Дала
Бірінші бөлім
I
Теріскейден бұлт тұрған
Көрсең қысқы даланы,
Қыр бораны бұқтырған
Таппассың баспананы.
Жел ысқырып қырды орап,
Түнерді күн қар борап...
Ал, жолаушы, сен бүгін
Шықтың, жолың бола ма?
Тартты ышқына жел демін,
Абайла, алға қара да...
Қарлы құйын шеңгелін
Салды жазық далаға!
Айырып жер ақ төсін,
Аспанға атты ақ боран, –
Құйындап бір өткесін
Бетін ешкім қақпаған,
Емес аққу мамығы –
Ол – төсек қып баптаған,
Бұл құйындап құйғытқан –
Ақ күміс қар жұлдызы!
Шығарар ма тұйықтан
Торлап аяз, тұр мұзы.
Алдыңды орап тұтқын қып
Ауын құрар ақ боран,
Тұрар жер жоқ ықтық қып,
Ұйтқыр құйын қаптаған.
Тірілей молаң қаланып
Тұрар қорған ақ қардан.
Аспан мен жер ғайып боп, –
Көзіңе еш не көрінбей,
Аруақтар сені тауып кеп
Елес берер дірілдей.
Бір аялдап, бір жылжып
Самғар көкке кідірмей...
Шала-жансар сезіне
Үйірілерсің өзің де
Құйын болып дүрілдей.
Осы ұйтқыған кезіңде
Сезінерсің лезде.
Жат дүние құлдығы
Сықылданып бір мұңды.
Түпсіз шыңырау үстінен
Құстай ұшып іңірі...
Тәңірі мегзеп болжатпас
Жердегі ой мен қырыңды.
Билеп бір кез бойды ұйқы,
Көзді тартып көк дауыл.
Түсіңе енбей түп сиқы
Тілегің боп мың қабыл,
Ояна кетсең жақсы ғой
Төрінде жұмақ миуа гүл.
II
Көрдің бе сен, көктемнің
Соққан жібек самалын?
Қысқы ұйықтаған шөптердің
Майда оянып қалғанын?
Солған төсін жер-ана
Гүл жапқанын сен қара.
Көрдің бе күн тұлғасын, –
Құрғатқан күн көз жасын.
Шоқ сәулесін күн не бір
Шашар да берер жерге өмір.
Жерге бұлттан керікті
Кемпірқосақ өріпті...
Неткен ғажап нәзік ет!
Көрсең соған тәжім ет!
Көрсең соны ғажайып,
Бас иіп соған қол жайып!
Сұлу нәзік гүл неше
Тәжім еткен жел үрсе,
Бойшаң гүлдер тамаша
Төрден қарайд ханымша.
Көк жоңышқа жердегі
Гүлге иілген төрдегі.
Раушан гүл шығалмай
Жапырағынан сығалай
Гаремада ұстаған
Тұтқындағы сұлудай,
Болмаса да ерікті
Алуан гүлден көрікті.
Қоңырау бас гүл ырғайлы
Желге ойнатып кернейді, –
Балапанын торғайдың
Бесігінде тербейді...
Көзге алыстан елестер
Жасыл-жасыл белестер.
Аспан ба анау? – дегізер –
Көк толқынды теңіздер.
Жел теңізді шарпуда,
Бірақ, толқын қалпында.
«Естелік» гүл алқалы
Көзді босқа тартады.
Қиялым тек мың гүлді
Терер, жүрек әлжуаз,
«Естелік»9 гүл мұң болды,
Көркіне құр болдым мәз...
Жартысына жалғанның
Сыйлар еді етіп наз,
Айдаудағы мүскін жан
Гүл сыйлауға қалы да аз,
Жалғыз гүлдің өзін де
Сыйлауға оған тумай жаз,
Үйірінен адасқан
Болды бейне қоңыр қаз.
Жалтылдаған немене,
Дала жанып жатыр ма?
Не, – Коралло аралы
Көк толқынмен мұнарлы
Келген бе ағып Татрға?
Әлде – өлтірген жандардың
Кексіз аққан қаны ма?
Жоқ, қызыл гүл аңғардым,
Қыз даланың бағында.
III
Дала үнсіз, есіз емес, бірақ та,
Тыңдашы сәл, үн келеді құлаққа:
Өрмекшінің өрмегіндей нәп-нәзік
Кейде үзілед сол үн қырда жап-жазық.
Әңгімесі ол миллион тірі жандының
Еміс-еміс естілетін сәл бүгін.
Хош иісі ол жұпар шашқан гүлдердің
Төсегінде жатқызбайтын аунақшып,
Көк елшісі деп соны айтып жүрген кім,
Гүл ғашығы ол еркелеген ойнақшып.
Ғашықтық кеп тынысында гүлдің де,
Шөп сыбдыры, құстың жырлы үнінде.
Аспан асты той-думан боп шалқыған,
Сүйсе жүрек, сүйсін аңсап асылын,
Құстай ұшып көкке қиял талпынған,
Көктен іздеп сүйген жұлдыз ғашығын.
Құстай ұшып келеміз кең далада, –
Кім тоқтатар? Ат зымырап асты алға;
Кім біледі, шаңқ-шаңқ етіп молаға,
Тоқтатпаса ұшқан құзғын, аш қарға?
Бәлкім, бөгер көк бұлт жауын себелер?
Яки, сансыз даладағы төбелер?
О, айтпақшы, ескерткіш боп тұрған бар, –
Бөгер, бәлкім, қырдағы оба қорғандар...
Сайгүлігім, баяулат сәл жорғаңды,
Баяғыдан құрметтеуші ем қорғанды...
Кім көмді екен? Бұл қорғанда кім жатыр?
Жерленді екен қандай қойшы, қай батыр?
Мүмкін, осы орны ескі қорғанның
Ордасынан қалды ма өткен хандардың?
Деп, қарт дала ұрпағынан сұрағам, –
Сұрағыма үн қатпады бір адам...
Тарихтан да сұрап құлақ түргем кеп,
О да үнсіз тұрды түнек түндей боп...
Сұрап едім ескі рух, аруақтан,
Одан дағы үн шықпады тіл қатқан;
Көлеңкелі мелшиіп тек шың-құздар
Шашты нәзік сәулесін бір жұлдыздар...
Қиялымнан туып сол кез қанатты:
Ақ киімді, мінген ылғи ақ атты –
Айналамды әп-сәт қоршап алыпты
Кезей ұстап сап-сарала садақты.
Өліп, қайта тіріліп ап, майданға,
Ханы әмір берсе – әзір ойранға
Шығатындай бетіне ұстап белеңді,
Қан жоса қып қиратуға әлемді...
– Жоғал, жоғал! Обырлардың ұрпағы,
Күл боп ұшқан ата-бабаң топырағы!
Даңқың өшкен, дәнің сенің егілмей!
Асыл жердің топырағына торқалы..
Шүу! Тұлпарым, зымыралық төскейге,
Мұнда бізді тоқтата алмайд ешкім де!
Мұңға батқан молада бұл жердегі
Егілмепті келешектің дәндері.
V
Айналам кіл шүйгін дала жайнаған
Көз жеткісіз жап-жазық қыр керілген,
Гүлге толы құлпырып бар айналам,
Жер мен аспан тұтасып бір көрінген.
Ұшып өтті әнші құсы көктемнің,
Ұшқан құста болды ылғи көздерім,
Көрдім лезде бұлтқа сүңгіп жоғалған
Суылдаған үйрек-қаздың тізбегін...
Қарауытып сәлден аспан төрінде
Құстар сұрғылт созған жіптей есілді,
Бірте-бірте ғайып болып көгінде,
Еміс-еміс үні алыстан естілді...
Көк пен жерге бекер қарап төнгенім,
Кенет тына қалды үнсіз аспаны...
Қанша қарап қадалсам да көрмедім
Табиғаттың көркінен тек басқаны.
Неге құштар боп адамға жүрегім,
Сүйем оның таза жастық жан күйін?
Неге десең демі ызғарлы тағдырдың
Мұздата алмайд оның арман, жалынын!
Неге десең, – оның отты шұғыласы
Құшағына алады әлем барлығын.
Неге десең бойына ол сыйғызған
Күннің күллі бояуы мен жарығын.
– Шүу! Тұлпарым,
жеткізші тез адамға!
Қайтпасақ та туып ескен ұяға,
Зымыра тез, жануарым, адымда, –
Сүйген жұлдыз тұрса да алыс қияда...
Шөп басын бір имесе де жел үріп,
Желсең жалың суылдайды жел қаға,
Жерді тарпып жортсаң сен желігіп,
Құлағымда шуылдайды жел ғана...
Жортқанда ұшқан құстан озсам да
Бір орында тұрғандаймын мен өзім,
Қыр бәз қалпы көзді қанша тоссам да,
Бүркеніп тек жатыр көктің күмбезін.
VI
Табиғаттық суреттері өзгерді,
Лезде түлеп, өзгергенін көз көрді.
Дала теңіз бетіндей боп шалқайып,
Шеңберлене түскендей бір кезге енді.
Желге басын иген жазғы көк майса
Қуарыпты, сиреп қалған шөп қанша.
Ауа бейне мөлдіреген әйнектей,
Гүлдерді шаң басқан тозаң тот қанша.
Гүл шоқтары жерге құлап қалтырап
Жатыр, жел кеп ұшырып бір қаққанша...
Түтеленіп тұман ойнап төбемнен
Жердің мұнар оранғанын көрем мен,
Көз алдымда күллі дүние бейнесі
Тез өзгере қалған несі дер ем мен.
Қызарыңқы күн кезі де қанданып,
Қырға көктен қадала кеп таң қалып,
Қарайды күн бейне өлі теңіздей
Жатқан сұрғылт жер бетіне шаң жауып.
Қарайды ол жерге сұрғылт аралдай
Сұры кеткен шөбі қурап қауланып...
Құмның мұнда қақталған ақ күмістей
Жеңіл ғана бетінен жел жүгіріп,
Кестеленте теңіз бетін тегістей
Әжім салған секілді нақ жел үріп.
Домалатып дауыл жұлқып тастаған
Тесік жер жоқ мұнда үйілген тастардан,
Тау бүйірлі тасбақадай торсиып
Бір-біріне тіркесіп тек тас қалған.
Сусыз бұл жер сүреңі жоқ көретін,
Төбелер кеп басқан үстін Татрдың,
Қу далада не болушы ед өнетін,
Құр риялы болмаса тек ақынның...
Самғап келем кер төбелдің үстінде,
Шаң қалды артта ақ құйрықты жұлдыздай,
Арманы көп ақын мұңды мүсінде.
Қуғыншысы қырдың суық мұп-мұздай...
Кездеспес пе, алда шүйгін көк жайлау,
Яки, тіккен қонақжай ақ киіз үй?
Қарсы алса ғой, өзім туған кең қойнау,
Туған ұлын беттен сүйіп біздің үй!
Мұным бекер, жап-жалаңаш айналам,
Қарай-қарай таусылатын кез майың,
Мақсатыңа жетемін деп ойланған
Жете алмайтын сықылдысың, созбайын...
Шүу, жануар! Самға, әлі жол жырақ,
Мұнартады алыста не бұлдырап...
Сезем, мұнар – қиялым ғой өзімнің
Тоғысатын табиғатпен нұрлырақ...
Екінші бөлім
Таулар
I
Салт атпенен шықтым таудың басына...
Тұманды түн тұрды тауды жасыра,
Бейне күллі өмір өшіп қалғандай
Тұңғиық жер тұрды түнге бас ұра.
Күн орнына болғандай-ақ түн ие,
Жаралмаған секілді әлі дүние,
Түнеріңкі минуттарда тек осы
Туғалы тұр бір ұлы әлем күні де.
II
Тұман көшті, – мен де жерге оралдым...
III
Тұман көшіп, – жайнай түсті тағы алдым,
Кезді тігіп айналама қарандым...
Жартастармен тұрды таулар тізіліп,
Жер астына зытты түнгі қараңғың...
Күннің сұлу алтын, күміс сәулесін
Тартты өзіне тау серісі даланың.
Таң алдында тұрды мүлгіп кең жазық,
Биік құздар көкке меңзеп бой жазып.
Тақта отырған дала ханы секілді –
Шыңға түнеп шыққан қыран сілкінді!
Сілкінді де, тасқа жанып тұяғын,
Қанат қомдап ұшуға да ұмтылды:
Асар ма ұшып әлде қытай қорғанын,
Әлде қыран жем іздеуге жұтынды...
Қаланғандай зәулім биік тас мұнда,
Кім өлшемек бойын тау мен тастың да,
Шың жартастар жиналғандай кеңеске
Тұрды тұтып аяғымның астында.
Кейбір шыңдар қатар-қатар тіркесіп,
Кей жартастар тұрды төніп қасымда.
Шыңдар басын қарға көміп алғандай,
Мұз мұнара кезді тарта қалғандай.
Керіліпті күнбатысқа шығыстан
Қар өркешті керуен көшкен нарлардай...
Таңды дала күліп қалай қарсы алмас,
Күн далаға септі күміс қанша алмас!
Күнге дала тартты алуан гүлдерін,
Қарап көзің қырдың көркін тауыса алмас.
Алыстаған сайын қырдың бетіне
Қарап тіпті жете алмайсың шетіне,
Қырмен аспан тұтасып бір қосылып,
Көк те ғажап таң қалдырды көркіне.
Қыр көркінің бірінен соң бірі артық
Қарап көзің тояр емес құмартып,
Кек жолақтай мөлдіреген өзендер
Жап-жасыл боп көрінеді мұнартып,
Май айы бір қыз даланы ұйқыға
Бөлегендей қыр елжіреп тұр балқып.
Су шыныдай жалтыраған ажарлы
Бұйра толқын бу атып бір назданды,
Жер рухы қанатына мінгізіп
Дұғаны алып ұшты, бәлкім, азанғы.
IV
Қырды кезген саяқтардай іркілмей,
Тау шыңдарын кезді көзім біртіндей...
Қып қызыл құм қуқыл тартқан құла дүз.
Күнге күйген моңғолдардың бетіндей.
Ел бұл қырда көшкен талай біртіндеп,
Құйын дауыл өткен талай дүбірлеп,
Өшіп ізі, осында өлген талайдың
Айтып атын қорғандар тұр күбірлеп...
Археолог – кенші түріп білегін
Зерттеу үшін жерге қадап күрегін,
Ақтара кеп өлгендердің моласын,
Бекер қазып балталайды сүйегін.
Қазғанменен тірілте алмайд оларды,
Тірілте алмайд өшкен өмір біреуін.
Шашыраңқы аңызынан тек елдің
Ақын ғана жасар жырды білемін.
V
Табанымның астында үлкен қартадай
Шексіз, шетсіз жатыр сұлап жер талай...
Табиғатпен белдесуге тайсалып
Алас ұрған арманын ел арқалай.
Мүлгіп, қалғып қарсы алдымда орман тұр
Жапырағын иығына қалқалай.
Күркіреген күміс толқын өзендер
Көк шалғынға шалқып ағып шалқалай,
Жағасына шашқан маржан тастары
Көзге алыста шағылысқан алқадай.
Жасыл Балқаш көлі – көздей мөлдіреп,
Жаға талы кірпігіндей селдіреп, –
Жарқырап тұр құм жастанып қолтығы,
Әлсін-әлсін бетін самал үргілеп...
Көкжиекпен көл тоғысып уылжып,
Жібек жел де күбірлемей күмілжіп,
Тұп-тұңғиық тыныштықтың төрінен
Отты жолмен келе жатыр күн жылжып...
VI
Енді рухым қанаттан да құшырлан,
Көгершіндей көкке биік ұшырған!
Самға биік, бұлттан асып аспанға,
Көкте биік, жет мұратқа ұмсынған.
Қанат қаға аспан астын аймалай, –
Ұш үстінен шыңдарының Гималай!
Азияның атырабын қыранша
Көзбен шолып самға бұлттан сығалай.
Қарт Азия алуан ел бесігі,
Көкке ашылған тауларының есігі;
Су көп онда теңіздей көк телегей
Табиғаттың тұр тұңғиық не сыры.
Бір теңізден бір теңізге жеткенше
Құла дүзі құс жолындай өткенше,
Меңіреу жазық мекені боп осы елдің
Жатыр сұлап қыр қиыры біткенше.
Көз тіксеңіз осы өлкенің жеріне
Ну орманды солтүстіктің шегіне,
Жанғандай мық ракета Сібірлік
Таң арайы себер сәуле көгіне...
Бір жағы жаз, тұрар жайнап талап күн
Миуа пісіп бау-бағында алаңның, –
Пальма ағашы – бой түзеген қаз-қатар
Бағанындай Коринфлік сарайдың.
Пальма ағашы көкке биік бойлаған,
Бұтағында жапырағы ойнаған,
Күн сәулесі жерге түскен шақ етіп
Қалың тоғай алаңынан торлаған.
Сол тоғайдың саясында ағылған
Пілдер жатыр көк майсаға жайылған,
Көк Пальманың көлеңкесін сағалап
Тауда тоғай жапырағын жамылған...
Күллі ғалам жаралуы жайында
Бір зор кітап оқысаңыз ыңғайлы,
Әр әрпі таудай үлкен тағы да
Ашқызғандай сен білмейтін сырларды.
Құдіретті табиғаттың алдында
Адам әлсіз,— еш нәрсеге тұрмайды.
VII
О, пәрилер ұрпағы ескі ғұрпыңнан, –
Неге мәңгі оянбайсың ұйқыңнан?
Қашанғы сен өлімші боп қыбырлап
Жүрмекшісің? Жан шошиды сиқыңнан,
Тым болмаса, ойлайсың ба бір рет, –
Адам деген – лайық па атқа – түр, тұлғаң?
Ақылыңды ақылдылар ұрлады,
Жер асылын өзіне алмай тұрмады;
Сені қуып ессіздердің тобына,
Сені құрдай жорғалатты қырдағы!
Сен олардың бәйек болып алдында
Мүшкілдендің торғай сынды тордағы.
Көтер енді қамыт басқан еңсеңді!
Талап ет сен өз еркіңді, еншіңді:
Қақ төрінде табиғаттың сұп-сұлу
Сүр бостандық өміріңді мөлшерлі.
Жарқыраған бақытыңның жұлдызын
Кеуде кере, көзіңді ашып көрші енді!
– «Бостандықты тілеңіз!» – деп, оңынан, –
Айқай салдым мен биік тау шыңынан.
Ащы даусым жартастарды жаңғыртты
Құлағандай гранит тау қоңынан!
Талқандауға жарқыраған тақтарды
Атылды үнім оқ боп ой мен қырынан.
Даусым бейне миллиондарға жетті де,
Күркіреген күндей кәрін текті де,
Бұрқан-тарқан долданған бір дауылдай
Жаңғырығып тауды жарып етті де,
Жалын атып жарылғандай жанар тау –
Кәрі дүние қабырғасын сөкті де,
Айқын даусым алжыған сол әлемнің
Жаңартатын жанына нұр септі де.
О, тәңірім! Не деген бұл тыныштық!
Даусым тауды жаңғыртқан жоқ, дұрыс оқ!
Ғайып болды үн, тілемекпін жұрттан не, –
Жаңғырық жоқ, естілмейді дыбыс түк...
Жұрт та бұғып, бата алмайды қорқады
Дауысымды қайталауға құрыш қып!
VIII
– Шүу, тұлпарым! Қырға жапан түздегі
Алып ұшшы, қуат барда біздегі!
Табармыз біз қырдан талай халықты
Жыртқыштардан құтылмаған ізгі елі.
Пәрилерден жоғары оның рухы
Құлдыққа құр көніп алған өздері.
Неге десең сол ізгі елдің ішінде.
Жатыр дарқан еркіндіктің іздері...
Үшінші бөлім
Бәйге
I
Таудан төмен жан баспаған жерменен
Мінген атым түсіп келед көлденең,
Аяғымның астында құз шыңырау...
Бір тұңғиық бұрын-соңды кермеген.
Кібіртіктеп ат та құрдай жорғалап
Қыбырлайды қылдай нәзік жолменен...
Жартастардан жай адымдап елікпей,
Тұяқтарын жеңіл басып еліктей,
Қорқыныштың құшағында ақырын
Бұлақша аққан толқындарын серіппей,
Тұяқтары тасқа тисе сақтана, –
Сырғып келед суда жүзген сүліктей.
Тау самалы соқса сезіп сыбысын,
Атым бір кез ширатты сәл жүрісін,
Елегізбе, жануарым! – ақырын, –
Шың жаңғырар шықса шалыс дыбысың...
Жаңғырықты бір жаңғырық қағып ап,
Тауды басқа көтермесін, құрысын!
Саңқ етті үн. Таныс дауыс байқадым,
Тани кеттім жолшы қазақ айқайын.
Жөңкеріліп ойдан, қырдан, орманнан
Басып өтіп қара жолдың қайқаңын
Құмырысқадай шыққан қаптап илеуден
Адырлардың қаптап қалың алқабын,
Артынып та тартынып кіл қазақтар
Келе жатыр қиғаш киіп қалпағын...
Жиналды олар дөңге сол бір арада,
Қыр қазағы той-топырсыз тұра ма,
Жел аяқты жануарым, жебеле, –
Маңдайымды малды ауылға турала.
Жүре-жүре жол соқты боп шаршадық, –
Дем алмасақ болмас бізге сірә да...
Екеуміздің жолымыз шын болады,
Малшы халық қонақты хош алады.
Іздесең де мұнан артық таппассың
Мейман күткіш мейірімді даланы.
Қарапайым мал баққан жай шаруаның
Жаны қалмайд түссе үйіне қонағы.
Киіз үйде дастарқанын кең жайып,
Бүкіл тәтті дәмін алға қояды.
II
Бәйгі – нағыз тойдың тойы далада,
Көшпелі елдің құмары онсыз қана ма!
Киіз үйдің жүгі буып, түйілді,
Ел жайлауға кешпей енді бола ма?!
Қырға қарай жұрт қыстаған қыстаудан
Жылжуға әзір жасыл шалғын жағаға...
Жұрт жиылып көшер алды жайлауға
Қону үшін қай ру – қай қойнауға,
Қай жолменен көшті дұрыс көшіріп,
Қай жолменен малды түгел айдауға, –
Бір ауыздан уәделесіп барлығы
Кеңеседі келісіп сез байлауға.
Кеш көшетін күнді бұрын белгілеп,
Кіріседі ызы-қиқы тойлауға...
Таудан ойға түскенімше мен тіпті,
Лепсі өзені шалқып, тасып кетіпті.
Кең жазықты бөліп тастап екіге,
Кемерінен асып көктей өтіпті.
Азан-қазан өмір қайнап далада,
Азынаған жылқы үйірі жетіпті,
Өзен шулап, қой маңырап, жамырап,
Қойшы айғайлап, құлпырып тұр жер түкті.
Жұрт шулаудың тауып тағы сылтауын,
Күн күркіреп, тасығандай су тағын, –
Шулап жатыр сәлем беріп қарсы алып
Қошеметтеп ел батырын – сұлтанын.
III
Қодар сұлтан Жетісуда бөктерше
Сан руды биледі өмірі еткенше
Асқар ала Тарбағатай шыңынан
Қар жамылған Алатауға жеткенше;
Даңқын оның шығарды ақыл, айласы,
Бағынған ел сыйлады өліп кеткенше.
Билікке ие болған жоқ жай қалпымен,
Не болмаса, – ата-баба даңқымен, –
Өз күшімен, ез ісімен шықты аты
Бір тайпа елді билеп-төстеп салтымен.
Жас шағында – көкте ойнаған жасындай,
Өткір болды – граниттің тасындай,
Бала күннен аласапыран қар кете
Қос ат мініп алдынан аң асырмай,
Томағалы бүркіт ұстап қолына
Аңмен жеке алысқан ол бас ұрмай.
Далада еркін еңбек етіп ер жеткен
Бұл жайында сөз қозғасақ жасырмай.
Жігіт бола, тегеурінді топшысы,
Тұлғалы өсті, бойда тіпті кеп күші:
Бабасының моласының басына
Қойған тасты қозғай алмай төрт кісі
Тәлтіректеп тұрған шақта – Қодар кеп
Тасты жалғыз көтеріпті от күші!
Өсе келе отырмай от басында,
Іздеді ылғи қиындықты жасында,
Араласып майданға да, жанжалға –
Қайратымен қатарынан асуға
Талай жойқын жорықтарда жүлде алып, –
Даңқ пенен қонды аброй басына.
Қолбасшы боп әскерге өзі бұл жерде,
Шабуыл да салды көрші елдерге, –
Өткен кәрі ата-баба кегі үшін
Қас дұшпанға шықты қылыш сермеуге.
Алысқа да жетті атағы жер жарып,
Туған елін жаудан қорғап жүргенде.
Жоңғар жонын қанға жуып, жауына
Оқша атылып, оттай лаулап төнгенде.
Әр ауылға – аты, даңқы мәлім боп,
Құрметтеді оны бүкіл ауыл боп,
Бұхардың да саудагері сыйлады
Керуенмен еткізетін малын кеп,
Бұрын жолай тонаушыдан қорқатын, –
Товарларын талқандардай дауыл кеп.
Енді олар да болды риза Қодарға,
Тонау құрып, тілектері қабыл боп.
Енді Бұхар көпестері қорықпай,
Керуенін жолға салып торықпай,
Қырда от жағып қонып жатқан көштің де
Қасына кеп аялдайды бұйықпай,
Қодар аты сақтайды деп қауіптен
Жолға шыққан жаманатқа жолықпай.
Қодарға кеп адам ғой деп саналы
Зәбір көрген адам мұңын шағады.
Құтылмайды зорлық қылған кісі одан,
Қалайда оны Қодар іздеп табады.
Сан сұлудың қара кезі жанарлы
Қызықтырып тартты өзіне Қодарды,
Жас жігіттің жалын атқан жүрегі
Қалай тыншыр көрген шақта оларды.
Көз қадаса – оймақ ауыз, күлім кез, –
Құштарлықтың оты бойға оралды.
Қыз күлімдеп аруындай жаннаттың
Тұрса, – жігіт жүрегі де оянды...
Ол, сол сәтте тастап тіккен шатырын,
Түк ойламай, дем алуға ақырын
Жөнеледі, қыз назына бөленіп
Рақатқа батып балғын батырың.
Жөнеледі Геркулестей серуендеп,
Сезімі ойнап жан түбінен қатып үн.
Бір кез түнде серуендеп осында
Қодар қайтып келе жатты қосына,
Айлы түнде астындағы жақсы аты
Жонда жортып, желдей есіп жосыла;
Тұна шыққан ескі теңіз орнына
Нар қамыстың келіп қалды тұсына.
Кірген сәтте қалың нудың ішіне,
Осқырына қалды аты шошына...
Шошығанын Қодар елең қылмады
Бір ғашық қыз бейнесі кеп басына...
Ат кілт тұрды. Басты Қодар қамшыны!
Атылды алға арындай ат аршыны,
Жалы тіпті күдірейіп тік тұрып
Зымырады, қара терге малшынды.
Ішінде сол қалың жыныс кең қамыс
Жатыр екен ұйқылы-ояу жолбарыс,
Жатыр екен тісін қайрап, қан аңсап,
Атты адамды кезі шалып қалды алыс.
Төсін жерге төсеп, көзі қанталап,
Денесіне сыйды ызалы зорға күш!
Шегініп кеп шапқан атқа шап беріп,
Асау аңды көтергендей ар-намыс,
Көктен түскен найзағайдай атылып
Салды атқа азу тісін бір қарыс!
Алас ұрып, ат шыңғырып жалт етіп
Атылғанша Қодар қолы шап етіп
Жолбарысты ала түсті алқымнан,
Ақ қылғынды бір-ақ рет қаңқ етіп.
Темірдей қол мытқан шақта жыртқышты
Жолбарыстың көзі ақшиды шаңқ етіп.
Азу тісін салғысы кеп адамға, –
Аң да күшін салды аямай қалайда,
Оның тісін дарытпастан денеге
Жекпе-жекте жұлқыласып Қодар да
Тез қимылдап ердің ілген қасынан
Шоқпарын ап, қондырмақ боп долы аңға
Пәрменімен маңдайды ала ұрғанда
Құлады аңда, сұлап сол бір алаңда.
Жолбарыстың бір соққанда жарылып
Кеткен екен бас сүйегі шағылып,
Сойып оның теңбіл ала терісін
Жапты үстіне тұрған аттың сабылып.
Содан соң ол жарақатын атының
Қарады кеп, үсті-басын қағынып.
Қалш-қалш етіп қорқып қалған жануар,
Қан мен терге тұрды жоны малынып...
Бұл ерліктің даңқы паш боп татымды,
Ертегідей айтылып таң атырды.
Шар тарапқа шарықтап бұл хикая,
Ауылдар мен шарлады сан шатырды.
Ауызға алып аңыз қылды атырап
Жолбарысты жеңген жеке батырды.
IV
Қодар сондай батыр болды жасынан, –
Табиғаттың дарқан ұлы ашынған,
Шыққан соң-ақ бесігінен тербеліп
Талай еңбек өткізді ұрыс басынан.
Үй ішінің көлемі оған тар болды,
Құстай алыс ұшуға тым зар болды.
Місе тұтпай көк пен жердің көркіне
Көкірегінде көп арманы бар болды.
Жас кезінен бұл болашақ батырды
Сиқыр әлем сұлулығы шақырды.
Көкседі ол гүл жайнаған жиһанда
Шығарам деп атағымды, атымды!
Ол ойлады жалындар кез жетсін деп,
Әр минутым батырлықпен өтсін деп,
Не істесем де тізгін берем еркіме, –
Өз еркіме – езге тәжім етсін деп!
Бүгін Қодар байсалды да сабырлы,
Суытқандай соғыс құмар жалынды.
Ұлғайса да бойында оты сөнбеген,
Арға тисе әлі дағы арынды.
Қолы да оның қуатты әлі көрінді,
Бірақ, – байқап шолып өзі өңірді:
Соғыста олжа тапқаннан да, – қой баққан
Артық көрді көшпелі жай өмірді.
«Оянбасын деп ұйықтаған арыстан», –
Ел де басты елеуреген көңілді...
Сұлтан болып алуандаған руға,
Елге әкелік қамқор қылып тұруға,
Ниеттенді бағынышты халқына
Мейірімді көңілін көп бұруға.
Ел тіпті оған бағынған жоқ құл болып,
Қанаттасып, қасына тек құр қонып,
Абыройын сыйлап оның әр ру, –
Тоғысты жай отыруға бір болып.
Қазақ деген – дарқан халық бір мықты,
Сұлтанға ол берген де жоқ билікті,
Соққан желге бөгет қандай болмаса, –
Қазаққа да бөгет жоқ сол дерлікті,
Еш бөгет жоқ, – кекте күні, ауасы
Кең даласы тұрғанда оның көрікті.
Олай болса, – Қодардың бар жарлығын
Қазақ неге орындайды, ал, бүгін?
Неге десең, – орындайды тереңнен
Сыйлап оның ақылының барлығын.
Расында Қодар есті болатын,
Қасына ылғи ақылгөйді алатын,
Қошеметтеп, сондықтан жұрт қарсы алған
Келген кезде мініп елге ақ атын.
V
Қырда толы жиналған көп атты адам,
Қыруар қол қара құрым қаптаған;
Жарқылдатып қолда қару-жарағын
Ой мен қырда біреуі жоқ шаппаған.
Батырына сынатуға қазақтың
Аттарын да, қаруын да баптаған.
Өжет елдің көрсетуге өнерін
Майдан десе аттың басын тартпаған;
Алуан түрлі қаруы да, аты да,
Желігі бар жан үйінде жатпаған.
Оқ-жақ асып біреулері тізілген
Қалғандай-ақ Темірланның кезінен,
Біреулері сауыт киіп саптанған
Ерлік асып кетпегендей өзінен,
Біреу найза, біреу шоқпар қолға алып, –
Орта ғасыр батырыңдай сезінген.
Қайысқан қол қарасаңыз ар жағын
Алуан түрін мылтық пенен найзаның
Жарқылдатып, жалаңдатып келеді
Қанға малып алғандай-ақ қанжарын!
Бір ат ұқсас емес тіпті бір атқа,
Тұлпарлардың мінген ақ жал, көк жалын
Ерлерден де таңдап алған сықылды
Әр заманның әр түрлі дәу шонжарын,
Жұрт жиналып бәсекеге түскендей
Масаттанып таңғалтуға жан-жағын.
Жиналған жұрт шаңын қағып татырдың
Өтті алдынан шабуылдап батырдың!..
Лек бастаушы жер жаңғырта айқайлап
Жыққандай-ақ тігіп қойған шатырды үн,
Қыр тозаңы қара бұлтқа қосылып,
Шаңға бата, көкке сүңгіп жатыр күн...
Шапқан жұрттың дүрмегі асып тауларды,
Ақ көбікке ағызып кіл тарланды,
Дүрілдеп кеп өте шыққан дауылдай –
Артында тек аспанға атқан шақ қалды.
VI
Өтті көзден ат пен жігіт сыналып,
Шоғырланып, іркіс-тіркіс шұбалып,
Жиналды енді бәйгі төбе басына
Ұзаққа ылғи шабатын ат сыланып,
Ат айдаушы белгі берді бір кезде:
Дүр етіп жұрт кетті шауып лезде!
Әп-сәтте тек аттар шашқан тарыдай
Көз ұшында көрінді алыс түрі өзге
Қырдан қашқан қояндай-ақ құйғытты
Түсіп бәрі жүгіргендей бір ізге.
Қыруар жер қарақшыға жеткенше,
Қырқаны күн алты айналып өткенше,
Қанша мезгіл өтпек қанша қияны, –
Сауырынан ат жерге тер төккенше!?
Келер алдан жүйріктің тек жүйрігі
Өрге шауып, өршелене өктесе.
Сайгүліктер құстай ұшып барады,
Желкілдетіп жалдарын жел тарады,
Атшы балалар жалын құшып жүйріктің
Жан ұшырып жұлдыздайын ағады.
Қыза-қыза бауырынан бәйгі аттың
Моншақ тері жерге тырс-тырс тамады...
Шапқандай ат сұңқармен де егесіп,
Аңқылдайды алдарынан жел есіп,
Асқанынша алғашқы бір асудан
Тізгіндерін бара жатыр тежесіп,
Тиер-тимес жерге жүйрік тұяғы
Шаң да үлгірмей қалды оларға ілесіп...
Шапқан сайын жүйріктер тез жерді ұтып,
Көзден ғайып болды бір кез зымғытып,
Ұшқандай-ақ жүзіп жылдам ауада,
Барған сайын өздерін де ұмытып.
Қара үзіп тез қаралары жоғалды
Кеткендей-ақ жүйріктерді жер жұтып,
Жүрегі де жұрттың аттай дүрсілдеп, –
Бәйгі тебе биігінен тұр күтіп.
Бұл бәйгідей келсе озып бұрын кім –
Абыройы жігіт пен әр рудың!
Үзеңгіге көтеріліп жұрт бойлап
Тыпыршып тым түрі бөлек тұрудың.
Қара жолға көзді қадап қалыпты...
Қай жүйріктің білер алдан сырын кім?..
Бір мезгілде шаң көрінді будақтап,
Шақ астында алуан ат бұлғақтап,
Аспан астын жаңғыртып ел айғайға, –
Бірін-бірі баса жаздап тұр қаптап!
Бір жүйріктің ізін баса бір жүйрік
Домаланып шапқан жерді тырнақтап.
Көкжиектен көрінгенде ат алды, –
Әр жүйрікті тұрды әркім құр мақтап.
Шапқан сайын артын боран шаң қылып,
Ең алдында көрінді екі-үш сәйгүлік,
Шаршағаннан шаққа аяғы қыбырлап,
Ақ көбік боп келе жатыр сабылып...
Алдан шығып көтермеші адамдар
Шылбырмен де тартып, ұрып жабылып,
Өз жүйрігін көтермелеп әр ру,
Түсті егеске жақ-жақ.болып жарылып.
Ең алдынан құлақтарын қайшылап,
Омыраудан аққан тері тамшылап,
Екі ат келді үзеңгілес қаз-қатар, –
Буырқанған бір бурыл ат, бір сұр ат!
Танаулары көріктей боп қызарып,
Көздері де жанған бейне шам-шырақ.
Қарақшыға бұрын жетіп қалды да, –
Тоқтады екі ат сұлтанның кеп алдына,
Батыр сол сәт жыртып жібек жүлдеге
Жігіттерге тартты сыйлық барды да,
Азан-қазан дауыс жерді жаңғыртты, –
Жұрт айқайы аспан астын алды да...
VII
Әр рудың кәриясы ұғысып,
Ақсақалдар әңгімеге кірісіп, –
Жаны сүйген жүйрік атты мақтасып
Жастар жатты ойын-сауық құрысып...
Ат үстінде туып қазақ сәбиі, –
Ат үстінде айтылады әлдиі,
Жерге тәй-тәй баспас бұрын сол бөбек
Атқа шауып алуды ойлайд бәйгіні!
Апыл-тапыл баспас бұрын алдымен
Атқа мініп үйренеді жай күні.
Ат – қазақтың ауасы да даласы,
Атсыз бір күн тұра алмайды баласы!
Ат – биікке шығаратын аспандай,
Онсыз – оның ашылмайды аясы,
Қайғысын да қуанышын бөліскен,
Ат – көзінің бейне ағы мен қарасы.
Кісінесе – тілдескендей иесімен
Аттық артық сықылды оған бағасы.
Атқа мініп кең далаға шыққанда, –
Зымырап бір сағымдай боп зытқанда:
Желдей есіп теңіз үстін тербеген
Асыр салып жер апшысын ұтқанда, –
Қанаттанған қырда қазақ сезімін –
Аттан артық бір жануар ұққан ба?!
VIII
Осы кезде таудан асып күн батты,
Май айының кеші сұлу сымбатты,
Күнбатыс жақ көкжиекті көркейте, –
Нарттай қызыл шапағымен нұрлантты!
Мұнарланып бозғыл жібек пердедей
Жерден көкке көтеріліп бу жатты.
Шу басылды. Бола қалды дала жым...
Молда тұрды оқып кешкі намазын,
Кәриялар басын иіп сәждеге, –
Батқан күнге аударды үнсіз назарын...
Тыныштыққа бөленді бар айнала,
Шетсіз, шексіз жатты сұлап кең дала...
Көзге елестеп тұра қалған сықылды
Бір ғажайып сурет мөлдір ауада...
IX
Намазды оқып болды ұйыған адамдар,
Ай далада еш дыбыс жоқ алаңдар.
Тек, домбыра күйін тыңдап қазақтар
От басында отыр, – тезек қаланған.
Аспапшылар күйбеңдейді асығыс, –
Асып жатқан етті аударып қазаннан...
Қаумаласып қонақ біткен жерде отыр,
Қошеметті, сыйлы сұлтан төрде отыр;
Әр рудың ақ сақалы қанаттас
Сұлтанменен тізе қосып бірге отыр
Ту бие мен семіз қойдың еті де
Тартылды алға, – қалай жеуін көр де тұр...
Таудай болып үйілген ет табақта
Жым-жылас боп таусылды тез бір уақта,
Күні бойы аш жүрген кіл кедейлер,
Асты жеп боп жалтақтады жан-жаққа.
Кей жігіттер мүжіп жамбас, жауырын,
Сүйек ұстап, шегіністі аулаққа,
Қолы шапшаң мұжығанда жілікті –
Флейтаны отырғандай ойнап та...
Далада өскен көрсең момын қазақты, –
Жерде отырып, қолмен жейді тамақты,
Столды олар әдет қылып көрмеген,
Көшпелі жұрт тұрғын үйсіз – тұрақты...
Қырдық дарқан табиғаты сықылды –
Өздеріне осы тұрмыс ұнапты.
Малым жайып бетіне ала күнгейді,
Бұлар күндіз бір шаруасыз жүрмейді,
Ымырт түсе қоналқаға келгенде –
Асты, тіпті, ащы да қып жемейді.
Асқа тойып текеметті астына
Жайып тастап, жастық қойып басына
Жатқан кезде – көкте жұлдыз жымыңдап,
Өзен шулап ағып тұрса қасында –
Қазақ ұйқтап рақатқа батады, –
Таза ауада гүлден жұпар шашыла...
Қымыз тұрса сапырылып сабада, –
Хош иісі мұрын жарып далада,
Шөл қандыра сімірсе оны зереңмен,
Одан артық жанға рақат бола ма?..
Жұмақтан да – қымыз артық қазаққа,
Бір көрінсе – жатса дағы молада...
X
От жағылған далада ошақ жанында,
Оң жағы мен сұлтанның сол жағында
Әр рудың ақсақалы отырды,
Ел салтына енген ескі сарында.
Бебеу қағып ойнап жатты бақсылар
Бар өнерін көрсетіп жұрт алдында.
Ойын-сауық аңсаған ел сағынып,
Жаны қалмай тағы ойна деп жалынып,
Бірін-бірі баса жаздап, аптығып,
Жұрт қызықты көріп жатыр жабылып.
Ошақтағы оттың жанған сәулесі
Шам-шырақтай тұрды оларға жағылып...
XI
Маймаң қағып бақсы иіліп майысты,
Бар өнерін көрсетіп те тауысты.
Бір ышқынып, бір ысқырып, гүжілдеп,
Бірде – тіпті шығарды ащы дауысты.
Қараушыны қызықтырып қыздырып, –
Екі иығын жұлып жеп құр алысты.
Бақсы бірде ысқырынған түрімен
Қымыз толы зерен, аяқ түбінен
Лақтырылған аппақ күміс ақшаны
Қас қаққанша алады іліп тілімен.
Сол бір сәтте екі көзін тас жұмып,
Беті батып қымызға әбден бүлінген;
Сонда жұрттың шегі қатып күлкіден
Сияқтанад өліп әрең тірілген...
Сол бақсының қылығына бір осы
Сақ-сақ күліп, қатып елдің сілесі,
Бір қимылын қайталаса – қарқылдап,
Алынғандай күлкіден мол үлесі.
Күңіреніп көңілді жұрт алдынан
Бір кез кенет естілді қайғылы ән...
Жұрттың кезі жалт қарады сол әнге,
Жан тербеген күшті үн еді не қылған?..
Сол бір әнге алқаны ашып, тұр берді,
Шаттық сөне қалғандай от жалыннан!
Жайлап басып, жетектетіп қолынан –
Келді жырау туғандай мұң сарыннан...
XII
Қошеметтеп отырғызды төрге оны,
Соқыр жырау екен, ел де көрді оны,
Жапан түздің жырауы еді даңқты,
Жыры ғана көтерген тек өрге оны.
Шапанынан сүйіп оның шаршы топ, –
Қабыл алды: «құп болды!» деп келгені.
Ол бар жерге жұрт жиналып жалма-жан,
Жырын сүйіп жанынан ел қалмаған.
Мұңға батып көптен бері бұл өзі
Шаттық жырын аузына бір алмаған,
Тым-тырыс боп тына қалды көпшілік
Домбырадан үн шыққанда сарнаған...
Саусақтары шалса шектің өңірін
Сыңси боздай, бебеу қағып қоңыр үн.
Қыр баласы күйді құйып құлаққа,
Қоңыр үннен ұққандай өз өмірін...
Сан алуан құбылады жүздері –
Күйшіні арнай жібергендей тәңірім...
Десеңізші, қандай терең сыр жатыр,
Аңғарсаңыз күйдің нәзік әр үнін...
Жырлады ол аспан мен қыр, тауларын, –
Көшпелі елдің талай жүйрік тарланын,
Көпшіліктің көкейіне күй құя,
Өткен күндер елесі ойда қалғанын.
Жырлады ол айдай айқын аймаққа
Арайланған алдағы ел арманын.
Жұрт жүзінен жарқыраған айнадай
Көрінеді арманы алыс аймалай,
Отты жырдың құдіретті күшінен
Жаудыраған қалмады кез жайнамай.
Бой билеген ырғағынан күйлердің
Қалған да жоқ қаны жұрттың қайнамай.
Бойда қаны бірде мұздап, бір еріп,
Күй шымырлап жұрт жанына тұр еніп,
Күйге жүзіп бара жатқан күйшіні
Дегендей-ақ көз ұшынан керелік, –
Қарағандай қалды қазақ қадалып
Ат үстінен үзеңгіге шіреніп...
Киіз үй де, күйші дағы дөңгелеп
Көшіп бара жатқандай бір өрмелеп,
Қазақтар да атқа мініп далада
Шауып бара жатқандайын дүбірлеп,
Көрінді де көздеріне керемет
Тербеп кетті бесігіне күй бөлеп...
Күй үйірілді қырда ойнаған құйындай,
Кеудеге үні қалған да жоқ құйылмай,
Жер жаңғыртқан ұранындай майданның
Аспанға аса шырқалды тік бұрылмай
Бір ауыздан бір ауызға көшіп сол
Тоғысты үнге тосқауылға ұрынбай.
Домбыраның шегін нәзік шертті,
Жұрттың жанын балқытты да ерітті;
Майда қоңыр майдың атқан таңындай
Тыңдаушының сезімін шын сергітті...
Көкейге бір күннен сәуле төккендей
Мүлгіп тұрған жүрек мұңын жеңілтті.
Көңілді күй тартылғанда сыңғырлап
Көкірегіңе құйылғандай күй бұлақ,
Тарқауға енді ыдыраған жұрт қайта
Жиналды да тыңдай қалды мың құлақ...
Жырау қайта жұртты өзіне телміртті
Екі шекті он саусағы ұрғылап.
Домбыраның күйін жыршы өзгертті,
Сусындатып сұлу сазды сөзге ертті,
Әрбір нәзік үннен ұшқын атқызып,
Безектеген күйден сырды іздетті.
Жұрттың жүзі нарттай жанып түнгі оттай
Жырдың жанға жалғанғанын сездіртті...
Жырау сөзі лаулап жанған жалындай,
Жұрттың жанын көтереді дауылдай!
Сүйрең қағып шек шалғанда саусағы
Шаттық күйі төгіледі сауылдай.
Жан біткеннің жадыратқан қабағын
Нөсерлетіп жазғы жауған жауындай!
Жұрт өзгеріп мұңды күйді тартқанда:
Жүзі кенет ұқсап мұңға батқанға,
Өңменінен соққандай-ақ күзгі жел, –
Жаны да ұсап от лақтырып атқанға,
Көздерінен мөлтілдеген жас іркіп,
Ұқсатасың, – жылап-сықтап жатқанға...
Сол минутта мұңын серпіп жүректің
Дүрілдеп кеп дауылдайын ұлы екпін
Айтылса бір отты өлеңі ақынның –
Тау жаңғыртқан саңқылындай түлектің,
Шарықтатар еді жанын шабытқа ел
Қыл бұғауын шарт үзгендей түнектің.
XIII
Ақындары, менің туған жерімнің, –
Ақындары, менің поляк елімнің! –
Тәңірі босқа сыйламаған сендерге
Дарын дәнін – жұлдызындай өмірдің.
Сол жұлдыздай жаншы, достар, жарқырап
Жарығысыз сендер менің көгімнің.
Қасиетті дарынды кір шалмасын,
Таза сақта, жырыңда дақ қалмасын!
Дарыныңның тұнғыш жанар ұшқынын
Кез келгенде шашпа, ұқпас арнасын.
Қанаттан да, боз торғайдай шырқан үш,
Өлі дүние үстінде ол самғасын!
Мұз боп қатқан әлем жанын жылытып,
Арманыңды жарқын жырың жалғасын.
Жер жегісі сендей қанат қақпайды,
Қызғаншақтың жаны тыным таппайды.
Шырқан барып қиғаш қақсаң қанатты,
Өп-өтірік бетіңе жай мақтайды.
Адастырып ұшқан биік жолыңнан,
Сықақ қылып, сын қанжарын саптайды.
Қырқып сенің қанатынды самғайтын,
Жерде жылжып жүрсе екен деп таптайды..
Лақтырады сонсоң сені далаға,
Қанатсыз құс аспанға ұша ала ма?
Соны ойла да, талпыма түс, тыншыма,
Ағайынның сықағына қарама!
Сен өзің де жаратылыс саласы
Сықылдысың – жасыл пальма ағашы
Алыс жолдан адасқанда керуен,
Саялайтын сен жолаушы саясы.
Жол қақты боп шөліркеген солардың
Сусыны боп табыларсың нақ осы.
Бұл дүниеден биік сенің тұғырың,
Жерден биік жатыр көктер ұрығың.
Жердегілер мүшкіл, әрі қызғаншақ,
Сұры жаман сықақшылар түрінің.
Шын абырой алам десең билей біл
Халықтың жан-жүрегінің тұнығын!
Көрсін десең жырың сенің жарықты,
Шын жүректен жырла өшпес халықты!
Неге десең әлдилеген бесіктен
Ана – деп ұқ жыр тербеткен тарихты.
Неге десең құдіретті күшімен
Жырды дағы тарих өзі тауыпты.
Олай болса жан тебірентер жыр керек,
Халық жырға мұқтаж болып қалыпты.
Жігітке нұр тұрғандай қыз шашып күн –
Арманындай алғашқы жас ғашықтың.
Жыр халықтың шарықтатар жас жанын,
Өтер талай асуларды асып мың.
Жырдан сұлу бостандықтың лебі есер,
Ел шаттығы бойға сыймай тасып тым.
Ел мертіксе – жыр да қара жамылып,
Анасындай тебіреніп қамығып. –
Еңіреп те, сай-сүйегі сырқырап
Жаны нала, тәні мұңға малынып...
Көз тамшысы тасқа қатқан қынадай
Қу молаға тұрғандай құр табынып.
Уһілесе, – баса алмастан өксігін,
Сар далада сарнар сазы сарылып...
XIV
Оралайық қырдағы ошақ басына,
Отырайық күйді тыңдап асыға,
Қайда қалды сыңғыраған домбыра,
Күй маржаны бұрқыраған шашыла,
Өзен, тоғай елестетіп көзіңе
Қара құмды тұрған сағым жасыра...
Соқыр жырау жырға қосып даласын,
Барымтаға шапқан елдің таласын
Айтып барлық ел басынан өткенді
Кең даланың өзен, суын, саласын,
Отты көзін мақтап қазақ қызының,
Батырлардың айтты асыра бағасын!
Шынымды айтсам,— сол минутта қыраттың
Басындағы сарайына манаптың
Жыр жетелеп енгізгендей мені де,
Я,— үйіне ру басы графтың.
Күйді бөлмей тыңдаушылар ұйыған
Үсті-үстіне жырды тағы сұрап тым.
Жұрт тілегін ұға қалған жыршы да
Шекті шерте тартты тағы құлшына,
Ойы оралды өткен-кеткен заманға
Саусағына дегендей күй шымшыла...
Тарта, тарта – сарыққандай бар күшін,
Жырау бір кез демін шаққа алды шын,
Ақырғы рет сыңқ етті де, шек тынды,
Айтқандай-ақ тыңдаушыға алғысын.
Төртінші бөлім
Жыр
I
Барлық жырын соқыр жырау манағы
Жан күйінің ең асылын саналы
Сізге жырлап беріп, енді қапшығын
Қағып-қағып, құр қолына алады.
Сол қапшыққа салмақ тағы жыр теріп,
Бірақ, сорлы жырды қайдан табады?
Көзі қара түнек болып қатты оның,
Көрмейді бір күннің шығып, батқанын,
Көрмейді ол жымыңдаған жұлдызды,
Жердің дағы гүлге оранып жатқанын.
Көрмейді ол көкте құстың қайтқанын,
Аттың дағы жазық қырда шапқанын...
Көрмейді ол ұшқан қыран реңін,
Нұрсыз көзі – сөнген оттай құр оның,
Көз жанары ұшқын атып әлемге
Қарай алмай қарауытып тұр оның.
Табиғаттың таңғажайып алуан
Көркінің де көре алмайды біреуін,
Көрсе көзі жылатар зат елеуреп,
Көрмегені тұр өзіне демеу боп.
II
Кейде түнде келе жатып далада,
Қона кетем кездескен бір молада,
Ұйқым келмей, ұйықтайын-ақ десем де,
Дел-сал болам еткенді ойға ала да.
Сол кез машық саусақ басып пернені
Шертсе де, шектен еш үн келмеді,
Пернелердің сиқырлы бір сыры бар,
Тек, жұлдыздар сәуле шашып өрдегі
Ата-баба көлеңкесін көзіме
Елестетіп көрсетеді көрдегі,
Сол көлеңке тыңдағандай тым-тырыс
Естілер ме деп бейне күй өрнегі.
Келе жатқан көлеңкені, ойдағы
Көңілімнің көзіменен мен дағы
Көрем, сол сәт бірде тыңдап, бір тоқтап
Сәл дыбысқа құлақ түрген жондағы,
Естілетін бір таныс ән іздері
Қалды ма екен деп тосары сондағы...
Ата-баба көлеңкесі елінің
Ұлдарынан туып-өскен жерінің
Есітуге күтетіндей бір хабар
Хош иісті самалынан желінің.
Қандай әнді, қандай жырды жырлармын?
Айтармын ба, жырын тек жан шерінің?
Қозғап кетсем күйін мұңды көңілдің, –
Ұшпақ олар бұлтына алып көгінің...
III
Жырлармын ба, оларға мен өрінен
Құдық таппай шөлдегенін керуен?
Айтармын ба, жердің суы тартылып,
Жұрт жүрегі суығанын тегі мен!
Не болмаса, жүрер жолды құм басын
Жол таба алмай торыққан ел шерінен?!
Айтармын ба, елге бір жұт келгенін,
Не болмаса – малдық жұттан өлгенін,
Жұттан жаман – әр рудың күндесіп,
Бірін-бірі байлап, жүн қып жеңгенін,
Бірін-бірі барымталап, шауып ап, –
Қан-жоса қып бірін-бірі көмгенін.
Қыр өртеніп қып-қызыл боп жалынға,
Қырылғанын сан ат майдан жолында
Айтармын ба, өлімтікке үймелеп
Жатқан кедей тобын дала жонында...
Күңіренген төрінде осы кең дала,
Ақтара кеп, мұң мен шерді толғана, –
Айтсам ба екен рухына бабалар: –
– Өлген жанды тірілер деп ойлама!
Қурап қалған сүйегіңді жина да
Алып кет, – деп, жап бармайтын обаға...
Неге десең, жауыздық кеп дананың
Өрттей жалап жатыр бүкіл алабын!
Тамақ үшін ана сатып баласын,
Ағайынға қас боп алды ағайын.
Ер азамат сәл нәрседен шошынып,
Ашты жау да темір құрсау аранын!
Өз атын да атауға енді қорқады,
Малды, жерді біліп жаудың аларын...
IV
Мұңды күйді миымызға сіңдіріп
Сарнамасын, – деп, домбыра күй құйып.
Ойладым мен көмейін деп қорғанға
Домбыраны тас-талқан қып сындырып!
Ата-баба сүйегімен бір қурап, –
Рухынан жатсын деп тек сыр ұғып,
Күй – құранның аятымен қосыла,
Күңіренсін дегім келді үнге ұйып...
V
Жолаушылап жолымнан мен адасып,
Сізге мейман болып келдім тау асып,
Соққан салқын самалына даланың
Кеуде кере көкірегімді кең ашып.
Кездестірсем сіздердей кеп ұрпақты
Тату-тәтті тұрған егер жарасып, –
Риза боп, өзіме өзім айтар ем:
Тұр, – деп, мұнда ата рухы жол ашып.
Дер ем, онда: – Ата рухы өшпеген
Моласына өсіп терек өскелең
Жапан түзде жапырағын жайқалтып,
Ешкім терең тамырын да кеспеген!
Батыр Қодар, алда бағың ашылсын!..
Құрыш халық қайыспасын, ашынсын!
Жыршы дағы үзбей үміт-арманын,
Ән мен күйін асулардан асырсын!
Бәлкім, алда алуандаған сан жылдан, –
Домбырадан күй төгер ол жаңғырған!
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі