Өлең, жыр, ақындар

Ер Махамбет

  • 09.07.2022
  • 0
  • 0
  • 823
Махамбеттің еске алсам
Өткен алғаш жылдарын...
Жортуылмен кешкен сан —
Жонын жалпақ Құм — Нарын.
Ту көтере туған ер,
Хан ұлына қас бола,
Оққа қарсы тұрған ер
Қаруын ұстай қасқая.
Қолына қару алғаны —
Қамы емес қара басының.
Қас болды ханға, алғалы
Кегін ел көз жасының...
Құрсанды да, қол жинап —
Жалпақ жатқан Нарыннан,
Жалынды жырын ол жырлап,
Бомбалай атты жарылған.
Жәңгір ханның елге еткен
Зорлығына төзе алмай,—
Шықты аттанып ол кекпен,
Хан — Ордадан көз алмай.
Өмірін елдің бұлт баса
Бұлыңғыр өткен шағы бұл...
Хан — Ордаға оқ шаша
Махамбет салды шабуыл!
Жауса дағы жаңбырдай
Атылып оқ қорғасын.
Атой салды, жалындай
Бұзуға хан ордасын.
Кезі жоқ жаудан іркілген,
Халқының ол батыры,
Екпінінен сілкінген,
Хан үйінің шатыры,
Шошыды хан, қорықты,
Сұмдығы бірақ, жатты алды...
«Тәубеледі...» — торықты,—
Әйтсе дағы, — тапты айла. —
«Жеңілдім» — деп, ерді, хан
Әбжыландай арбады,
Тәжім етіп, енді хан
Толас күтіп, алдады...
Алдады да, күш жиды
Бұлан құйрық түлкідей,
Неге күтті үш күнді...
Керек ед шабу іркілмей,
Қоршады да ерлерді
Хан мен патша жасағы,—
Оқ жаудырып келді енді,
Бұлан-талан жасады:
Бекер сенді хандарға,
Бекер сенді жауына.
Бекер сенді аңдарға,
Шегінді ерлер тары да...
Сабаздарды, амалсыз,—
Ығыстырды қалың қол,
Қорғаныссыз, қамалсыз
Жайында асты салып жол.
Жайықтан да мақтаулы
Басқа пана таппады.
Онда да жау қақпаны,
Ер лажсыз тоқтады...
Тоқтады да күңіреніп,
Туарын күтті алда күн,
Толғана, тоқсан тебіреніп,
Тұрды тістеп бармағын...
Ер аңырды лажсыз,
Кеудесіне кек толып,
Құлшына сермер құлашсыз
Жау қолынан кетті өліп...
Ел бағы үшін ер өлді,
Тебірентіп жер-көкті,
Отанын ердің көр енді,—
Арманына — ел жетті.

1956



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

М... ға

  • 0
  • 0

Ыстықсың шықтан неге, сәулетайым?
Есте ме, күлдірген күн көктің айын...
Өлеңі ғашығыңның сорғалаған,
— Сия ғып жазған жүрек қанын.

Толық

Ақын

  • 0
  • 0

Қырындай шың басынан көз алмаған,
Саңқ етпей қан сонарда төзе алмаған,
Алысқа жанар атып, сонарлатып, –
Ақын да аңшы ғой бір сөз аулаған...

Толық

Октябрь

  • 0
  • 0

Волга менен Эльбаның
Бойларын біз басқанда,
Кавказ бенен Карпаттың
Тауларын біз асқанда.

Толық

Қарап көріңіз