Жыр сарайы
Поэма
АТТАНУ
— Қызым-ау, қалқам, біздерге
Жүр дейсің, қайда,— уа, жаным?
Өткіздім дәурен бұл жерде,
Бұл жерде жетпек ажалым!
— Мамажан, тез жүр!—
Маңайың
Лаулаған өртке айналды!
— Жоқ, ешқайда бармаймын!
Қалдыр, кәрі анаңды!
— Көремісің, мама, енді
Жолдың үстін шаң жапқан,
Днестрге ағылды
Жұрт өзендей жан-жақтан...
Шошынғаннан асыға,—
Құстар да ұша жөнелді.
Еңбегімізді еш қыла,
Өрт алды егін, селеңді!
— Қызығым көпке бармады:
Өтті күндей жылымыз!
Шалқытып шаттық арнаны
Кернеген үйді жырымыз...
Мейрімсіз соғыс дауылы!—
Бақытым қайда қалаған?
Қап-қара жол сап жалыны,—
Оқ тілі жер жалаған...
— Мамажан, мама, тезірек!
Жау кеп қалды жақындап
Танктер қырдан гүжілдеп
Таянды, оты лапылдап!
— Ляна, — әне, үй жарын,
Қораны жатыр өрт басып!
Жүгір, суға бар, жаным,
Сөндірелік, су шашып!
— Қойшы, мама!
Үй мейлі,
Жансын, ұқсап қамысқа!
Бөгелместен бізге енді
Кету қажет шығысқа.
Қайғы — ұмыт болар, тек
Үйден қашық кетсеңіз,
Ұлдарыңа — ержүрек
Іспен көмек етсеңіз!
Толқынға тоғыс халықтық,
Молдаваның жорықтық
Жолында шаңды сәл жүкті
Таста отқа мүлікті,
Тек, тастамай алып шық
Кеудеңдегі жүректі!
Сене гөр, қайтып келесің,
Өт өзеннен естір де!
«Көргенше қош бол! — дегейсің,—
Көгала толқын — Нистрге!»
* * *
Бағынып жүрегінің әміріне,
Көк жасыл Днестрдің мөлдіріне
Кетті олар қоштасарда сонша қиын,
Көңілде айтар көп сөз тұрды бірге!..
Қоштасар сол сағатта туған жермен,
Секілді өз өлкесін жаңа көрген,
Көз алмай қимағаннан тұрды қарап,
Жалды егін, жасыл жонға төсін керген.
Көк бұйра молдаванның ормандары
Жапырағын қоштасардай жайған бәрі...
Сол бір сәт көзден моншақ жас тамса да,
Тәуекел тартты алға олар, қорғанбады!
Қоштасар бұл кез қауіп, зіл-батпандай,
Бейне бір әрбір бұта үн қатқандай,
Жауынан жәбір көрген жас молдава
Тұрды артта: «өшіңді ал!» деп тіл қатқандай.
* * *
Тау, төбе, қош болыңдар, қырлар алтын,
Тас бұлақ суың мөлдір қоңыр салқын!
Жас терек жапырақ жарған сен де сау бол,
Біз де тез оралармыз сіздерге айқын!
Ал, қош бол, жол бойы өскен қызыл гүлдер,
Жұлып ап, уақыт та жоқ сізді сүйер!
Тезірек Днестрге жетейікші
Ымырт боп, кеш болғанша салып жігер.
Молдава, күнің ертең жанар алдан,
Кеудеңді аймалармыз жараланған,
Өрт шалған жүрегіңді жадыратып,
Жаңа өмір туар жазы жадыраған.
Жазармыз денеңдегі жарақатты,
Жоярмыз көк темірден түскен датты;
Алдағы туар күннің нұрын күтіп,
Жүрекке кек жалынын сақта қатты!..
* * *
Бұлардың туған үйін тұман шалып,
Қалды артта, төбе, тоғай мұнар шалып,
Жиегі Днестрдің көрінбеді,
Бала кез ойнаған жер тұра шауып.
Асығыс жайдақ вагон жүрсе де өктей,
Күн ұзақ іш пыстырып уақыт өтпей.
Гүрілдеп самолеттер жау бомбасы
Жарылып, жанған селен көрінді өрттей.
Жабырқап жүректері қайғылана,
Толқиды туған елін ойына ала.
Иляна күле қарап жақындаса
Қалады жеңілейіп қайран ана...
Иляна айтып оған жылы сөзін
Білдіріп анасына жылы сезім,—
Жұбатып, жұмсақ қолмен аймалайды
Қайғының ұмытсын деп мұңды ізін.
Иона қартайып-ақ қалыпты ашық:
Бетіне әжім жиі қалыптасып,—
Іздері қасіреттің шимайлапты,
Кеткендей аз бақытын алып қашып...
Күс болған жұмыс сүйгіш алақаны,
Ақ шашы жаулығынан жаңа тағы
Шығып тұр, қуаң қойнау қабағының
Астынан жайнап көзі нұр атады...
Үстінде заттарының қойған буып
Ұлдарын ойлап отыр үнсіз тынып...
Шыдамақ жүрек қанша бұл қайғыға?
Анаға бұдан жаман бар ма сұмдық?
Отыр ол сансыз сағат мылқау жандай...
Кейде, тек мейірімденіп бір аймалай,
Кенжесін (молдаванша «Мизинкасын») —
Құшады Мариясын көзі тоймай.
Поездан жасыл орман далаға өзі
Шошына қарап жас қыз бала кезі,
Тас бұйра жас қозыдай, толқып шашы,—
Тығыла түседі кеп анаға өзі.
Есіктен көз жіберіп айналаға,
Нәп-нәзік, сұңғақ бойлы тұрды Иляна,
Көргенде қыз егінді езу тартып,
Қуанып кетті, жүзі нұрға айнала.
Деді оған кемпір сол кез,
— Айтпан жалған,
Шағым ғой елуден жас асып қалған,
Мен, бірақ, өңім түгіл, түсімде де
Көрем деп мұнша егінді ойламағам!
Тамаша, мұндай егін өмірімде
Көрмеп ем, мынау колхоз егіні ме?
Үңіліп қарайыншы, қызым, бұрын
Айтқаның осы егін ғой, көңілімде...
Жас ағаш алқапты орай өскен өрде,
Теңіздей шалқып бидай жатыр жерде...
Жанып тұр қыр үстінде жанып кетпей
Июльдің ұзақ күні, бұлт жоқ бір де.
Қиырда қала-дала қараны үзіп,
Қалды артта көк тұманға сүңги жүзіп,
Вагонның есігінен қарап тұрған
Молдаван кемпіріне бәрі қызық...
Жол ұзап жүрген сайын артылғандай,
Аймағы Отанның кең жатыр қандай,
Көзімен шолған кемпір соның бәрін
Бейнебір кітап оқып отырғандай!
— Ленуца қызым, маған білгіз енді,
Біз мінген поезды кім жүргізеді?
Жолшыбай кімнің қолы нан ұсынып,
Осынша кім құрметті көргізеді?
Дегендей қиын жолда қиналмасын,
Қошемет көрсеткен жан неміз еді?
Күлімдеп қызы сонда деді:
— Отан! —
Келгенде жауап берер сөз кезегі.
ҚАЗАҚСТАНДА
I
Соғыстың өрт лебінен жері қашық
Қырына Қазақстан бауыр басып
Мария, Иляна, кәрі кемпір
Жайласты бір колхозға орналасып.
Жабдықтап бұларға арнап үйді бөлген,
Көмегін берді әйелдер қолдан келген,
Терезе пердесі де, жамылғы да,
Әкеліп қасық, ожау — бәрін берген...
Құп-құрғақ, еден таза, жарық үйге
Кірді олар, стол үстін жауып гүлге,
Кемпірге, ұнай ма үйің дегендей-ақ?
Салады көз қиығын қызы үңіле...
— Міне, енді орналастық!
Көремісің —
Бәрі бар, жабдықтадық үйдің ішін.
Достарға кінә қояр жеріміз жоқ,
Көмекке берді әлінше қолдың ұшын!
— Солайы, солай,— бірақ, кең күрсініп,
Біз жатпыз,— деді мұнда,— жат жерсініп,
Білмейміз ең болмаса тілдерін де,
Қалайша күн көреміз,— не түсініп...
— Қамықпа, біз істейміз жұмысты ірі
Тіл қиын болса, деме, кеміс мұны,
Ұғымды күллі совет адамына,
Мамажан! Бар ғой айқын орыс тілі.
Мария,— деді!— Мама!
Уайым етпе,
Биыл күз барамын ғой мен мектепке,
Қазақтың оқып тілін біліп алып,
Өзіңді өзім кепіл үйретпекке!
* * *
Иляна қарына іліп бір шелекті,
Құдықтан су алуға шығып кетті.
Көңілді тұра бастап қалды өзі де!—
Десек те келгеніне бір жеті өтті...
Колхоздың бастығы кеп оған жолда,
— Қалайсыз?— деп хал-жайын сұрағанда:
— Ризамыз, рақмет!
Тек, біздерді
Жұмысқа жіберіңіз деді қырға.
Қыз түзеп орамалын басындағы,
Қазақты шолды көзбен қасындағы
— Бек жақсы, деді,— бастық
Ертең-ақ шық,
Легімен бригада осындағы!
* * *
Иляна ертеңгісін кеп жұмыстан,
Қуана, анасына кіріп тыстан:
— Тамаша,— деді.
— Көрсең, шыққанын сен,
Тұңғыш дән даласына Қазақстан.
Бір кезде осы жерде құм құлазып
Жатыпты, тек сексеуіл бауыр жазып,
Күш қосып осы күнде колхозды ауыл
Суарған қырды сумен арық қазып.
Құм қайда бір кезде елді құныстырған?
Құмды әрі адам қолы ығыстырған.
Көркіне қуатының ел сүйсініп,
Жайқалып қырында егін ырыс туған.
Бөгеттің басына кеп мен ойлана:
Деп, тұрдым, кепкен бұрын көнің дала...
Бірігіп жұрт еңбекке жұмылған соң
Көрдің бе, құлпырғанын гүлге айнала!
* * *
Кеш болып, қоңыр іңір таянғанда,
Кәрі ана өткен күнін ойына ала,
Отырып пешке жақын, қолыменен
Сүйеді басын өзі баяу ғана.
Ойласа өткен күнін осы күнде:
Өткен кез бай мен бояр есігінде
Көз жасы егілсе де есіркеусіз,
Өзінше түсінген-ді несібін де.
Егерде, жүрмесін деп күйсіз, мұңсыз,—
Өмірде азап шегіп деп,— көңілсіз,—
Жаратса тағдыр жастай бақытсыз қып,—
Ойлаушы ек,— жөн болар-ау, көну үнсіз.
Жұмыс қып бай, кулакқа, қарың сына,
Ертеңнен кешке шейін жаның шыға,—
Істеген еңбегіңе,— беретіні —
Ұсынған ырымындай қайыршыға.
«Шаруаң жеке-жеке жүрген енді,
Колхозға жұмылдыра бүкіл елді,
Еңбекке еңсе сала күш қосқан жөн!»—
Дегені Илянаның жөнге келді.
Ал, маған, сол бір кезде Мирон кулак:
— «Атама, колхозыңды әкет аулақ,
Жолама, бұл — қатынның жұмысы емес!»—
Деп еді, арамдығын білдім әлі-ақ...
Мәнісін оның ол кез білдім бе мен,
Кінәлі білмеген соң болам неден?
Колхоздың жұмысына енді әзірмін
Бар ынта тілегім мен еңбегіммен.
Иляна анасына енді не дер?
Қағытып қоймаса екен сөзбен бірер:
Дер ме әлде, әзір іске келдің бе деп,
Көрген соң колхоз күшін өрге өрлер.
Иляна, бәлкім, түйіп ой орамын.
Сездіріп ана жанын аяғанын,
Күлімдеп анасына көзін тастап,
Ұсынар мүмкін айдай қол орағын!
* * *
Қыздар жүр арық бойын жағалаған
Тырнадай шекіп басып жорғалаған...
Желбіреп бастарында орамалы,
Жарқылдап қол орақтар қолға ұнаған.
Нұрға орап көгілдірлі көк майсаны,
Сәулесін күміс арқау күн шашады,
Құйылған шұғыладан шық жылтылдап,
Тұңғиық байтақ аспан нұр шашады...
Иляна анасымен асығуда,
Әндеткен қыз тобына қосылуға,
Іркіліп, сөзді неден бастауға да
Білмей жүр, жұмыс істеп осы қырда...
Анасы боларсыз сіз Илянаның?
Елінен келгенсіз бе Молдаванның?—
Деп еді, бір бойжеткен қасына кеп,
Жанына ұнап кетті бұл ананың.
— Қай жерденсің?
— Белорус жеріненмін.
— Жалғыз ба?
— Жоқ, шешеммен... келіп едім.
— Атың кім?
— Мен, Барова Марусямін,—
Деп, көзбен сүзді қарап төңірегін.
Деді қыз,
— Әне, мамам!—
Баяу үнмен,
Соғыста үш күннен соң әкем өлген.
Ол өлді батырлықпен деп жазыпты
Хабарлау қағазында бізге келген!
Ағам да... солай болды... дегенінде,
Иона, — жақын келген деңгейіне
Ақырын қарап еді бір әйелге,
Ағарған шашын тұтас көрді мүлде.
«Шырағым, шашың ерте ағарыпты,
Жассың ғой өзің әлі» — деді бірде.
Тағы бір бойшаң әйел, жасыл көзді...
Мұңайған жабырқаңқы секілді өзі...
Бірақ та, күліп кенет шырайланып,
Жіберді жайлап қана бастап сөзді:
— Осында келіп едім, үш баламмен,
Майданнан күтіп хатты, кеш алам мен.
Хат келсе, оқып оны — тірі екен деп
Хат жазған күнін еске ап күш алам, кең.
— Сіз қайдан?
— Келген жерім Украина,
Көрші елміз тұратұғын қатарыңда.
Танысып қоялықшы: атым Катя,
Яғни, дейді Тополь Катерина.
Жанында тұрған бір қыз осылардың:
— Бойында туғам, дейді, Тереңсайдың;
Қарт атам — атақты адам, Гүлдара атым,
Боламын немересі Жидебайдың!
Майданға әкемнің де кеткеніне
Толды үш күн.
Жетті ме, әлде, жетпеді ме...
Ұшқыштар мектебінде оқиды ағам,
Ұшады ол, бітірген соң көкте «ил» — де,
— Ал, сен ше?
— Мен жайқалған дән орамын,
Егінді әкем үшін суарамын.
Қолыма кетпен алып, арықтарды
Тазалап, өзендерден су аламын!
Танысып кең далада өздері де,
Айтылып шын көңілден сөздері де,
Осылай жайбарақат келе жатты,—
Үміттің ұшқыны ойнап көздерінде.
***
Түн іші. Көрінбейді жанған жарық,
Ұйықтаған ауыл түнде дамыл алып,
Жалаңаш көшелерде жел гуілдеп,
Кейде, тек — күрсінгендей өксіп налып...
Ойдағы, жауап таппай сұрауға онша,
Ұйықтамай кемпір отыр түн ауғанша,
Тізіліп көз алдында ой өрмегі,
Үйіріліп келді басқа сұрау қанша...
Ертеде, ол өзі туған селенінде,—
Өмірдің тұщы, ащысын еледі ме,
Ұқпады үйсіз, күйсіз не себептен
Жүргенін қолы жетпей дегеніне?
Жылы сөз айтпай ешкім о заманда,
Қарады сұсты көздер, себебі не?
Байғұстың мұңына ешкім көңіл бөлмей,—
Жүрегі ол кез қайғы жемеді ме?!
Алыста өзі туып-өскен жерден,
Жаңада ғана келіп, тұнғыш көрген
Тереңсай ауылының адамымен
Танысып жетпесе де тұрғын елмен,—
Есітті ана достық, жылы сөзді,
Қарсы алған құшақ жайып мейрімді елден.
Бойына осы құрмет қуат құйды,
Дем беріп көңіліне келген күннен.
Мысалға Барованы алсақ міне,
Я, таныс, туғаны ма, оның кімі?—
Ол,— қызы, я — жиені, жақыны емес,
Тек қана жерлес тұрған көршісі еді.
Үйге де келіп жүріп ол үнемі,
— «Мектепке бересіз бе Марияны?
Берсеңіз, дайындайын өзім оны!»
Деген ед Иоанаға ол бір күні.
***
Қабылдап Иоананы бір жайлы адам,
Сұрады келгендігін оның қайдан?
Сұрады, қалай тұрып жатырсыз?— деп,
Иоана жайын түгел етті баян.
Мектепке баруы да деді кәдік,
Қызымның ботинкасы тозып қалған...
Бір сағат өткеннен соң сол бір үйден,—
Көңілді шықты ол, көзі күлімдеген.
Жолшыбай жанындағы серігінен
Сұрады: — Қай адам, бұл кім деген?
Не қылған ізгі адам еді, Марияға
Калош пен көйлектік шыт, бұйым берген?
— Атқару комитеті бастығы бұл,
Бір емес талай жанға көңіл бөлген.
Үйге кеп Катерина, салып өрнек,
Тігелік Марияға,— деді көйлек;
Біреуден іс машина сұрап алып,
Бір өлшеп, бірде қиып, пішіп жөндеп,
Етегін үйірілдіріп дөп-дөңгелек!
Шығарды тігіп қызға жаңа көйлек
Риза еңбегіне болды өзі де,—
Беруге уақыт тауып қызға көмек.
Кімі еді Катерина Марияның?
Барғанын мектепке оның бармағанын
Не қылмақ? Және әлгі үлкен адам
Сәбиді әкесіндей қолдағанын
Көрдің бе? Соншалық бір жылылықпен
Сыйлауын жап-жас қызын молдаванның.
.................................................................
Мәнісін мұның сәби көп түсінбей,
Жүрсе де, көрші ұйықтамай қуанғанын!
***
Қырда олар колхозшымен бірге жүріп,
Ертеңнен кешке дейін егін орып,
Көтеріп зілдей ауыр дән сабағын
Қалады күн батқанша қол да ауырып...
Бауларын үйілген дән болып асқар,
Көз қиып піскен кезде қалай тастар,
Шілдеде шыжып тұрған дән сығалай,
Самғауда садақ құйрық қарлығаштар!..
Үйілген қырда әр жерде мая қандай,
Түгі алтын үйір-үйір жатқан малдай,
Шыққандай ескі ертектен, қырда күтіп,—
Бір алып бақташысын қарағандай...
Шешесі қызыменен кейде әндетіп,
Тәтті үні ел құлағын елеңдетіп,
Сүйді олар сазды үнді қазақ әнін,
Сүйді олар орыс әнін ұйып елтіп.
Қырда олар ыстық жазда тұрған жайнай,
Дамылдап тынығуды бір де ойламай,
Еңбекпен кең даланы әнге тербеп,
Өзендей ағып күндер, өтті талай...
* * *
... Қысқарып көлеңкесі маялардың,
Түс ауа, демалатын нақ олардың
Мезгілі, көлеңкеде Катерина
Қозғады сөзбен жанын аналардың.
Ол туған Украина жерін айтты,—
Суреттеп еккен бақша, бау мен бақты;
— Машина, комбайндар тамаша еді,
Таппассың, онан артық ешбір жақты!
— Я, солай,— деп, күрсініп сонда Иоана,
Көргенмін... Тұр бәрі де көз алдымда...
Ендігі,— құлпырып-ақ кетер ед-ау,—
Деді, жай, шіркін туған Молдавия!
Барова үнсіз оған жақын барып,
Аялай жауырынан жайлап қағып:
— Анажан, налымаңыз, Молдаваңыз,
— Құлпырар,— деді, ертең-ақ гүл-гүл жанып!
Сөйтті де, кетті өзінің өңі қашып,
Кім білген, ойлады ма елін қашық;
Әйелдер шаршағанын елең қылмай,
Отырды әңгімемен көңіл ашып...
ІІ
Алдыңғы ауыз үйге біреу кіріп,
Сүрткендей болды етігін дыбыс беріп,
Есікті тықылдатты...
— Үйге еніңіз!
— Колхоздың бастығы бұл тұрған келіп,
Деді ол, босағадан аттай түсіп:
— Кетуге келіп едім сізді көріп.
— Құба-құп, хош келдіңіз!
Бізге туған
Төрлетіп, отырыңыз, болып мейман!
— Үйде екен қыздарың да,— кешкіғұрым
Жақсы ғой, кітап оқып үйде отырған!
Аз ғана отырды үнсіз, шықпай ызың...
Ананың, шолды қонақ, мұңды жүзін,
Кемпірдің көз нұрынан оқығандай
Болды ол, қайғының бір салған ізін...
«Мойытқан қандай қайғы Иоананы?
Жүдеткен уайым неге бұл ананы?
Жазуға жан жарасын көп ойлады,
Қайткенде, деп, бұл ана жұбанады?..»
— Сізде тек екі қыз ба, бала бар ма?
— Тағы да екі балам бар,—деді ана.
— Қайда олар?
Әлде, алыс майданда ма?—
Дегендей,— күрсініп бір күбір етті:
— Білсем мен қайда екенін, ойланам ба?..
— Жоқ деңіз хабар-ошар көптен сонша?
— Бір ауыз сөз жазса екен тым болмаса!
— Олардың аты-жөні қалай еді?
— Жазып бер, қызым, бәрін, хат жолдаса.
Лянадан жазып берген қағазды алып,
Мұқият қалтасына ол қойды салып,
— Иоана жеңгей, қайғың болса ауыр,
— Төзіңіз, қажымаңыз, — деді, налып!
— Тап онша налымаймын, оның рас,
Білемін жылау-сықтау демеу болмас,—
Десем де, өзімді өзім ұстай алмай,
Өзен боп түнде көзден ағады жас!—
Деп, кемпір айтып барлық ойда барын
Аналық ашып бүкіл таза жанын,
Өзі де, бейтаныс бұл адам оны
Сезбеді жақынына балағанын.
— Я, солай, ортасында қанды майдан
Жүр, көптен менің де екі туған балам,
Хат келсе төбем көкке жеткендеймін,
Жалғанда жаман екен хат алмаған.
Сау шығар самғай ұшқан сұңқарларың
Табармыз, алармыз да бір хабарын...
Қайғыңды күшке жеңгіз, төзімді бол,
Қамы үшін сақта өзіңді сен олардың.
Сөйтті де, үйден шығып, қайтты ауылға
Кетті ұзап, үзді қара түсіп жолға,
— Мамажан, туғандарың аман шығар!
Түсірді әлгі адам әкемді ойға!
* * *
Жақсылық бір хабарды күнде күтіп,
Жүрді ана талай апта, айларды ұтып,
«Қарабалин бастықтың айтқан сөзі
Келер-ау, аумай, сірә, болмай мүлтік».
Үмітпен күту дағы жеңілденді,
Жақсылық күтіп кемпір көңілденді;
Сергітіп жабырқаған ана жанын
Көмекке достар келіп қолын берді.
* * *
Ағуда бұрынғыша мезгіл зулап,
Сан рет өтті талай жыл зымырап.
Колхоздың бастығы да көп үндемей,
Өтеді үйге соқпай тек бір қарап...
Бәлкім, ол бір сыбысты білген шығар?
Майданнан суық хабар келген шығар,
Бекер-ақ, олай болса — бишара ана
Күтеді жақсылықты көңілі тынар?
Тоқталды енді Иляна көп үндемей,
Сөйлейді оқта-текте елеңдемей:
— Уайымдап керегі не, уайым жеме,
— Жуықта қоймайды деп бір хат келмей!..
Неліктен, бірақ осы Илянаның
Шықпайды даусы дағы дірілдемей,
Қоңырқай түсі суық, жүзі сынық
Қасарған қабағы да күлімдемей?
— Жан қызым? Айтшы өзің расында,
Сәлем хат келе ме анық нанасың ба?—
Деп еді, қыз жанары жадыраңқы
Қадала қарап тұрды анасына...
— Сенемін мен, әрине, сену керек!..
Дегенде: гүл-гүл жанып анасы да,—
Қуанып сала берді жайнап жүзі,
Сөндіріп қайғыны көз қарасы да.
* * *
— Бір хат бар сізге келген менде, анажан!
— Маған ба?
Хат дейсіз бе?
Хат дейсіз бе?
Нана да алман...
— Табылды балаңыздың екеуі де,
Оқыңыз, дұрыс болмас шүбәланған?
— Сен қалай таптың біздің балаларды?
Айтшы тез: дейсің бұл хат келді қайдан?
Деді ол:
— Таңғалатын ештеңе жоқ!
Сұратып білдім оны Москвадан.
Сөйтті де кемпірге оқып пошта санын,—
— Мінекей адресі...
— Ал, шырағым,
Істеген жақсылығың үшін біздің
Өмірде алғысымыз жетпес жаным!
— Алғыстың керегі не? Қиын кезде
Аянбай көмек берер әркім сізге...
Иляна, олар тұрған бөлімшеге
Тезірек хат жазудың жолын көзде!
Оларға жаз, алаң боп ойламасын,
Үй іші қымбат бізге деп жазғайсың.
Әдейі тапсыр тағы, тапжылдырмай
Жауларды талқандасын, аямасын!
* * *
Таң ата, қар далада боран басқан,
Ұйқыдан оянды ауыл көзін ашқан.
Шаң да шұң тоғайлардан үн естіліп,
Әр үйден шығып түтін аспанға асқан...
Мақтадай жабысып қар тұла бойға,
Боранда малтып қалың омбы қарға,—
Жай ғана басып бастық келе жатыр,—
Өзеннің басындағы су қоймаға.
Құрышпен қапталғандай не бір батпан,—
Сіресіп көкшіл өзен мұз боп қатқан,
Үңілген жер астынан үңгірге ұқсап
Жатты өзен, жағалауын ақ қар жапқан.
Су қойма, шыңырау құдық мұз боп қатып,
Тұрғандай тұңғиыққа түрі батып,
Жұрт аршып мұздан оны түзеп жатыр,
Тыншымай таңнан тұрып, борандатып...
Жұмыста, сонда әндетіп біреу жүрді,
Сырт суық болса дағы күрке жылы,
Бұрқанып мейлі боран соға берсін,
Әйнекке қарды үйірген жел бір жынды.
Жұмысшы күркесіне есік ашып,
Сол кезде біреу кірді еркін басып,
Күркеге ұйтқыған қар бірге кірді,
Тұрды адам: хал қалай? — деп, амандасып,
— Жылы екен үйлеріңіз, монша дерлік!—
Деп бастық, моторға жай көз жіберіп,
— Тапсырма орындалып бітіп қалған,
Сөзім жоқ кінә қояр, бұл шын ерлік!
Бастықтың жылы сөзі бұлай айтқан,—
Сергіте жұрт жүрегін шын қуантқан.
Мақтар ма, ел еңбегін бостан босқа,—
Демек, бұл іске лайық болды мақтан!
— Іске сәт!
Деп, көңілді кетті тауып,
Жаяулап жалғыз аяқ жолмен барып,
Сәл тоқтап кеңсесінің алдына кеп
Есіктен кірді, үстінің қарын қағып.
Жап-жарық кең залға ол кірді барып,
Бір топ қыз ұзын столды алдына алып,
Тазалап ақ күрішті күрмегінен,—
Жұмыста отыр еді жайнаң қағып.
Мектептің оқушысы қыз бен бала,
Өнімді ақ күріштен біз мол ала
Өрлелік, арам дәнді алып тастап,
Деп, отыр екен бәрі шын қозғала.
Келді де бастық бір қыз балақанға
Бір уыс күрішті алып алақанға
Көрді де,— қалқам, шала тазалапсың,
— Жақсы істе, деді, мұны ел жарата ма?
Қызарып қыз бір қарап ұялды да,
Қысылып қалды азырақ көп алдында,
Сезінді бұдан былай жақсы істеуді,
Көзінің қиығымен құп алды да...
Келді енді көрікшіге, теміршіге,
Балғасын соққан төске тым өршіте...
Сүйсініп Қарабалин тұрды қарап,—
«Темірден түйін түйіп» берушіге!
Көрді ол көрікшінің сайланғанын,
Түзеген елдің темір саймандарын,
Көріктен шыққан темір төске ұрылып,
Ұшқындап, оттың күндей жанғандарын.
................................................................
...............................................................
Әр жерде-ақ жұмыс бабы оны күткен,
Бастықты күткен жұрты көп үмітпен,
Жүреді күн-түн демей, боран демей,
Жұмысқа жанын салып бар ниетпен.
ІІІ
Көк қорғасын бүріккен!
Сталинград түбінде
Жерді соғыс сіліккен,
Құлақ жара гуілге.
Жолы Ташкент - Москва,—
Ұйқысыз, күн-түн темір жол.
Эшелондарды асыра
Отанға көмек беруде ол.
Темір жол тынбай заулаған,
Қан тамырындай елімнің
Қала мен бүкіл ауылдан
Тоғысқан күші ол жерімнің!
* * *
Колхозшы толып тұрған үй алдында
Залға енді. Отырғыштар жиі алдында.
Сүйенген таяғына ақ сақалды
Шалдар да отырысты жиналды да.
Колхоздың бастығы да алдын ала,
Осы үлкен жиналысқа дайындала,
Шақыртқан жұрттың бәрін қалдырмастан,
Отырды залға сыймай ауыл тола.
Естілмес залда шыбын ұшқаны да,
Бір сөзді есіту жұрт құштары да,
Бастығы «Тереңсайды» Қарабалин
Не сөйлер екен деп жұрт тосты алдында.
Ол коммунист!
Жұмыстың тілін білген,
Ізгі адам,— оған түгел елі сенген.
Құрметті төсіндегі орденінен
Тұр ұлы Ленин алға көз жіберген.
Бурыл шаш, сұр көйлекті, сол жан саспай,
Залға жай трибунадан көзін тастай,
Отырған тынышталып жұртқа қарап,
Былайша, жіберді өзі сөзін бастай:
Естіген шығарсыздар өзіңіз де,
Болып тұр Отанға ауыр осы кезде,
Түбінде Сталинград соғыс күшті,
Жеңеміз, біз сенеміз өзімізге!
Құтырған қарақшылар қорқыта алмас,
Әйтсе де, көмек керек елімізге.
Майданда емес жалғыз, заводта да,
Біз істер еңбекпен де заулап қырда
Береміз фашистерге қатты соққы,
Өсетін егінмен де, жайнап қырда.
Өрттей боп тиген жауды, туған елге,—
Беттетпей жығу үшін қазған көрге,
Отанға берер әрбір сыйлығымыз,—
Табылар жәрдем болып жауынгерге!
Колхозшы жұртшылығы Россия,—
Отанға күшті көмек жиысуға
Жұмылды, біздің айбынды армиямыз,—
Шықсын деп қуаттана ұлы шыңға!
Деп еді ол,—
Біреу күріш, біреу бидай
Береміз деп үн қатты біреу ұндай!
Қалдырып піскенше егін үйге азықты,
Береміз десіп жатты бірі қалмай.
— Отаннан еш нәрсем де жоқ аяйтын,
Беремін, бар еді бір жүйрік атым!—
Деп жатыр бір қазақтар үн көтеріп,
Aт емес жауды жеңбей болдыратын.
Жетеді ол Шпрейге шейін шауып,
Ерлерім, жауды естен тандыратын!
Үндемей бастық тұрды, дауыс тынбай
Қол соғып жатты залда жұрт шыдамай!
Аудара жайраңдаған жұрт назарын
Бір кезде тұрды орнынан қарт Жидебай.
Жатқандай тыныштықта ұйықтап бала,
Сол кезде үн шығармай жұрт та тына
Сезінді ел: «Жауаптымыз дегендей боп —
Отанның келешек жас ұрпағына».
Жидебай бастады өз сөзін жайлап:
— Жіберген ұлдарымды майданға алда-ақ,
Білемін, — олар жақсы соғысады,
Келтірмейді ұятты — өзім айғақ.
Әттең, тек аямас ем өз күшімді,
Қартайдым көрдіңіз ғой тұрысымды.
Еңбекпен тапқан қаржымды елге ұсынам,
Беремін түйемді де, күрішімді...
Әр жерден шықты дауыс:
— Мен де!
— Мен де!
— Бәріміз, көмекке әзір —
Дәм де, дән де!
Біздерге бәрінен де жеңіс қымбат,
Солдатпыз жеңіс үшін туған елге.
* * *
Үй жылы. Көмескілеу майшам жанып,
Аласа столға одан түскен жарық,
Иляна отыр... Қолында білтегеші,
Ойнайды қыз саусағы жіпті шалып.
Иляна тоқып отыр түбіт шәлі,
Қалыпты бітуге де мүлік шәлі...
Бұл заттар жауынгерге жақсы сыйлық,
Тұр шәлі жолағында түбіт сәні.
Үйінде Гүлдара да тоқып қолғап,
Асықты бірі бітсе, бірін қолға ап,
Жаудырап қара көзі қазақ қызы,
Нұрланған бетінде тұр күлкісі ойнап.
Жауынгер жүрген соғыс майданында
Елестеп Гүлдараның ойларына,
Курокты тарта көздеп жауды атқанда
Риза болсын дейді қолғабыма!
Қамданды Мария да кисет тігіп,
Кестелеп кисетінің аузын бүгіп,
Тігіп боп оны орап қойды дағы,
Оқыды газетті енді көңіл бұрып.
Ошақта жатыр құрғақ жиде жанып,
Далада жел ұлиды қарды қағып,
Қызды боран шошытып, сықырлатты
Есікті, терезені ауық-ауық.
Далада боранды жел ышқынады,
Сілкінте мұз бұтаны ысқырады,
Үйірілте, құйындата, аспанға ата
Ақ қарды ақ бұлттай ұшырады.
Мазасыз қырда боран гуілдеді,
Жайлы үйге әсері көп білінбеді;
Тек санап жүрдек сағат минуттарын,
Қолда ұршық жан біткендей иіріледі...
Ұршығын иіруде кәрі Иоана,
Бір жерде өзіндей бір кәрия ана —
Отырған шығар мүмкін шұлық тоқып,
Бейтаныс майдандағы бір ұлына...
Далада тұр тұңғиық көрсең түнді,
Жуасып боран дағы жусай тынды;
Қырдағы күртік қарға сәуле шашып,
Үстінен шолып дөңнің жас ай туды.
Жігерлі жұрт еңбегі қызуланды,
Көңілі ұйықтауға да бұзылмады,
Жіп тоқып білтегештер жып-жып етіп,
Арадай ұршық зулап ызыңдады.
Сыйлықты жинап күллі салар кезі,—
Жазылмақ болды жұрттың хатта сөзі,
Күн бұрын не жазарын білмесе де,
Құйылып жүректен сөз келді өзі.
«Туысқан аға, іні, ұлдарымыз!
Бақытты жаңа жылда нұрланыңыз,
Жеңілсе шапшаңырақ жауларымыз,
Болғаны бәріміздің жолдарымыз!
Жұмысты күні-түні біз тындыра
Істейміз алға жұртты ұмтылдыра...
Көп сәлем Сталинград ерлеріне!
Мария, Мама, Ляна әм Гүлдара».
* * *
Атқан таң қалың құмға шашып арай,
Шапағы күртік қарды нұрға бояй,
Күллі ауыл таңнан тұра дүрлігісіп,
Асығып жүр қимылдап тыным алмай.
Шарбақта түйе қалғып тыныстаған,—
Бәрібір осы жер де дұрыс соған!
Сезіне үстіндегі артқан жүгін
Керенау тұрып, бойы құрыстаған...
Маң басып қар үстімен түйе тартқан,
Қозғалмас жүгі мықты қомына артқан,
Жып-жылы жұрт сезімін көргендейсің,
Сол бір сан түйеге артқан ала қаптан!
Қалаға тартты олар көргің келсе,
Қозғалды қызыл құмды керуен кеше,
Сталинградқа да жетер еді,
Жет деген сол күйде тек әмір берсе!
Күн биік көтеріліп, нұр құйылған,
Жүгеннің шықты дыбысы шылдыраған...
Соңғы рет тұрды қарап Қарабалин
Атының ұстап жүген, шылбырынан.
Мойнынан құшып аттың, сұлу жалын
Сипады, сипады да омырауын,
Деді ол: Сталинград жауынгері
Суарып тұрар сені жануарым...
Майданға шығар кезде сипап-сылап,
Еркінше сұлы жемін берер шылап,
Аялап шашаңа шаң тигізбестен,
Топ жарған шабысыңды көрер сынап!
Керуен шығып қалың тоғайлардан,
Көсілген даңғыл жолға түсті қырдан;
Қарап тұр күлімсіреп Қарабалин,
Жүзінен батылдығы аңғарылған.
Соңынан тағы үш арба күріш толы
Сықырлап жолға түсті, ырыс толы,
Мол сыйлық! Ризамыз бастыққа біз,
Деп жатты ел: «тартуымыз дұрыс болды
Деді, — сый болып жұрттың ойлағаны:
«Жақсы көріп Советтік Армияны,
Жарайды, жеңіс үшін бастығымыз
Жанымен сүйген атын да аямады».
Бір бала керуендегі түйе мінген
Теңселіп түйе үстінде күбірлеген,—
Деп отыр:
— «Аямаймын не болса да,—
Барымды Отан үшін мен де берем!»
* * *
Жұлынып шөбі дауыл боранда ұшқан,
Көрінген сары мұхиттай құмы алыстан,
Не деген кең едің сен, байтақ едің,—
Ғажайып қазыналы Қазақстан!
Ежелден тек қыран құс қанат қаққан,
Далаға шөліркеңкі сұлап жатқан,
Келді адам, табиғатты бағынтуға,—
Жайдары жанарынан ұшқын атқан!
Тандыры кепкен құмнан су шығара,
Металды тауып тастан уысына ала,
Үңіліп жердің нағыз жүрегіне,
Зерттегіш келді адамдар сусын ала.
Ол, тастан іздеп бір кен көзін тапса,
Қолға алып қорғасынды қарап жатса,
Көзіне — оқ тапқандай көрінеді,
Талқан қып жайрататын жауына атса.
Зымырап жұлдыз қанат көкте қыран,
Майданға асыға ұшып құлаш ұрған,
Шарықтап самғай берді, самғай берді,
Кең байтақ Қазақстан өр қырынан!
Бұрынғы жатқан жерде тау-тау құмдар,
Ысқырған ығыр болып желге қырлар —
Құлпырған; Қарағанды көрсең кенін,
Қазып та тауыса алмассың талай жылдар.
Егістің алқабында қырдан осы
Көрініп тұр мұнайдың мұнарасы,
Табаны темір жолдың жарқылдайды
Салынған тасын қашап тау арасы...
Зеңбірек гүрілдесе Европадан,
Орыстың полктары фашисті ұрған,—
Күллі жұрт қимылды зор сезінгендей,
Лебінен ержүректің соғып тұрған.
Қимылдай біледі олар жауынгерше,
Жайпайды бүкіл жауы жеңілгенше!
Тап осы қарапайым ізгі жұрттан
Жөн болар Европаға соны үйренсе!
IV
— Мені кім жұбатады, дертім басып?
Қайғыдан құса болдым жаным жасып!
Мүгедек болып, балам жараланған,
Асыпты иығына қолын таңған!
Жүрегім пәрә-пәрә болды менің.
Бақытсыз болдым, менің сөнді күнім!..
Иоана мұңға батып, шашы ағарған,
Қайғыға қаусай қалған босап әбден...
Кенет бір шалқасынан ашылды есік,
Күн шалған кірді Катя босағадан.
Бүктеулі, қолында хат, көзі жайнап,
Бетінде қызыл шырай қаны ойнап
Келсе де,— кенет өзі томсарды да:
— Не болды?
Қайғыңыз не? —
деді жайлап.
Сөйтті де, күтпей жауап бір лебізді,
Кемпірге келіп жақын лезде өзі,
Қағаздан конверттегі оқып берді:
«Жаралы болды қолым...» деген сөзді...
Кемпірді құшақтады айтып көңіл,
Қосылып жылап та алды егіл-тегіл,
Біразырақ екеуі отырды үнсіз,
Бөлісе білсе қайғы болар жеңіл.
Дыбысы бір тақаның тық-тық басқан
Естілді, тағы біреу есік ашқан...
Асығыс үйге кірді, Барова екен,
Сұрады:
— Не болды? — деп отырмастан.
Хатты оқып, барды да ол терезеге,
Сабырлы, сұсты бірақ, тұр өзі де.
Сәл ғана, түсі — бәлкім, бұзылғандай,—
Қолы да қалтыраған көрер көзге...
Жабығып сонша мұңды қарауы да,
Қалғандай шашы да ерте ағаруға...
Алдында достарының сол бір минут
Түскендей болды қайғы торабына.
Кенеттен ызаланып кетті өзі,
Қан қайнап, қарауытып кетті көзі.
Шыдамай, жігерленіп, былайша айтқан —
Жалындап шықты аузынан отты сөзі:
— Жауға атып аққан қан мен көздің жасын,
Шығармыз есептесіп одан басым,
Ерте, кеш — демеңдер, достарым-ау,
Өш алып, берерміз жау сыбағасын.
Ұзады күн артынан күн созылып,
Қасірет, үміт, күдік бір кезігіп,
Түн болса, көз жұмылмай ұйқы қашты,
Басқа кеп ұшығы жоқ ой тізіліп.
Қайғыны жеңу үшін ойға оралған,
Жүректің өзі жауап берді оған:
«Жоқ, кәрі Иоана, сіз ұқсамайсыз
Қаңбаққа күздігүнгі жел аударған,—
Бейне жас бұтағындай күшті еменнің,
Мойында тұр мызғымас күш дегенің!»
Нақ сондай кәрі Иоана денесінде
Жаңадан біткендей бір күш көремін.
Басқа емен жанында өсіп тағы ұшталды,
Гүл атты көкке бойлай жарысқалы.
Сынбайды ол тентек желдің екпініне,
Күшті емен дауылға да майыспайды!
Жанында өргені көп Иоананың,
Барова, Катерина, Гүлдараның
Бәрі де қасында ғой серігіңнің,—
Қыздары аясында бұл ананың...
Біледі көп кешікпей жеңіс күні
Шапағын шашып, ертең қуанарын.
Халқымен қол ұстасып бұл өмірде,
Иоана сапта ұлы елмен бірге,
Онымен кекке толы Барова да,
Адал жар Катюша да жүр ғой бірге.
Тілектес күллі анамен мұңы бірге,
Тілейді бейбітшілік жұмыр жерде,
Күні-түн басшылармен бірге дерлік,
Істейтін демалыссыз Кремльде!
Бұл ана жауынгермен майдандағы
Бірге тән, өшін алған жаудан дағы,
Тайсалмай шайқастарға бірге кіріп,
Айқасқан Отан үшін барған тағы.
Қуаты артып елдің Отандағы
Достасқан жұрт жүрегі от алды әні,
Достыққа құлшындыра түсті бізді
Ерлердің майдандағы төккен қаны.
Аянбай, өз әлінше етіп еңбек,
Отанға қолдан келген беріп көмек,
Ақ шашты молдаванның Иоана ана
Жанымен тұрды сүйген елін жебеп.
Тек, оның жүрегінің аңсауы да:
Еліне көмек үшін жан салуға
Өзі әзір, туған күні жеңіс күні,
Ұлдарын жарқын жүзбен қарсы, алуға!
Мінекей, алыс Урал бір жерінен,
Хат келді дәрігер қыздан жіберілген...
«Сауығып, ұлың сапқа қосылады,
Бұл хатты өз аузынан жаздым...» деген.
Депті ұлы,— жыламасын, анасына,
Түк емес, жарақатым расында,
Бекерге мені мұнда ауру дейді,
Майданға барам, жатпай тегі осында!
Көп ойлап, қайғырмасын мені анам.
Солдатқа оқ тисе егер, несі оның таң?
Қайтадан автоматын қолына ұстап,
Кіреді айқасына ол қанды майдан!..
Жазылған хаттағы өр жолды сайрап,
Оқытып, тыңдап ана отыр жайлап.
Жапты да көз жасы бет әжімдерін,
Бір кезде, жаны жаздай кетті жайнап!
V
Байқасаң, түнде сәуле көктен ғана
Қылаңдап, нұрға шомса күткен дала,
Ауа исі жұпар шашып, қыр шаңғытса,—
Ұққайсың: қалыпты-ау деп көктем жана!
Қыс кете, жер жыртуға пар дайындап,
Қазақтар шырпы өртейді, оты лаулап!
Даланың, сол кез жазық ойы, қыры
Таққандай алтын алқа тұрар жайнап.
Кең шолып шөбі күйген тың даласын,
Сыздырып тракторшы бороздасын.
Теңіздей толқып егін пісіп жазда,—
Таңғы шық тұрар жуып бар тұлғасын...
Жеткенше көкжиекке жайнап дала,
Орамал, шайы көйлек жасыл ала —
Құлпырып, қыз-келіншек қырда әндетті
Күн шалған кетпендерін қолына ала...
Қорыс боп қазылыпты дала барлық,
Жарқырап жатыр суы үлкен арық,
Сол жерде жасылдана егін жайнап,
Дән құйған жүгері де суға қанып...
Жайылып қырға суы Сырдария,
Адамның өр күшіне тұр бағына:
Бас иіп жерде адам еңбегіне,
Тамаша егін дәнін құйғаны да.
***
Бір мезгіл, түн ортасы кеткен асып,
Жетіп кеп, Жидебай қарт есік ашып:
— Көмекке шақырды тез жұртты оятып,
Деп:— Суы Сырдария кетті тасып!
Қолына, жұрт жүгірді,— фонарь алып,
Ескек жел мұзды су қып қағады алып,
Дауыстап қарт Жидебай жұртқа айтып тұр,
— Таң ата, деп, тасқын да келеді ағып.
Келген жұрт кетпенмен сазды, лайды,
Іргесін қалап дамба салды ыңғайлы.
Тасқынға тосқын болар берік бөгет,
Мұны ешбір су ағысы бұза алмайды!
Қысыңқы көздерінің қиығынан
Күлкі ойнап мұрты жапқан миығынан,
Ақ көбік толқындарды бақылайды,
Фонарын жоғары ұстап иығынан.
Дейді ол:
«Неге сонша, Сырдария,
Долдандың жолдағыңды сындыра аға...
Арыққа қазір сені жіберейік,
Күшіңді жойып босқа құлдырама!
Жерлерді шөліркеген құм кеп басқан,—
Суарар көк толқының көбік шашқан,—
Суыңмен егінді де жайқалтарсың,
Жасыл бел қырларың да Қазақстан
Тартылса суың егер аласарып,
Түтікпен тарттырамыз ала салып,
Бәрібір бізден суың құтылмайды,
Егінмен кетеді ертең қыр жасарып...»
Қаланып қабырғасы, бөгет біткен,
Таң жарқын сәуле шашты мұнар көктен,
Ақ көбік толқын атып Сырдария,
Жеріне Қазақстан келді көктем.
Шағындау колхозында «Тереңсайдың»
Бәрі бар түйе, жылқы, құлын-тайдың.
Көршілес жұртқа мәлім осы колхоз,
Еңбекте бірлігі мол көрсең қай күн.
Жарында жарық клуб карта ілініп
Тұр, онда бос уақытта жұрт жиылып,
Кеңесіп отырады колхозшылар,
Кей кезде майдан жаққа сөз бұрылып...
Кей кезде көшпелі бір кино келіп,
Суретті уақиғалы қойса беріп,
Тоғайды, заводтарды, Москваны...
Колхозшы отырады залда көріп!
Орнатқан ұнатады су қойманы,
Колхозға жақсы емес пе, су болғаны!
Қалаған жерін еркін суарады
Сынатпай жылжиды асыл су қолдағы!
Бұл жағдай малшыларға құмда көшкен
Көрінген бұрын түстей, көзге елестен...
Жайқалып жылдан жылға шығуда егін,
Шөл дала басыңды и! Өмірге өскен!
Жағалай өсті бітік егін жонға,
Иіп тұр бидай басын көрген жанға.
Бұрынғы жеріндегі болса да ауыл,
Бақытты өскен онда адам жаңа!
* * *
Шаттанып пионерлер екпіндеді,
Шықты әне жасыл қырға беткейдегі;
Әр жерде, әр бала жүр, желбірейді
Мұғалім әйелдің де көк көйлегі.
Бұл әйел,— кішіпейіл, сабырлы адам,
Бәріне балалардың сол ұнаған.
Тып-тыныш, ұйықтағандай тұр маң дала
Ыстық жоқ, ертеңгі шақ жадыраған.
Шашырап әрбір жерде жүрген бала —
Асыр сап құшағында тұр кең дала,
Егіннің шығына әбден малыныпты,
Сап түзеп солдаттардай жүрген бала.
Егіннің арам шөбін қолмен жұлып,
Сораңның сабақтарын бүктеп, тығып,
— Құриды ертелі-кеш соның бәрі,
Сақталық сабақтарын, — дейді жиып!
Айша жүр іздеп гүлді Марияға,
Қызыл-жасыл гүл түсі табыла ма,
Үзді де бір гүлді ол күбір етті:
— Жерінде, жоқ шығар бұл Молдавия.
Мария күлді, алып гүлді шапшаң,—
Ойлады: «Егер, өзім үйге қайтсам,
Жыр болар еді, тіпті, ұшан қиыр,—
Дегендей,— көргенімнің бәрін айтсам».
Ыстығы қайтты күннің кешке айналып,
Қанатын салқын самал жерге жайып,
Егіндік ортасында шыққан гүлдей
Қып-қызыл галстуктер тұр нұр жанып.
Балалар қайтып үйге аяңдады,
Мәз-мейрам, ойындарын қоя алмады...
Беттері нарттай болып қызарыпты,
Көк шөптің жұққан қолда бояулары.
* * *
Егін жанып барады күн шыдатпай,
Күйесің, көлеңкелер жер де таппай.
Ызыңдап шөл даланың аңызағы
Бидайға ысқырып тұр атқан оқтай.
Кең сайда, сыртындағы тоғайлардың,
Движок тұр гүрсілдеп құрған дайын,
Аспандап шығып түтін будақтайды
Үстінен асып биік су қойманың.
Мылтықша кеткендерін иыққа асып,
Шықты әне арықшылар иықтасып,
Шайқасып сумен олар үйренгендер,
Біліпті су тәсілін қалыптасып.
Қашуға әзір еді судың өзі,
Бөгетпей, жұлқынатын бар мінезі...
Жібермей суды еркіне, қас қақпастан,—
Бақылап тұр ағысын адам көзі!
Дыбыссыз түнде адамдар жүр ыңғайлы,
Жұлдыздан қимылы тез жымыңдайды.
Дыбысы шаң-шұң соққан кетпендердің,
Қағысқан қылыштардай шыңылдайды...
Секілді ракета, бір үн кенет
Шықты да, жаңғырықты көкке өрлеп...
Жұрт шапшаң, дауыс шыққан жаққа ағылды,
Бұзыпты бөгетті су тасып, кернеп.
Жұрт шапшаң кіріспесе келісімен,
Бөгетті бұза түспек су есірген...
Су жолын жауып жатыр Гүлдара кеп,
Өзінің талдырмаштау денесімен.
Құлады сазы суға кеткен жердің...
Қимылдап қолы тез кеп жеткендердің,
Жұрт бөгеп жатыр суды, естіледі
Шаң-шұңы күрек пенен кетпендердің...
Бұзып су бөгетті енді қаза бермес,
Тентек су жуасыды маза бермес;
Істеуге тентек тасқын өз дегенін
Талпынбақ, толқуы да — ғажап емес.
Күзетіп Ляна жүрді суды бағып,
Қарайды, тасымасын деп су ауып!
Ойлайды: «Су бұзса егер, Гүлдарадай
Бөгеймін денемменен суды жауып!»
* * *
— Тым-тырыс! — Колхозшылар қалды тоқтай:
Түтін де сутартқыштан тұрды шықпай.
Неге ауыр оның бүгін дем алысы?
Движок тынды... тұрған тыным таппай!
Дүрлігіп, жұрт жетті су жағасына,
Келсе олар, Қарабалин тұр осында.
Қарайды өз көзіне өзі сенбей,
Арықтың тамшы су жоқ саласында.
Жазда өзен суы жайлап тартылатын,
Тоқтапты машина да тартып отын,
Осылай жүрек кенет тоқтап қалса,
Қалмай ма тоқтап өмір талпынатын.
Қатердің тез-ақ ойлап алдын алған,
Тұр жұртты Қарабалин ұғындырған...
Сықсиып, сәулесінің ұшқындарын
Сараңдау күн санырлы суға құйған.
Тазалап колхозшылар су сорғышты,
Арықтан алды тастап шырпы ағашты,
Майданда окоп қазған жауынгердей,
Жұмылды жұрт аямай еркін күшті.
Тап-таза, су жүгіртпей жылтыр мұздай
Қоймауға мөлдіреген суды ағызбай
Жұмылды жұрт аянбай, сутартқыштың
Жүрегі соғу үшін, жайнап жаздай.
Жұртпен Иляна қыз бірге жүріп,
Аянбай өз әлінше күшін жиып,
Қараңғы түскенінше жер қазады,
Талдырмаш, талдырғанша белін иіп.
Машина, кенет, міне дұрысталды,
Арыққа бұғауланып су ұсталды.
Сімірді су сорғыш та суды қылғып,
Тоқтамай ашылып кең тыныстары.
Иляна тұрды арықты тағы бағып,
Күзетті, жатқан суды толқынданып.
Еңбекке, жігерлене жаны балқып,
Жүрегін шаттық билеп жалқынданып.
* * *
Далаға шықты апай кәрі Иоана,
Жұрт қырда жүр, арамшөп түбін қия.
Сораңды түбірімен суырады,
Өмірде шықпасын деп бұл араға.
Батуға көкжиекке күн барды ауып,
Бітуге қалды жұмыс ыңғайланып...
— Ал, қыздар, бойжеткендер, жеделдетіп
Шығатын қалды бірер жер айналып.
Бітіріп, бұл жұмысты, құлпырармыз,
Демалып басында өзен отырармыз...
Ал, қыздар, бойжеткендер, тездетіңдер,
Қалдырмай арамшөптен тұқыр жалғыз!
«Бір ойды,— Иоана апай отыр ойлай,
Сындырып бұталарын бір қу қурай,
— Бар еді, дейді,— бізде Мирон кулак,
Жұлса ғой тамырымен соны қоймай!»
Жұлынып арамшөбі болды дала.
Тасалап күннен көзін кәрі Иоана,—
Қарайды қырдан алыс Ляна қызын,
Лянадан асқан сұлу қыз бола ма!
Легімен мектебіне бірге барған
Оны, ана ұқсатты да гүлге оранған,
Қара көз, бұйра шашты Марияны
Таниды басындағы орамалдан.
Кеш болса отырғызып Илянаны,
— Оқы,— деп ана хатты қолға алады.
Келеді сырласқысы балалармен,—
Жұмыстан оралған кеш даладағы.
Жайығып, кәрі жүрек болды тыныш,
Көк мөлдір, дала — бейне жасыл пүліш
Міз қақпай үнсіз мүлгіп тұр айнала,
Жер дағы жатыр тыныш, алып тыныс.
VI
Жұмысқа Иляна қыз бұл арамен
Жүреді, қарсы алады гүл дала кең;
Қайтады жұмыстан кеш Ставрополь,
Сумның да қыздарымен, Гүлдарамен.
Болса да үйі шалғай Молдавадан,
Мұнда үлкен семья оны аймалаған,
Әр сөзді көппен бірге тыңдайды ол
Жеткізіп Москвадан хабарлаған.
— Иляна, біздің әскер Орёлды алған,
Жау қашты, Ростов та арылды одан!
— Қайталап айтуға әзір жаңалықты,
Нұрлана тұрды жүзі жалындаған.
Қарасаң тыңдап тұрған Иоананы,
Хабарға сыңғырлаған қуанады,
Қалайша қуанбасын, жеңіс жақын,
Сол жерде ұлдары мен туғандары!
Кеш болса-ақ, Иляна шығып үйден,
Клубқа күні де жоқ жүгірмеген,
Біз алған әр қаланы біледі кеп,—
Картадан жалау қадап белгілеген.
Картаны кезінде ол қараудағы,
Сусытып қолын алға сан аударды.
Тезірек, сондағы ойы: батыс жаққа
Келеді жылжытқысы жалауларды...
Картадан жер бояуын қиықталған
Нүкте де көрінбейді тұйықталған.
Іздейді қала, селен, тоғайларды
Кетерде қоштасып бас иіп қалған.
Төзімі жетпей оның шыдауға да,
Жақындап кейде өзі жылауға да,—
— Жетеді ерлер қашан Кишеневке,
Шүйіле, Днестрден,— деп,— жауға да?
Ойлады ол, Украина босағалы
Көп болды!
Жау қашты, асып осы араны...
Туады жеңіс күні!
Біздің танк
Берлиннің көшелерін басар әлі.
Бір күні ертеңменен хабарлауға,
Катя ертіп балаларды келді оларға,
Қызы мен Барова да жетті күліп,—
Айтты кеп:— Қайтамыз деп енді ауылға,
Қоштасты,— сау болыңыз! деп,— қуана,
Қайтамыз үйімізге біз, Иоана!
Достықты ұмытпаспыз сізді дағы
Жүрерміз әрқашан да ойға ала!..
... Иляна, Иоана мен жас Мария,
Сездірмей ішкі мұңын басқаларға,
Шаңдатқан жолға алыс тұрды қарап,
Қарасын кеткен үзіп достарына...
Батысқа эшелондар кетті тартып,
Сағаттар өтті сансыз, уақыт артып;
Күні ыстық Қазақстан даласымен,
Орманды орыс қырын өтті шалқып...
Шығарып салып өткен әр поезды,
Тұрды жай Иоана да салып көзді;
«Жол болсын! Біз де жақын күндерде осы,
Қайтармыз туған елге сүйген ізгі!
Өртеніп кеткен үйді, таланғанды,
Түзеңдер қалап мықты табандарды,
Жол болсын! Артыңыздан біз де барып,
Қалармыз жаңа өмірді, сарайларды!»
Әйнектен үйге күзгі күн қарады,
Бұлттарға сүңгіп кейде ұрланады,
Шақыртты бүгін колхоз бастығы бір
Кеңсеге Иляна мен Гүлдараны.
Айтарым,— деді бастық,— екеуіңе,
Жіберем Қызылорда мектебіне.—
Білесіз, колхозымыз бай болса да,
Мәлім ғой, тракторшы жетпеуі де!
Ойлаймын, алдағы жыл көктемінде,
Сабақты Иляна мен екеуің де
Бітіріп келіп егіс алаңында
Қажет-ақ, қажырлы еңбек еткенің де.
Өссін деп сізді алғы іске маман бола
Сізбенен, өзім үшін түстім ойға,
Боп қайтса тракторшы Молдаваға.
Мені де жүрер Ляна ойына ала.
Сәулесі шашқан күннің қыр үстінен
Торындай өрмекшінің күмістенген,
Төсіне Сырдария төгіліп тұр,—
Алтындай суын жауып тегістеген...
Шөп басқан, арық үнсіз осы тұста,
Күн суып, көрінбейді қайтқан құс та...
Ғажайып тұрған осы күз мезгілі,
Жиналып бітік егін жатса тыста.
Қырларда қарауытып үйген мая,
Маужырап тыныштыққа мүлгіп дала,
Алтынға малынғандай тоғайлар мен
Жасыл жон көмкеріліп тұр айнала...
Мөп-мөлдір көк аспанның жүзі қандай,
Қарағың келе беред көзіңді алмай,
Көк майса көтеріңкі жатыр қырда,
Күзгі ағаш жапырағы тұрды жайнай...
... Гүлдара Илянамен жолға шыға,
Жөнелді Қызылорда қаласына,
Шалқыта көкірегін шаттық кернеп,
Қыздардың жүрегі де аласұра.
Жастықтың, күлкісінен ұшқыны ойнап,
Шаттығын сездіргендей көзі жайнап:
«Біз шатпыз! Біз оқуға сапар шектік!
Дегендей,— жаңа өмірге тарттық самғап!»
* * *
Шаттанып, сақ-сақ күліп, аяласып,
Қара көз, жасыл көздер араласып...
— Фируза,
— Мен, Рыскүл,
— Мен, Мария.
Деп жатыр танысып та, қол алысып!
Жүздері сүп-сүйкімді қара күрең,
Секілді сәуле әкелген олар күннен...
Қарашы, көздеріне жаудыраған!
Жап-жас қыз, беттері де дөңгеленген!
Оқиды сабақты да бәрі бірге,
Сіңірген зая кетпес еңбегі де,
Керегін кітаптардан талдап алып,
Үңілген трактордың жүрегіне.
Көктемде тарқар ұқсап қайтқан құсқа,
Аралға, Жаңа-арыққа, Жалағашқа...
Үйренген тракторы төл атындай,
Алған жоқ білімді де олар босқа.
Жерінде Қазақстан шомған нұрға,
Көктемде кетер олар әр қиырға,
Кеткендей әкелері қан майданға,
Кетер де, етер еңбек ой-қырларға.
***
Үстіне жазықтағы жыртқан қырдың
Сәулесін шашып ыстық көктем нұрдың
Бір кесек жалтыраған жездей жүзіп,
Күн шықты аржағынан тау-тау құмның.
Арасын тұтастыра жер мен аспан —
Күннің мол шұғыласы бірге қосқан.
Ертеңнен кешке дейін құстар сайрап,
Гүрілдеп трактор да әнге басқан.
Күн ыстық.
Иляна жерді жыртты.
Қоңдарын қырдың терең түрді мықты.
Қыз қолы трактордың тізгінінде...
Тың жонға Қарабалин келіп жетті.
Сұрады ол:
— Жұмыс жүріп жатыр қалай?
— Кейде, тек арындайды аттар тулай!
— Тулай ма? Ешнәрсе етпес, реттерміз,
Өзім де тракторшы болғам талай.
Отырып тракторға қызбен бірге,
Жүргізді желге қарсы біраз жерге...
— Ұқтың ба?
Міне, осылай
Жүргізе бер!
Ақылым айтқан бекер кетпес желге!
— Жарайсың, Иляна!
Деп сол арада,
Риза жұмысына болды да аға,—
Секіріп трактордан түсті дағы,
Жер жыртып жатқан барды Гүлдараға.
Бір жақтан естіліп ән де салған,
Жатыр кең дымқыл тартып жер бусанған,
Көктемнің шуағы жаз шағындағы
Шұғыладай құйылып, қыр нұрға шомған.
* * *
Ыстығы талмаусытқан көктен жанып,
Күн батты кешке таман құмға барып,
Қайтты жұрт жұмысынан әнге шырқап,
Ауылға күтіп тұрған отын жағып.
Естіліп қасық, ожау сыңғыр қаққан,
Ашылып ұшқын түнгі жанған оттан,
Таба нан қоламтада жатты пісіп,
Қазанда бесбармақ та қайнап жатқан.
Майлы етті тәтті піскен тоя жесіп,
Содан соң, жайланысып шайын ішіп,—
Ортада, сипап қойып ақ сақалын,—
Жіберді Жидебай қарт әңгіме есіп:
— Сенімен, Қазақстан, өмірім бір,
Бөлісіп қайғы-шерді жырладым жыр,
Ауыр күнді еске алсам, сенермісіз,
Қызды суға сатқызды тағдыр құрғыр!
Шықсаңыз, жан ауырған, қыр басына,
Күн қақтап, қыр батқан ел көз жасына...
Дән салмай бидай басы күнге күйген,
Қарайып жүгері құр басын иген.
Егіні, бау-бақшасы байдың толық,
Арықтан суға салқын тұрды тойып,—
Қайнады ел зығыры, кектен тулап,
Су — байда! Жарлы егіні — жатты қурап.
Шал тынды.
Мұңды, ойлы жанарымен
Қарады төне түнгі даланы кең.
Ұшқындай жанып сөнген шал келбетін
Аңғарып, Иляна ауыр алады дем...
Үн қатпай Иоана да көзбен шола,—
Қарады мұңға батып тұрған шалға,
Бақытсыз алыстағы өткен күнгі
Өмірін есіне ала, ойға шома.
Жидебай басын сілкіп тастады да,
Көрді де ойға батқан достарын да,
— Ашайын, немерелер көңілдерін!—
Деп, жарқын — кетті сезін бастады да:
— Қараңыз, бүгінгі осы егін жайын,—
Бойыңмен теңесе өскен тұр бидайың.
Немере, шөберелер, көріңізші,—
Сарқырап су арықта тұр ғой дайын...
Өрлеген, ұғынарсыз, өмір кезін,
Толқындай таза жанмен еркін сөзін!
Күлгізіп, күндей бақыт берген елдің
Өз ұлы, өгей емес, қожасы өзің!
Ұғыңыз: аққан өзен далаңдағы —
Төменнен тау басына аға алмайды,
Сондай-ақ, біздің еркін халқымызға,
Еш уақытта өткен қайғы оралмайды.
Деді шал.
От та сөнді.
Тек, бұрқылдап
Аударса қоламтаны — шоқ жылтылдап...
Бейнебір Молдавия жеріндей-ақ
Шілделік тыным көрмей тұр шыңқылдап.
VIII
Жайнатқан майдың күні кең даланы...
Достардың ортасында Илянаны
Көресіз, тұлымды жел ойнақшытып,
Қуаныш тұрды бөлей айналаны!
Ауылдан келді шауып бір салт атты!
Құйғытып, қыздар жаққа бұрды бетті!
Жүрегі Илянаның лүп-лүп етті,
Десе ол:
— Не қылар ед, соғыс бітті?
Қолында нарт қызыл ту аттылының,
Желкілдеп желге қанат қақты бүгін!..
Алыстан шырқалған ән жақындады,
Десіп жұрт,— Соғыс бітті!— Шықты бір үн.
Аттылы шапқан зулап бейне құйын
Тобына бригада келді бұрын.
Хабары қуаныштың расталды...
Кетті бір шаттық кернеп жұрттың жұбын!
Деген сөз — Соғыс бітті!— ойлаңдаршы,
Не деген жақсылық бұл құйған нұрын!
«Тез!»— десіп жұрт жүрегі алып ұшып,
Бет қойды бәрі ауылға ағылысып.
Шырқалған шаттық әнге қыр жаңғырды.
Кетпендер күн көзіне шағылысып.
Халықтың құтылғанын қайғы, мұңнан
Сезесің жайдары көз, қабағынан.
Ауылдың кәрі, жасы бүгін жарқын,—
Жасауға тұр тамаша той мен думан!
* * *
Қазақтар ауыл совет кеңсесіне
Жиналып, гуілдесіп желше есіле,
Киініп үске жақсы киімдерін
Келіп тұр, көтеріліп еңсесі де.
Қыздарда қызыл лента желкілдеген,
Киініп қызыл, жасыл үлпілдеген!
Үстеріне киіп ап мақпал қамзол,
Күллі ауыл күлкісіне селкілдеген!..
Иляна ортасында жүр құрбының,
Көрсең шат, жұртпен бір түрін бүгін,
Бетінде қаны ойнаған, нарт қызыл гүл
Көз тартқан толқынында бұрымының.
Киінген әйелдер де тұрсаң байқай,
Суылдап жібек көйлек, қудай жайқай
Келеді салтанатты, сәнді жүріп,
Құрметті қастарында Иоан апай.
Оянып шаттыққа адам ойда, қырда,—
Көтеріп жас сәбиді қолдарына,
Жиналып келе жатыр кәрі, жасы
Қуаныш ауылдағы тойларына.
Қазақтар өткізетін тойды ізетті,
Әр үйге кілем жайып, сән түзепті.
Жеп отыр мәз-мейрам боп жас-кәрісі
Інжудей ақ палау мен семіз етті.
Күйі де домбыраның түнді оятып,
Жастар да, «Қарлығаш» тың әнін айтып
Бейнебір қарлығашқа ұсап өзі
Орнынан қазақ қызы тұрды атып.
Шашқан бір жарығымен ай нұрлана,
Бұрала биге басты жай Гүлдара!
Дөңгелеп тақияға таққан теңге,
Күмістер шолпысында шылдыр қаға...
Қолында білезігі жарқыл қағып,
Қос бұрым мойыл қара толқынданып,
Тұрғандай көйлегінен от төгіліп,
Жұлдыздар көздерінде жатыр жанып...
Домбыра ырғағынан бірі де аспай,
Шапалақ ұрып күйді бәрі қостай,
Билеп жүр қараторы қыз дөңгелеп,—
Үйіріліп қанат қаққан қарлығаштай!
Тағы да шығып қыздар топ-топ әні,
Биледі польканы да, тоқтамады...
Шапанды, ақ сақалды шалдар дағы:
— Жарайсың, қызым! Биле, деп қояды.
Иляна тұрып сонсоң әнге салды,
Бұрынғы уайым-қайғы былай қалды...
Жидебай риза боп, өз қызындай
Бетінен сүйіп, оның қолын алды.
***
Тойдан той...
Майданнан жұрт елге оралды,
Тойға той ұласты, арман орындалды;
Аймалап туған ұлын аналары,
Сүйеді омыраудағы ордендерді.
Қарамай ой-шұқырды, тақыр жерді,
Хабаршы қара терге атын көмді,
Жеткізіп жұртқа бүкіл желдей есіп,
— Тойына Жидебайдың шақырды елді.
— Майданнан Жидебайдың ұлы келді,
Дені сау, мұздай аман тірі келді!
Тойына шақырды деп жұртқа жарлап,
Соңғы үйдің келген еді біріне енді.
Қазақтың салтындағы әдетінше,
Жүлде алып жігітіне аты келсе,—
Үй тігіп той жасайтын.
Солай ұғын,—
Жидебай тойын істеп жатыр десе.
Үй сырты салт аттылы жұртқа толған,
Жидебай қарсы алуға шығып алдан,—
Жайдары меймандармен амандасып,
Ұлына мына сөзін айтты ойлаған:
— Әбілхан, ер ұлымсың, ие даңққа!
Майданда қалдырмадың мені ұятқа.
Атың сай ұлы думан той жасауға,
Мен үш күн той жасаймын келген жұртқа!
Бәйгіге қосыл атпен бағың сына,
Озып кел Қызылорда қаласына,
Кел алдан әкең туған босағаға,
Бөгелме, жердің ой, қыр даласына
Ал, қазір басталады бәйгі бірден,
Қол сілтеп, ат шабарда белгі берем.
Санап шап басқан әрбір қадамыңды,
Садақтай сорғаласын бәйге күрең!
Әнекей, қол сілтеді бір жағынан,
Бәйгі аттың шаң бұрқ етті тұяғынан!
..........................................................
Жігіттің даңқын сырттан білетіндер
Көріп тұр, сорғалады ат қия-қырдан,
Деп:— біздің жігіт нағыз атқа шапқыш!—
Шулады балалар да бір адырдан.
Шаттанып, риза боп Иляна да,
— «Шіркін-ай, жақсы ел екен, ел болғанда!
Еліме қайтып бір кез оралғанда,
Жыр қылып, деді, айтармын Молдаваға».
Балалар шығып үйдің мұржасына,
Көз салып бәйгі шапқан қыр басына,
Қарап тұр: шығып, аттар кең тоғайдан,
Құмды асып, жетті өзен жылғасына!..
Жас жігіт келген алыс бір колхоздан
Таянып қалды атқа да алдағы озған,
Шулады ел: жоқ, шырағым, жете алмассың,
Ат жүйрік бола бермес мойын созған!..
Құлады біреу, әне, аттан ұшып,
Келеді, бөгде біреу алға түсіп,
Әбілхан жаяу қалған секілденді...
Озуға болмаған ба оған несіп!..
Көкжиек шашқан алтын шаңға айналды,
Келді озып бәйгі күрең ең алдағы!
Әбілхан келді құшып аттың жалын
Секілді қол бастаушы майдандағы.
Әбілхан озып шықты бұл жарыстан,
— Шарап құй, тез!
Шөліркеп келді алыстан...
Көтерсін ел бағы үшін, достар үшін.
Гүлдене беруі үшін Қазақстан!
— Соғыстық, деді Әбілхан, біз майданда:
Елге еңбек сіңірдіңіз, сіздер мұнда,
Жаңбырдай жауып тұрған оқ астында,
Москва, бастады ылғи біздерді алға.
Бітті ұрыс,
Енді еңбекке ойысамын,
Танктен тракторға ауысамын!
Елімнің бейбітшілік, бақыты үшін,
Сарайын жаңа өмірдің салысамын!
* * *
Жанында бір қарағаш, аспай-саспай,
Кілемде, басына өзі жастық жастай
Жидебай жатыр еді, Қарабалин
Жақын кеп, жіберді жай сөзін бастай:
— Әбілхан, шынында көп өзгеріпті,
Жұлдызы кеудедегі ыстық тіпті!
Майданға кеше ғана кетерінде,
Бала еді кіп-кішкентай бізге тіпті.
Қараңыз, ауылда тек бұл ма енді,
Қанша күш, ойлаңызшы, қолға келді!
Көрерсіз, енді ісіміз басады алға,
Оларсыз, бізге де оңай болмап еді!
Шалдар да сөзін тыңдап отыр ғажап,
Кеседен құйған шайды ішіп ұзақ...
Өзі егде болмаса да көп білетін,
Ғажайып ақылды адам осы қазақ!
Сонда көп бойда қуат, жігер деген,
Ақылын айтып жұртқа көңіл бөлген...
Лениннің өсиетін ойына ұстап,
Лениннің жүреді ол жолыменен.
ОРАЛУ
Күн батып, ымырт түсе кешке айналып,
Келді де Илянаға есік қағып,
Гүлдара айтты оған,— Молдаваға
Қайтасың!— Қия алмаймын...— деді налып.
— Бұл кету бөгет болмас кездесуге,
Кім кепіл қайтып сені көрмесіме!?
Бәлкім, біз тіпті, осы күні ертең
Жолығармыз Москва көрмесінде.
Мөп-мөлдір молдаванның ақ бидайын,
Жүзімін әкелермін алтындайын,
Келерсің сен де бізге ақ күріш пен
Қауынды балдай тәтті етіп дайын.
* * *
Қоштасып, жолға шығып жүруге енді,
Үйіне Қарабалиннің бұлар келді.
Үйлер тұр, кешкі іңірде, терезе ашық...
Алыста бір «ЗИС» даусы гүрілдеді...
— Ал енді, қош болыңыз!
Кеше ғана,
— Кездесіп тұрғандаймыз осы ауылда...
Мария қандай өскен!
Мөлдір көзді.
Ал, қош бол!
Мезгіл жетті, достар, жолға.
Жақындап барып кемпір ауызба-ауыз:
— Шырағым, дәм-тұзыңа ризамыз?
Еңкейіп, құлағына сыбыр етті:—
— Тілегім орындасаң менің жалғыз?
Әкетсем деймін дәнін Молдаваға,
Жақсы екен қауыныңыз шырын нағыз...
Күлімдеп Қарабалин: орындаймын...
Ұғыпсыз, шынында да, шырын дәмін...
Дер едім, оған қоса әкетсеңіз,
Жайнаған жаңа өмірдің нұрлы дәнін!
* * *
Аттанар мезгіл жетті. Дайын заттар...
Жұрт келіп жатыр, келмей емес тоқтар...
Қоштасып, бірқатары сыйлық беріп...
Шығарды. Тұр далада жегулі аттар
Аттанды...
Алдарынан жел қарсы алды.
Аттардың тұяғынан жол шаңдалды...
Оларға көруге дәм жазар ма екен,
Енді осы күріш еккен қыр-сайларды.
Арықтан көк лентадай жатқан сұлап,
Кездесер ме екен енді мөлдір бұлақ?..
Жұмысын сәл тоқтатып, даладағы
Қоштасып қалды ел, жолай қолын бұлғап
Ауылдың су тартатын машинасы
Көрінбей құмнан биік мұнарасы,
Қалды артта, шалынды тек түтіні мен
Зіркілдеп соққан мотор сәл дауысы.
Көрінбей қалды селен бас жақтағы,
Тек, жалау желмен ойнап асқақтады...
Соғады жүректері лүп-лүп етіп,
Кеткендей үйін артқа тастап тағы.
Көрінген терезеден тау-тау құмнан
Өтті олар, басты жерді қалың тұман...
«Бақытты мейірімді Қазақстан,
Шығарман сені мәңгі мен ойымнан!»
Мария достарына табар әнін,
Үзілтіп «Қарлығаштың» салар әнін!
«Ұмытпан, Қазақстан!
Тамашасың!
Сен үшін сүйген жүрек қияр жанын!»
Көп оқиды. Ұмытпайды ол үйренгенін,
Сандыққа салған оқып жүргендерін.
Мария аттанарда буып-түйіп
Жолға алған Жамбылдың да өлеңдерін.
Ұқпай кітапты алғаш кезінде ашқан
Сөздерді: «тұяқ», «жүген», деген «дұшпан»...
Кез келген молдавандар біледі оны,
Білгендей сәбилері Қазақстан...
Кетсеңіз сан шақырым үйден қашық
Тар болар, кең дүние, жазса нәсіп...
Деген сөз, фашист — «дұшпан» бізге мәлім,
Басқа ат жоқ фашистерге, ол бір пасық!
Сөз мәлім — «дұшпан» деген барлық елге,
Ұқтырған оған оны мұғалім де;
Ол сөзге жүрегінде жауабы әзір,
Сұмдықты көрмесе де көзбен мүлде.
* * *
Өмірдің төрт бұрышын оймен барлап,
Кәрі ана терезеде отыр ойлап.
Қалдығын ескі өмірдің көре қалған,
Әйтсе де, тұр — әлі жас, жүзі жайнап.
Ерте өліп күйеуі оның, жесір қалып,
Бейнетін балалардың мойнына алып,—
Жұмыстан шаршап, талып қайтып жүрді
Күн көріс үшін байға ол жалданып...
Ұл-қызы мектеп көрмей, өсе келе
Көз сүзіп жүрді әркімнің есігінде,
Иляна ер адамның істеді ісін,
Мария сәби еді бесігінде.
Ұрсатын сонда кейіп, ана толқып:
— Жалқаусың! Неге отырсың кітап оқып?
Бар, тербет Марияны, жұбат жылдам,
Пешті жақ, үйді сыпыр, отын уатып!
Мұғалім келіп сонда кәрі анаға,
Десе ол:— сабақ оқыт Илянаға,
— Миронның сиырларын кім бағады?—
Деуші еді,— кім қарайды Марияға?!
Осылай өсті... Көрген азап қанша,
Ақша жоқ, жұмыс тұрды қарап қанша,
Зардабын тартты өмірдің таршылықпен,
Оларға еркіндіктің таңы атқанша.
Машина, танктерге тола мінген
Солдаттар келіп бір кез — алыс елден...
— «Апажан, сәлем бердік!» деген кезде
«Ұлдарым» хош келдің! деп ана күлген.
Шуласып балалар да үйге келіп,
Көңілді қуанышты күйге келіп,
Қайғыға үй ішінде орын қалмай,
Меймандай, бақыт тұрды үйге еніп.
Жайдары ақталған үй қорасынан,
Қақпа алды еккен ағаш арасынан,—
Қуана тұрғаны бір ойда ананың —
Сол жылғы жаздан бастап бағы ашылған.
Сонан соң,— күн күркіреп оқ жауғаны,
Жау келіп, үйі өртеніп құлағаны
Есінен кетер ме еш Иоананың
Сондағы өксіп қатты жылағаны.
Ал, бүгін, қайта туған жерге оралып,
Келеді өмірді әбден біліп алып.
Оларды барған жері құрметтеді,
Келеді көп нәрсені енді танып...
Мирон бай, дейтін оған өткен кезде:
— «Немене, колхоз деген? Жай, бір сөз де!
Асықпа, өзіңді өзің дұрыс ұста,
Қой, кемпір! Онда нең бар, бізден безбе!
Иоана енді өзгеше, ойы да асқан,
Еңбектің ерлерімен қол ұстасқан,
Болды ол майдандағы жауынгердей
Колхозды даласында Қазақстан.
Жартысын көргендей ол жер шарының,
Қорғасад еркіндігін дер шағының!
Таныды жесір әйел оң мен солын,
Басады кулактардың енді арының!..
Елімен Қазақстан енді өзі де
Қоштасып, басын сүйеп терезеге
Отырды Иляна қыз, қалды дала,
Қалды әне құмдағы ауыл әрбір жерде...
«Жазып сен жарамызды шерге ұласқан,
Ауыр кез, дәм-тұзыңды аямастан
Бердің де, құрметтедің, бауыр бастық,
Сүйемін, сені нұрлы Қазақстан!
Көз қиып, мәңгі сенен айрылыса алман,
Жұбаттың жанымызды қайғы шалған...
Айтамын жүрегімнің түкпірінен —
Жалғасты туысқандық жаным саған!»
Ташкенттен — Москваға...
Қадам басқан
Тұманды даладан жол көктей асқан,
Ақ бұйра атты буын паровоз да,
— «Қош боп тұр, бақыт құшқан Қазақстан!»
* * *
Поез да зымырады, тау мен қырдан,
Жайқалып жасыл тоғай тұр құлпырған...
— Мамажан, Оралда мен қалар едім,
Колхозда жотадағы сонау тұрған.
Табар ем, мен кез келген үйден досты,
Қарсы алар еді бәрі — сүйген досты,
Шаршамас едім, тәулік жетпесе де —
Жан сала, істегенде мен жұмысты!..
Тізіліп тұр қырда орыс қайыңдары,
Кен бұғып жатыр жота қойныңдағы,
Бұл жерден Свердлов алыс емес,
Маздаған магниттер тауындағы.
Қызарып күн батқанда, түнге қарай
Тартатын қара орманға жол бұраңдай
Жатты бір шақырғандай, тас бұлақ та
Сылдырап, жартастары жаңғырғандай...
«Кәрі Орал! Сен де қош бол, туысқандай!
Ғажайып картенінде құрыш қандай!
Байлыққа кеудең толы кең қазына,
Құйылған құрыштарың хрусталдай.
Мен, келем батыстағы туған елге
Шығыстан жарқыраған алып сәуле
Әдемі көрген жолда, білгенімді
Сырласып жеткізуге сол бір жерге!»
— Мамажан! Қалар едім, Волгада мен!
Ұлы өзен еді байтақ бұл не деген!..
Жауымен қандай ғажап шайқасты бұл!
Айдыны айбынды екен дөңгеленген.
Теңіздей жатыр жалпақ жары көзге,
Тасқындап кетеді ол әрбір кезде...
Алтындай асыл айдын оның суы
Сүйікті, әрі ардақты бәрімізге.
Табар ем, мен кез келген үйден досты,
Қарсы алар еді бәрі — сүйген досты,
Шаршамас едім, тәулік жетпесе де —
Жан сала істегенде мен жұмысты!..
Бірақ та, барғым келед Молдаваға,
Мені аңсап тұрған шығар онда дала...
Ондағы жұртпен бірге шығып қырға,
Жаңа өмір жайып айтам онда бара.
* * *
— Мамажан! Қалар едім, Донды қимай!
Қарашы, аққан жуас суы қандай,
Көрдің бе, бағында өскен шиелерін,
Тұрар ем бейне үйімде мен тұрғандай!
Мөп-мөлдір көмкергендей көкжиегін
Көрдің бе, жатқан байтақ Донның жерін.
Сезінем ауасының жұмсақ лебін,—
Хош иісін піскен жаңа әдемі егін...
Қарсы алар еді бәрі — сүйген досты,
Табар ем, мен кез келген үйден досты,
Шаршамас едім, тәулік жетпесе де,
Жан сала істегенде мен жұмысты!
Бірақ та, барғым келед Молдаваға,
Мені аңсап тұрған шығар онда дала...
Ондағы жұртпен бірге шығып қырға,
Жаңа өмір жырын айтам онда бара.
* * *
Мамажан! Қалар едім Днепрде!
Тыңдар ем толқын үнін күнде, түнде,
Маған, ол құяр еді нұр жарығын,
Жеткенше түннен бастап таңғы ертеңге.
Донбас та шақырғандай қолын бұлғап.
Қривой Рогтың да шахтысы ымдап,
Жанымды жандарына жалғар едім,
Еңбек қып, берер едім, жыр да жырлап...
Мама,— мен — Украинада қалар едім,
Іске ие жұртпен бірдей болар едім...
Жайқалған жалпақ дала жусанының
Иісін де иіскеп ләззат алар едім!
Табар ем, мен кез келген үйден досты,
Қарсы алар еді бәрі — сүйген досты,
Шаршамас едім, тәулік жетпесе де,
Жан сала істегенде мен жұмысты!
Жарқырап, тыныш аққан сұлу Донда,
Немесе,— Днепрде, я Волгада
Қалсам мен — өз үйімдей сезінер ем,
Себебі сол,— әр жерді қимауымда!
Ғажайып өмір сұлу қарағанда
Шаттықтың ойнап нұры тұр алдымда...
Тұрса екен Молдавам да сондай шат боп,—
Тілеймін, соны күн-түн ойлағанда!
* * *
Тез, мама!
Днестрдің — көр жиегін!
Молдавам — міне!..
Менің туған жерім!..
Тұтқасын трактордың ұстап ертең,
Шығамын, қия тартып қыр мен өрін.
Сүйемін оның жасыл ой, қырларын!
Жерді өзге сан шақырым араладым,
Қалмады бармаған жер, баспаған тау,
Елімнің жазу үшін жараларын!
Жайнаған Молдаваның жазық жерін,—
Ескісін, жаңарған жас нәзік жерін —
Кешегі майдан оғы жаралапты,—
Қопарып қорыс қылып,— қазып жерін...
Қабыл ал!.. Біз оралып келдік қайта,
Жазуға туған жердің әжімдерін...
Мініп ап — тракторға біздер жортып,
Ерсілі-қарсылы кең жерді жыртып,—
Қойыныңнан қазынаңды қазармыз біз,—
Астында топырағыңның жатқан кілкіп.
Күн бата, толқынымен түнде ауаның,—
Көңілді колхозында Молдаваның —
Шырқаса Алматыдан қазақ қызы —
Тамсана отырармыз тыңдап әнін...
Карпатқа шейін Памир тауларынан —
Отанның хабар алып жан-жағынан,—
Тұрармыз жанмен құптап, көзбен шолып,
Сөз бар ма онан артық жанға қонған.
Өмірдің түсуі үшін нұры жайнай,
Өсеміз зор сеніммен көкке самғай.
Орамыз алтын дәнді, себеміз де,—
Жүректен оттай ыстық жырды сайрай.
Орындап талабын ел тілегінің,—
Құрамыз салтанатын біз өмірдің,
Сеземіз жүрегіміз соғуынан,
Соғуын Ұлы Отанның жүрегінің.
Сызылған бақыт жолы — нұр саялы,
Москва жолды нұсқап тұр саналы,
Халықтар достығының жолы ол айқын
Мегзеген жететұғын нысананы,
Сондықтан — күллі еліміз — өз үйіміз,
Сәулетті тұрған сұлу — жыр сарайы.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі