Өлең, жыр, ақындар

Советстан көлемі

  • 21.07.2022
  • 0
  • 0
  • 3138
Уа, Руссия көлемің зор көлбеген,
Бұл күн кеше өлшеуге бір көнбеген.
Совет келді,
Енді өлшеді,
Демде өлшеді,
Жерлеріңді тұлпар барып келмеген.
Атпен жүрсе алты айлық жол жерін бар,
Советстан сан рулы елің бар.
Сан рулы,
Заң құрулы,
Бір-ақ түрлі
Бір-біріне туысқандық сенім бар.
Он екі айы шілдедей де жерің бар,
Жан иесі салқындыққа өте зар,
Емес аз-ды,
Жерің жазды,
Самал сазды,
Кей жеріңнің он екі айы бірдей қар.
Көк кілемдей түрлі шөпті белін көп,
Қалың шайыр көкорайлы көгің көп,
Жері алтын,
Желі барқын,
Самал салқын,
Таусылмайтын сансыз байлық кенін көп.
Қиырсыз кең теңіздерін шалқыған,
Жұмсақ демін, жұтқан дене балқыған,
Суды кешсең,
Сүнгіп тескен,
Аспанда өскен,
Түрлі кеме аққу құстай қалқыған.
Сел боп аққан өзенің көп бұралып,
Бір шеті мен бір шетіне оралып.
Таудан құлап,
Қауда сұлап,
Кейде құрақ,
Судыраған шымылдыққа оранып.
Ұзын аққан міне
Еділ мен Жайығың!
Талай ерлер өрлей салған қайығын!
Шайқап суын,
Жайқап туын,
Салған шуың,
Степка мен ер Пугачевтай ұлын.
Анау жатқан қиырсыз құм жерінде,
Көшпелі құм тіршіліксіз сенің де,
Сусыз деңіз,
Бусыз демі,
Меңіреу кеңіс,
Қанат күйген ана Бетпақ шөлінде.
Қалың құзды таулар анау асқарын,
Жасыл болат, алтын, күміс тастары,
Асқар тауын,
Аспан қауып,
Күнде жауын,
Күндіз-түні бұлттар қоршап бастарын.
Зеңгір таулар нұрлы шыңды жерің ғой,
Бастарына жанаса алмас өрің ғой.
Байлық толған,
Қап-қара орман,
Қақпа құрған,
Олар тауын — темір белдік төрің ғой!
Қос босағаң — Кавказ бенен Алтайың,
Қырау баста ағарғандай қартайып,
Бұлттан асқан,
Айбат шашқан,
Жындар қашқан,
Сауыт киген батырлардай шалқайып.
Жұртты отарба тынбай сүйреп шайқайды,
Кондукторлар алдын, артын байқайды.
Қара жауын,
Қара дауыл,
Соқса да ауыр,
Быт-быт қылып қақ жарады, жайпайды.
Тақ, тақ, тақ,
Тақ, тақ, тақ,
Рудзутак!
Дөңгелет,
Трет-трет-трет!
Кондуктор,
Кондуктор,
Электр!
Көп қып жақ,
Айдап бақ!
Трат-тат-тат!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ауыл байғұс мінеки

  • 0
  • 0

Бір аз ғана жыл өтті
Мен қалада жүргелі.
Елді көріп кетемін
Екі жылда бір келіп.

Толық

Тау ішінде

  • 0
  • 14

Мен келем тау ішінде түнделетіп,
Аймақты күңірентіп өлеңдетіп.
Астымда ақ боз атым сылаң қағып,
Жалтақтап құлақтарын елеңдетіп.

Толық

Арқа сұлуына

  • 0
  • 0

Уа, шіркін, сүйдің ұзақ сусын қанбай,
Мойнымнан ақ білекті қойдың алмай;
Мас болып былқылдадың күйіп тәнің,
Керіліп маужыраған ақ маралдай.

Толық

Қарап көріңіз