Қалаушылар жыры

Бұл бетте «Қалаушылар жыры» атты Сәкен Сейфуллин жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 26.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1841
(Орталық еңбек институтының қалаушылар курсындағы жас жұмыскерлерге)

Сұр алжапқыш, сұр кенеп,
Тегіс сұрғылт киіндік.
Тізе қосып қосылып,
Іске тастай түйіндік.
Қолда қалақ, шот аяқ,
Сұрғылт балшық үстіміз,
Жігерлі сұр қалаушы,—
Жігерлі сұр түстіміз...
Еңбекпен бір қайнасқан
Кең алақан – күштіміз.
Жаңа тұрмыс сарайын
Жасайтын кіл істіміз...
Жаңа тұрмыс жасаушы
Біз еңбектің бір легі —
Лек-лек ұлы әскердің
Біздер де бір тізбегі.
Болат ірге қалаймыз
Жаңа тұрмыс үйіне,
Бұлт қапқан үй саламыз
Іске тастай түйіне.
Шаттық қызық еңбекте —
Іс істейміз сүйіне,
Темір қалақ үн қосар
Күшті қолдың биіне.
Қызыл кірпіш тас болат
Қиыстырып тіздейміз.
Сыммен және тіздеумен
Сығаласып түзейміз.
Жаңа, алдағы тұрмысқа
Жай жасаушы біз дейміз.
Әдіс үлгі жаңартып
Жаңа сәулет іздейміз.
Іргелерге кендір жіп
Тартып түзу сымдай қып,
Дәнекері қызыл қыш
Қатарлаймыз жымдай ғып.
Түрпідей қол сыртылдап,
Қызыл қышты қалайды,
Сұр балшықты жылмаңдап
Темір қалақ жалайды.
Сарай қалап сәулетті
Сан сатыны кермелеп,
Қат-қат биік кең қылып,
Қызыл қышты термелеп.
Текшелейміз дойбылы
Кестедей ғып жөрмелеп.
Қызыл қышты көтеріп
Кекке асамыз өрмелеп.
Көкке өрлетіп қалаумен
Қызыл қышты тізілту,
Қызыл күннің астына
Орнатамыз қызыл ту...

1930 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Қалаушылар жыры өлеңінің авторы кім?

Сәкен Сейфуллин — осы өлеңнің авторы.

Қалаушылар жыры өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Қалаушылар жыры өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Сәкен Сейфуллин өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Қалаушылар жыры өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері