Түс
(Комедия)
Әркімнің бар өз тағдыры,
Әркім сүре, жолында өзі:
Біреу жасап, біреу бұзып,
Жүрсе - дағы тоймас көзі.
Дүнияға аш көздене
Қарап, тоймай пайда іздене,
Бос жатқан жер болса, оны
Қамтуға тез елегізе
Өліп бара жатса - дағы
Алмақ оны көрге енгізе.
Басып козырь тұзыменен
Өз құдасын үйінде ұтып.
Талан-тараж етіп құртып,
Бір бұрышта тұрады да,
Жасырынып, туғанына
Пышақты өткір сұғуға ынтық.
Оның өзі жайлап қана
Жылы жүзбен жолыққандай,
Тәңіріден қорыққандай,
Мысық тайын бұғып өтіп,
Сәті түсер кезең күтіп,
Бір орайлы тар кезеңде
Жез тырнағын түйрелдіре
Салмақ адам жүрегіне.
Өлді, бітті: әйелі оның
Ажалға ара тұра алмайды,
Балалары шағып мұңын
Маңайына бара алмайды.
Ал, анау сұм асып-тасып,
Салып зәулім сарайларды,
Бұрқыратып судай шашып
Ақшаны да аямайды.
Туған елін сондай сүйеді,
Жаны сүйген ұрпағының
Судай шашып қанын төгеді,
Туғандары үндемейді,
Ұстайды үнсіз өзін-өзі,
Моп-момын боп бейне қозы
Ұясынан шығып көзі:
«Мүмкін осы жөн шығар» дейді,
Айтқанда да, айтар сөзі.
Осы керек!
Неге десең,
Көкте керер құдай жоқ - ақ,
О дүниеге барғанда да
Тілейсің қандай ұжмақ,
— Еш нәрсе жоқ! Еш нәрсе жоқ!
Жоқ, жоқ тіпті ешбір ұжмақ!
Ойлаңызшы, еңбек өшті,
Еңбек ету аянышты!
Бұл дүниеде менің шыным:
Бар тек қана балалары
Патша менен тіленшінің,
Бар тек адам балалары,
Балалары солар ғана
Адам - ата, Хауа - ананың.
Солар ғана, олай болса,
Менің өзім кім боламын?
Езгі жұртым ол былайша:
Мен қыдырам, сайраңдаймын,
Жексенбі күн думандаймын,
Басқа күнде той тойлаймын.
Ұнамай ма, сізге бұл да,
Есітпеймін, олда - білдә!
Сіз даурығып шуламаңыз!
Жаратпаймын шулағанын,
Ішсем, ішем өзімдікі
Мен ішпеймін кісі қанын,
Осылайша мас боп түнде
Шарбақ аула сыртыменен,
Күбірлеймін жеткенше үйге
Сөйлеп өзім өзімменен,
Менің балам жыламайды,
Ұрыспайды әйелім де,
Жаным жайдың жаннатында,
Шүкір, тәңірі бергеніне,
Үйге келдім, жаттым міне,
Жаттым енді келіп ұйқым,
Ішкен кісі қандай ұйықтайды,
Аянатын бар ма сиқым,
Мейлі мені жұлқыласын
Селт ететін емес мұртым!
Қандай ғажап түстер көрдім,
Бір ғажайып түсім менің,
Сау адам да мас болмас па,
Ондай түсті көрсе керім,
Нағыз сараң біреулер де
Сондай түсті бір керуге,
Кетсе де оны қағып бір жын,
Берер еді бір он тиын.
Түсімде осы бір жапалақ
Ұшқан екен деймін көлбей,
Тоғайды өрлей, орманды өрлей.
Терең сай мен саланы өрлей,
Байтақ жатқан даланы өрлей,
Артын ала мен де ұшыппын,
Сонымен мен тыныстасып,
Ұшып барам екен деймін,
Жермен тіпті шын қоштасып.
«Қош бол, дүние! Қош бол, жерім
Көріскенше — қош бол, елім!
Зұлымдық пен азабымды
Бұлтқа көміп жіберерім!
Украинам, бірақ менің
Жесір демей мен не дермін.
Сөйлесуге сеніменен
Бұлттан ұшып мен келермін.
Жайлап мұңды сөйлесуге,
Мен келермін ентелеумен,
Мен келермін, қара түнде
Түскен шоқтай дәл төбеңнен,
Ақылдасып, мұңдасармыз
Күн жарқырап шыққанша,
Жас ұлдарың өсіп-өніп
Жауға қарсы шыққанша,
Қош болып түр, жаным анам,
Сен қартайған жесірсің!
Жебеуімен тәңірінің
Балаларыңды өсір сен!»
Ұшудамыз: көкжиегі
Қызарады, жанады,
Көк орманның бұлбұлы
Күнді қарсы алады,
Жібек жел жайлап еседі,
Үнсіз жым-жырт төңірек.
Сай-салада саялап,
Орман тоғай көрінеді?
Бас иіп бақша бәйтерек,
Күзетшідей сірескен,
Жайқалған еркін егінмен
Секілді бейне тілдескен.
Тап осы жер, осы ел,
Сұлулыққа шомылған,
Меруерттей мөлдір
Күміс шыққа малынған.
Нұрға жиһан шомылған
Қарсы алып күн мейірі
Шексіз орман қалғыған.
Жоқ тіпті ұшы-қиыры.
Осы тұрған қалпынан
Өзгерте алмас мұны адам.
Қамығып жаным әрдайым
Әлденеге мұңайған.
Жаным тозған жанымсың,
Жылайсың, неге күлмейсің
Аяйсың ба? Көрмейсің бе?
Мұңымды неге білмейсің?
Естілмей ме елдің зары
Жан-жағыңа қара тұрып,
Ұшамын мен көкке биік,
Ұшамын мен бұлттан әрі,
Онда тіпті еш нәрсе жоқ,
Үкімет те, азап та жоқ,
Күлкі, қайғы ештеңесін
Онда тіпті естімейсің,
Қарашы, әне, сен қалдырған
Жер жаннаты жұтынуда,
Мүскін жанның үстіндегі
Ет көйлегін сыпыруда.
Жондарынан таспа тіліп,
Ет терісін сыдыруда.
Жап-жас князь қызының көп
Киерге аяқ киімі жоқ.
Жер салығы үшін пақыр,
Жетім-жесір, әйелді ақыр
Қан сорпа қып қысып жатыр.
Оның жалғыз балашығын —
Жалғыз ғана қарашығын
Әскерлікке алып жатыр.
Неге десең әскері аз,—
Сонымен ол жарып жатыр.
Әне, ауланың ар жағында
Жап-жас сәби қалжырауда
Аштан, өліп-талып жатыр.
Сорлы анасы күң боп, мұң боп
Бидайды орып шауып жатыр.
Көрдің бе, анда көрмеген көз
Неге ашылдың оттай жанып,
Жас шағымда қанды жаспен
Кетпедің сен не үшін ағып?
Қызды, аулада күйеусіз,
Заңсыз туған деп қинайды,
Әке, шеше өз баласын
Өзімдікі дей алмайды.
Бөгде жанды бөтенсіреп,
Басқа кісі тағы алмайды.
Қайыршы да, қашады оман,
Қай бариннің баласы да
Оны тіпті біле алмайды:
Мүмкін көрер жәрдемі жоқ,
Көрмегендей батқан зарды,
Мәңгі атадан келе жатқан
Адамзаттан аққан қанды...
Бишара жаным аяулы
Сенімен көңілім қаяулы,
Сен екеуміз уланып,
Мұзда ұйықтаймыз қиналып,
Тәңірінің езінен
Сұралық біз әлде де:
— Осынша ұзақ дүниеде
Делік жендет билей ме?
Көңілім, жаным, зарығуым
Зарлануым, тарығуым
Біріңе - бірің серіксің
Бірге өсіп, бәрін көріпсің,
Құдайға елдің көз жасын
Алып ұш ойды, белді бу,
Зұлымдықтың ордасын
Талқанда да, көктен қу!
Мейлі түнек түтігіп,
Лапылдап жалын жағылсын!
Жалмап жылан тағы да
Өлген жаннан ағыла
Жердің беті жабылсын!
Әзірге өз бетімен
Жүрегімді алып қалайын,
Жердің қиыр шетінен
Іздеп жұмақ қарайын!
Жерден жылжып тағы ұшамын,
Тағы онымен қоштасамын,
Бірақ қиын жан ананы.
Жан ананы тастау мүлде,
Түндігі жоқ ашық үйде.
Онан - дағы қиынырақ
Берешегін тұрсам ойлап.
Көз жасы оның төгілгенде.
Ұшып барам, ұшып барам,
Есіп, жайлап жел үреді,
Көз ұшында ағараңдап,
Қар аппақ боп көрінеді.
Жан-жақ қалың жасыл орман,
Батпақты саз, әм көк тұман,
Көкшіл тұман, тек кең алаң
Еш дыбыс жоқ тегі адамнан.
Із түспеген адамзаттың
Қорқынышты аяғынан.
—«Қас пен достар, қош болыңдар!
Қонақ та боп келме енді.
Мәз-мейрам боп, думандаңдар,
Оны естіме, көрмен енді!
Қар мен мұзға мен түнермін,
Жалғыз өзім жылдар мәңгі.
Іздеп әбден сіз тапқанша
Ағызбайтын жас пен қанды,
Іздеп әбден сіз тапқанша
Қайғысы жоқ әділ елді.
Тынығамын, тынығам
Тынышталамын алып демді».
Алайдағы есітермін
Шылдырлауын кісендердің
О, масқара, сен адамзат
Не істеп жүрсің? Қайда келдің?
Нені қарап, не іздеп жүрсің,
Әлде, астынан шықтың жердің?
Жоқ! Қашып мен құтыла алма.
Деп ұшып ем— құтыла алам.
Ұша алмадым. Ұша аламын
Деуім жөнсіз екен менің.
Қандай азап, қандай зорлық
Мені неге қойды зар қып?
Мені мұндай істегендей
Етіп едім кімге жазық?
Кімнің сондай ауыр қолы
Денедегі жанды қысты?
Жүректі өртеп, ойды серпіп
Қарға-құзғын қайдан ұшты?
Мен не үшін азап тарттым,
Жазалымын, жұлқынамын.
Жаралаған бұл жазадан
Қашап ғана құтыламын?
Жеңілдікке қашан жетем?
Жете аламын дей алмаймын,
Жан жаңартар жеңілдікті
Көре алмаймын, біле алмаймын.
Қимыл көрем кең даладан
Шыққандай-ақ дәл моладан
Ең соңғы рет сотқа көрден
Өлген жандай бас көтерген.
Соттан тілек сұрайтын
Емес олар өлген жандар,
Олар тірі, тек бұғауда
Жан азабын көрген жандар,
Іннен қазып алтын алып,
Құзғындардың тамағына
Жүреді олар жемтік тауып,
Каторгаға айналғандар.
Білер ме оны сорлы жандар.
Әлемге ие тәңірінің де
Мүмкін мұны көрмеуі де.
Әне зұлым қарғыс таңба басылған.
Жерге сүйреп кісендерін тасыған,
Әне бұзық істеп болып істерін,
Шықырлатып қайрайды олар тістерін.
Таяққа әлі жығылмаған жолдасын
Бауыздауға дайындап тұр күштерін.
Рақымсыз, әм үмітсіз,
Арасында солардың
Үсті толған көк кісен,
Патшасы жүр жиһанның.
Ол тәңірі бұл жалғанда
Басылды оған қарғыс таңба.
Айдауда жүрсе - дағы
Мұздамайды жүрек, ойы,
Мұздамайды ғасыр бойы!
Қайда ойың, ойдағы әнің, қызыл гүлің,
Батыл өскен сүйекті, ерке ұлың?
Бердің кімге оларды, достым, кімге?
Жүрекке сақтадың ба, отты сырын?
Жасырма, кең әлемге шаш барлығын.
Көрерсің өсіп адам болғандығын.
Аяз ойды оятты,
Тағы ұшамын, жүремін
Жер қарайды керемін,
Қалғып менің көңілім,
Салқындайды жүрегім,
Қараймын: үйдің нақ қасы
Толған жол, шіркеу, бақшасы.
Қалаларға қараңдай
Ұсап бір сап тырнаға,
Солдаттар жүр адымдай
Шекіп басып ырғала.
Көзге және түседі,
Қараң-құраң алыста,
Қол-аяқта кісені
Жан-жағыма көз салып
Біреулер жүр маршта.
Жан-жағыма көз салып
Шолып тағы қарадым,
Айналасы апандай
Жағалай саз қаланың.
Секілді түрік қаласы
Бәлкім неміс қаласы,
Әлде орыстың қаласы?
Шіркеу менен сарайлар.
Сонда жуан жүр байлар.
Мұнда шағын там үйдің
Көрінбейді қарасы.
Осы кез от жылтылдап,
Көрінді жанып лапылдап.
Шошып кеттім жұрт мүлде,
«Уралайды» айқайлап.
Қуанасыз не үшін
Ойланыңдар кіл ессіз!
Не үшін жанып күйесіз?
—«Ей, хохол - ау, ие екенін
Парадтың да білмейсіз
Бізде парад — салтанат.
Патшаның тойлар салты нақ!
Айтпақшы патша әйелі
Қайда кетті, қайда әлі?
— Көрдің бе, деді, үні әні!
Кездестім мен жерлесіммен
Жез түймелі бұл кісімен.
«Өзің мұнда келдің қайдан?»
Келіп пе едің Украинадан:
Білмейсің ғой сөйлер тіпті,
Сөзді - дағы жергілікті,
— Сөйлемей білем, тек сөйлегім
Келмейді менің, ал өзің ше?—
— Мен бұл жердің бәрін білем.
Егер тіпті білгің келсе:
Жұмыста, осында мен,
Барғың келсе, кергің келсе,—
Сарайға да апарар ем,
Біз білеміз жайы - түйін,
Берсең болады елу тиын.
— Қой маубасым, саған шанып,
Ере алма.— деп, лезде тайып,
Аспанға ұшып қанат жайып,
Мен тағы да болдым ғайып!
Соныменен сарайға мен
Біреулермен ердім өзім,
Жаппар ие, жарылқай көр;
О, тәңірі - ай, жалғыз өзің!
Міне, алтынмен апталған
Нақ ұжмақты көрді көзім,
Міне, оның өзі шықты
Ашуланған тым сипаты,
Бойы биік һәм денелі,
Өзіменен, қатар тұрған
Қуыршақтай патша әйелі,
Қурап қалған атқұлақтай
Әрі ұзын сида сирақ,
Жіп-жіңішке тым аяғы,
Ауру, құп-қу түсі бірақ,
Мойынын да қалтылдатып
Шашып сілкеді, басып ырғап.
Осы нағыз көрікті жан
Сұлулықтың тәңірісі,—
Деп ойлаппын көрмей тұрып,
Бұл сықылды мақұлықты,
Мен есалаң бір де кермей
Бұл секілді қуыршақты,
Өзімше ойлап нанып қаппын,
Сізге де өлең шығаратын
Көрмей тұрып ақымақты!
Қарап тұрып чиновникке,
Жоқ екен де онда бүкпе,
Ақымақ боп бір маубасқа.
Мен наныппын бостан-босқа!
Міне, ондайға сеніп көрші,
Бар байлардың бөленгені
Шымқай күміс, сап-сары алтын!
Олар нағыз семіртуге
Қойған семіз шошқа дайын,
Көретін жоқ бір түр де,
Майға бөккен жуан қарын!..
Олар тершіп, топтанады
Ұруға да оқталады,
Әлде олар істер мүмкін
Ұрудан да басқа амалын,
Қол ұшынан көрсетуге
Жылтылдатып бас бармағын.
Кіжінгенде бармағының
Көрсетуге, я, ұшын тек,
Иіскеткендей тисе екен деп
Ойлайды майлы тұмсыққа дөп,
Қатарласып ымсыз - жымсыз
Секілденіп бәрі тілсіз,
Тым-тырыс боп — тұрды үнсіз,
Тұрды үнсіз жаңа патша,
Патша әйелі — нәзік ханша
Секіреді көп құстардың
Ішінде бір сергек құсша.
Ісіп, кепкен жапалақша,
Жүрді екеуі оп - оңаша,
Сөйлесті олар бір нәрсені,
Естімей жай жұрт тыңдаса,
Әңгіме: ата-баба жәйлі,—
Иыққа ілер чинге айналды.
Және жаңа мекемелер
Жайында айтты әңгімелер;
Бұдан кейін патша әйелі
Отырды кеп орынына:
Көріп тұрды, патша келіп
Жуантық бір мас қарынның
Қондырды кеп мұрынына!
Таяқ жеуші ыза болып,
Жасы кіші біреуге кеп
Перді оның қарынына.
Ол езінен кішіні ұрды
Ыза болып тағдырына.
Ол баса алмай жан ашуын,
Барып онан кішінің
Қондырды кеп жауырынына:
Ол, өзінен кішкентайын,
Бара салып ұрды тағы,
Ең кішісін домалатты
Үйдің табалдырығына,
Опыр-топыр оған бәрі.
Көше бойы ұмтылуда,
Таяқты әбден жемеген деп
Мұрынын жұрт бет қылуға
Ұмтылысты келші кел!—деп
Өлтіре ұрып ет қылуға
Ешқайсысы қынжылмайды.
Ана сорлы зар жылайды...
Біздің патша сайраңдайды,
Есіруді сұрамайды,
Той тойлайды, ақымақтар—
— Ура!.. Ура... Уралайды!
Сықылықтап сақ-сақ күлдім,
Мені де езген оны білдім,
Жұрт ұйқыға жатқаннан соң
Ағарып таң атқаннан соң,—
Діншіл ділмәр әрбір жерде
Дұға оқып соң іңірде,
Тағзым қып патшасына,
Жалбарынды тәңіріге.
Бірде күліп, бір жылап.
Қаланы кеттім қарауға,
Онда түн — нақ күндіз,
Көз түсті биік сарайға,
Толған зәулім сарайлар,
Өзен бойын аңғардым,
Жағасы мәрмәр көк тастар
Жатты жылтыр, таң қалдым.
Қалайша, осы көлшікте
Сарайлар кеп өрлеген?
Десем,— ғажап бұл шетте
Халық қаны төгілген...
Қарасаң сонау зор шыңдай,
Қоңыраулы қамал, сарайға,
Сүп-сүйір біздің ұшындай
Қорқынышты қарауға.
Қамалда сағат сыңғыра
Соғып тұр көрсем көз салып,
Көшеде тас - арғымақ
Тұяғымен тас жарып!
Ерсіз аттың үстінде
Көйлекті, әлде көйлексіз,
Жапырақ жапқан басына
Мінген адам беріксіз.
Секіргендей өзеннен
Осқырып ат елірген,
Атылар оқтай кезенген
Арғымақты сезем мен.
Аттағы адам кім екен?
Аттанғандай айқасқа,
Мен сығалап қараймын
Жабысқандай жартасқа.
Ат үстінде сол адам
Алға созған құлашын,
Уысына бар ғалам
Сыйғандай деп тұрасың.
Тас ат мініп қол созған
Кім десеңіз оқушы:
Ескерткіші деп жазған:
«Біріншіге — екінші»:
Біріншіге — екінші.
Бір керемет көрсеткен,
Енді біле бастадым.
Сол бірінші солдырып
Украинаны еңсерткен.
Екінші,— жесір - жетімді
Құртып әбден теңселткен
Жыртқыш аңдар! Жендеттер
Адам жегіш жәндіктер!
Екеуің де тойдыңдар.
Қырып жұртты жойдыңдар!
О дүниеге не қылып
Барасыздар не болып?
Маған осы тым ауыр,
Мен қиналып отырмын,
Украинаның қаналған
Шежіресін оқимын.
Бұзылды менің кескінім,
Талмаусырап, талыққан
Біреудің сол кез есіттім
Жырын мұңды зарыққан:
«Қараңғы, керең қаладан.
Атой салған полкпен,
Шолып қиыр даладан
Шекараға кіргелі,
Жазалы болған Гетманмен
Жіберді мені төнгелі
Уа, мейірімді тәңірім!
Уа, падиша, сұмырай!
Қытымыр күннің ауырын
Көрсетті - ау патша сұмың - ай!
Не істемедің қазаққа?
Сүйегін ұнтап сазға үйдің,
Сүйегінен солардың
Астананы салдырдың!
Қараңғы зындан түрмеде
Мен — ер Гетман қынжылдым!
Ойпырмай, патша - ай, аштық пен
Қысымы батты шынжырдың!
Тәңірі сенің өзіңмен
Мәңгі бізді айырмас,
Кісендеулі көзімнен
Болармын ба айрылмас!
Жағаңда Нева отырам ба
Қиналдым - ау қалайда!..
Алыс қалды Украина,
Жоқ шығар, мүмкін ол қайда?...
Ұшып барып көрер ем,
Жібермейді тәңірім,
Днепрді өмірден
Өртеді ме не бір күн.
Төкті ме оны теңізге,—
Ойсыратып өңірін?
Аттап ескі аруақтан?
О, құдірет, о, тоба
Жебей көр өзін жаратқан!»
Бәрі тынды, қарасам:
Аспанды жауып ақ бұлыт
Бұлт ішінде орасан
Тұрғандай кіл аң ұлып.
Ол бұлт емес, кіл ақ құс
Сорғалаған бұлт болып,
Темірдей патша үстінен
Сайрады былай кілт төніп:
«Бізді кісендедіңіз,
Сұр жылан саған ашындық.
Сенің обыр көзіңнен
Құдайды да жасырдық!
Украина жерінен
Ұл мен қызды жан-жаққа
Қудың аштай күңіренген,—
Аязды, мұзды қар жаққа.
Бізді сойып, бауыздап,
Терімізді іреттің,
Сөйтіп қан. мен сүйектен
Астананы гүл еттің!
Мекенге жаңа қарашы,
Шіркеу мен толған сарайдан,
Шаттан, сұмырай жендеттер,
Ант ұрған нағыз қарғалған!!!»
Жайына қалды дүние...
Күн де шықты аңғардым,
Қарап тұрып түйіле,
Шошындым да таңғалдым.
Кедейлер де жан-жақта
Жұмысына шығысты.
Солдаттар да аулақта
Сапқа қатар тұрысты.
Астанамда дүрліге
Қыз-қырқындар жүгіре
Келе жатыр үйіне,
Жұмсаған түнде анасы
Нан үшін өмір сүруге.
Соларға қарап мен тұрмын
Әр немені ойға алып:
«Бір үзім нанды табудың
Қиындығын ойға алып...»
Қара біздің туманы,
Сенаттан орын алады.
Сумаңдап жазып қаламы
Аямай әке, ағаны
Салық салып алады.
Арасында солардың
Жүр менің кей жерлесім,
Былдырлап кейде төре
Сөйлейді келсін - келмесін.
Боқтайды олар басынан
Әке менен ағаны,
Оқытпадың жасынан
Деп немісше баланы.
Оқытқан әке орысша,
Сатып жалғыз сиырын.
Ұмытқан соны дұрыс па.
Көрдің бе енді сөгуін?
Украина! Бұл қалай,
Міне сенің балаларын,
Сорғалаған сиядай
Көрдің бе не болғанын?
Неміске ұлын елеңдей,
Патшаға иіп басын тек.
Қор болды,— жесір әйелдей
Украина жасың төк!
Барып патша сарайларын.
Көзбен әбден көрсем бе екен?
Онда ме істеп жатқандарын
Көрдім, көрсем: ерсі де екен!
Қарны жуан шонжарлары
Семіздіктен теңсіз екен.
Кілең ісіп - кеуіп кеткен
Тамағынан қырылдайды.
Қарап күрке тауық құсап,
Шықса есіктен қырындайды.
Шығуға есік ашылды әне,
Балпаң басып аю дайын.
Баяу аттап аяқтарын,
Шықты тақсыр жайын дайын.
Сыздап тіпті ісіп кеткен.
Айта берсең беті көкек,
Жанын сірә қинағандай
Ант ұрғанның мастық ептеп,
Сол қалпында ақырса өктеп,
Барлық кепкен қарынды
Құлайды кеп жерге етпеттеп.
Екі көзін ежірейтті,
Қалшылдап сөз айта алмайды.
Оны көрген дір-дір етті,
Кішісіне айқайлайды.
Кішігірім қалғанына
Ол жекірді ыңыранып,
Жиырылып барлығы да
Кете жазды жерге кіріп!
Ол тиісті талайына,
Зытты, керіп, малайлар да,
Онан соң кеп солдаттарға .
Тиісті кеп қалғандарға.
Солдаттардың әйелі де
Еңіреді күңірене,
Мықты сұмдық көрер көзге
Болды осындай дүние!
Одан әрі не істер екен?
Сол аюды тұрмын байқап,
Еңсесі де түскен екен,
Тұрды мүлгіп басын шайқап.
Сол сәт оның аю түрі
Ғайып болып кетті ұшып.
Сиқы оның күлдім мен де
Секілденген еркек мысық...
Ол есітіп, сұстанғанда,
Шошып кетіп мен ояндым...
Міне қандай түстер көрдім,
Бір ғажайып істер көрдім!
Тек ұсқынсыз сұмырайлар
Шырмалар еді мұндай түспен,
Мұндай түсті көрер еді
Яки мас боп, арақ ішкен.
Таңғалмаңдар, дос жараңдар,
Дос жарандар, ағайындар,
Өзім айтып тұрғаным жоқ —
Оқиға қып мұндай істі,
Тек болғаны айттым сізге
Ұйықтап жатып көрген түсті.
1844, Петербург.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі