Қашқынның ауылы
Қараңғы түн.
Түн суық.
Ызғырық жел дауылы.
Таудың іші түнерген,
Қашқынның жалғыз ауылы.
Қашқынның аулы үш-ақ үй
Бұққан таудың ішіне.
Жаудың беті, ел шеті,
Сенген ерлік күшіне.
Бір-ақ үйде от жылт-жылт...
Ауыл жым-жырт шоқтай боп.
Белдеуде тұр бір-бір ат,
Жараған қатып оқтай боп.
Үйде сапы, карабин,
Белдеуде найза шашақты.
Мен де қашқын. —
Дос таптым
Қалың елден қашақты.
Қара түнді жамылып
Ысқырады суық жел.
Түнереді елсіз тау,
Айнала бетпақ сусыз шел.
Еркектің көбі қайтқан жоқ
Жолдан, кешу, жорықтан.
Елден безген ер үшін
Ауыл емес қорыққан.
От жаққан үй...қараша үй,
Отырдым оттың басында.
Әйел қотан күзеткен
Отырды жалғыз қасымда.
Дамылсыз шығып қарайды
Төңіректі, қораны,
Тыңдап, бұғып, ақырын
Байқайды әрбір қараны.
Отқа жаққан отыны, —
Тырбиған тікен баялыш.
Көзіңнің шырынын алсайшы,
«Жантайып» дейді, аяныш.
- Уу! Жеңгетай, ұйықтармын,
Түн ұзақ қой, түн ұзақ.
Түн қараңғы, жау қалың,
Мызғырмын ертең күндіз-ақ.
Елдің шеті жау беті, ішіндеміз елсіз тау.
Күзет болсын жеңгетай.
Өткен-кеткен көп қой жау.
Қантарулы ақ бесті ат
Үй артында белдеуде.
Тықыршиды,—байғұсты
Керек еді жемдеуге.
Сенделіп, өксіп қиналды,
Басқан жоқ шығар терін де.
Шідерлеп, байлап, қантарып,
Алмап едім ерін де.
Өзім де қатты жаурадым,
Тонымнан суық жел өтті.
Атым қатты сабылды,
Тоқымнан ащы тер өтті.
- Е-е-е, шырағым, бәрі де
Ұмытылар, түк етпес.
Ер жігіттің басына
Нелер келіп, не кетпес!
Ат басына күн туса,
Ауыздықпен су ішер.
Ер басына күн туса,
Етігімен су кешер.
Сергелдең де, сейіл де, —
Сейіл деген бұрынғы.
Кемітпес сені, шырағым.
Білген адам сырыңды.
Тары жесе атына
Беріп қазір көрейін.
Өзің-дағы ішсейші, істеп көже берейін.
- Рас қой жеңгей, ештеңе
Қылмаймын уайым өз басым.
Атымды жемдеп жауып бер —
Атым ғой серік жолдасым.
Өзім енді ас ішпеймін,
Жүрекке ас бүгін батпайды.
Келмек еді бір хабар...
Неғып таң әлі атпайды?..
- Қандай хабар шырағым,
Келмек еді қай жақтан?
Большой бектер келетін,
Хабар ма әлде ар жақтан?
- Қандай хабар болса да.
Таң атқан соң аларсың.
Тауға шығып таңертең
Қарауылдап қарарсың.
Басылмай тұр түннің де
Қара дауыл бораны.
Отырам мен күзетіп
Таң атқанша қораны.
- Шаршадың ғой, шырағым,
Тынықсайшы қисайып.
Текеметті астына
Салайыншы мен жайып.
— Рақмет, жеңгей... білмеймін
Бүгін менде ұйқы жоқ,
Алып-ұшып көңілім
Үлпілдейді - жүрек топ...
Ысқырады, түн, дауыл.
Түн қараңғы.
Түн ұзақ.
Күзет болсын қарап қой,
Мызғырмыз ертең күндіз-ақ.
Қашқынның аулы үш-ақ үй
Бұққан таудың ішіне.
Жаудын беті. — ел шеті,
Сенген ерлік — күшіне.
Бір-ақ үйде от жылт-жылт...
Аулым жым-жырт, шоқтай боп,
Белдеуде түр бір-бір ат
Жараған қатып, оқтай боп.
Үйде сапы, карабин,
Белдеуде найза шашақты.
Мен де қашқын. —
Дос таптым —
Қалың елден қашақты.
Еркектің көбі қайтқан жоқ
Жолдан кешу, жорықтан.
Елден безген ер үшін,
Ауыл емес қорыққан.
1919 жыл, қараша. Шел. (Асау тұлпар)
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі