Алтын дала
I
Түлеген алтын даланың,
Айдай күміс алабын,
— Тәтті жырға тербетіп,
Өлеңді өрге өрлетіп,
Толқынға ойды жүздірсем
Қияға қанат серметіп,
Қиқулай әнге саламын;
Әнім мен ащы ұрандай,
Құздан ұшқан қырандай,
Дауылдан туған баламын.
Сондықтан, ащы арындап,
Лапылдап жігер жалындап,
Аңқып, аңқып аламын!
Аңқымай бүгін немене?
Қуанышы халықтың
Қан жүгіртті денеге,
Сондықтан да, халық үшін,
Қуанған халық салты үшін,
Түйілген таудан тұйғындай
Қанат қақты қаламым.
Мен де оларды ұққан ем,
Шыңға бірге шыққан ем
Тобымен өршіл жандардың.
Шың басынан түйіліп,
Ылашындай — сонда шүйіліп,
Атырапқа көз салып,
Даланы алтын аңғардым.
III
Аңғарғанда даланы,
Көзге түсіп алабы,
Шыңға алтын шыққанда,
Өмір шыңын ұққанда,
Бұрылып артқа қарасам
Ойға түсті жер-кеніш,
Өткен өмір ылаңы;
Мұнан жиырма жыл бұрын
Дала мен құз, қырлығым,
— Жанаралға — жыландай
Шағылып, сағы сынардай,
Хан, патшаға құл болып,
Құлдықсыз күн мұң болып,
Секілді едік — дала аңы.
Сұлулар сәнді таранбай,
Сүйгеніне бара алмай,
Қара көздер жаудырап,
Қурайдай желге сыңсытып,
Жылатқан ескі заманы...
Эмбіден нефть тасқындай,
Толқын ұрған теңізше
Фонтандатқан — құйыла.
Шахтасы шыңырау қазыла,
Қара алтыны қазына,
Қарағанды, Балқашым
Жігер берген жырыма.
Сондықтан да, дәл бүгін
Шырқаймын шаттық бақ жырын,
Алыбын алтын даланың
Бақытты ұлы-қызына.
V
Халқымның бүгін бақытты
Анасы мен баласы;
Көктің алтын айындай
Гүлденген қазақ даласы.
Көлдей күміс «өлкіген
— Ақ мақтаның аясы;
Сұлу өзен, гүлді орман
Төрт түліктің саясы.
Ертіс, Нұра, Ақжайық
Жағасына мал жайып,
Колхозшылар — ғажайып
Сәулеленген санасы.
Түлеген дала гүлденіс
Енгендей-ақ түсіңе,
Алтын дала гүл жеміс.
Сол жемістің ішінде
Жан таңғалтқан бір жеміс;
Тал сабағы әуелеп,
Бұтақта миуа мәуелеп,
Сұлудың ақ бетінің
Қызыл шырай қанындай,
Я, шашырап сәуле алтын
Шапақ атқан таңындай,
Қарасан көзін талдырған,
Жесең құмар қандырған
Алматының алмасы.
Толған айдай нұрланып,
Жер құлпырып нуланып,
Көліне жүзіп қу қонып,
Алтын дала жайнаған.
Сұлу бұйра қарағай,
Аспан бұлтын аялай,
Құзды, асқарға саялай,
Өскен өмір көгінің
Бұтағына ұялай,
Таң бұлбұлы сайраған.
Осындай тәтті өмірі,
Өрбіп халық көңілі
Көтеріліп балбырай,
Жастар жайнап, қарт қунай,
Қайта туған баладай.
Тоқсандағы қарт Жамбыл
Домбыраны безеумен,
Өлеңнің құйып өзенін
Ән бар ма, ол салмаған?
Түлеген қайта даланың
Түрленткен тулы алабын,
Жарқырап күндей жаңа заң
Құлпыртып халық жанарын
Өрлей өскен отанның,
Одақтас он бір отаудың
Қазақстан бірі боп,
Праволы еркін ел
Адамы алтын даланың.
Қуаныштың әніне,
Бөлеген өмір сәніне
Бақытты бүгін заманым,
Шынына туын байлаған.
1937
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі