Тұр әлі Қазтуған жыр, Доспамбет үн
(Бекболат Тілеуханға)
Шіркін-ай,
Баяғыдай болса егерде,
Мына жұрт ақыл таппай теңселер ме?!
Соғысқа өзің бастап шығар едің,
Қалың жау тисе еліңе, төнсе жерге.
Ол соғыс, ойхой, қандай әділетті ең,
Шын батыр ғана болған жауына өктем.
Қолында жалаңдаған жалғыз қылыш
жүзіне хас дұшпанның қаны кепкен.
Доспамбет, Ақтамберді қоңыраулап
найза ұстап қол төңкерген, толып аумақ.
Шалкиздей кірер едің шаршы топқа,
Алқы төс арғымағың омыраулап.
Күңіренген күн түбінде жорық жырдың,
Күндіз-түн жолын күтіп торып жүрдің.
Ышқынды қара қобыз, ыңыранды,
Түбінде ұмыт қалған тобылғының.
Қандай жыр! Қандай рух! Қандай ерлік!
Қалың ел қаңсып қалған қанбай емдік.
Қайда деп қанымдағы қобыз – сарын,
Ғасырға ғасырлардан қалмай ердік.
Онда жоқ бұралқы сөз, қатын өсек,
Келіссе, кетіссе де кесек-кесек.
Көрсеттің соның бәрін бұл қазаққа,
Шоғындай сексеуілдің көсеп-көсеп.
Бір ғасыр бір ғасырдан тереңірек,
Бір қазақ бір қазақтан кемелірек.
Бабаңның құпиясын таптың ақыр,
Құдайдан өзге ешбір сенері жоқ.
Сөгіліп тарих солай көбесінен,
Тамсанған танғандай боп ел есінен.
Бабалар рухын сезді байтақ қазақ,
Аттарда азаттықтың белесінен.
Сен солай сел боп ақтың, сең боп соқтың,
Мен солай көбейдім де көл боп кеттім.
Тұр әлі Қазтуған жыр, Доспамбет үн,
Арасын талықсытып жер мен көктің.
Сонан соң тауды таспен үйіргендей,
Алапат уақыт келді құйын-желдей.
Батырлық, намыс, даңық... бәрі өзгеше,
Сөйлейді жау да дос боп күйінгендей.
Күйініп кеттің сен де,
жақыныңды
Жауынан айыруға күйің келмей.
Торғайдай шырылдайсың,
Қазақты арбап
Дүние сақылдайды диірмендей.
Өзгерген бұрынғыдан, бәрі басқа,
Сөз қайда бірдей жүрер кәрі-жасқа?!
Улаған тамырымды тама-тама,
Бояған танымымды танымасқа.
Сен әуре ел мен ерді қоңсы етем деп,
Мен әуре азуымды көрсетем деп.
Тіліңді тіске қамап тыпыршисың,
«Жер де аман, ел де тыныш болса екен» деп.
Зар – іште, запыран – іште қайнайды-ай кеп,
Кеудеңде қобыз өксіп сарнайды-ай кеп.
Талтүсте таланасың,
Абайсызда
ауылға кіріп келген арландай боп...
Шыққанда сан талаудан сенделектеп,
Тулайды-ау кейде оқыс ой елбелектеп.
Кетпей ме тәуекелге басқың келіп,
«Жарайды, мен де, сен де, ел де жоқ!», деп?
Жер сусап жатқанымен қыртысы мол,
Құймайды кейде аспанның бұлты сібер.
Білмеймін, мәңгілікке ала кетер,
Жаныңды кім түсінбес, кім түсінер?..
Тұйғындай күніне отыз қаз ілсең де,
Кешірім, сабыр сенде, қажыр сенде.
Наз бөлек, қалжуыр мен қақпан бөлек...
Көтердің көп інінің назын сен де.
Боранға қарсы ұлисың қай бораған,
Тірсегіңді ит қалды ма шайнамаған.
«Бөрінің тәңірі бар» – жалғыз Құдай,
Сен барсың тұрған кезде қаймана аман.
Жерде аман, ел де тыныш болсын деген,
Тілегің қабыл болғай қайран ағам!..
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі