдына;
Мініп алып граф кетті.
Ертегі Біту керек еді осымен, тағы да,
Бір-екі ауыз сөз қосайын, достарым,
Соңына осы хикаяның мен жаңа.
Кетісімен ат-арба асып құлиып,
Күйеуіне әйел сөзді айтты үйіп,
Айтты, біздің, не істегенін – графтың, –
Көршілерге әңгімесін жыр қылып;
Наталья Павел қызымен, бұл іске,
Кім күлді деп білесіңдер көбірек?
Сіз білуге болмайды оны. Ол неге?
Күйеуі ме? – Ол емей кім? Жоқ өзге, –
Ашуланып күйеуі оның бұртаңдап,
Екен деді ол граф бір ақымақ!
Олай етсе ол шалағай неме деп,
Иттерге де болды оны талатпақ.
Жиырма үш жасар жас помещик көршісі
Лидин дағы күлді тіпті мазақтап.
Айта аламыз, дұрыстығын біз тегі,
Байқасаңыз, біздің осы күндегі
Күйеуіне шын берілген әйелі,
Таңғалудың жоқ, достарым, керегі.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Дауылпаз

  • 0
  • 0

Ой құйыны үйіріліп,
Көк алмастай суырылып,
Қаламы қылыш жарқылдап
Сұңқардай даусы саңқылдап.

Толық

Баку

  • 0
  • 0

Мейірімді кәрі ана
— Бауыры суып қатпаған;
Ұрпағына, таңына
Сары алтынын сақтаған.

Толық

Қылыш

  • 0
  • 0

Кигенің, жігіт, көн етік,
Күміс сап қылыш беліңде.
Шаршапсың ауыр жол өтіп,
Қонып кет менің үйіме!

Толық

Қарап көріңіз