Өлең, жыр, ақындар

Ләйлә - Мәжнүн

  • 28.07.2022
  • 0
  • 0
  • 2408
«Ләйлә - Мәжнүн» өткен замандағы араб әдебиетінің дәуірлеп тұрған кезінде шыққан белгілі бір сұлу дастаны саналады. Бұл дастан дүние жүзіндегі мәдениетті әр елдердің, көбінің тілдеріне аударылған белгілі жыр. Қазақ арасында да «Ләйлә - Мәжнүннің» аты көп жайылған. Қазақ елінің әдебиетінде ауыз әңгімелерінде «Ләйлә - Мәжнүн» «жан құрбан», «кірсіз» ғашықтыққа үлгі, мысал болған нәрсе. Бір-екі адамның ғашықтығын әңгіме қылғанда «Ләйлә - Мәжнүн сияқты...» деп аңыз қылысатын.

Сол дәуірлеп тұрған кезіндегі араб елінің бай әдебиетінің ішіндегі «Ләйлә - Мәжнүн» ең сұлу, ең көркем құрылған, ұшқыр қиялды, нәзік сыршылдықпен айтылған ірі дастаны. Сондықтан да, араб әдебиетін тексерушілердің көзіне алдымен түсетін нәрселердің бірі осы «Ләйлә - Мәжнүн» болатын — «Ләйлә - Мәжнүн» сияқты шығармалар дүние жүзіндегі мәдениетті елдердің ескі әдебиеттерінде бірен-саран ғана кездеседі.

Біз дүние жүзіндегі мәдениетті елдердің белгілі әдебиет шығармаларының бәрімен танысуымыз керек. Оның ішінде, казак арасында ғашықтыққа үлгі, мысал болған — «Ләйлә - Мәжнүн» дастаны менде танысуымыз керек. Ескілікті зерттеп тексергенде «Ләйлә - Мәжнүн» сияқты бір белгілі дәуірдің қиялын, нанымын, тілегін, ой - өрістерін, жан сезімдерін, тұрмысын суреттейтін нәрсе үлкен дерек болады. Сондықтан «Ләйлә -Мәжнүннің» қазақшасын кітап болып шыққанын дұрыс көрдік.

Дастанды қазақша өлеңге аударған белгілі ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы.

СӘКЕН

Арабта бір бай болды дәулеті асқан,
Саудасы әр патшамен араласқан.
Құдайдан бір мирас қор бала сұрап,
Малының садақаға көбін сатқан.
Бай еді қайыры мол бек қабағат,
Тіледі бала бер деп коп жамағат.
«Көп тілегі — көл» деген мақалдайын,
Болыпты бәйбішесі екі қабат.
Босанып есен-аман бір ұл тапты,
Жан-жакка сүйіншіге кісі шапты.
Жақсының тойға келген бәріне де,
Іс қылып, ат мінгізіп, шапан жапты.
«Қайыс» деп сол баланын атын қойды,
Қуанып неше түрлі қылды тойды.
Қырық күндей кедейлерге тамақ беріп,
Меккеде талай түйе құрбан сойды.
Келбеті бүл баланың өзгеден жат,
Бір көрсең көргің келер неше қабат.
Бетінде бек сүйікті бір нұры бар,
Қыласың ықтиярсыз шын махаббат.
Балқытар жылы жүзі сүйегіңді,
Бергендей аса мұқтаж тілегіңді.
Неге жақсы көргенің мағлұм емес,
Арбап түр, түрлі жүзі жүрегіңді.
Баланың қырқы толып, өтіп еді,
Тойдың да тарқар кезі жетіп еді.
Шырқырап бала жылап қоя берді,
Қатындар тойға келген кетіп еді.
Көтерді жұбата алмай қолына алып,
Ойлайды қалды ма деп науқас шалып.
Бар екен әлем асқан бір дәрігері,
Әкелді соны біреу жылдам барып.
«Баланың, — дейді дәрігер, - дені таза,
Науқасын білмей қалсам менде жаза.
Бір түрлі жүрегінде қайғысы бар,
Білмеймін не себептен болды наза.
Көтерсін бұл баланы даяшы қыз,
Сыртынан байқап отыр өздеріңіз.
Көшеде балалармен алдандырсын,
Болмаса біле алмадық мәнісін біз».
Баланы даяшы қыз алып кетті,
Артынан ата-анасы қарап тұрды.
Көтерген бір баланы даяшыға,
Құдайым әлгі қызды жолықтырды.
Көрген соң бірін-бірі жақындасты,
Баланы жұбатуға ақылдасты.
Қолында екеуінің екі бала,
Біріне-бірі қарсы бетін ашты.
Баласы оның дағы жылайды екен,
Көтеріп жұбатқанды ұнайды екен.
Балалар жылағанын қоя қойды,
Себебі әр нәрсенің Құдайда екен.
Үйіне даяшы қыз алып келді,
Қалайша жұбатқанын айтып келді.
Тағы да ертең түсте жылаған соң,
Қайысты қыз қолына кайтып берді.
Базарға даяшы қыз тағы барды,
Біреуді бала жұбатқан тауып алды.
Баланың бетін ашып көрсетсең,
Шырқырап онан жаман ойбай салды.
Сол кезде кешегі қыз келді тағы,
Баласы зар қағып жүр қолындағы.
Қайысқа бетін ашып көрсетеді,
«Жылауын қояр ма екен», — дейді дағы.
Көрген соң бірін-бірі жақындасып,
Жұбатты екі бала мауқын басып.
Күн сайын сол арада жолықпаққа,
Уәде қылды екі қыз сөз байласып.
«Атамен жөн сұрастық атамыздан,
Көтерген таныс болдық баламыздан,
Бала кім қолындағы?» — деп сұрайды,
Қайысты көтерген қыз анау қыздан.
«Бұл бала бір төренің жалғызы еді,
Демесең айыбы әйел хан қызы еді.
Өзім мен осы бала туған бөле,
Төренің менің шешем балдызы еді.
Қырық құн туғанына жаңа толды,
Шешесі сіздің тойға үш күн қонды.
Жылаған емес еді одан бұрын,
Келген соң тойдан қайтып бұлай болды.
Бүл қыздың сұрасаңыз аты «Ләйлә»,
Біз таптық жылағанға мынау айла.
Далада күнде бүйтіп отырмалық,
Біреуден күндіз кірер пәтер сайла».
Бір кемпір естіп тұрды сөздің бәрін,
Шақырды «Мұңда кел, — деп, — балаларым.
Балам жоқ, байым өлген, үйім иесіз,
Отырсаң қалай кіріп ықтиярың.
Үйімде елегізіп тұра алмаймын,
Мен байғұс үй кыдырып жүре алмаймын.
Күн сайын жас баланы бір иіскет,
Сендерден одан басқа түк алмаймын».
Қайысты кемпір алып сүйіп еді,
Тал бойы жас балаға иіп еді.
Жіберді сүт сорғалап емшегінен,
Баланың қолы барын тиіп еді.
«Іс болды таң қаларлық мұның өзі», —
Мінекей сондағы айтқан кемпір сөзі.
«Жан берген қара тасқа, Құдайым-ай!
Жетеді құдіретіне кімнің көзі.
Елуге кемпір едім жасым жеткен,
Сорлы едім бала көрмей зарлап өткен.
Тамыры құрып қалған тас желіннің,
Сүт ақса бұдан бұрын қайда кеткен.
Сәлем айт бұл баланың атасына,
Болайын мен күтуші баласына.
Емшектен босағанша маған берсін,
Тапсырып бір Алланың панасына.
Таптым ғой таппасам да Қайысты мен,
Қоймай ма мұны көрсе өзі де ден.
Көзімнен осы бала таса болса,
Маған жоқ бұл тіршілік сөзіме сен.
Қайысты маған берсін асырайын,
Жалынып аяғына бас ұрайын.
Пұшпағым қанамаған бір сорлы едім,
Сырымды енді қайтып жасырайын.
Сөзімді ұмытпай айт бара сала,
Корсетті құдіретін хақ тағала.
Көзіме жас, кеудеме сүт толтырып,
Жібіткен тас емшегім осы бала.
Баладан мені айырып зарлатпасын,
Көзімнен қанды жасты парлатпасын.
Тағдырдың жазуына қарсы келіп,
Біреудің қанын жүктеп қарғатпасын».
Ләйләні көтерген қыз қайран қалып,
«Құлайын осы сөзге, — тұрды салып. —
Мұны да бір емізіп беріңіз», - деп,
Кемпірге жақын келді баланы алып.
Ләйләні кемпір қолға алған шақта,
Көңілі тағы емізіп байқамақта.
Емшектің сүті түгіл өзі құрып,
Қайтадан бұрынғыдай болды тақта.
Қайысқа және емізсе сүті дайын,
Кетеді бұлақ болып сорған сайын.
Дегенде қыз емейін дәнеме жоқ,
Қайран боп біле алмады мұның жайын.
Бүл кемпір ұрғашыда туған зерек,
Кісі екен оқымысты жөні бөлек.
Екеуін бір емшектен еміз беске,
Алланың бір қияметі болса керек.
Ойлайды осылай деп кемпір қаріп,
Тағдырды шеше алады кім басқарып.
Екі қыз көргеннің бәрін айтты,
Баланы үйді-үйіне алып барып.
Мұны естіп ата-анасы ақылдасты,
Кемпірге бермек болды Қайыс жасты.
Кешегі біз сықылды бейшара екен,
Зарлатып қойғанымыз жарамас - ты.
Қайысты ата-анасы қолына алды,
Кемпірдің қақпасына қарай салды.
Зарлының зарлы жайын біледі екен,
Құдайға тапсырдым деп алып барды.
Қолынан әкеп берді ез баласын,
Бұлардың ақылына тан қаласын..
«Мал аяр деп ойлама. тартынбай айт,
Бәйбіше. сүт ақыңа қанша аласын?»
«Емеспін бас болмаса дүниеге зар,
Бес жүз қой осы күнде, жүз түйем бар.
Қайыс қамының сүтім қарыз емес,
Сол малды кайта сіздер алыңыздар.
Жоқ еді бұрын менің мирасқорым,
Басымнан Қайысты алып кетті-ау сорым.
Уа, Алла маған малдың керегі жоқ,
Ол малға ие болмақ сіздерге орын.
Сөзіме куә болсын қауымым да,
Білемін бүл сіздерге ауырын да.
Малменен енді менің жұмысым жоқ,
Болады Қайыс болса бауырымда».
Десе де мал алмаймыз болмайды бір,
Қазыға есептетіп жазғызып жүр.
Қойыпты тәмам малын Қайысқа арнап,
Ал енді Ләйлә жайын тыңда да тұр.
Жылады Ләйлә тағы ертең түсте,
Жолыққан ол балада мұндай іске.
Кемпірге даяшы қыз алып келіп,
Жұбанды сол арада азар күшке.
Қайыс та бір тынбайды кетсе жылап,
Байқады абайсызда әбден сынап.
Оны да сол үйге әкеп асырайды,
Әкесі шешесімен қабат ұнап.
Ер жетті екі бала сонда тұрып,
Жасынан тату болды бірге жүріп.
Балалар тоғыз жасқа толғаннан соң,
Апарды үйлеріне киіндіріп.
Мектепке оқысын деп берді екеуін,
Молда да баласындай көрді екеуін.
Бірі бай, бірі төре жалғызы деп,
Қадірлеп ардақтайды ел де екеуін.
Барады екі уақыт сабағына,
Қайтады мезгілімен тамағына.
Бұларда махаббаттың нұры бар деп,
Қарайды жанның бәрі қабағына.
Отырса сабақ оқып өңкей бала,
Қайысқа Ләйлә келер тұра сала.
«Мына бір сабағыңды ұмыттың», — деп,
Өтірік бір оқуға жабар жала.
Сондайды сылтау қылып сөз қатады,
Іштегі ғашықтығы тек жатады.
Хат жазса «Мына жазу дұрыс па?» — деп,
Біріне-бірі апарып сынатады.
Теріс деп таласқансып шындасады,
Бірі оқып, кейде бірі тыңдасады.
Қапыда балалардың көзін алдап,
Сөйлесіп қабағымен ымдасады.
Тесіліп оңашада қарасады,
Есінен көп қараса адасады.
Бір болса іші қандай, тысы да бір,
Секілді егіз бала жарасады.
Кітабын ұмытқансып тастап кетіп,
Келеді іздеген боп қайта жетіп.
Көріспек, сөйлеспекпен бар ынтығы,
Нәрсені неше түрлі сылтау етіп. «Ау» дейді
Қайыс десе Ләйлә келіп, Жауапты
Ләйлә үшін Қайыс беріп.
Жұмысы күні бойы осындай іс,
Айтайын қайсыбірін түгел теріп.
Ғашықтық өсе берді барған сайын,
Бұлардың әркім білді осындайын.
Ләйләні жібермеді сабағына
Шешесі естіген соң қыздың жайын.
«Он үшке жаңа келдің, балам» — дейді.
— Сөзім бар айтатын саған», — дейді.
«Біреуге жас басыңнан болдың ғашық,
Анықтап айтты біреу маған», — дейді.
— Сабаққа жібермеймін енді сені,
Халқыма қарамастай қылдың мені.
Сен түгіл үлкендерге лайық емес,
Шығардың ойымда жоқ неменені.
Түсіп ең әлдекімнің алдауына,
Сабаққа себеп болды бармауықа.
Егер де бұл мінезді тастамасаң,
Кесемін қолыңды, әкел байлауыма».
Әжеке - ау, ғашық деген қандай жұмыс,
Білейін мағынасын айтшы дұрыс.
Оқуды ғашық деген оқығам жоқ,
Ұқтырып бұл сөзіңді, байқап ұрыс».
«Білмесең одан арман, тіпті, білме,
Білсең де білгізбеспін саған мүлде.
Сезімнің ғашық деген мағынасы,
Еркекпен жас басыңнан ойнап, күлме».
Шошиды сонда Ләйлә есі шығып,
Айтқанын шешесінің әбден ұғып.
«Мұнан да жерге кірген жақсы ғой», — деп,
Ұялып сырт айналып кетті бұғып.
Ұядан жаңа шыққан қаз едім ғой,
Ұғалмай бағанадан наз едім ғой.
Сөз еді бұ не деген сұбхан Алла,
Ондайдан Құдайға ақ, таза едім ғой.
«Әжеке - ай көп емеспін, жалғыз едім,
Болсам да жақсы-жаман хан қызы едім.
Қойғандай көзің көріп сөз айтасың,
Артымнан мені қашан андып едің?
Әжеке - ау! Ашуланып, налып айттың,
Зар күй біржолата салып айттың.
Құдайдан сұрап алған жалғызыңа,
Бүл сөзді қайтып аузын барып айттың?»
«Қарағым, бұл сөзіңе мен не дейін,
Демейін жалғыз сені кемітейін.
Әншейін үйде отырып ісінді қыл,
Сабаққа бармай-ақ қой мұнан кейін.
Серт қылдым енді сені шығармасқа,
Балам жоқ ермек қылар сенен басқа.
Емессің еркек бала молда болар,
Жетеді осы оқу да сендей жасқа».
Соны айтып шығармады қызын үйден,
Ләйләге осы жұмыс қатты тиген.
Қыз жиып күндіз алаң болса дағы,
Түн болса ұйқы көрмей жанып-күйген.
Сабаққа қиын болды бармағаны,
Көрмекке Қайыс еді арнағаны.
Ләйләнің ғашық оты ішін өртеп,
Бір үйде жалғыз жатып зарлағаны:
«Ай нұры да азаяр,
Айнала шеті толған соң.
Ақ жүзіңнен нұр таяр,
Арманда болып өткен соң.
Оңбасыңа амал жоқ,
Қызыл гүлің солған соң.
Махаббаттан жаман жоқ.
Бір айырылмақ болған соң.
Кешегі біздің күн қайда,
Күнде жайнап жүретін.
Ойлағанмен не пайда,
Медресе қалды кіретін.
Қаспенен ғана қабақтан,
Ымдағанды білетін.
Қайла қылып сабақтан,
Қайысы жоқ ойнап-күлетін.
Өшірілмей түнде шам,
Өз үйім болды абақты.
Қайысты көріп отырсам,
Оқымай-ақ сабақты.
Ғашықтың оты алдыма,
Жасымнан тартты табақты.
Жайнаған өмір қалды ма,
Қақтырмай - ақ қабақты.
Мен зарладым бүл жерде,
Қайысқа үнім жетер ме?!
Жалынсам соққан желдерге,
Сәлемді алып кетер ме.
Біз секілді зарлыға,
Алласы рақым етер ме?!
Көзім жетпес алдыма.
Осымен өмір өтер ме?!
Қайысым, саған не қылдым,
Жан жүрегім сенде түр.
Сен не сездің, не білдің,
Сенің жаның менде тұр.
Менің жаным өзінде,
Менде құры кеуде тұр.
Екі кезім көзінде,
Бір керейін деуде тұр.
Көзімді жұмып жатайын,
Түсі келіп ойыма.
Жанымды алшы салмайын,
Тал шыбықтай бойыңа.
Көңіліме нұрың келгенде,
Кіргендейсің қойныма.
Тілегімді бергенде,
Қойдым қашан ойыңа.
Қосылмадым, қосылдым,
Айта алмайсың бекер деп.
Қосылуға шошындым,
Жалыным өртеп кетер деп.
Жанымды аяр қалмадым,
Өзіме залал етер деп.
Аузыңнан сүйіп алғаным,
Осыным да жетер деп.
Мен тартайын ойымды,
Мұнымды, Қайыс, білесің.
Осы көрген жайымды,
Ол естіп жүрмесін.
Қабағын шытып қамығып,
Қайғылы өмір сүрмесін.
Мен сорлыны сағынып,
Медресеге кірмесін.
Кіріп барса Ләйлә жоқ,
Қайысым қайтып шыдасын.
Ләйләсіз жерде пайда жоқ,
Осыған не амал қыласың?
Суретімді сонда қыл,
Құдіреті күшті құдасын.
Суретіне бер және тіл,
Мен екен деп ұнасын.
Соған тұрса жұбанып,
Жалынға жанып жатайын.
Қайысым жүрсе қуанып,
Қайғы мен - ақтатайын.
Ғашықтықтың дертіне,
Күн сайын әрі батайын.
Жетпек болсам сертіме,
Ол үшін жанды сатайын.
Қиындық па, қызық па,
Білемісің сертімді.
Алла жазған сызық па,
Көремісің түрімді.
Бағасын ешкім біле алмас,
Рахатқа бермен мұңымды.
Жан переуат қыла алмас,
Осы көрген күнімді».
Мектепке ерген ерте
Қайыс барады,
Жан - жақка Ләйләні іздеп кез салады.
Сабаққа келмегенін естігесін,
Ғашыққа шыдай алмай талып қалды.
Молда да, балалар да қайран қалып,
Үйіне науқас па деп қойды апарып.
Су бүркіп, күлмен желпіп ата-анасы,
Отырды Қайыс есін жиып алып.
Айналды ата-анасы баладан кеп,
Әріден зарланып жүр уайым жеп.
Тәуіпке жібергелі жатыр еді,
Баласы безіп болды «жіберме» деп.
«Дәрігерге қаратпаймын жын қақса да,
Дертімді ойымдағы шын тапса да.
Құдайдан басқа менің дәрігерім жоқ,
Бүл дерттен жазылмаймын кім бақса да.
Байқайын серуендеп тауға шығып,
Сабақта ішім пысты дем қыстырып.
Осыған Құдай ондап жазылмасам,
Сіздерден науқасымды қойман тығып».
Жалма-жан жабдық, сайман жиып жатыр,
Құрбысы, құлы қайда бәрін шақыр.
Елсізге шығып алып Қайыс жатты,
Бір тауда тігіп алып алтын шатыр.
«Ләйлә» деп зарланады ұзақ түнге,
Жүдеді қайғысы асып күннен күнге.
Ғ ашықтық ішін өртеп дуана боп,
Қор болып адамдықтан шықты мүлде.
Бір күні әкесіне берді хабар,
Жиылды өңкей құрбысы, бай - патшалар.
Ата-ана, елі, жұрты бәрі барып,
Қайыстан «қалайсың?» деп сұрайды олар.
«Демеңіз халқым мені Құдайға шет,
Ата-ана ақынды кеш, рахмет айт.
Дауасы науқасымның сіздер емес,
Аман бол, үмітіңді үз, қасымнан кет.
Дертіме табылмайды сізден айла,
Кісендеп жынды десең мені байла».
Аузынан «ах» дегенде жалын шығып,
Деді де талып кетті «Ләйлә - Ләйлә!»
Ел білді науқасының не екендігін,
Байқалды дерті қатты бекімдігін.
Ләйләні сұрай барды жұрт жиылып,
Білген соң шыны ғашық екендігін.
«Болыпты Қайыс ғашық балаңызға,
Көз көрмей өтірікке нанасыз ба.
Жасында керіспесе жылаушы еді,
Ойлаңыз соны салып санаңызға.
Ләйләні жынды болды көрмегенсің.
Жаны бар кеудесінде өлмегенсің.
Құдайым іштен туа қылды ғашық,
Екеуі қабат елер бермегенсің».
Бүл сөзге әкесі айтты «Көнбеймін, — деп,
— Өлсе де жалғыз қызым, өлмеймін, — деп,
— Бүл үшін халқым маған өкпелеме,
Қызымды бір жындыға бермеймін», — деп.
Ләйләні бермегенін Қайыс білді,
Өткізді жылауменен күндіз - түнді.
Сауыққа, ұйқы, тамақ бір қарамай,
Айырылып ақылынан болды жынды.
Жалындап ғашық оты өртеді ішін,
Сол қайғы ақылы мен алды күшін.
Арабша «мәжнүн» деген «жынды» демек,
«Мәжнүн» деп ат қойылды соның үшін.
Бүл дертке ем ойлайды жұрттың бәрі,
Бар екен бір қария адамдары.
Құшақтап Байту Аллаға тілек қылса,
Көңілінен шығар дейді ғашық зары.
Мәжнүнге елі, жұрты түгел барды,
Меккеге жүргін деп көп жалбарды.
Халқы мен ата-анасы зарласа да,
Олардың тілін алып бармай қалды.
Көнбеді Байтуллаға апармаққа,
Бүл хабар жайылыпты әр тарапқа.
Баяғы асыраған сорлы кемпір,
Сол естіп іздеп келді Мәжнүн жаққа.
«Көркіңнен айналайын, Қайысым - ай,
Қарлыққан сені жоқтап дауысым - ай.
Жібіткен қара тасты қарашығым,
Дүниенің көз жұмғанша ауысу - ай.
Жатыр ем науқастанып есім жимай,
Кеудеме кетті ысытып қайғым сыймай.
Қарағым, тілегімді беремісің,
Кезімнің қоямысың жасын тыймай.
Меккеге тілімді алып барамысың,
Анаңды көріне отқа саламысың.
Ләйләмен бірге есірген қарызым бар,
Хақымды мойнына алып қаламысың».
Зарланды осылай деп кемпір ғарып,
Сүйегін соның сөзі кетті жарып.
«Жылама, сорлы анам, — дейді Мәжнүн,
Ақысынан құтылайын Мекке барып».
Меккеге алып барды ата-анасы,
Көзінен тыя алмайды аққан жасын.
Мәжнүннің зарлап айтқан сөзі мынау:
Құшақтап Байтулланың босағасын.
«Арғы атам Адам ата - ақ пайғамбар,
Айрылып Хауанадан болыпты зар.
Дуасын осы арада қабыл қылдың,
Бере көр тілегімді паруардігәр .
Шығарма Ләйлә дертін жүрегімнен,
Айырма ғашық отын сүйегімнен.
Зарлатып өмірімде күйіп жалғыз,
Өзімнің болды деймін тілегімнен.
Ләйләнің мен алмасам құрметті атын,
Көңіліме қатты бекіт махаббатын.
Қолдасын бейнет болсын, жауым рахат,
Көп тартқыз ғашықтықтың машақатын.
Күн сайын рахатымды қашыра бер,
Дертімді жалындатып асыра бер.
Көп жүргіз, бейнет көргіз жасым да аса,
Қайғының ең ауырын басыма бер.
Қорықпаймын жас күнімде өлемін деп,
Айтамын бір Ләйлә үшін көнемін деп.
Бір Алла рахматыңмен уәде қылдың,
Пендеме шын тілесе беремін деп.
Жанғанда жатуменен өткізе көр.
Тыныштық рахатымды кеткізе көр.
Дүниеде қосылуға жазбасаң да,
Өлген соң мұратыма жеткізе көр».
Мәжнүннің осы болды бар тілегі,
Ләйләдан басқа да емес жан жүрегі.
Ел, жұрты, ата-анасы күдер үзді,
Бұл дерттен жоқ екен деп түзелмегін.
Қайтадан елге жүрді кадам басып,
Күн сайын жынды болды қайғысы асып.
Аң болып ай далада жүремін деп,
Айрылды халқыменен амандасып.
Жалынған қарамайды сөздеріне,
Жабылса бой бермейді өздеріне.
«Ата-ана, елі, жұртым аман бол» — деп,
Көрінбей кетті алыстап көздеріне.
Қаңғырып шығып кетті елсіз жерге,
Кез болды осындай дерт қайран ерге.
Адамнан аң секілді көрсе қашып,
Қосылды даладағы киіктерге.
Елсізде аңмен бірге қаңғырыпты,
Тау мен тас дауысына жаңғырыпты.
Жартас жаңғырықтан жауаптасып,
Лебізі тиген жерді жандырыпты.
«Әй жартас! Мен айтқанды сен де айтасың,
Дертімді мазақ қылып ұлғайтасың.
Ләйләнің менен өзге ғашығы жоқ,
Ұқтыршы сен Ләйлә деп кімді айтасың?
Сенің де Ләйлә деген жарың бар ма?
Ішінде мен секілді зарың бар ма?
Атама ғашығымның құрметті атын,
Ынсап қыл, рақым, ұяттарың бар ма?
Жандырма жанып тұрған жүрегімді,
Ерітпе атын айтып сүйегімді.
Ләйләнің атын жалғыз мен айтайын,
Зарлатпа, бір жалынған тілегімді.
Сенің де зарың болса Ләйлә аттас,
Қайғылы сорлы болсаң өзім заттас.
Сен неге қанды жасты ағызбайсың,
Болып па ен ғашығыңның дертінен тас.
Көрмеймін көз жасыңның парлағанын,
Кеудеңнің біліп тұрмын жанбағанын.
Қайғылы бір қарыпты мазақ қылып,
Жарай ма ғашықпын деп алдағаның».
Соны айтып Мәжнүн жылап зарлағанда,
Көзінен қанды жасы парлағанда.
Ұшқан құс, жүгірген аң шыдай алмай,
Жиылып тұс-тұсынан андағанда.
Оларға мұңын айтса зарландырып,
Баршасы жабырқайды тыңдап тұрып.
Аңменен әбден үйір болып алып,
Шоп оттап, су ішеді бірге жүріп.
«Ләйлә» деп зар қағады күндіз-түні,
Жылайды аң шуылдап шыққанда үні.
Аңның да ақылы бар, хал тілі бар,
Жалған деп ойламаңыз сірә мұны.
Сол кезде бір саятшы қақпан құрып,
Бір киік ілініпті оттап жүріп.
Көргенсің киікті ұстап алғандығын,
Шыдамай келді Мәжнүн зыр жүгіріп.
Жалынып саятшыға жетіп барды,
«Ағатай, менде осындай едім зарлы».
Оқалы алтындаған тонын беріп,
«Өзімдей қарып қой», — деп киікті алды.
Аңшыдан алды сатып киім беріп,
Мәжнүннің кетті киік соңынан еріп.
Ұстаған бір көгершін және біреу,
Жолықты қарсы алдынан кездей келіп.
Қолынан алтын жүзік берді - дағы,
Босатып қоя берді оны тағы.
Киік пен көгершінге бас ұрады,
Зарлатып мұңын айтып ойындағы.
«Сендерге сыр айтуға ұяламын,
Адасқан ақылымнан дуанамын.
Залалсыз бір қарыппын менен қашпа,
Аңға ерсем, адамға ермей уанамын».
Дейді де екеуіне кетті еріп,
Шөп жейді хайуанша жұлып теріп.
Мәжнүннің сырын біліп аң қашпайды,
Құдайым оларға да ақыл беріп.
Сонымен жүре тұрсын елсіз сайда,
Баяғы зарлап жатқан Ләйлә қайда?
Аз ғана сол туралы сөз айталық,
Ол байғұс жатыр екен қандай жайда.
Мәжнүннің ғашығыменен күйіп-жанып,
Көрмейді ұйқы, тамақ мейірі қанып.
Бір күні ай жарықта тысқа шығып,
Білдірмей еш адамға жүр зарланып.
Сөйлесті аспандағы айды көріп,
«Жүресің жердің жүзін сен тексеріп.
Бір түнде дүниені шарқ ұрасың,
Мәжнүннен қуантсаңшы хабар беріп.
Қайда жүр, тірі жүр ме, не қылып жүр,
Ішімді ғашық оты жандырып тұр.
Болсаң да сен де мендей күнін ғашық,
Нұрымен шақырасың жанбайсың құр.
Күн ғашық саған дағы салды нұрын,
Бар ма еді езінде нұр одан бұрын.
От салды жүрегіме менің Мәжнүн,
Аузымнан шықты жалын көрдің түрін.
Мұнан соң барды аяндап тоғай жаққа,
Жеміс пен ағаш еккен бау-бақшаға».
Түндегі жылы желдің лебізімен,
Сөйлесті жасыл гүл мен жапыраққа.
«Жылы жел ғашығымның лебіндейсің,
Сен мені не білесің, не білмейсің.
Желменен сыбырласқан жапырақтар,
Шын ғашық болсаң неге егілмейсің.
Түн болса дымқылдықпен буланасың,
Өтірік ғ ашықпын деп қуланасың.
Қан ағыз ғашық болсаң жас орнына,
Егіліп жыламайсың сұрланасың.
Жел, сен де ғашықпын деп дау қыласың,
Кейде де күннен жаңбыр жауғызасың.
Жасылдың жерге біткен бәрі жарың,
Көңілді әркімге бір ауғызасың.
Кейде сен жапырақты үн қыласың,
Аямай қызыл гүлді сындырасың.
Соғасың кейде жұмсақ, кейде қатты,
Қу болып кімнің көңілін тындырасың».
Сөйлесті одан кейін жұлдыздармен,
«Жаным, ай, көрдің бе, — деп, — Мәжнүнді сен?
Жарымды жаным сүйген бір көре алмай,
Сұраймын бір хабарын көрінгеннен.
Әй, жұлдыз! Түнде тудың, күндік батып,
Қасынды кімге ымдайсың қимылдатып.
Ғарыппын мен де өзіндей тұтқындағы,
Зарлаймын күні бойы үйде жатып.
Қаптайсың түн болғанда көктің жүзін,
Сорлымын қатты тартқан қайғы сызын.
Сендерге дүниеде таса жер жоқ,
Мәжнүннің тым болмаса көрсетші ізін.
Бір жұлдыз ағып еді жерге таман,
Дегендей қуанады жарын, аман.
Жүріпті жұлдыз аққан жаққа қарай,
Жобасын көрсетті - ау деп осы маған».
Алдында бір адам түр қараңдаған,
Сескеніп Ләйлә жақын бара алмаған.
Досым ба, дұшпаным ба кім біледі,
Байқамай жарамас деп арандаған.
Ол келген Мәжнүн екен Ләйләні іздеп,
«Ғашығым ойлап па едің көреміз, — деп.
Ләйлә, аманатыңды ал, қарағым,
Мұнан соң тірі көрмен, «күдер үз» деп.
Ойлады қызға жақын барайын деп,
Құшақтап бір сүйдіріп қарайын деп.
Көрем бе мұнан кейін көрмеймін бе,
Сақтаулы аманатты алайын деп.
Барады жақындаса жанып - күйіп,
Денеге болар емес дене тиіп.
Екеуі шыдай алмай талып кетті,
Аузынан алған екен бірер сүйіп.
Көрдің бе шын ғашықтың анық жайын,
Іштегі от дәуірлейді барған сайын.
Бүл жерде екі ғашық жата тұрсын,
Батырдан Наупіл деген сөз бастайын.
Арабта бір батыр бар Наупіл атты,
Ұстаған шариғаттың жолын қатты.
Қайдағы қайғысы көп қаріпті ер деп,
Соларға қылады екен мархабатты .
Жалғыз-ақ шариғатты мықты ұстайды,
Өлсе де оған теріс іс қылмайды.
Шықпайды адалдықтан ешбір тайып,
Алсаң да басын кесіп бұрылмайды.
Мұңлы үшін жанын отқа салады екен,
Қасына әскер ертіп алады екен.
Жер-жерде зорлық көрген жан бар десе,
Ерінбей әдейі іздеп барады екен.
Мәжнүннің ата-анасы жүрді зарлап,
Ізденіп ем таба алмай елді шарлап.
Наупілге кемпір бастап алып барды,
Кісідей суға кеткен талды қармап.
«Ей, батыр, аты шыққан жер жаһанға,
Қайдағы болысушы ең ғаріп жанға.
Ісі — ақ, шариғатқа түзу болса,
Таяныш болушы едің жығылғанға.
Ғадалат рахым қонған жүрегіңе,
Нұр біткен тумай тұрып сүйегіңе.
Кем-кетік бишарамның әкесіндей,
Жеткізбей қоймаушы едің тілегіне.
Зарланып келіп тұрмыз алдыңызға,
Бір балам ғашық еді хан қызына.
Қайғыдан қаңғып кетті дуана боп,
Жынды деп бермей қойды жалғызыма.
Екеуі ғашық болды туа сала,
Көрмесе жылайтұғын болды бала.
Халқымнан сұрасаң да сөзім рас,
Осындай күйге салды хақ тағала.
Қаңғырып айдалада кетті балам,
Өмірі қорлықпенен өтті балам.
Осыған Құдай үшін мархабат қыл,
Сарғайып өлер халге жетті балам».
Орнынан Наупіл атып тұрды,
«Батырлар, қайдасың?» — деп бір ақырды.
«Жаны үшін жаным құрбан балаңа», — деп,
Әскерін ертіп алып Наупіл жүрді.
Жалғыз-ақ болсын дейді сөзің рас,
Жаралған сондай іске бұл ғаріп бас.
Жолына шариғаттың ісің түзу,
Құдайым болса жәрдем ол құтылмас.
Мәжнүнге кешікпей-ақ жетіп барды,
«Жарыңды әперем», — деп ертіп алды.
«Қырамын қыз бермесе тұқымын», — деп,
Ләйләнің әкесіне хабар салды.
О дағы намыс қылды қызын бермей,
Елшіні қайырыпты сөзге көнбей.
Әскерін жиып алып қарсы шықты,
Ләйләні бермеймін деп өзім өлмей.
Соғысып екі әскер араласты,
Қыз үшін бірін-бірі жараласты.
Қайтпаған жаннан беті өмірінде,
Наупілдің әскерлері қайта қашты.
Наупілдің жатқан үйі алтын шатыр
Сәждеге басын қойып Мәжнүн жатыр.
Бір дүбір естіген соң Наупіл шықса,
Алдына келді қашып өңкей батыр.
«Тақсыр - ай, қашпаушы едік жаудан ығып,
Жеңіп ек жау әскерін жерге тығып.
Шыдатпай, бет қаратпай қайта қуды,
Ғажайып алдымыздан бір өрт шығып.
Білмедік қайдан шықты осы жалын,
Мұндай іс болған емес бұрын мәлім.
Сопыдан кереметті сұрасаңыз,
Сол кісі біле ме екен мұның амалын».
Сопы айтты: «Мәжнүн жатыр ақтан тілеп.
Әскерін ғашығымның қор қылма», — деп.
Анық - ақ керемет сонан болды,
Сұраңыз нанбасаңыз өзін әкеп.
Ол айтты: «Тілегенім рас ақтан,
Бүл әскер келді ғой деп жаным жақтан».
Мәжнүнге Наупіл сонда жалыныпты,
«Қарағым, дұға қылмай енді сақтан.
Жатырмын қырылысып жарың үшін,
Ойлаймын жеңейін деп арым үшін.
Осының бәрі сенің қамың,
Аянып тұрғаным жоқ жаным үшін».
Дейді де Наупіл бастап өзі барды,
Қойдайын қасқыр тиген қырып салды.
Ұрғызбай андып жүріп жолдасына,
Тірідей қыз әкесін ұстап алды.
«Бермедің, қызды неге сұрағанда,
Зар қылып елі - жұртын жылағанда?
Біреудің жалғызының қанын жүктеп,
Тимей ме қызын, байға бұ заманда?»
«Ей, батыр, датымды айтқыз, сөзім тыңда,
Бермедім намысты ойлап мен басында.
Амалсыз ойнасына қыз берді деп,
Дұшпаным табалайтын тұр қасымда.
Қаңғырып кетті Қайыс онан кейін,
Жындыға қыз берем деп мен не дейін.
Жаңада біреу келіп құда түсті,
Халқымнан сұрасаңыз үндемейін.
Ләйләні айттырды кеп Ибн Ислам,
Қалайша жалған айтып тірі қалам.
Әперсең. кісі ақын әпересің,
Өзін біл не қылсаң да енді, балам».
Наупілдің қаны қашты көзі жайнап,
Бармағын ыза болып алды шайнап.
«Сен маған кісі ақын әперме деп,
Мәжнүн тұр бір жағынан ағатайлап.
Алмаймын әперсең де кісі ақын,
Бар еді Ләйләге жазған хатым.
Сенімді жолдасыңнан соны жеткіз,
Сізге жоқ онан өзге аманатым».
Жеткізбек болды Наупіл аманатты,
Осындай көрдің бе шын бекзатты.
Шақырып Зәйіт деген бір жолдасын,
Тапсырды қызға бер деп осы хатты.
Құтылды қыз әкесі шынын айтып,
Қайтеміз босқа бекер сөзді ұзайтып.
«Құдайдың қоспаған бірісі екен», — деп,
Еліне Наупіл батыр кетті қайтып.
Зарланып қалды Мәжнүн онан жаман,
Басына қайта түсті ақырзаман.
Далада тағы қаңғып жүре тұрсын,
Келелік Ләйлә деген қызға таман.
Бағана екі ғашық қалған талып,
Отырған Ләйлә есін жиналып.
Мәжнүнді талып жатқан тұрды күтіп,
Бетіне торғын шәлін жаба салып.
Тұра алмай ғашық жары қалды есі ауып,
Ләйләні даяшы қыз алған тауып.
Мәжнүнді көрмегенсіп жүре берді,
Өсекке қалармын деп қылды қауіп.
Аздан соң тұрды Мәжнүн есін жиып,
Әрі-бері шәлді иіскеп жатты сүйіп.
Онан соң Наупіл тауып алып кеткен,
«Жарыңды әперем» — деп жанды қиып.
Ләйлә қыз үйде отырып күйіп-жанды,
Айналды бір көбелек жаққан шамды.
Шам менен көбелекке мұнын айтып,
Өткізді кірпік қақпай ұзақ танды.
«Көбелек сен де мендей шамға ғашық,
Боласың қайтып ғашық менен асып.
Күйсең де өлмесеңші мен секілді,
Өлесің екі айналмай мұнша сасып.
Қарамай шыдасаңшы жанғаныңа,
Білген соң жетпесіңді арманына.
Тартсаңшы неше жылдай жар күйігін,
Разы ма жарың өле қалғаныңа.
Шам сен де лапылдайсың жанған болып,
Көңілде қайғылы - дерт арман болып.
Байлаулы қол-аяғың басың қара,
Жылайсың көкке назар салған болып.
Жалындап сен жанасың жалғыз түнде,
Тұрасың жанбай аман ұзақ күнде.
Жанамын күндіз-түні мен қайғыдан,
Рахаттан күдерімді үздім мүлде.
Көзімнен, міне, ағып түр қанды жасым,
Ғашықтың, қайғылы ішкен асым.
Көзіңнің қаны түгіл жасы да жоқ,
Жанғансып түні бойы май жұтасың.
Досын май, дұшпаның жел тез өлесің,
Жанғанға шыдай алмай жөнелесің.
Сүйікті досым бейнет, жауым рахат,
Қалайша енді маған тең келесің?»
Соны айтып отыр еді жаққан шамға,
Ұсады біреу бір хат ұсынғанға.
Қараса ғашығының жазған хаты,
Отырды азар шыдап оқығанда.
Хатты алып Тәзит екен келген кіріп,
Естіген мұндай іске талай жүріп.
Мәжнүннің жазып берген сөзі мынау,
Айта алсам дәл өзіндей қиыстырып.
«Ғашығым, жанға өлшеген, Ләйлә, жаным,
Белгілі бір сен үшін зарлағаным.
Егер де өзін сүйіп тиген болсаң,
Қайырлы, құтты болсын жар тапқанын.
Мен дағы сен қуансаң, қуанамын,
Күн көрген көлеңкеңде дуанамын.
Қарағым, жарлымысың, зарлымысың,
Анықтап сырыңды айтсаң уанамын.
Алдаған сөзім емес сынайын деп,
Жарыңнан көңіліңді шайқайын деп.
Қосылған өзің сүйіп жарың болса,
Ойлаймын зарлығымды айтайын деп.
Ойымнан махаббатың шықпайды бір,
Сен сүйсең бөтен жарды, ол неге түр.
Жүрегім әні өзімнің жарым дейді,
Хат жаздым сандалақтап соны мен құр.
Бір хат жаз, осы хатты апарғаннан,
Алғанша хабарыңды жүрегім қан.
Шыныңды айт, Құдай үшін алаң қылма,
Құрбаның болсын енді бүл шыбын жан.
Жылдам бер не де болса хабарыңды,
Топырақ баспай тұрып ажарымды.
Сен кетсең өзің жарға тез өлемін,
Білмедім онан басқа табарымды».
Бар сөзін хатындағы ұғып біліп,
Қағаз бен қалам алды Ләйлә тұрып.
Қайтадан ғашығына жауап жазды,
Көзінің қанды жасын сия қылып.
«Бүл сөзге таң қаламын нанғаныңа,
Жеткізер кімді жалған арманына.
Қарағым, қайтып аузың барып айттың,
Өзгеге сені тастап барғаныма.
Орайым бар ма менің сенен кетер,
Ондайға алаң болмай жүрсең нетер.
Әкемнің беремін деп айтқаны рас,
Әуре боп, болмас іске жүр ғой бекер.
Ойладым естігенде өлейін деп,
Сен үшін қу жанымды берейін деп.
Тоқтаттым өзімді өзім қайта ойланып,
Құдайым шыны жазса көрейін деп.
Жаратқан Алла мені бір сен үшін,
Жаралған жар едің ғой сен мен үшін.
Барам деп өзге адамға ойламаймын,
Көңілім бір Құдайға сенген үшін.
Кім қылды бала күнде саған ғашық,
Қуандым сені көрсем мауқым басып.
Қарағым, соны ойламай неге жаздың,
Алланың тағдырына қарсыласып.
Қарағым мен сенікі, сен менікі,
Орайсыз құры үміт қой өзгенікі.
Алланың бекіткені бұзыла ма,
Бұза ма Құдай ісін бәңдеңікі.
Тағдырда не жазылды көрейік те,
Көңілді бір Аллаға берейік те.
Көз бұрмай, көңіл бұрмай, мінез болмай,
Шын ғашық бетімізбен өлейік те.
Өзге ойды разы емеспін көп ойласаң,
Кешікпей жолығып кет мені ойласаң».
Ол хатты Тәзит кетті тағы да алып,
Кешікпей, аялдамай қайта салып.
Адасып ақылынан жатқан жерде,
Мәжнүнге Ләйлә хатын берді апарып.
Ол кезде жатыр еді есі кірмей,
Қолына берді хатты Тәзит білмей.
Алды да қалтасына сала салды,
Тәзитті адам бар деп көзіне ілмей.
Жатқанын есі кетіп сонда білді,
Қасында айықсын деп күтіп тұрды.
«Ғашығың қатты науқас шақырды» - деп,
Тәзитке біреу келіп хабар қылды.
Тұра алмай Тәзит кетті Мәжнүн қалып,
Жерінен тұра келді жатқан талып.
Есіне алған хаты сонда түсіп,
Оқиды қалтасынан жұлып алып.
Білген соң хатын оқып көңілі тынды,
Сөзінен таба алмадым еш бір мінді.
Ләйләнің жайын енді сөз қылайық,
Тоқтатып қоя тұрып Мәжнүнді.
Ләйлә жүр «Мәжнүн үшін жанамын» деп,
Айттырған Ибн Ислам «аламын» деп.
Бір күні атасына қылды хабар,
«Қол ұстай бүгін кешке барамын» — деп.
Той қылып шақырыпты талай елді,
Қаншама тартуменен күйеу келді.
Бір қатын Ибн Ислам бай - патшаға,
Ләйләні кеш болған соң әкеп берді.
Төсекке күйеу жатты Ләйлә жатпай,
«Қарағым, неге отырсың соз де қатпай.
Шешін дағы киіміңді қойныма кір,
Ұялып отырмысың маған батпай?»
Ойлады бір айла айтып қарайын деп,
«Қасыңа ынтық едім барайын деп.
Бір пері жас күнімнен андаушы еді,
Келіп түр жақындасам алайын деп».
Төсектен күйеу басын жұлып алды,
«Қайда түр ол пері?» — деп көзін салды.
Айтса да алдаймын деп Ләйлә өтірік,
«Бір пері түсі суық келіп қалды.
Мұрны көк, төменгі ерні жер тірейді,
Дауысы жауған күндей күркірейді.
Ләйләнің Құдай қосқан жары емессің,
Қанекей маңайынан жүрші дейді.
Ешқашан бұған жақын келме дейді,
Өзін де жүзі түгіл көрме дейді.
Біреудің ғашық жарын аламын деп,
Қорлық пен азап көріп өлме дейді.
Ләйләдан өлтірмеймін аулақ жүрсең,
Өлесің қолын ұстап, жүзін керсең,
Мың жаның болса дағы сені қойман,
Осындай іс көрдім деп хабар берсең».
Ант етті Ибн Ислам айтпаймын деп,
Сертімнен бір айтқан соң қайтпаймын деп,
Алланың қоспағанын аламын деп,
Мойныма кісі ақысын артпаймын деп
Дейді де «уәдеңнен жүрме тайып»,
Сол пері болып кетті көзден ғайып,
Болса да іштен қоса Ибн Ислам,
Бүл сырын жанға айтпайды елге жайып.
Ол дағы батыр еді ер жүректі,
Жүрегін ғашық оты елжіретті.
Ләйләнің жүзін көрмей жүре ала ма,
Аяғы басқан сайын кейін кетті.
Періден қорықпаса да уәдесі бар,
Тая ма айтқанынан қайраттылар.
Сарғайып жапырақтай солды жүзі,
Болса да денесі тас, қайдан шыдар.
Келсе де Ләйләменен бір жатпайды,
Қолынан жүзін көріп дәм татпайды.
Жазылмас дертті болды қайран батыр,
Адамды шын ғашықтық шыдатпайды.
Жүрегін ғашық оты кетті шарпып,
Күн сайын жүдей берді қайғы артып.
Жақындап өлер халге болды дертті,
Есіл ер ала алмады бойын тартып.
Науқасы барған сайын кетті дендеп,
Дерт емес жазыларлық дәрігер емдеп.
Өлімге таянғанын білгеннен соң,
Ләйләні шақырыпты жақын кел деп.
«Мен саған жар емеспін, жақыныңмын,
Қайғымен қапыда өткен пақырыңмын.
Именбей енді менің қасыма кел,
Барында қоштасайын ақылымның.
Мәжнүнге ғашығыңды білмеуші едім,
Ортаңа оны білсем кірмеуші едім.
Ол саған ғашықтығын білсем дағы,
Сен оған ғашық қой деп жүрмеуші едім,
Көрсетті тағдыр маған жасырынды,
Ашты ғой пері келіп бар сырыңды.
Көңілімді сені алмасқа бекіткенмін,
Ойлама жалғаншы деп пақырыңды.
Періден ойлап едім қашпайын деп,
Олармен азар болса саспайын деп.
Білген соң өзімді өзім тоқтатқанмын,
Ғашықтың сырын елге шашпайын деп.
Сорлы едім бір айтқан соң мойын бұрмас,
Өліммен уәде бұзған бәрі бір бас.
Мәжнүнге сәлемімді айт көре қалсаң,
Құрбы едім, бір жыл туған түйдей құрдас.
Артымнан дұға қылсын ақын кешіп,
Ұмытпас Ибн Ислам менің атым.
Сен де кеш әдепсіздік істерімді,
Көре алмаймын енді қайтып түстеріңді.
Тағдырда жазған болса, қосылармыз,
Кептірмей қайғы ойлап іштеріңді.
Мінекей қайғы ойлаған мен не болдым,
Гүл едім жайнап тұрған, бүгін солдым.
Деуші едім дүниені аралармын,
Жалғанның бір қызығын көрмей өлдім.
Сізді айтса бізді де айтар кейінгілер,
Қояды кімді жұтпай бұл қара жер.
Алланың жазғанына разымын,
Атақсыз, атсыз өлер кей пенделер.
Сендер де сөз боларсың артқыларға,
Жаны ашыр, жаны бардың, ғашық жарға.
Аузынан кешу алып кетер едім,
Мәжнүнді көрмей өлдім амал бар ма.
Мен де жеті атадан едім жалғыз,
Қарағым, жазам болса естен қалғыз.
Қолында бергенімнің бәрін кештім,
Мәлімде әкеңе айтып жиып алғыз.
Ұзамай маған ажал келер әлі-ақ,
Қылғанмын әлдеқашан сені талақ.
Сендерге менің қылар бөгетім жоқ,
Мені ойлап өз жарыңнан болса салақ.
Мәжнүнге айт дүниеге қойсын сенбей,
Сендердің көрмей өлдім күлгеніңді.
Дүние-ай кере ме екем ақыретте,
Мәжнүнмен құшақтасып жүргеніңді».
Есіркеп Ләйлә тұрып жақын келді,
Жүрегі тазасына көңілі сенді.
«Мен кештім сендер де кеш» — деді дағы,
Шаһадат иман айтып жөнелді енді.
Тағдырда солай жазған паруардігәр,
Бұл сырды өзге білмес Ләйлә білер.
Ләйләнің үйден шыққан үнін естіп,
Жүгірді тыста тұрған күзетшілер.
Өткенін Ибн Ислам халқы білді,
Бір талай естіген соң жұрт жиылды.
Шығарып жаназасын таза арулап,
Қабырын бек айбаттап күмбез қылды.
Ләйләнің ойындағы ғашық жары
Ойлайды байы өлді деп жұрттың бәрі.
Өлгенін Ибн Ислам сылтау қылып,
Ішінен шықты тысқа қайғы-зары.
Мәжнүнді неге ұмытсын өлгенінше,
Зарлайды соны жоқтап өз көңіліңше.
Отыр деп, байын жоқтап халық ойлайды,
Жасырмай жылаған соң, жұрт көзінше.
Шаһарға келді Мәжнүн бір күн қаңғып,
Ойы бар жолықпаққа Ләйләні аңдып.
Бір шалды біреу ұрып жетелеп жүр,
Кісендеп тепкілейді бетін шаңғып.
Жүгіріп Мәжнүн келді ағатайлап,
«Ғаріпті неге ұрасың қолын байлап?
Сорлының әлдеқандай жазасы бар,
Отырып айтыңызшы маған жайлап».
«Әкемді осы өлтірді тас пен ұрып,
Кетіпті ұрған тасы миға кіріп.
Осыдан кегіңді ал деп қазы берді,
Жазасын тартқызамын үстіп жүріп,
Мойнымды шариғатқа сыйғызамын.
Жетелеп елден қайыр жиғызамын.
Өлтірсем, қинасам да өз қолымда,
Көнбесе әзір мойнын қиғызамын».
«Жүктедің сорлы - ау неге адам қанын,
Есіркеп, шықпай қалды азар жаным.
Бар еді бүл адамда қандай кегін,
Әкесін өлтіргенің не қылғаның?
«Ұрып ем ашу қылып таспен атып,
Басына жіберген тас кетті батып.
Қатеден мұндай күйге душар болдым,
Қайтесің мен сорлыны былшылдатып».
«Бүл шалды не қыласың, мені - ақ айда,
Кісендеп аяғымды, қолым байла.
Бейнетті мұның үшін маған тартқыз,
Бар дейсің қайыр сұрап, айтшы қайда?»
Босатты өзін беріп әлгі шалды,
Кісенді аяғына өзі салды.
Мәжнүнді шал орнына ноқталап ап,
Жетелеп әр қақпаға алып барды.
«Ләйлә» деп зар қағады тынбай жылап,
Жүр еді кешке жақын қайыр сұрап.
Отырған терезеден Ләйлә көріп,
Жығылды есі кетіп тамнан құлап.
«Дүрс» етіп жерге түсті Ләйлә барып,
Таныды оны Мәжнүн көзі шалып.
Өлгелі әншейінде жүрген сорлы,
Көрген соң құлағаннан қалды талып.
Тырп етпей жатып алды есін жимай,
Кісі тұр жетелеген оны қимай.
Аузынан «ах» деген де жалын шықты,
Қалың дерт жүректегі ішке сыймай.
Кісенді аяқтағы шешіп алды,
Ноқтаны сыпыра алмай кесіп алды.
«Жындыны қайтемін», — деп кетті тастап,
Сорлының өлмегенде несі қалды.
Бір қатар сол арада жатты талып,
Аздан соң екеуі есін жиып алып.
Оңаша қараңғы түн, еш адам жоқ,
Ғаріптер мұңдасады жақын барып,
«Қарағым, — дейді Ләйлә, — қарызыңды ал,
Құшақтап қойыныма қолыңды сал.
Жолықпақ күнде мұндай табылмайды,
Бір татқыз тым болмаса тіліңнен бал.
Мәжнүн - ау, ғашық болсаң сөзіңе жет,
Дертіме осы арада бір дәрмен ет.
Тіліңнен сорғыз дағы бір құшақтат,
Әйтпесе өз қолыңнан өлтіріп кет.
Өлемін қосыла алмай қалсам дағы,
Ұмытпаймын ақыретке барсам дағы.
Болады сен сау қалсаң мен өлейін,
Құшақтап шыдай алмай жансам дағы».
Жақындап келді тілін берейін деп,
Сорғызып мауқын басып корейін деп.
Аузына тілі барып тиген кезде,
Өртеніп бара жатыр өлейін деп.
Ұмтылды құшақтайын жансам да деп,
Бұл жерде жанып өліп қалсам да деп.
Айқасып аш белінен жабысады,
Өлемін ақыр қайда барсам да деп.
Лапылдап шыдатпайды күйіп-жанып,
Қолдарын кейін кетті жазып алып.
Қараса біреу жақын келіп қапты.
Сырт беріп жүре берді, Ләйлә қалып.
Мәжнүннен бір қалмайды әлгі жаяу,
Шаһардан шыққан кезде келді таяу.
Кідірмей әлдекім деп кетіп еді,
Сыбырлап «тоқтаңыз» — деп айтты баяу.
Тоқтады көрейін деп мұның түрін,
Білерлік адам ба деп Ләйлә сырын.
Қараса өңі сұрлау жас-жас жігіт,
Ұмытпаса, көрген емес мұнан бұрын.
Қасына келіп тұрды сәлем беріп,
«Байқадым құшақтасқан сізді көріп.
Қолыңнан қосылғанда от шыққан соң,
Келіп ем білейін деп артыңа еріп.
Білуші ем ғашықтықтың мен де жайын,
Жасыңнан сенің жайын бізге мәлім.
Әдейі айырмаққа барып едім,
Болушы ең мен болмасам күл мен жалын.
Білемін өлім емес саған бұйым,
Жаныңды аямайсың, жалғыз тиын.
Бейнетке шыдай алмай өлді десе,
Болмай ма бәрінен де осы қиын.
Жолықсаң құшақтама, құр жүзін көр,
Іштегі жалын шықсын, сөйлесе бер.
Жалғанға қосылуға жазған болса,
Табады өзі-ақ ебін паруардігәр.
Жалынға сен шыдасаң, қыз шыдамас,
Өлтірсең өзің өртеп тіпті ұнамас.
Еркектен қайда көрсең, әйел нәзік,
Қаңғырған соны көріп мен бір қу бас.
Бар еді менің де бір сүйген жарым,
Көрмесем құрушы еді ынтызарым'.
Шыдамай ғашықтыққа өліп кетті,
Көп айтсам қозғалады іште зарым.
Мен сенен ақылдымын, жол көргенмін,
Қайғыны өз әлімше мол көргенмін.
Ғашығым дүниеден өткеннен соң,
Біле алмай қайтерімді сенделгенмін.
Демеңіз әдебі жоқ неткен тантық,
Айтамын жанбасын деп ерте қамтып.
Тең емес бақайыңа біз бүйткенде,
Сіздердің ғашықтығың жүз есе артық.
Сорлының сен де мендей біреуісің,
Ләйләнің ғашық болған күйеуісің.
Беремін тым болмаса хабар алып,
Сен менің кім екенім білемісің?
Білмесең Тәзит еді менің атым,
Аз емес басымдағы михнатым.
Бір қызға Зейнеп деген ғашық болып,
Күн сайын асып еді махаббатым.
Қыз өлді, мен артында тірі қалдым,
Зарланып моласына күнде бардым.
Өлгенше жолдас болып жүрейін деп,
Артыңнан әдейі іздеп жаяу салдым.
Мен сенің баяғыдан досың едім,
Хат тасып, хабарыңды қосып едім.
Ол кезде ақылыңның жоқ кезі еді,
Аз ғана айықсын деп тосып едім.
Зейнептен сонда хабар алып едім,
Деген соң қатты науқас, барып едім.
Мен сорлы шыдай алмай жөнелгенде,
Жия алмай сен есіңді қалып едің».
Мәжнүнге жолдас болды қоса зарлап,
Екеуі екі қызға жылайды арнап.
Бармаған тау, баспаған жер қоймайды
Шарық ұрып дүниені жүрді шарлап.
Бір күні Тәзит айтты Мәжнүнге кеп,
Бір ақыл көңіліме түсіп тұр деп.
Ләйләға ебін тауып жолығайық,
Барайық сен соқыр бол, мен жетелеп.
Мәжнүнді соқыр қылды көзін тартып,
Жетелеп, кейде арқалап мойнына артып.
Қолына талдан жуан таяқ беріп,
Шаһардың көшесінде жүр сандалып.
Ләйлә да өлер болды зарлай - зарлай,
Шыдасын о да кайтып күйіп-жанбай.
Қасына бір қыз ертіп тысқа шықты,
Жатуға күні бойы шыдай алмай.
Жоқтайды Ләйлә жылап ғашық жарын,
Қараңыз терең оймен қылғандарын.
Бұлтқа аспандағы мұңын айтып,
Болады шығармақшы іштен зарын.
«Қайғырдық қара бұлт мұнша неге,
Келдің бе зары болмай дүниеге.
Мәжнүнді көре алмай мен секілді,
Жүрмісің ғашық болып бірдемеге.
Қарайып, қамығасың тым құрыстап,
Күркіреп үһлейсің дертің ұстап.
Көңіліңнен от, көзіңнен жас жаудырасың,
Сағынған ғашық жарын маған ұқсап.
Кей-кейде шатырлайсың қаһарланып,
Көрсетіп қайратыңды тым мақтанып.
Аузыңнан отты жасыл оқ шығады,
Қайтесің бір жазасыз кетсе жанып.
Ғарыпқа жарамаса осындай жол,
Ешкімге ғашық болсаң залалсыз бол.
Қыласың бірде ашу, бірде рақым,
Төменсің сенде менен айтқаным сол.
Сен неге күннің көзін жасырасың,
Қайғысын, қайғылының асырасың.
Нұрымен ғашығының тұрса жайнап,
Сұрлантып жердің өңін қашырасың.
Рақымсыз неткен жаман сенің ниетің,
Көрмесе жер мұңаяр күннің бетін.
Күн жерге, жердегі шөп күнге ашық,
Дерті зор ұлы жүрек болар шетін.
Қызыл күн бұзылмай ма күн көрмесе,
Жарынан жарқыраған нұр келмесе.
Рақым ет, көз жасыңнан су беріп кет,
Қайғыдан қурап өлер дым көрмесе.
Көк орай, көлеңкеңнен күңгірт тартты,
Көрдің бе жер жабырқап қайғысы артты.
Есірке көз жасынды сорғалатып,
Бұршақпен шөп қиратып, жаума қатты.
Айырмай ашылып кет жер мен күнді,
Мұңайтпа күнді бермей, о да мұңды.
Қызыл гүл мен секілді о да зарлы,
Көре алмай күйіп жүрген Мәжнүнді».
Тұр еді көкке қарап Ләйлә зарлап,
Жақындап екі жаяу келді парлап.
Бұл келген бағанағы Тәзит екен,
Мәжнүнді соқыр қылып жүрген алдап.
«Ағам, — деп, — көзі шыққан» — айта салып,
Жетелеп бір соқырды қасына алып.
Әркімнен көшедегі қайыр сұрап,
Ләйләнің маңайына тұрды барып.
Соқырға қайыр берді жиылған коп,
Айламен Тәзит тапты осындай еп.
Ләйләға жақын келді әлгі соқыр,
«Қарағым мархабатың болмай ма», — деп.
Екенін мұның Мәжнүн Ләйлә білді,
Көзі шын шықты ма деп қайғы қылды.
Қалтадан печаттаған бір хат алып,
Соқырға садаға деп соны ұсынды.
«Санап ал ашып керіп адам жоқта,
Ішінде ақшасы бар аз ба, көп пе.
Қайырды көрнеу берген мақтан болар,
Пайғамбар жасырын бер деген жоқ па?»
Бергенін сол қағазды алды соқыр,
Ашпай-ақ қалтасына салды соқыр.
Алса да садақасын кетіп қалмай,
Сол жерде табан аумай қалды соқыр.
Ғашығын көре тұра кетсін қайтіп,
Тәзит тұр алдандырып сөзді ұзатып.
Өзгелер кет десе де тіл алмай,
«Ләйләға кетемін» — деп мұңымды айтып.
«Жоқтаймын бұл көз емес шын көзімді,
Кім ұғып, кім ұқпайды бұл сөзімді.
Бақытым жоқ, дертім қатты бір сорлымын,
Саламын жанған отқа күнде өзімді.
Бұл көзім жоқ болса да бардай көзім,
Жоғалған шыныға ашық жардай көзім.
Қайғыдан босанарлық уақытым жоқ,
Көміліп топыраққа қалды көзім.
Көрсем де дүниені көргенім жоқ,
Көңілімді өзге жаққа бергенім жоқ.
Жалғанның рахатынан мүлде бездім,
Шықпай түр құры жаным, өлгенім жоқ,
Көзім тұр дұға қылсаң көрейін деп,
Көңілім тұр көне бермей өлейін деп.
Қайғыдан қашып өлген ерлігімді,
Бейнетке жүрегім тұр көнейін деп.
Қалқам-ау, өлейін бе, өлмейін бе,
Ем сұрай мұнан кейін келейін бе?
Көзімнің, дауасының ақысы үшін,
Жанымды осы арада берейін бе?
Ғарыппын жылап тұрған өзімді көр,
Шатасқан диуана боп сөзімді көр.
Дертіме бұ жалғанда дауа бар ма,
Соқыр деп жиренбесең көзімді көр.
Көтерді көлеңкелеп орамалды,
Ішінен сезді Ләйлә сол амалды.
Көзіне Құдай үшін қарайын деп,
Білген соң жақын барды, ол амалды».
Дейді де көрсетеді: «міне көзім,
Қараңыз айла қылып айтқан сөзін.
Соқырмын, түзу тұрмай жығылармын,
Беліңнен ұстат дейді мықтап өзің».
Амалмен аш белінен алды оралып,
Жығылды шыдай алмай Ләйлә талып.
Іштегі ғашықтықтың қызуы өтін,
Ләйләнің бара жатыр үсті жанып.
Жүгірді көрген жандар тұра сала,
Соқырды Тәзит кетті сүйреп ала,
Ләйләні өз үйіне алып барды,
Әр жері көйлегінің күйген шала.
Ақылын жиып алып біраз тұрып,
Бұған да айла тапты ойлап жүріп.
Салулы қалтамдағы сіріңкені,
Жандырды - ау әлгі соқыр қақтықтырып.
Әр жерін денесінің жалын шарпып,
Күн сайын іштегі дерт барады артып.
Жүре алмай бұрынғыдай түрегеліп,
Біржола жатып алды төсек тартып.
Мәжнүнді оңашаға алып келді,
«Ләйләдан айырылдым» — деп налып келді.
Жарының садақа деп берген хатын,
Аулақта қалтасына алып көрді.
Бір жүзік, екі бөлек салған хаты,
Біреуі Ибн Ислам аманаты.
Біреуін өз қолымен Ләйлә жазған,
Қоштасып ғашығына айтқан даты.
Бұл өлең - қызық емес көрер көзге,
Сырты мұз, іші жалын, мағынасы өзге.
Жамағат құлақ салмай, ойыңды сал,
Ләйләнің хатындағы мына сөзге.
«Қарағым, екі хаттың бірі аманат,
Өзіңе сәлем айтты неше қабат.
Іші дерт, уәдесі берік бір сорлы еді,
Байғұстың қатесін кеш, қыл мархабат.
Өзімнің екінші хат жазған хатым,
Қоштасқан бір жолата мінәжатым .
Көзіңнен, айналайын, жылай керме,
Мен кетсем қалды өзіңде махаббатым.
Қарағым, жерім қиын келе алмайсың,
Бір келіп тілегімді бере алмайсың.
Бұрынғы көп сөзінің бірі деме,
Мұнан соң дүниеде көре алмайсың.
Демеуші ем, қалқам, сені күйгізейін,
Деуші едім. күнде саған сүйгізейін.
Денеңе денем тисе жана бердім,
Өлген соң құшақтасып тигізейін.
Ғашыққа сендей шыдап жүре алмадым,
Қойныңа арманым сол кіре алмадым.
Қайтейін атым әйел, денем нәзік,
Еркектей қайрат қылып тұра алмадым.
Сен жеңдің, мен жеңілдім бұрын өттім,
Жолыңа шыбын жанды құрбан еттім.
Қолына сағынғанда қарасын деп,
Белгіге жүзігімді беріп кеттім.
Артыңнан түнеугідей біреу кетті,
Шаһардан шыға бере саған жетті.
Сол барған енді ойласам Тәзит екен,
Шошыма, мен Тәзитпін десе нетті.
Сол жерде - ақ аманатың бермес пе едім,
Құшақтап жатып сені өлмес пе едім.
Не өліп, не қосылып сол арада,
Тағдырда не жазылса көрмес пе едім.
Өкініп еткен іске болмас пайда,
Тәзиттей іздесең де жолдас қайда.
Жүзімді тірі күнде бір көріп қал,
Бір айла табар Тәзит осындайда.
Баптанар жай ойланып заман емес,
Кешіксең мен боламын аман емес.
Тәзиттің сенен көрі есі дұрыс,
Зейнепке қосылам деп алаң емес.
Тәзитке сәлемімді айт, айла тапсын,
Бір амал жолығуға қылып баксын.
Шошимын жүрегімнің соғысынан,
Көре алмай, аялдасаң, кеш қаларсың.
Аман бол жолықпасаң мұнан былай,
Бейіште көрсетуге жазсын Құдай.
Ішімде іштен туа елжіретіп,
Еріткен сүйегімді ғашығым - ай.
Мен үшін Мәжнүн болды-ау,
Қайыс атын,
Өзгеден бөлек еді махаббатың.
Көзі тұр көңілі майда қарашығым,
Ішіңді күйдірмесін жазған хатым.
Мен үшін кезіп кеттің айдалаға,
Білмедім кеткеніңді қай далаға.
Қарағым, ақыретте табысалық.
Бұл өмір енді қайтып айнала ма?
Қарағым, аманатың кетті менде,
Сақтап кел қарызымды бұзбай сен де.
Иншалла1 кейінгіге жыр болармыз,
Есіркер, дұға қылар білген пенде.
Қарағым, басқа жарға көзің салма,
Жалғанда ана бар деп қапы қалма.
Иншалла — араб сөзі, мағынасы «Құдай бұйыртса».
Біреуге аманатым беріп кетіп,
Пейіште қосыла алмай сонда ұялма.
Жалғанда білгеннен соң тұрмасымды,
Жолыңа қылдым құрбан бір басымды,
Әшейін үлгі болсын деп айтамын,
Білемін жанға мойын бұрмасыңды.
Мен үшін тентіредің Мекке бардың,
Құдайдан ауыр науқас сұрап алдың.
Әшейін шала ғашық жаманша өлмей,
Белгілі боп кейінгіге мирас қылдың.
Кім қылар біздің қылған ісімізді,
Жаратқан өзгеден жат ішімізді.
Ғашықтың әулиесі деп-ақ айтар,
Келіп жүр өлсем дағы күмбезіме,
Көрінер мен кеткен соң кім көзіңе.
Өлген жоқ мен өлсем де махаббатым,
Кетіп тұр амандасып күнде өзіме.
Кеш, қалқам, әйел едім, нашар едім,
Мауқыңды тірі болсам басар едім.
Зарланып қабырыма келіп тұрсаң,
Қойнымды әлім келсе ашар едім.
Құдай-ау, қосыла алмай бұ жалғанда,
Болады мен секілді кім арманда.
Қақ жарып қабырымды жібермейсің,
Басыма келіп Мәжнүн зарланғанда.
Қарағым, мен өлді деп қайғы жеме,
Білесің жан өлмейді, өлер дене.
Келгенде амандаса бейітіме,
Сөзіңді айт тірідегі. өлді деме.
Құр денем білмесе, жаным білсін,
Жанына өлгендердің мәлім қылсын.
Сен де өліп жаның жанға қосылғанша,
Сағынбай дауысыңды сезіп жүрсін.
Қарағым, жаза берсем жандырармын,
Дертіңді ауырлатып қалдырармын.
Құшақтап құмарыңды қандырармын».
Мәжнүнге киын тиді хатты оқыған,
Отырды шыға жаздап құр шыбын жан.
Көзінен жас орнына қан сорғалап,
Қағаздың беті болды қып-қызыл қан.
Қараңыз ғашығына ауған ниеті,
Махаббат билеген жан қандай шетін.
Егіліп екі бетінен жата қалды,
Бетіне басып алып хаттың бетін.
«Кеттің, — деп, — мені тастап неге қиып»,
Алады анда-санда хаттан сүйіп.
Мәжнүнді Тәзит келіп құшақтайды,
Көзінің о да алалмай жасын тыйып.
Ол дағы ақылынан кетті адасып,
Жүрегін ескі дерті қайта басып.
Болса да жаны темір шыдата ма,
Қоштасып, жазылған хат амандасып.
Көтерді есін жиып Тәзит басын,
Жек көрді хат сөзінің мағынасын.
Мәжнүнді жұбатуға сөз айтады,
«Ғашығың тірі, неге зарланасың.
Хатта бір жолық деп айтқан жоқ па?
Бастама жаман ырым, әзір тоқта.
Онан да жолығуға қам қылайық,
Ұмтылма күні бұрын құрулы оққа.
Бос оймен не қылғаның босқа еңіреп,
Кеттің деп неге тастап зарландың көп.
Өлмеген оны өлді деп өзің өлсең,
О да айтса не дер едің тастадың деп.
Хатынан тірі екені байқалады,
Оның да көңілі өзіндей шайқалады.
Сендерде ғашық оты аз ғана ма,
Қалайша өлмеймін деп айта алады.
Нана тұр Құдай үшін бұл сөзіме,
Белгілі менің жайым болды өзіңе.
Кеудемде жаным болса бір қосайын,
Жарыңды көрсетемін бір көзі де.
Әуелі мен келемін онда барып,
Онан соң барамыз ғой кайта салып.
Жолықпақ уәдемен жер дайындап,
Құмарды бір басалық оңаша алып».
Соны айып Тәзит кетті шаһар жаққа,
Ләйләға тірі болса жолықпаққа.
Үміттің қауіпі менен арасында,
Тың салып Мәжнүн отыр сандалақта.
Тірі ме, өлі ме екен керемін бе,
Жолығып аманатын беремін бе?
Келгенше қайта хабар шыдай алмай,
Ләйләні бір көре алмай, өлемін бе?
Ойлаңыз осы кезде Мәжнүн қандай,
Жанып тұр тура бойы өрт алғандай.
Қолымен басын сүйеп сұп-сұр болып,
Өзінің барлығын да байқай алмай.
Жоғалар деп алысы мүлде сарқып,
Маңайын «үһ» дегенде жалын шарпып,
Өзегі үзілгенше өксігенде,
Лебізін ала алмайды қайта тартып.
Мөлдіреп екі көзі көкке қарап,
Білмеймін қай тілекті қылды талап.
«Ләйлә» деп әлі келсе бір айтады,
Бетінде қанды жасы тұр сорғалап.
Кей-кейде тірілгендей өліп кетіп,
Көтерер қайта басын қалт-қалт етіп.
Суретін келістіріп тарта алмадым,
Қолымды жылы жүрек дірілдетіп.
Көңіліңе түсірдім бе шын келбетін,
Мұндайды келістірмек тіпті шетін.
Оқыса бір художник бұл сөзімді,
Бұлжытпай салар еді дәл суретін.
Жігіттер кімді аясын мұны аямай,
Шыдайды ол қарыпты кім аямай.
Жүрегім махаббатым тоқтатпайды,
Жазайға десем дағы дем аямай.
Біржола өлсе, әйтеуір, жұмыс бітті,
Бұл Мәжнүн екі өлімнің бірін күтті.
Тәзит келіп бір хабарын бергенінше,
Болар ма мұнан қиын уақыт тіпті.
Болсаң да шыдар ма едің қандай батыр,
Осындай күйде болды Мәжнүн пақыр.
Өлі емес, тірі емес боп отырғанда,
Бір адам шаһар жақтан келе жатыр.
Бір тұрды, бір отырды келгенінше,
Хабарын не де болса бергенінше,
Қайғыдан өмірінде бір босамай,
Қайран жас қаңғырып өтті-ау өлгенінше,
Тәзит те жай басады ентелемей,
Не тірі, ыс болмаса өлді демей.
Мәжнүнге түсі суық көрінеді,
Намазын алып келген періштедей.
«Ей, Тәзит! Қандай хабар алып келдің,
Сұрланып, қаның қашып, талып келдің.
Шынын айт, азар болса өлген шығар,
Тірі деп болмай іздеп барып келдің.
Жолдасым көргеніңді бұзып айтпа,
Мені аяп ет жүрегін жылып айтпа.
Жүзінде ғашығымның өлімі тұр,
Құрбымсың, маған айла қылын айтпа».
«Ғашығың, — дейді, — аман маған нансаң,
Жалған деп амалым не нанбай қалсаң
Күні ертең жолығуға сөз байладым,
Бақшада жолығасың кешке барсаң.
Бір барып отырмақпыз зияратта,
Бақша бар оған жақын шаһар жақта.
Ымыртта Ләйлә келмек бақшасына,
Сол жерде уәде қылды жолықпаққа».
Нандырды нағылса да жылы сөзбен,
Ғашығы тірілгендей күдер үзген.
Отырды таң атқанша азар шыдап,
Қан ағып жас орнына екі көзден.
Бейнеті рахатқа асып ашық жанға,
Тигендей шыны да сол байқағанға.
Зейнеппен жүргендегі жайын айтып.
Ермек қып Тәзит отыр ұзақ таңға.
Бұл Мәжнүн тұра тұрсың таңды күтіп,
Кетпелік Ләйләні да тіпті ұмытып.
Бағана төсек тартып жатты деп ек,
Салмақты болып дерті қайғы жұтып.
Ол Ләйлә күннен күнге нашарланды,
Ұйқы жоқ, тыныштық жоқ астан қалды.
Бір сұмдық денесінен сезді дағы,
Шақырып аға - анасын қасына алды.
«Ата-анам, бір сөзім бар сіздерге айтар,
Өмірін ажалдының кім ұзартар.
Кетейін амандасып сырымды ашып,
Жалғаннан уақыт жетті енді қайтар.
Жыбырлап сорлы жүрек қайта соқты,
Болмаңыз іздеп әуре кеткен жоқты.
Мәжнүнге туа сала ғашық едім,
Мінекей болдым соған айтқан тоқты.
Жасымда - ақ шыдамаппын соны көрмей,
Қойдыңдар көре тұра мені бермей.
Бұл сізді табалаған сөзім емес,
Тағдыр сол қалған шығар жөні келмей.
Енді мен сыр айтуға ұялмаймын,
Айтпауға жүрегімді тыя алмаймын.
Тіріден өлі кісі ұяла ма,
Әйтеуір дүниеде тұра алмаймын.
Жастықпен болғаным жоқ жүре ғашық,
Кетпедім тым болмаса мауқым басып.
Шыдамай бір құшақтап сүйемін деп,
Өртенді өне бойым дертім асып.
Күйеуге бермей және қоймадыңдар,
Той қылып жұртты жиып ойнадыңдар.
Сен бердің, тәңірім бермей сақтап қалды,
Алды деп Ибн Ислам ойладыңдар.
Хаты бар малын сізге берген даттап,
Сырының сонда жазған бәрін қаттап.
Өзімді жүзім түгіл бір көре алмай,
Сонан да қалып еді Құдай сақтап.
Мәжнүннің жанында бар жазған хаты
Шықты құр алды деген жаман аты.
Сарғайып құсаменен өліп еді,
Оның да менде болып махаббаты.
Мәжнүнге жас күнімнен бас ұрушы ем,
Ұйқымды бір сол үшін қашырушы ем.
Өлгенін Ибн Ислам сылтау еттім,
Дертімді онан бұрын жасырушы ем.
Ата-ана, мен өлемін сен қаласың,
Айырылып жалғыз қыздан сандаласың.
Өлімге таянғанда талып кетсем,
Бетімнен, сүйемін деп қамданасың.
Бетімнен, етімнен де сүймеңіздер,
Біреудің ғашығына тимеңіздер.
Денемнің өлсем дағы оты сөнбес,
Жалынды сүйемін деп күймеңіздер.
Десеңіз жанға өлшеген жалғыз балам,
Кешіңдер қарызыңды атам - анам.
Тілегім өлерімде сүйме мені,
Мәжнүннен басқа жанға тәнім арам.
Қиянат қылмаңыздар Мәжнүн жасқа,
Мен үшін қаңғырды ғой тау мен тасқа.
Баршасын дүниенің қылды талақ,
Жалғанның несін алды менен басқа!
Өлген соң қабырыма Мәжнүн келер,
Маңымнан аулақ кетсін онда өзгелер.
Жетпей ме тіршілікте бермегенің,
Денемді тым болмаса оңаша бер.
Басымда зарлағанда Мәжнүн келіп,
Шыға тұр қабырымды оған беріп.
Күйеуің қызыңменен қосылғанда,
Тұрғаның ұят болар көзің көріп.
Ол кірер қабырымды ашып қойыныма,
Айқасып салар қолын мойыныма.
Болса да ол киімді мен жалаңаш,
Ұнай ма қарағаның ойыныма.
Ләһәтты кендеу қазғыз ол сиярлық,
Қылмасын екеуімізге қабыр тарлық.
Мәжнүнмен бір бейітке қосылуға,
Құдайдан Иншалла болып жарлық.
Бұлжытпай осы сөзім келер анық,
Болса да сізге күмән маған қанық.
Қабырға кіріп өлсе қозғамаңыз,
Сыртынан жаназа оқып қайтсын халық.
Мәжнүнге хат жазғанмын мұнан бұрын,
Қоштасқан сол хатта бар барша сырым.
Көрсеңіз үш қайтара сәлемімді айт,
Аласарт жастығымды енді ақырын».
Әкесі уәде берді ұнадым деп,
Қарағым, айтқаныңды қыламын деп,
Қош дейді иман айтып көзін жұмды,
Сөйлеуге бағанадан шыдадым деп.
Болғанын бір сұмдықтың көзі көрді,
Ойбайлап ата-анасы жылай берді.
«Мәжнүн» деп жан шығарда үш айтты да,
Жалғаннан Ләйлә сүйтіп жөнелді енді.
Немене айтып айтпай дүние шолақ,
Адамның осы жүрген бәрі қонақ,
Иіткен тас жүректі қайран Ләйлә,
Алды-арты өмірінің болды сол-ақ.
Есіркеп елі-жұрты көп жылады,
Ләйлә үшін қатты уайым жеп жылады.
Арулап ертең түсте жаназалап,
Қабырға алып жүрді солай қарап.
Ішіне бір күмбездің қойды дағы
Сандықтап мәр - мәр таспен қойды қалап.
Сіздерден білген сөзді аянбалық,
Бұл бітті, Мәжнүн жаққа аяңдалық.
Бақшада жолығам деп күтіп еді,
Біз енді соның жайын баяндалық.
Отырды танды күтіп талай заман,
Айналып әңгімеге отырғанда
Бұзылды Мәжнүн өңі тіпті жаман.
Қадалды сұп-сұр болып көкке қарап,
Тәзит жүр «Не болды?» — деп жанасалап.
«Ләйләнің жаны келіп шақырып тұр,
Қасында бір талай жан жүр анталап,
Тәзит - ау, Ләйлә саған кез келді ме,
Шынымен мені тастап жөнелді ме.
Ләйләнің өткеніне көзім жетті,
Дұрыс айт, кеше өлді ме, жаңа өлді ме?»
«Қарағым, — деді, — Тәзит кеше кеткен,
Кезімде өткен екен жана жеткен.
Болған соң әбден қойып айтайын деп,
Мен сізден жасырып ем сол себептен.
Кеше айтсам кідірмейсің тез барасың,
Ләйләні өліп жатқан бас саласың.
Құшақтап өліп кетер деп ойладым,
Өлімге онсыз дағы қасқарасың»-
«Тәзит - ау, енді отырмыз кімге айналып,
Мен тірі жүре алам ба одан қалып.
Жүр-жүрлеп жаны келіп шақырып тұр,
Қабырын тура көрсет, тез апарып».
Тоқтамай соны айтты да кетіп қалды,
Ләйләнің бейітіне жетіп барды.
Түлкі алған қыран бүркіт секілденіп,
Құшақтап құр моланы жатып алды.
«Қарағым, неге кеттің ала кетпей,
Қор болып мұратыма қалдым жетпей.
Сен үшін тыным алмай үш жыл жандым,
Артыңа тастап кеттің рақым етпей.
Қарағым, мен өлгенсің неге өлмедің,
Білесің бір сен үшін не көрмедім.
Жаныңнан жанымды артық кергенім жоқ,
Тартайын бейнетіңді деп өлмедім.
Сөзіңе не десең де көнбес пе едім,
Жанымды сұрасаң да бермес пе едім.
Көзімше ең болмаса өлсең тіпті,
Құшақтап жатып сені өлмес пе едім.
Ғашығым, неге кеттің мені тастап,
Шақырып алып келді жаның бастап.
Қабырдың астында сен, үстінде мен,
Қосылмай өлейін бе мола жастап.
Қалқам-ай, қайта тұрып жүремісің,
Қабырыңа мені де ала кіремісің.
Өлген соң тигізейін денемді деп,
Хатында жазғаныңды білемісің.
Өлсең де көргенім жоқ қашайын деп,
Мауқымды келіп тұрмын басайын деп,
Хатында алдамасаң, тағы айтқансың,
Сен келсең қойнымды ашайын деп.
Сен кеттің, тірі қалдым, ұлғайды арман,
Айрылып сорлы болдым ғашық жардан,
Айтқаның қате болып көріп пе еді.
Өлген соң бола ма енді сөзің жалған.
Тіліңнен сорғыз дедің бермедім бе,
Жеріңе уәделескен келмедім бе,
Қарызым мойнында кеткен жоқ па.
Жүзіңді шыныменен көрмедім бе?
Деймісің өліп қалдым сен менен қаш,
Айтқаның рас болса қабырыңды аш.
Жаталық бір орында құшақтасып,
Болсақ та мен киімшең сен жалаңаш», —
Жіберді сол қабырды тәңірім жарып.
Ләйләні құшақтады Мәжнүн барып,
Қайтадан қалыбына түсті сандық,
Қосылды осылайша екі ғаріп.
Қабырдың Тәзит тағы басында еді,
Кете алмай жолдасының қасында еді,
Жатқаннан сүйіп өтті Ләйлә - Мәжнүн,
Сол жылы дәл он алты жасында еді.
Сыртынан жаназа оқып халқы кетті,
Бұл өлім талай жанды еңіретті.
Аямай ажал шіркін кімді алмайды,
Ол түгіл пайғамбарға қаза жетті.
Тәзит пен Ләйлә - Мәжнүн, ата-анасы.
Зарлаумен сонда тұрып өтті жасы.
Мәжнүнді асыраған сорлы кемпір
Оның да сол арада бітті жасы.

Ләйлә - Мәжнүн жиыстырып баспаға берген:
С. Сейфуллаұлы. — Алматы: Қазақстан көркем әдебиет баспасы. — 1935. — 76 б.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жас қазақ марселье́засы

  • 0
  • 0

Азамат, жүнжіме, жүрме бос,
Қол ұстас, бірігіп тізе қос.
Ту ұстап дұшпанға барайық,
Теңдіктің ұранын салайық.

Толық

Ленин туының астында

  • 0
  • 0

Марксизммен
Белді бекем буына,
Салып ұран
Жұмыскер тап нуына,

Толық

Лениннен кейін

  • 0
  • 0

Ленинсіз жыл
Өтті тоғыз, сегізі...
Ленинизм
Мәңгі мұхит теңізі.

Толық

Қарап көріңіз