Үйірім

Бұл бетте «Үйірім» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 21.07.2022
  • 0
  • 0
  • 759
Бір сұлу қыз жалғыз өзі шомылып,
Айлы түнде суға түсті, жылғада,
Аққудайын жүзіп,
құлаш суға ұрып,
Балықтайын сүңгиді кеп жоғала.
Ақ толқындар ойнақ салып орғыды
Оратылып жіп-жіңішке беліне,
Інжу сепкен секілді оның бұрымы
Толқынданып иығына төгіле.
Мәрмәр тәнін айдық нұры аймалай,
Су үстінде күміс үннен із қалып,
Тербетіле тал, қамыстар таңғала
Тұрды қарап айдан қызды қызғанып.
Жүзе, қуа толқынды аққан жүгіре,
Қыз тереңге кез боп қалды ұмтылып,
Тартты үйірім қызды судың түбіне,
Гүрілдеген айбынды үнмен құтырып.
«Құтқарыңыз, баттым! – деп қыз дауыстап
Судан аппақ саусақтарын созғанда.
Үнді есітіп, жүгіріп тез қарыштап
Бір жолаушы жігіт шықты сол маңда.
Жүзіп барып, қызды судан шығарып,
Үйірімнің шеңгелінен құтқарды
Ай нұрымен шағылыса нұрланып,
Тұрған жігіт қыз жүзіне сұқтанды.
Отты көзің жүрегімді еліткен,
Неге маған қадалды екен, ақылдым?!
Үйіріміне ғашықтықтың неліктен,
Мені сонша тартып терең батырдың?!
Ұмыттырдың толқынында сүюдің
Қайғы, қасірет, қуаныштық әммесін!
Тал бойында бір мінің жоқ сұлу тым,
Судың сұлу қызымысың әлде сен?
Есіңде ме, суға батқан кезіңде,
Создым саған жар басынан қолымды.
«Рақмет!» – деген сөзіңменен сезімге
Махаббаттан қададың сен оғыңды!
Енді қазір созармысың қолыңды
Еркін өмір теңізінде жүріп те,
Үйіріміне ғашықтықтың толқынды
Батып бара жатқан мұңды жігітке.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Үйірім өлеңінің авторы кім?

Тайыр Жароков — осы өлеңнің авторы.

Үйірім өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Үйірім өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Тайыр Жароков өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Үйірім өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері