Өлең, жыр, ақындар

Нұра

  • 29.07.2022
  • 0
  • 0
  • 4778
Сағынып, Нұра, мен келдім,
Бұрынғы иең– байғұсың.
Айрылған сенен көп елдің
Жатырсың көрмей қайғысын.
Мекен болдың бір уақыт
Көшіп жүрген қазаққа
Айырылып сенен бейбақыт
Сорлылар қалды мазаққа
Қырғауылдары селкілдеп,
Маңырап көшіп жағалай,
Түндіктері желкілдеп,
Қонған қазақ сағалай.
Жазғытұры болғанда
Ұжмақтай гүлің жайнаған.
Бұтаңа құстар қонғанда
Мың құбылтып сайраған.
Ұжмақ иісті сайларға
Желілеп бие байласып,
Кедейлер де, байлар да
Рахатпен жайласып.
Мөп-мөлдір аққан суыңа
Шомылған қыз-келіншек.
Олардың күлкі, шуына
Тал паналап келуші ек.
Әртүрлі әнге, күйге сал
Жатқанда құстар ұяда,
Рахатқа батып ләззат ап,
Алысушы едік мияда...
Сырыңды айтшы сен маған,
Атамыздың жайлауы!
Мың-мыңнан жылқы жусаған
Биелердің байлауы.
Айтпасаң да білем мен
Ішіңдегі сырыңды.
Қайғыдасың бүгін сен,
Айтпайсың бірақ шыныңды.
Қош, Нұра, тағы көргенше
Есендік берсін бір құдай.
Енді қайтып келгенше,
Ескі иең жүрер құр жылай!
Бұрынғыдан қайғылы
Құстарың да сайрайды:
Қолдан келер еш не жоқ,
Жүрек от боп қайнайды.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Аспанға ұш

  • 0
  • 0

Мініп ап ұш аспанға аэроплан,
Тау басынан қызықсын ұшқан қыран.
Таба алмасын жауларың, жерде қалсын
Жорғалаған сені аңдып қу-сұм жылан.

Толық

Бір . . . . яш

  • 0
  • 0

Қазаққа, татарға
«Таң» болып атарға,
«Т-р-р» ұштым, «тырыстым»
Кіруге қатарға.

Толық

Ленин кетті

  • 0
  • 0

Жау бар ма еді
Оған оғын атпаған?
Ащы тұрмыс
Қай уын ол татпаған?..

Толық

Қарап көріңіз