Өлең, жыр, ақындар

Ата-анаға арнау

Ата-анаға арнау

Мейрімі күндей Анашым,
Жыр жазады балашың.
Өзіңе айтам мың алғыс -
Қатайды міне қанатым!

Біз үшін мехнат шектіңіз,
Біз үшін терді төктіңіз.
Біздерді ойлап​ ұйықтамай...
Аллаға дұға еттіңіз.

Өзіңіз жемей дəмдіні,
Біздің ауызға тостыңыз.
Өзіңіз кимей жақсыны,
Қатарға бізді қостыңыз.

Өзге жұрт баулып баласын,
Үйретсе не бір қулықты...
Сіз бізге адал бол деумен -
Танбадыңыз​ шындықтан.

Үйреткен барлық​ өнерді.
Көрмедік сіздей шеберді.
Қазақтың əдебиетінен -
Хабарыңыз да мол еді.

Аңызда жүрсек шөп жұлып,
Сарымсақ теріп бүгіліп.
Сіз айтқан небір әңгіме,
Сыйлаушы еді бізге үміт.

* * *

Есейіп біз де бұл күнде,
Айналдық ана, əкеге.
Ибалы келін атанып,
Қыздарың кетті жат елге.

Азамат болған ұлдарың -
Ұлындай болды бөтенге.
Мың алғыс Сізге анашым​ -
Көгере бергей көсеге!

Ене болдыңыз анадай,
Келінге қарап баладай.
Немерелерің сүйеді​ -
Сағынып ата - апалай.

Сіздермен төрім көрікті...
Сіз барда нұрлы заман-ай.
Əкеммен аман жүріңіз,
Уайымсыз​ ​ баладай.
Қос қанатым сіздерсіз​,
Болыңдар дəйім аман- ай!

Ендігі арман Сіздерге​,
Қызмет қылсақ​ ерінбей.
Бар дəмдіні ұсынсақ,
Қатты, ащыны жегізбей.
Жақсы сөз ғана сөйлесек,
Түйілген қабақ көргізбей.

Немерелерді көбейтсек​ -
Көктемгі қойдың төліндей.
Ауызбіршілік сақтасақ,
Ағайындар бөлінбей.

Жақсы атпен ылғи танылсақ,
Көргенсіздер дегізбей.
Фирдаусқа кіргізсек,
Тәж кигізіп егіздей.

Қос өмірде сіздерге -
Алланың мейірі төгілгей.
Не тілесем сіздерге​ -
Алдыңнан бəрін келтіргей.

Біздерге сіңген еңбектің,
Жемісін Алла жегізгей.
Жасай бер Ана-Əкешім​,
Сауабың болсын теңіздей!

22.02.2018



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз